КЕНЕС (ТАНБИХ) КІТАБЫ

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

КЕҢЕС (ТАНБИХ) КІТАБЫ

ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРАСЫНАН

(Аударған Д.Кенжетай)

Кез келген адамның қалайтыны, мақсаты бақыт болып табылады. Еңбектену арқылы сол мақсатқа ұмтылған адам осы мақсатты да кемелдік деп ойлағандықтан ғана оған ұмтылады. Бұл өте айқын, оған анықтама берудің керегі жоқ. Адам өзін тартатын кемелділіктен тұратын мақсатқа оның тек қана жақсылық болғандығы үшін ұмтылады. Жақсылықты адамның қалайтындығы күмәнсіз. Бірақ таңдалатын және қаланатын нәрсе жақсылық болғандықтан және көзделген мақсаттар көп болғандықтан, бақыт қаланатын қайырлы нәрселердің ең пайдалысы болуы керек. Сол себепті қайырлы нәрселер екі түрлі болады. Кейбірі басқа бір мүддеге қол жеткізуі үшін дүние қызығынан бас тартып (риязат) дәрі ішеді. Кейбірінің де өз қалауы болғандықтан, бақыт — қайырлы нәрселердің ең абзалы және адам қалайтын нәрсенің ең кемелі болуы керек екендігі түсінікті болды. Сол секілді тек өзі үшін қалаған қайырлы нәрсе, басқа нәрсе үшін тілегеннен де кемел әрі жоғары тұратындығы белгілі. Мынадай да болуы мүмкін, тек қана өзі үшін қалайтын нәрселер де бар, бұларды кейде басқа нәрсе үшін де қалайды. Мысалы, ғылым. Мұны басқа бір нәрсеге қол жеткізу үшін емес, бәлки ғылым болғандығы үшін қалаймыз. Немесе кейде оны байлық, билік пен ғылым арқылы қол жеткізетін басқа нәрселерге жету үшін үйренеміз.

Кейбіреулері болса әрдайым өзі үшін қалайды. Ешқашан басқа бір нәрсе үшін қаламайды. Бұлар кейде басқасы үшін қалайтыннан да кемел әрі қайырлы.

Бақытқа қол жеткізер болсақ, бұдан кейін басқа бір мақсат үшін еңбектенуді қажетсінбейміз. Сенімді болғанымыздан бақыттың тек өзі үшін қаланатындығы, ешқашан да басқа нәрсе үшін қаланбайтындығы байқалады. Бүл жерде де анық байқалатын нәрсе бақыт дегеніміз — жақсылықтардың ең абзалы, ең кемелі, ең жоғарғысы. Шын мәнінде айтып өткеніміздей біз бақыты болсақ, одан басқа нәрсеге мұқтаж емеспіз деп сенеміз. Мұндай нәрсе — онымен қанағат етуге тұрарлық нәрсе.

Әрбір адамның бақыт дегеніміз мынау деп ойлайтыны немесе тоқтамға келген нәрсесі туралы сенімі біздің жоғарыда айтқан сөзімізді қуаттайды. Сол себепті адамдар бақыттың не екенін анықтауда әр түрлі пікірлерде болып, кейбірі

Бақыт — байлық, басқа біреулер болса бақыт басқа нәрсе десе, бұлардың әрқайсысы бақыт деп өзі ойлайтын нәрсеге байланысты ең жоғары, ең үлкен жөне ең кемел жақсылық мынау деп сенеді. Өйткені жақсылықтар арасындағы бақыттың мәртебесі осындай.

Бақыттың мәртебесі мұндай болса, адамзатқа тән кемелділіктің шыңына жеткісі келген және оған жеткізетін нәрселерді қолға түсіргісі келген адам үшін мұнан шығар жолдың болуы керек.

Менің былай дегім келеді! Адам өмірінде кейбір халдер бар. Адам оған байланысты мақтау да, сөгіс те алмайды. Мақтау да, сөгіс те алатын кейбір жағдайлар да кездеседі.

Адам бақытқа кейде мақтау немесе сөгіс алатын жағымен қол жеткізе алмайды. Бәлки, бақытқа қол жеткізуге жарайтын халдер, мақтау мен сөгіс алуға себеп болатын халдердің ортасында болар.

Адамның мақтау және сөгіс алатын халдері үш түрлі болады: 1) отыру, түру, жату, көру мен есту секілді дене мүшелерін қолдану арқылы пайда болатын әрекеттер; 2) жыныстық құмарлық, ләззат, жақсы сезім, өкпе, қорқыныш, қалау, уайым, талпыныс тағы сол сияқты пайда болатын халдер, 3) жақсы мен жаманды санамен айыра білу. Бұлардың әрқайсысына байланысты адам мақтау мен сөгіс алады. Адам жаман әрекетке барса — сөгіс, жақсы әрекет жасаса мақтау алады. Нәпсілік қалаулары орынды болса мақтау, орынсыз болса, сөгіс естиді. Сол сияқты жақсы мен жаманды айыра білсе, мақтау естіп, жаман болса, сөгіс алады.

Жақсы мен жаманды айыру я дұрыс сенімге не болу не¬месе өзіне берілген нәрсені ажырата білуге шамасы жету деген сөз. Оның жаман болуы — білгісі келген мәселеде дұрыс болсын, бұрыс болсын ешқандай қорытынды шығара алмауында.

Енді ісімізді жақсарудың, нәпсілік қалауларымызды тиісті деңгейде ұстаудың қандай жолы бар? Қандай жолмен жақсы мен жаманды айыра аламыз? Міне, осыны баяндауымыз керек.

Ең бірінші мынаны білуіміз керек, адам кейде кездейсоқ жақсы әрекеттер жасайды. Кейде бүл істерді өз еркімен емес, бәлки мәжбүр болған кезде істейді. Осылайша істелінген жақсы істермен бақытқа жетуге болмайды. Бәлки игі істі өз еркімен, жан қалауымен істеуі керек. Сол сияқты бұл істерді тек қана кейбір сәттерде және кейбір жағдайларда ғана өз еркімен істеумен де бақытқа жете алмайды. Бәлки барлық істерінде және өмір бойы жақсы істерді қалау арқылы жетуге болады. Жақсы нәпсілік қалаулар туралы да дәл осы айтылғандар шарт.

Сондай-ақ, адамда кейде шартты түрде жақсы мен жаманды ажырату қабілеті болады. Кейде арнайы және еңбектену арқылы дұрыс сенім қалыптастыруға болады. Айырған нәрсені және қалайша айыра білгенін жете түсініп, мәніне жетпейінше, бақытқа ие бола алмайды. Адамда кей кездері кішкене нәрсе туралы аз да болса белгілі бір уақыт ішінде айыру қабілеті болады. Бірақ мұндай ажырату қабілетімен адам бақытқа жете алмайды.

Адам нені және қалай ажырататындығының мәніне жетіп, өмір бойы жақсы мен жаманды айырар болса, міне, сонда ғана бақытқа жете алады.

Адамның істері, нәпсілік қалаулары мен жақсы мен жаманды айыруы айтылғандарға керісінше болса, яғни өміріндегі істеген барлық істерінде өз еркімен жаман істер істеп, оны қалайтын болса, нәпсілік қалауларында да жағдай дәл осындай болса, барлық мәселелерде жөне өмірінің әрбір сәтінде жақсы мен жаманды ажырата алмаса, ол адам бәлеге душар болады.

Енді іс-әрекеттердің, нәпсілік қалаулар мен ажыратудың қандай нәрселермен бақытқа жете алатындығын және қандай нәрселермен бақытқа жете алмайтындығын да айта кетуіміз керек. Әуелгілерге ден қойып, кейінгілерден қашуымыз керек.

Әрбір адам пайда болған алғашқы сәттен бастап, белгілі қуатпен бірге жаратылған дегім келеді. Сол қуатпен адамның іс-әрекеттері, нәпсі қалаулары мен жақсы мен жаманды ажыратуы талап етілген халге жеткені секілді, дәл сол қуатпен үшеуі талап етілген халден шығады. Адам сол қуатпен жақсы істер істейді. Сондай-ақ сол қуатпен жаман істерді де істейді. Бүл хал адамның жақсы іс істей алуы секілді, жаман іс істей алуына да себеп болады. Сондай-ақ бүл қуатпен жақсы айырым жасай алғаны секілді, жаман шешім қабылдауы да мүмкін және нәпсі қалауларында да бүл қуаттың жағдайы сондай болады. Сондықтан сол қуат арқылы жаман нәрсенің пайда болуы мүмкін болғанындай, жақсы нәрсенің пайда болуы да мүмкін.

Кейін адамда басқа бір хал пайда болып, бұл хал арқылы аты аталған үшеуінің (яғни, іс-әрекеттер, нәпсі қалаулары мен ажырату) біреуі ғана көріне бастайды. Ерік арқылы я тек қана жақсы немесе жаман іс істелінеді. Таңдаған тараптың мүмкіндігі мен таңдалынған тараптың мүмкіндігі тең болмайды. Бәлки осы жағдайдың арқасында, екі жақтың бірінің мүмкіндігі көбірек болады.

Пайда болуының алғашқы сәтінен бастап өзімен бірге жаратылған қуатқа не болу адамның қолында тұрған жоқ. Екінші хал адамның еңбек етуінің арқасында пайда болады. 13үл екінші хал екі түрлі болады. Бірімен жақсы немесе жаман айырымның тек қана біреуі, екіншісімен де тек қана жақсы істер мен нәпсі қалаулары немесе жаман істер мен нәпсі қалаулары пайда болады.

Өзімен жақсы мен жаманды ажырату, немесе ажырата алмау пайда болатын хал екі түрлі болады. Бірімен жақсыны ажырата алу (қабілеті) пайда болады. Бұл зеректік қуаты (қуат-ал-зиһи) делінеді. Екіншісімен де жақсыны айыра алмайды. Бұл көкірек көзінің соқырлығы делінеді.

Адамның іс-әрекеттері мен нәпсілік талаптарын жақсы немесе жаман ететін хал ахлақ деп аталады. Ахлақ адамның жақсы немесе жаман істерді істеуіне себеп болатын нәрсе.

Өздерімен бақытқа жетуге болатын істер мен айырымдар жоғарыда айтылған принциптермен шарт болып, бүл принциптердің бірі де бұлардың әрдайым және жалпы болуы еді. Істер мен айырым жасаудың осы шарттармен пайда болуына себеп болатын нәрсе екі тараптың тек қана біреуі үшін мәңгі болып, онымен адам барлық мәселеде жақсы іс пен айырым жасауды жалғастыруы мүмкін болатын халге жетуі керек.

Адамдағы табиғи қуат, екі жақтың (жақсы, жаман) тек бірі пайда болатын жағдайда болса, әрекеттер мен нәпсі қалауларымен бақытқа жетуіміз үшін бұлардың көркем ахлақ халіне ие болулары керек. Сол сияқты айыру қабілетінде ойдың ұшқырлығы бізде қабілет халіне жетіп жоқ болуы (зауал) мүмкін болмаса немесе қиын болмаған кезде біздің бақытқа жетуімізге жарайды.

Бұл жағдайда жақсы мінез-құлық (ахлақ) пен ойдың ұшқырлығының екеуі де адами іс-әрекеттің қуатқа не болып, оның формасына кемелдік пен қуат сыйлағаны үшін, адами құндылықтар болып табылады. Екеуі де бізде бірдей пайда болған кезде, біздің формамыз бен іс-әрекеттерімізді жақсартып, кемелдендіреді. Екеуінің арқасында біз қайырлы және парасатты боламыз. Осы екеуінің арқасында ұстанған өмір жолымыз абзал, барлық іс-әрекетіміз мақтау аларлықтай іс-әрекетке айналады.

Енді әуелі жақсы мінез-құлықты, бізге дағдыға айналдыратын нәрселерді, кейін бізге дұрыс түсіну дағдысын беретін нәрселерді баяндайық! Бұлардың дағды халіне айналуы олар жоқ болмағанда немесе жоқ болуы қиын халде болғанда жүзеге асады.

Жақсы және жаман мінез-құлықтың барлығы кейіннен пайда болады (муктасаб). Адамның өзінде ешқандай мінез болмаса да (кейіннен) мінез пайда болуы мүмкін болғаны секілді, оңда жақсы болсын, жаман болсын бір мінез қалыптасқаннан кейін, өз еркімен оны өзгертуі де мүмкін.

Адамда мінез-құлық (ахлақ) болмаған кезде, оны адамға беретін немесе ондағы мінез-құлықты басқасына көшіретін нәрсе — дағды. Дағдыланудағы мақсат — бір әрекетті аз уақыт немесе ұзақ уақыт бойы көп рет қайталау.

Олай болса, жақсы мінез-құлық дағдымен пайда болатын болса, қандай нәрселерге дағдыланған уақытымызда жақсы мінез-құлықтың пайда болатындығын да айта кетуіміз керек.

Менің мынаны айтқым келеді, дағдыланған кезде бізге жақсы мінез-құлық беретін әрекеттер — әдепті кісілерде болатын әрекеттер. Жаман мінез-құлық беретін әрекеттер болса, әдепсіз кісілердің іс-әрекеттері болып табылады. Әдетті өзімізге алуда іске жарайтын хал, шеберлікке жетуге жарайтын халге ұқсайды. Мысалы жазу өнерінде шеберлікке шыңдалу, басқа өнерлердегі секілді аса ұста жазу өнері шеберінің әрекетін қайталап, дағдылану арқылы болады. Сондықтан жазу өнеріндегі қабілет тек қана шеберлікті меңгеру арқылы пайда болады. Ал шеберлік адамның талпынып, жазу ісінің жақсы нәрселеріне дағдылану арқылы болады.

Адам үшін жазудың жақсы болуы шеберлікке шыңдалмастан бұрын, жаратылысынан бар қуаттың арқасында болуы мүмкін. Шеберлікке қол жеткізгеннен кейін, бұл өнер ретінде пайда болады. Осы сияқты көркем істер адамда болуы мүмкін. Жақсы мінез-құлық пайда болмай тұрып, жаратылысында бар қуаттың арқасында болуы мүмкін. Жақсы мінез-құлық кейін болса, тәжірибе түрінде пайда болады.

Мінез-құлықтан туындайтын бүл іс-әрекеттер мінез-құлыққа ие болмай тұрып істелінсе және дағдыға айналса, сонда мінез-құлық пайда болады (ең бірінші көптеген жақсы немесе жаман әрекеттерге дағдыланудан мінез-құлық пайда болады. Кейін аты аталған әрекеттер сол мінез-құлықтан туады).

Қалалардағы көрген нәрселерің дағды арқылы мінез-құлықтың пайда болатындығына дәлел болады. Сондықтан да саясатшылар (яғни халықтың тәрбие жұмыстарын өз мойындарына алғандар) қала тұрғындарын жақсы іске баулу арқылы оларды мәдениетті етеді.

Яғни дағдылану арқылы бізге жақсы мінез-құлық беретін жақсы іс-әрекеттер қайсысы? Енді соны баяндайық: Адамның мінез-құлқының кемелдігі халықтың да кемелдігі болып табылады. Адамның мінез-құлқын кемелдендіретін іс-әрекеттер адамның тәнін кемелдендіретін іс-әрекеттерге ұқсайды. Тәннің кемелдігі — денсаулық. Денаулық бар болса, оны сақтау керек. Жоқ болса, отан жетуге тырысу керек. Тәнді сауықтыратын іс-әрекеттер тек қана қалыпты деңгейде болса ғана, саулыққа жетуге болады. Мысалы, тамақ қалыпты деңгейде болса, онымен саулыққа жетуге болады. Сол сияқты шаршау орта деңгейде болса, ол арқылы қуатқа ие болуға болады. Дәл сол секілді іс-әрекеттер де орта деңгейде болса, солар арқылы жақсы мінез-құлыққа ие боламыз. Сауықтыратын іс-әрекеттер орта деңгейді жоғалтқан кезде, саулық болмайтындығы секілді, мінез-құлыққа жеткізетін іс-әрекеттердің де орта деңгейін жоғалтқандары дағдыға айналған кезінде жақсы мінез-құлыққа ие бола алмаймыз.

Іс-әрекеттердің орта деңгейді жоғалтуы керекті мөлшерден тыс коп немесе аз болуына байланысты. Мысалы, ас керекті мөлшерден коп немесе аз болса саулық сақталмайды. Шаршау орта деңгейде болса, тәнге күш береді, егер керекті мөлшерден көп болса немесе аз болса, күші азаяды немесе әлсіздігі жалғаса береді. Осыған ұқсас іс-әрекеттер де орта деңгейді жоғалтады және керекті мөлшерден артық немесе аз болса жаман мінез-құлыққа апарады немесе оны жоғалтпай, жақсы мінез-құлықты жояды.

Денсаулық әкелетін нәрселердің орта деңгейде болуы, көптігі мен аздығы, күштілігі мен әлсіздігі, мерзімнің ұзақтығы немесе қысқалығымен байланысты болғанындай, артықшылықтары мен кемшіліктері де осындай болады. Осы секілді (мінез-құлыққа ие қылатын) әрекеттердің орта деңгейі де аздығы мен көптігі, күштілігі мен әлсіздігі, мерзімнің ұзақтығы мен қысқалығына байланысты болады.

Кез келген нәрсенің орта деңгейде болуы тек қана аздығы, әлсіздігі мен күштілігі белгілі бір мөлшерде болған кезде ғана болса жөне барлық нәрсенің мөлшері белгілі бір өлшеммен өлшеген кезде белгілі болатын болса, онда біз іс-әрекеттерді өлшеп, орта деңгейде ұстайтын таразы туралы айтуымыз керек.

Іс-әрекеттерді тартатын таразы денге саулық беретін нәрселерді өлшейтін өлшемге ұқсайды. Денге саулық беретін нәрселердің өлшемі саулығын тілеген тәннің халдері болып табылады. Сол себепті денге саулық беретін нәрсенің орта деңгейін тек қана тәнмен салыстырып, елдердің халдеріне назар аудара отырып біле аламыз. Сол секілді сол іс-әрекеттердің айналасындағы халдер іс-әрекеттердің өлшемі болып табылады. Іс-әрекеттердің орта деңгейде болғандарын тек қана оның айналасындағы жағдайлармен салыстыра отырып, өлшеп білуге болады.

Емші сауықтыратын нәрселердің орта деңгейін тапқысы келсе, ең алдымен, айықтырғысы келген адамның денсаулығын, жасын, кәсібін және емшіге қажетті осыған ұқсас жағдайларды білуге тырысады және сауықтыратын нәрсенің мөлшерін, тәннің шыдамдылығы мен дәрінің уақытына қарай белгілейді.

Осы секілді біз де қай уақытта іс-әрекеттердің орташа деңгейін білгіміз келсе, ең алдымен сол әрекеттің жасалынған уақыты мен орнын, істеген адамды, кімге жасалынғанын, неден және немен жасалғандығын және не үшін жасалғандығын біліп, осылардың әрқайсысына байланысты әрекетке баға береміз. Осылайша орта деңгейдегі іс-әрекетке қол жеткіземіз. Егер әрекет осылардың әрқайсысына байланыста өлшенген болса орта деңгейде болады. Бұлардың барлығымен салыстырғанда бірдей (мутауазин) болмаса: не артық, не кем деген сөз.

Бұл нәрселердің аздығы немесе көптігі жағынан мөлшері әрдайым бір қалыпты болмағандықтан, орта деңгейдегі әрекеттердің мөлшері де әрдайым бір қалыпты болмауына тура келеді.

Енді мысал ретінде жақсы мінез-құлық ретінде мәшһүр болған нәрселерді (құлықтарды) жөне олардан туындайтын, әрі сол мінез-құлықтарды дүниеге әкелетін орта деңгейдегі әрекеттер туралы баяндайық.

Санамыз осы жерде қорытындылаған әр түрлі құлықтар мен олардан пайда болатын әрекеттерді үйренуге жол тапсын!

Әрекеттерге дағдыланудан жақсы мінездер пайда болады. Көркем мінез-құлық иесінде дәл сондай орта деңгейдегі іс-әрекеттер пайда болады. Негізінде мінез-құлық деген нәрсе әрекеттердің еш қиыншылықсыз жасалынуы. Олай болса жақсы мінез-құлық жақсы әрекеттердің әуелі бет алды жасалынып, кейін дағдыға айналуынан тұрады.

Мысалы, өжеттікті жақсы мінез дейміз. Ол қауіпті істермен айналысуы және олардан қашу мәселесінде орташа болудан пайда болады. Қауіпті істерде асып-сасу мен абайсыздыққа байланысты қорықпай шабуылға шығудан ашу-ыза туады, ал мұндай жағдайда қашудан қорқақтық туады. Бұлар жиіркенішті мінез-құлық болып табылады. Осы мінез-құлықтардың қайсысы орнығар болса, соған қатысты іс-әрекеттер де пайда болады.

Сол сияқты жомарттық та мал жинау мен оны жұмсауда орта деңгейді ұстану арқылы болады. Малды көп жинап, аз жұмсасақ — сараңдық содан пайда болады. Ол өте жиіркенішті нәрсе. Мал жиған кезде кемшілікке жол беріп, көп жұмсау — ысырапқа жол ашады. Бұл мінез-құлықтар пайда болғаннан кейін, бұлардан әрқайсысына тиісті әрекеттер туады.

Тазалық, жеу, ішу мен жыныстық құмарлық та орта деңгеймен пайда болады. Бұл ләззаттарды талап етуде шектен шығу (ифрат) тамаққа және жыныстық құмарлыққа коп беріліп кетуге жол ашады және бүл мәселелерде белгіленген мөлшерден көп төмен (тафрит) болуы ләззат сезімінің азаюына себеп болады. Негізінде бүл екеуі де жиіркенішті нәрсе. Бұл мінез-құлықтар пайда болса, одан осыларға тән әрекеттер туындайды.

Нәзіктік (зарафат) — жақсы мінез. Әзілдесу де орта деңгейде болу арқылы пайда болады. Адам өмірде рақаттануға мұқтаж. Рақат — әрдайым, шектен шығуы да, ләззатты болуы да, ең болмаса, қиыншылық тудырмайтын нәрседе болады. Өте көп қалжың адамның жанын жадырататын немесе жалықтырмайтын нәрселер болып табылады. Бұл жерде орташа деңгейден нәзіктік пайда болады. Бұл мәселеде шектен шығу ұятсыздыққа алып барады. Ал бүл мәселедегі кемшілік суықтық пен терістікке жол ашады.

Әзіл (һазл) адамның сөзінде, әрекетінде және қолданған затында да болады. Мұның орташа дәрежесі тартымды, өз мөлшерімен және кішіпейіл (незиһ) адам айта алатын әрі тыңдай алатын нәрсе болуы. Бұл нәрселерді (ахлақты) соңына дейін түсіндіре беруге бұл кітаптың мүмкіндігі жетпейді. Басқа жерде бұлар аяғына дейін түсіндірілген.

Адамның өзіне байланысты сөзі дұрыс болуы тек қана өзіндегі жақсылықтармен өзін дұрыс көрсету дағдысынан пайда болады. Егер бір адам өзінде жоқ жақсы қасиеттермен өзін көрсетуге дағдыланса, оның бойында жасандылық пен көз бояушылық мінез пайда болады. Кез келген жерде өзіңдегі бар қасиеттерден де төмен қасиеттермен өзін көрсетуге дағдыланса, бұл оған зарар береді.

Сүйкімділік — жақсы мінез. Ол адамның басқа біреуге жылы соз бен іс-әрекетімен қарым-қатынас орнату мәселесінде орта деңгейді сақтауы арқылы пайда болады. Бұл мәселеде шектен шығу, жалпақтау мен кемшілік жасау істі насырға шаптырады. Бұл мәселеде кемшілікке жол берумен шектелмей, адамның ашу-ызасын тудыратын нәрселерге барса, басқалармен жақсы тіл табыса алмайтын кісіге айналады.

Осы секілді басқа әрекеттерде де қайсысының қалыпты және қайсысының шектен коп немесе аз екенін байқай аламыз.

Енді жақсы мінез-құлыққа жеткізетін шара туралы бірер сөз айтуымыз керек. Ең алдымен мінез-құлықтар мен осы мінез-құлықтардан пайда болатын әрекеттерді жеке-жеке қарастыруымыз керек деп ойлаймын. Кейін өзімізде қандай мінез-құлықтың бар екенін және дүниеге алғаш келгеннен бері бізде бар мінез-құлықтың жақсы немесе жаман екенін білуге тырысамыз. Мұны білудің жолы, қайсы әрекетті істеген кезде ләззатқа бөленетіндігімізге және қайсы әрекет жасаудан жалықпайтындығымызға көңіл болу керек. Мұны білгеннен кейін, әрекеттің жақсы мен жаман мінез-құлықтардың қайсысын пайда болғандығына назар аударамыз. Егер ол әрекет жақсы мінез-құлықтан пайда болған іс-әрекет болса, бізде жақсы мінез-құлық бар екен дейміз. Егер жаман мінез-құлықтан туындаған әрекет болса, біздің мінез-құлқымыз жаман дейміз. Міне, осылайша өзіміздің мінез-құлқымыздың қай түрге жататындығын білеміз.

Емші денедегі белгілерге қарап, одан хабардар болса және оны сау деп тапса, онда тәнде осы халді сақтаудың шарасын қарастырады. Егер тәндегі хал сау болмаса, оны жоюдың амалын қарастырады.

Осы секілді біз де өзімізде жақсы мінез-құлық бар болса, оны сақтаудың шарасын қарастырамыз. Егер өзімізде жаман мінез-құлық бар болса, оны жоюдың амалын қарастырамыз. Сондықтан да жаман мінез-құлық жанның ауруы болып табылады. Осының негізінде жан ауруын жою үшін дәрігердің тәндегі ауруды жою үшін істегендері секілді нәрселерді істеуіміз керек.

Кейін өзіміздегі жаман мінез-құлықтың шектен тыс көп болуын, әлде шамадан тыс аз болуын іздестіреміз. Дәрігер ағзаның ыстығын жоғары немесе темен деп белгілеген кезде, оны медицина ғылымында айтылатын қалыпты деңгейге түсіруге тырысқаны секілді, біз де мінез-құлқымыздың шамадан тыс көп немесе аз болған тұстарын байқасақ, осы кітапта айтылған қалыпты деңгейге, орташа халге түсіруге тырысамыз.

Ең баста орта деңгейді табу өте қиын болғандықтан, адамның өз мінез-құлқын орта деңгейде немесе оған өте жақын жағдайда ұстауы үшін амал қарастырылған. Медицинада да осындай болған. Дене қызуының орташа деңгейін табу қиын болғандықтан, тәнді сол жағдайда немесе соған жақын бір жағдайда ұстау амалы іздестірілген.

Мінез-құлықты орташа жағдайда ұстаудың шарасы мынадай: бізде пайда болған мінез-құлыққа қараймыз. Егер шектен шығудан пайда болған болса, өзіміз мұның терісі, яғни кемшіліктен пайда болған әрекеттерді әдетке айналдырамыз. Егер біздегі мінез-құлық кемшіліктен пайда болған болса, біз мұның қарама - қайшысы, яғни шектен шығудан пайда болған әрекеттерді әдетке айналдырамыз. Мұны біраз уақыт жалғастырамыз. Кейін өзімізде қандай мінез-құлық пайда болғанына қараймыз. Осыған байланысты бізде үш халдің бірі пайда болады. Я орта деңгейдеміз, немесе одан асып кеткен, не болмаса оған жетпей қалған халдеміз. Егер қол жеткізген мінез-құлық ортаға жақын, одан аспаған болса, орта деңгейге жеткенге дейін белгілі бір уақыт бойы тағы да дәл сол әрекеттерді жалғастырамыз. Егер орта деңгейден асып, екінші қарама-қарсы жаққа өткен болсақ, бүл кезде белгілі бір уақыт бойы алғашқы мінез-құлықтың әрекеттерін жалғастырамыз. Кейін халімізді тағы бір тексеріп көреміз.

Нәтижеде барлық уақытта нәпсіміздің бір жаққа қарай бағытталғанын көрсек, екінші жақтың әрекеттерін әдетке айналдырамыз. Орта деңгейді тапқанға дейін немесе оған өте жақын жақындағанға дейін мұны жалғастырамыз.

Бірақ мінез-құлқымыздың қалыпты деңгейде екенін қалай білеміз?Кемшіліктен пайда болған әрекеттің оңайлығына қарасақ, мұның мүмкін еместігін болжай аламыз. Егер әрбір екі әрекет бірдей оңай болса немесе аз да болса айырмашылығы болса, біз оны орта деңгейде тоқтатқандығымызды білеміз.

Әрбір екі әрекеттің оңайлығын тәжірибе жүзінде сынау әрқайсысын жеке көру арқылы жүзеге асады. Егер әрекеттердің ешқайсысында қиналмасақ немесе екеуінен де ләззат алсақ, немесе бірінен ләззат алып, екіншісінен қиыншылық көрсек, немесе өте аз қиыншылық көрсек, бұл көріністерден бұлардың қолайлылық тұрғысынан тең немесе бір-біріне жақын екендіктерін білеміз.

Ортаның екі шеттің дәл ортасы екендігіне шәк жоқ. Алайда кейде айналада да орташаға ұқсайтын әрекеттер болуы мүмкін. Осының негізінде соңы айтылған жағдайдағы орташа деңгейге ұқсас әрекеттерден қашу керек. Бұған мысал — қатты ашулану. Сол себепті ол — өжеттілікке ұқсайды. Ысырапшыл болу — жомарттыққа, еркелік — нәзіктік пен кішіпейілдікке және жасандылық та адамның тура сөзді болуына ұқсайды. Екі соңғы нүктеде кейде бізде табиғи беріліп кететін әрекеттер де болатындықтан, екі соңғы нүктеде (шектен шығу, орта деңгейден өте көп төмен болу) болудан сақтану мәселесінде өте мұқият болу керек. Бұған мысал: қауіпті істермен айналысу да кемшілік (қорқақтық) болып табылады, біз бұған көп ұшырасамыз. Сарандыққа да көбірек жақындаумыз

.Екі соңғы нүктедегі әрекеттерде ең коп сақтану керек болғандары орташаға ұқсауымен қатар, біз табиғи түрде бейім болған әрекеттер. Сондықтан да әзілдесу де шектен шығу ләззатқа бөлейтіндіктен немесе ең жоқ дегенде қиыншылық тудыратындықтан, бізге оңай (болып келеді) және оған бейім болып келеміз.

Қандай құралды қолдансақ, оның арқасында бір жағынан екінші жаққа немесе орта деңгейге жақындауымыз оңай болатындығын білуіміз керек.

Жиіркенішті істердің оңай болуының себебі оларды істеген кезде, біз рақатқа бөленетіндігімізден болуы керек. Жақсы істердің ауыр болуының себебі де, оларды істеген кездегі қиыншылыққа душар болуымызда жатыр. Бүл да әрбір істе ләззатты мақсат етіп, ойлап, істеген барлық ісімізде оны іздеуімізбен тығыз байланысты.

Ләззатқа келер болсақ, оның да бірнеше түрі бар: көрінетін, естілетін, дәмін көруге болатын, ұстап және иіскеп көруге болатын нәрселерге қатысты ләззат секілді бұлар сезімдік ләззаттарға жатады. Бір бөлігі басшылық, үкім жүргізу, жеңіс, ғылым мен тағы сол сияқты нәрселерге қатысты ләззат секілді түсінікке жататын ләззат тобы бар.

Біз пайда болғаннан кейін, алғашқы сәттен бастап бойымызда әдет қалыптасқандықтан, көбінесе сезімдік ләззаттарды іздейміз және оны өмірдегі басты мақсат деп ойлаймыз. Бұл сезімдік ләззаттардың бір бөлігі біздің жеке басымыз немесе әлем үшін қажетті ләззаттар. Біз үшін қажеттісі өмір сүруіміздің негізі болып табылатын тамақ. Міне, осыған байланысты, біз бүл ләззатты өмірдің мақсаты мен бақыттың өзі деп ойлаймыз.

Бұдан басқа объективті нәрселер бізге белгілі, оларды жақсы білеміз және оларға қол жеткізу біз үшін өте оңай. Дегенмен, көптеген жақсылықтардан бізді мақрұм ететін және бақытқа жеткізетін нәрсенің ең үлкенінен бізді тиятын нәрсенің ләззат екендігі жан-жақты мұқият ойланған кезде белгілі болды. Сондықтан біз игі істі істеуімізге құт беретін сезімдік ләззат көрсек, тек сол уақытта ғана жақсы іс істеуге кірісеміз.

Бұл жағдайда адам қашан осы ләззаттардың барлығын тастай алса немесе оларды тек қажетті мөлшерде пайдаланса, міне, сонда ғана жақсы мінез-құлыққа бір табан жақындайды.

Сезімге жататын ләззаттар мен рухани әрекеттерге жататын ләззаттар не ерте, не кеш болады. Шектен шығу да осыған ұқсайды. Осы ләззаттардың әрқайсысы әрекеттерге екі тұрғыдан тәуелді болады. Ләззат немесе қиналу (оған қажет болып); жанға бататын ауру мен төсек қатынасындағы ләззат сияқты ешқашан одан бөлінбейтін кейбір әрекеттер де бар. Негізінде әрекетте ауыртпашылық жоқ. Бәлки, тек қана шариғатқа байланысты зина жасаған адамның өлтірілуі мен адам өлтірушінің өлтірілуі секілді жаза оған лайық көрінер.

Басында ауыртпашылық болатын иті істер ең соңында шүбәсіз ләззатқа лайық болады.

Енді ләззат пен жапа шегуге лайықты әрекеттерді жеке-жеке қарастырып, қазір ләззат алып, кейін жапа шегетін әрекеттерді бір-бірінен айыруымыз керек. Қашан жаман істерге лайықты ләззатқа қатысты бір жаман іске бет бұрсақ, сол ләззатты ілгеріде осы іске лайықты болатын жапа шегумен салыстырамыз. Біздің жаман іс істеуімізге себеп болатын ләззатты осылайша жоямыз және жаман істі тастау да оңай болады. Игі істі жапа шегуге байланысты тастайтын болсақ, жақсы іске лайықты ләззатты осы жапа шегуге қарсы қоямыз. Игі істен бізді кейін тартатын қиыншылықты осылайша жоя аламыз және игі істі істеу оңайға соғады. Сондай-ақ әу баста айтылған ләззатқа байланысты бір жаман іске бет бұрсақ, ол ләззатты ілгеріде болатын жамандықпен салыстырамыз.

Адамдардың бір бөлігінде жақсы ой мен түсінікті қажет ететін нәрсені дүниеге келтіретін күшті ерік бар. Міне, осындай адамдарды тәуелсіз деп айту біздің әдетіміз. Бір адамда осы екеуінің ешқайсысы да болмаса, ол адамның жануардан айырмашылығы жоқ. Бір адам жақсы ойлай алғанымен, ерік қуаты жоқ болса, оны табиғи құл деп атаймыз.

Ғылыммен айналысатындардың немесе философиямен шұғылданатындардың бір бөлігі бұл мәселе бойынша таразыға салынған кезде, құл болу тұрғысынан жағдайлары жоғарыдағылардан жақсы емес екендігі байқалды. Бұлардың ілімдері керексіз болып, пайдаланбағандықтан, олар нағыз ғалымдардың сүйегіне таңба салды.

Адамдардың бір бөлігінің де еркі қуатты болғанымен, жақсы ойлана алмайды. Мұндайлар үшін басқалары ойланады. Бірақ бұлар басқаларының ойларын кейде қабылдап, кейде қабылдамайды. Қабылдамаса, олар жануар сияқты болады. Мойынсұнса, көп істерінде жетістікке жетіп, құлдықтан құтылып, бостандық алады.

Әрекеттерге лайық болған ләззаттардың кейбірі айқын көрінеді және біз оны жақсы сеземіз. Кейбірі біршама жасырын болады.. Айқынырақ болған ләззат өте тез және сезімдік ләззат болып табылады. Жапа шегу де осыған ұқсайды. Сол себепті оның тез әрі сәттік болғаны, әсіресе шариғаттың көрсеткені көбірек сезімдік болып табылады.

Бұдан басқа ләззаттар мен жапа шегулер жасырып болады. Бұлардың ішінде көбірек құпия (болғаны) табиғи болып, кеш келетін әрі түсініксізі. Бұлардың ішінде табиғи болса да тез болатыны біріншісінен онша жасырын болмайды. Кеш келсе де, сезілетіні осыған ұқсас болады.

Ешкімге бағынбайтын адамдар ләззат пен жапа шегуді құрал етіп, игі іс істеуді және жаман істі тастауды оңайлатқылары келсе, бұларға ләззат пен азаптың ең жасырыны мен ең ашығы теңдей болады. Сондықтан да олардың ойлау қуаты көпшілік үшін құпия нәрселерді өте анық біле алатындықтан, оларды жаман істерге тартатын ләззаттар айқын қиыншылықтармен тойтарылғаны секілді, жасырын қиыншылықтармен де қайтарылады.

Бұлардан басқалары үшін бұл жетпейді. Бәлки, олардың ләззаттары ең айқын қиыншылықпен тойтарылғанды қалайды. Бұлардың бір бөлігі жедел ләззатқа байланысты жаман іске бет бұрған кезде, оны тастауға немесе керісінше етуге (лайықты сыйлықпен) одан бас тартады. Балаларды осылайша тәрбиелеу керек. Егер бас тартулары үшін бүл жеткіліксіз болса, жаман іске белгіленген жаза арттырылып, ең айқын дәрежеге шығарылады.

Мақұлықтар (надандар) мен бірінші айтылғандардағы тыйымдарға тоқтамаған басқалары, осы соңғы көрсетілгендей, тәрбиеленуі керек.

Ләззат пен қиыншылықтардың ең айқыны сезімдерге катысты ләззат пен қиыншылықтар болып табылады. Қорқыныш, қайғы мен бір нәрсенің жанға батуы және осы сияқты сезімдерге лайықты емес қиыншылықтар да бар. Мақұлықтардың кейбіріне байланысты осы соңғылармен шектеуге болады. Кейбіреулерін сезімдік азапқа салмай, тек қана осылармен шектеуге болмайды. Адамның сезіну арқылы ең коп азап шегетін жазасы сипап сезу мүшесі арқылы алған жаза. Кейін қорқыныш, дәм сезу және басқа да сезімдер келеді. Міне, осылайша адам өзі мен басқалары үшін, жақсылық жасау мен жамандықты тастау жолдарын оңайлатады.

Бұл жерде осы да жеткілікті. Бұл мәселеде сөзді ұзарту тек қана саясатпен айналысқысы келген адамға ғана керек.

Енді жақсы мен жаманды ажырата білу қабілеті туралы сез қозғаймыз. Әуелі жақсы мен жаманды ажырату қабілеті туралы, кейін сол қабілетке қалай жетуге болатындығы жайлы баяндаймыз.

Адам барлық мәліметтерді жақсы мен жаманды ажырату қабілеті арқылы қабылдайды. Адам қабылдай алатын мәліметтер екі түрлі болады. Бірін тек қана үйренуге болады. Онымен амал етуге болмайды. Мысалы, әлем жаратылған, Алла бір деп көптеген көрінетін нәрселердің себептерін білуіміз секілді, бұларды тек қана білуге болады. Бүл жерде істелінетін ешқандай да амал жоқ.

Екінші түріне келсек, әрі білуге болады, әрі онымен амал етуге болады. Ата-анаға жақсылық жасаудың жақсы, жамандықтың жиіркенішті және әділеттің бар екендігін білуіміз, денге саулық беретін нәрселер туралы медициналық біліміміз секілді осы екінші түрге жататын мәліметтердің кемелі — амал.

Мұндай білім пайда болғаннан кейін, онымен амал етілмесе, ол ілім пайдасыз және жарамсыз болады. Білуге болатын немесе онымен амал етуге болатын білімдердің кемелдігі тек қана білуде. Біліммен келетін білімдер тек қана осы ілімге қол жеткізетін кейбір әдістермен жүзеге асады. Әрі үйренуге болатын, әрі онымен амал етілетін білімдер болса, басқа әдістер арқылы келеді. Олай болса, білімдер екі топқа бөлінетіндігі сияқты, өнерлер де екі топқа бөлінеді. Өнердің бір түрімен тек қана ғылым дүниеге келеді. Екінші түрімен де, өнермен амал етілген нәрсені білу мүмкін болғанындай, сол нәрсені істеу (амал ету) құдіретіне ие болады.

Өзімен амал етілген нәрсені білуді және оны істеу құдіретін беретін өнер де екі түрлі болады. Оның бір түрін адамдар ауылдарда қолданады: медицина, сауда, егіншілік және осыларға ұқсас өнерлер. Онымен жақсы істер мен дұрыс әрекеттерді таңдағаны секілді, оларды істеу құдіретіне де ие болады.

Осы үш өнердің әрқайсысында адамдық мақсат, яғни өздеріне тән және адамның соңынан ерген бір мақсат бар. Адами мақсат үшеу: ләззатты, пайдалы, әсем.

Пайдалы нәрсе ләззатта да, әсемдікте де болмайды. Адамдар қолданатын өнердің мақсаты — пайда. Өзімен жақсы немесе жаман жол таңдайтын немесе істейтін ісі үшін қуат беретін өнердің мақсаты — әсемдік. Сондықтан да бүл өнер бізге айқын білімді (илмал-иақин) береді. Хақты білу мен ақиқаттың көркем екендігінде шүбә жоқ.

Бүл жағдайда барлық өнерлердің мақсаты — пайда немесе әсемдік. Тек қана әсемдікті мақсат еткен өнерді абсолюттік (алал итлақ) философия немесе хикмет деп атайды. Пайданы мақсат еткен өнердің ешқайсысы абсолюттік (ала-л итлақ) хикмет деп аталмайды.

Әсемдік екіге бөлініп, бірі тек қана ғылым және екіншісі ғылым мен амал болса, философия өнері де екіге бөлінеді деген соз: 1. Болмыстардың адамға ешқандай амал керек етпейтін білімін үйретеді. Мұны теориялық философия деп атайды; 2. Болмыстың адам үшін амал қажет ететін өнерлерін және осылардың ішіндегі жақсысын жасай алатын құдіретті беретін ғылым практикалық философия немесе мораль философиясы деп аталады.

Теориялық философия үш түрлі ғылымды қамтиды: 1) математика (Илмут-Та'алим), 2) табиғаттану (Илмут-Таби'и), 3) метафизика. Осы ғылымдардың әрқайсысы тек қана болмыстардың бір бөлігін ғана қарастырады. Бүл жерде осы үш ғылымның әрқайсысының нені қарастыратынын жеке-жеке айтудың қажеті жоқ. Бірақ арифметика (илмул-адад), геометрия (илмул-һандаса) мен келешектің ғылымы математика ғылымына жатады.

Мораль философиясы екіге бөлінеді. Бірімен қайсы әрекеттердің жақсы екендігін білуге болады және жақсы әрекеттердің қайнар көзі болып табылатын ахлақ пен осы әрекеттердің себептерін білу құдіретіне жетуге болады. Осы ілім түрімен жақсы әрекеттерге ие болуға болады және оны өнер этикасы деп атайды. Моральдық философияны екінші түрімен қала халқы үшін қандай істердің жақсы екендігін білуге болады және оларды қала халқына үйретіп, оны сақтауға болады. Философияның бұл бөлімін саяси философия деп атайды. Қысқаша философия өнерінің түрлері осылар.

Табысымыз тек қана жақсы істер болған жағдайда бақытқа жетіп, жақсы істерге де тек қана философия өнері арқылы қол жеткізетін болсақ, бақытқа жеткізетін нәрсенің философиядан басқа нәрсе болмауы табиғи нәрсе. Бұл философия бізде жақсы мен жаманды ажырату қуатының арқасында пайда болады.

Философияға тек қана жақсы мен жаманды ажырата білу қуаты арқылы, жақсы мен жаманды ажырату қуатына да дұрыс ойлау қуаты арқылы қол жеткізілетін болса, бұлардың бәрінен бұрын бізде есте сақтау қуаты болуы керек. Мидың дұрыс ойлау қуаты, бізде Хақты Хақ деп біліп, оған сеніп, бұрысты-бұрыс деп біліп, одан қашатын, Хаққа ұқсайтын хақ болмағандығы одан ажырататын және қателеспейтін, хақ болса да бұрысқа ұқсайтынды білетін яғни алданбайтын бір қуат бар кезде пайда болады. Бізге бүл қуатты беретін ғылым — логика.

Бұл ғылым хақ сенім қайсысы жөне бұрыс сенім қайсысы екенін білдіреді, адамды хақ пен ақиқатқа апаратын және адамды олардан алыстататын нәрселерді, хақты бұрыс етіп көрсететін және бұрысты дұрыс (хақ) етіп көрсетіп адамның санасын бұрысқа итермелейтін нәрселерді үйрететін, адам парқына бармай сенген бұрыс нәрсені өз санасынан және басқасының санасынан жоятын жолды үйретеді.

Бұл ғылым бұлармен де шектелмейді. Адам білгісі келген бір нәрсеге кіріскен кезде, осы ғылымның арқасында өзін бұрыс мақсатқа апаратын нәрселерді, яғни (өнерді) қолдануды біледі. Осылайша қандай да бір нәрсе туралы түсінікке ие болғаннан кейін, пікірінің дұрыс болып болмағандығына күмән келтірсе, айқын білім әкелетіндей сол пікірді тәжірибеден өткізу де осының арқасында мүмкін болды. Адам осы тәжірибе кезінде байқамай қателікке ұрынса, осы жолды (өнерді) ұстану арқылы санасынан сол қателікті өшіре алады.

Егер бұл өнер біз айтқандай болса, басқа барлық өнерлерден бұрын бұған мән беруіміз керек.

Адамға тән кейбір қайырлы нәрселердің ерекшеліктері көбірек, кейбірінікі аздау болады. Адамға тән ең қайырлы қасиет — ақыл. Сондықтан адамды адам еткен де — сол. Логика өнері адамға ақыл беретіндіктен, оған тән ең көп қайырды береді деген сөз.

Олай болса ақыл екі мағынаға келеді: 1) адамның санасында бір нәрсені білуі, 2) ол арқылы қабылдауға болатын нәрсе.

Ол арқылы қабылдайтын және ақыл деп аталатын нәрсені бұрынғылар нутуқ дейді. Нутуқ сөзі — сөз, сөйлем деген мағынаны білдіреді. Көпшіліктің пікірінше нутуқ сөзі осындай мағынаға келеді. Нутуқ сөзінің баршаға танымал мағынасы осы. Көне дәуірдегі логика ғылымдарында бұл сөз екі мағынаға да келетін еді. Әр екі мағынамен сөз сөйлеп, онда қабылдайтын бір нәрсе бар деген мағыналармен адамға натиқ деп айтылады. Бірақ мынадай нәрсе де бар, бұрынғы айтылғандар адам сөйлейді (натиқ) деумен онда мақұлдау мен түсініктерін қабылдайтын бір нәрсе бар мағынаны білдіреді.

Бүл өнер сөзді (нутуқ) кемелдендіретіндіктен логика (мантық) деп аталған. Адамның ол арқылы талап еткен нәрсесін қабылдайтын нәрсе кейде жанның сөйлейтін бөлігі деп аталатындықтан, логика өнері арқылы сөйлейтін бөлігі кемелденеді.

Логика (мантық) сөзі кейде сөз сөйлеу мағынасына да келетіндіктен, адамдардың көпшілігі бұл ғылымның мақсаты дұрыс сөзді үйрету деп ойлайды. Бүл қате пікір. Дұрыс сөзді үйрететін ғылым — синтаксис. Бұл қателікке себеп, синтаксис ғылымына қатысты нәрсенің логикаға қатысты нәрсеге сөз жүзінде бірігуінен басқа еш нәрсе емес. Сондықтан да екеуіне де қатысты айтылмақшы болған ғылым логика деп аталады. Немесе бұл ғылымдар (логикада) мантық (логика) деп аталатын нәрсе осы сөз білдіретін екі мағынаның тек біреуі ғана.

Иә, синтаксис пен логика ғылымдары арасында бір ұқсастық бар. Сол себепті синтаксис ғылымы айтылған сөздердің сол тілдің иесінің әдісі мен қағидалары бойынша қайсысы дұрыс екендігін білдіреді және дұрыс сөйлеу қуатын береді. Логика (мантық) ғылымы болса, біз ойлаған нәрселердің қайсысы дұрыс (хақ) екенін үйретеді және дұрыс ойлау күшін береді.

Синтаксис кез келген тілде сөйлемейтін адамның иесінің әдіс пен қағидаларға сай дұрыс сөйлейтіндей етіп тілді түзеткені секілді, логика (мантық) ғылымы да барлық нәрседе дұрыс ойлай алатындай етіп ойды түзелтеді. Дұрысы синтаксис ғылымы сөйлемдермен айналысса, логика (мантық) ғылымы да ойлайтын нәрселермен айналысады. Екеуінің арасындағы ұқсастық осылар. Әйтпесе бірі екіншісімен бірдей емес және бірі екіншісін өзіне қамтымайды.

Осыған дейін айтқандарымыздан бақыт жолының қаңдай екендігі және сол жолға қалай түсуге болатындығы және түсуі керек нәрсенің мәртебелері белгілі болды. Жолдағы нәрселердің алғашқы сатысы логика ғылымын үйрену болып табылады.

Алайда логика ғылымы ғылымдар арасындағы ең бірінші оқылуы керек ғылым болса, кез келген бір ғылымды (өнерді) үйренгісі келген адам сол ғылымның мазмұнын зерттеуде қолданатын біршама мәліметке қанық болмайынша оған кірісе алмаса, ең алдымен логика ғылымының мазмұнын зерттеуде қолданатын нәрселерді білуіміз керек.

Кез келген бір өнерге кіріспестен бұрын, адамның тапқан нәрселері мен сол өнердің мазмұнында қолданатын нәрселер "кіріспелер" (ауаил) деп аталады.

Адам біле алатын нәрселердің бірнеше түрі бар. Бір бөлігі бар, онсыз ойы толық адам болмайды. Мысалы, кез келген нәрсенің бүтіні бөліктен үлкен екендігін және адамның тек қана еттен тұрмайтындығын білу секілді. Бұларды "мәшһүр ғылымдар" және "белгілі кіріспелер" (улум-ул Машһура, ауаил-ул муга"арифа) деп атайды. Адам бұларға сөзбен қарсы шыққанмен, ойымен қарсы шыта алмайды. Сол себепті бұлардан басқаға сену мүмкін емес.

Адамдардың кейбірі білетін, кейбірі білмейтін бөліктер де бар. Бұл бөлімнің кейбірін білу оңай. Кейбірін барлық адам білмегенімен, оймен білуге болады және барлығы да білетін аты аталған "кіріспелер" адамның бұрыннан білетін нәрселері болуы керек.

Осыған ұқсас нәрсе көп. Алайда бұлардың кез келгені бейберекет, орынсыз кез келген өнерде қолданылмайды. Бәлки, олардың бір бөлігі белгілі бір өнерде, басқа бөлігі де өнердің басқа бір түрінде қолданылады. Бұлардың ішіндегі тек қана логикаға жарайтындар алынып, қалғандары басқа өнерлердің үлесіне қалдырылуы керек

Баршаға белгілі бүл нәрселердің барлығы адамның санасында пайда болған алғашқы сәттен бастап-ақ, табиғи түрде бар болады. Алайда санасында пайда болған бұл нәрсе туралы адамның кейде хабары болмайды, осыған байланысты бір сөзді естіген кезде, бұрыннан санасында бар екенін байқайды.

Сол секілді бүл зат кейде адамның санасында бір-бірінен бөлек тұрса да адам бұларды жеке-жеке көрмейді. Бұларға байланысты сөздерді естіген кезде, бұларды бір-бірінен ажыратады.

Сондықтан санадағы осы нәрсе бір-бірінен бөлек болып, белгісіз болған кезде, бұларға қатысты сөздерді зерттеу қажет. Бұл жағдайда адам оларды байқап, бір-бірінен ажыратады.

Осыған ұқсас олармен логикаға кірісуімізге (мүмкін) болатын көптеген нәрселер санамызда бар болғанымен, олар туралы терең хабарымыз болмауы мүмкін. Бұлардан хабардар болтымыз келсе, ең алдымен белгілі бір мағыналарды білдіретін сөздердің түрлерін дайындау керек. Мағыналарға байланысты түсінік қалыптасып, әрқайсысы жеке-жеке қарастырылған кезде, логика өнерін зерттеуде қолданылатын мағыналар бөлініп шығады. Сөйлем түрлерін қарастыратын ғылым синтаксис ғылымы болғандықтан, логика өнерін үйренуде бұл ғылымның (синтаксис) пайдасы өте зор. Сондықтан да логика өнерінің принциптерін үйренуге жарайтын нәрселерді жеткілікті түрде синтаксистен алуымыз керек. Егер тіл мамандарының сөздіктерінде сөйлем түрлерін есептеу өнері, немесе тіл мамандарының сөздіктерге қатысты сөйлем түрлері жоқ болса, оны өте мұқият зерттеп, логиканың мазмұнын көрсететін сөйлемдерді өзіміз де анықтай аламыз. Міне, осылайша бұрынғылардың не себепті логикаға кіріспе ретінде синтаксистен біраз нәрселерді жеткілікті мөлшерде қарызға алғандығы белгілі болады.

Кез келген адам бұдан басқа әдісті қолданса, ұқыпсыздық еткен немесе ғылыми тәртіпті бұзған деген сөз.

Егер өнер қажет ететін тәртіпті керекті деп тапсақ, бұрынғылардың сөйлем түрлерін анықтау арқылы аты аталған ғылыммен айналысуды оңайлатқан кітаптардың бірін алып, онымен іске кірісіп, оны сол үшінші кітап етуіміз керек еді.

Бұл трактатты 1941 жылы Стамбулда және Анкарада

тарихшы Хилми Зия Үлкен мен Кынаметтин Бурслав

жинақтап, "Фараби " деген атпен басып шығарған

(Hilmi Ziya Ulken, Kivamettin Burslav, FARABI, Istanbul

1941, 127— 154-беттер;