ТУРА ТАРАЗЫ

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ТУРА ТАРАЗЫ

(ӘЛ-КУСТАС ӘЛ-МУСТАКИМ)

(Аударған Ғ. Есім)

БІРІНШІ ТАРАУ

БІЛІМНІҢ ӨЛШЕМІ ТУРАЛЫ

Білімнің ақиқаттығы қандай өлшеммен өлшенеді

Бірінші, барша ғаламның жаратушы иесі Аллаға мадақтау айтамын, екінші, Оның сүйікті пайғамбарына сиынып айтамын: "Дін қарындастар, мен сендерге өзімнің кейбір сұхбаттарымды айтсам, орталарыңда құлақ қойып тыңдайтындарың бар ма? Мені бір тәлім жолындағы рафик (4) ұшыратып, "қолдың ағаруы" және өзге ғажайып кереметтерге таласуы тәрізді (5) өзінің сұрақтарымен және қарсы пікірлерімен мені таң-тамаша қалдырды. Ол былай деді: "Мен байқаймын, сен өзіңді асқан білімдар санайды екенсің. Сен өз біліміңнің ақиқаттығына қандай өлшеммен көз жеткізесің? "Пікір" және "қисын" өлшемімен бе? Олардың қайшылықтар мен дүдамал жерлері тым көп. Сол үшін де адамдардың арасында алшақтық пайда болды. Әлде тағылым өлшемімен бе? Онда сенің имам жолында болуың керек еді, бірақ сенен ондай құштарлықты көре алмаймын".

Ненің артығы туралы талас

Мен айттым: "Пікір" және "қисын" өлшеміне келсек, Алла оны басшылыққа алуға тыйым салды: ол — шайтанның өлшемі. Егер менің достарымның ішінен кім де кім оны білім өлшемі десе, онда Құдіретті Жаратушыдан сұра. Ол дінді мұндай аярлықтан аластасын: ол дінге надан дос, ал мұның өзі білімді дұшпаннан жаман. Ал егер ол тағылым мазхабының мәртебесін көтермек ойда болса, таласқа алдымен Құраннан үйренер еді, онда Раббымыз айтқан: "Адамдарды Раббының жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес", — деп (6). Ол таты да былай деп үйретті: "Кім де кім Алла жолына даналық арқылы шақырса, ол Алланың қауымында, көркем үгіт жолымен шақырса, ол Алланың қауымында, ақылмен таласа алса, Алланың қауымында".

"Үгіттеушілерді" даналық нәрімен сусындату — олар үшін емшектегі баланы құс етімен асырағанмен бірдей зиян. "Даналық меңгергендермен" таласқа түсу ересек адамға ана емшегін ұсынғанмен бірдей (жүрегін) айнытады. Ал кім де кім "таласушылармен" Құранда талап етілгендей көркем жолмен таласпаса, ол құрмаға машықтанған бәдәуиге бидай нанын бергенмен немесе бидай нанына машықты шаруаны құрмамен сыйлаған тәрізді болар еді. Бұған Ыбыраһим әл - Халилдің (оған Алланың рахымы жаусын) өзінің қарсыласын қалай сендіргені тамаша дәлел. Ол: "Раббым өлтіреді де тірілтеді", — деді (2—258). Бірақ таласушының: "Мен де өлтіремін де тірілтемін", — дегенін естіді (7). Осыдан ол өз дәлелінің таласушы санасына жетпейтінін көрді. Сонда соның деңгейіне дейін төмендеп, соның түсінігіне жақындады: "Расында Алла күнді шығыстан келтіреді, сен оны батыстан келтірші", — деді ол. Сонда кәпір абыржып қалды" (2— 258). Әл -Халил оның өлгенді тірілте алмасын дәлелдеуге босқа әуре болмады, себебі, оның мұны түсіне алмасын керді, өйткені ол зорлықпен әлдебіреулердің жанын алғанын мен өлтірдім деп ойлады емес пе? Анығында оның ақылы мен ойлау қабілетінен тыс нәрсені түсіндіру мүмкін емес еді. Әл - Халил оны мұқатуды ойлаған жоқ, керісінше, бетін өмірге бұруды ойлады, ал жұғымды талшық ұсыну — осындай бетін тіршілікке қарату, жұғымсызды беру құрту болар еді. Мұндай нәзік дүниелерді пайғамбарлық келгендердің тағылымы сәулесінен тана ұғынуға болады. Сондықтан да тағлим мазхабының құпиясына тыйым салынғанындай, оны білуге де тыйым салынған.

Тура таразымен өлшеу

Ол айтты: "Бұл жол әрі ауыр, әрі нәтижесі күмәнді болса, өз біліміңді немен өлшейсің?"

Мен жауап бердім:"(Раббымның) сүйікті пайғамбарының тілінде түсірілген Құранда "өлшегенде толық өлшеп, тура таразымен тартыңдар" деген (17—35). Мен осы жолды тұтып, осыдан үйреніп, онда (өз білімімде) ненің ақиқат, ненің жалған екенін, бағытымның туралығы мен бұрыстығын көру үшін, "тура таразымен" өлшеймін", — дедім.

Ол: "Тура таразы деген не?" — деп сұрады.

Мен: "Ол Раббымның қасиетті Құран арқылы аян қылған және өзінің пайғамбарларын сонымен өлшеуге үйреткен бес түрлі таразысы, — дедім. — Кім де кім Алланың елшілерінен үйренсе, сол тура жолмен жүреді, кім одан "жорамал және қисынға" ауытқыса, сол адасып, күйзеліске түседі".

Ол: "Өлшем туралы Құранның қай тұсында айтылған? Бұл жалған емес пе?" — деді.

Мен оған былай жауап бердім: "Сен Раббымыздың "әр - Рахман" сүресіндегі мына айтқандарын естімеп пе едің: "Аса қамқор Алла Құранды үйретті. Адамды жаратты. Отан сөйлеуді үйретті" (55—1—4). Және одан әріде Ол тағы былай деген: "Ол аспанды биіктетіп, оған тең бір өлшеу қойды, өлшеуде шектен шықпаңдар. Сондай-ақ тартуда әділетпен орындаңдар, таразыға кемітпеңдер" (55—7—9). Әлде сен оның "Хадид" сүресіндегі мына өсиетін естімеп пе едің: "Расында,— деген Ол, — елшілерімізді ашық мұғжизаларымызбен жібердік. Және елшілермен бірге адам баласының әділ тұруы үшін Кітапты, мизанды (8) жібердік" (58—25). Сен осы Кітапта айтылған таразы бидай әлде сұлы, алтын әлде күміс өлшейтін таразы дейсің бе? Немесе Оның "аспанды биік етіп, оған тең өлшеу қойдық" дегендегі аспанды жасаумен салыстырып отырған таразысын дирхемдік таразы әлде қол безбен деп ойлайсың ба? Бұдан артық ақиқатпен жанаспайтын қандай жалған, қандай адасудың болуы мүмкін?

Аллаға сүйен және тахвилде (9) ойланбай іс қылма. Және мынаны айқын ұғын: бұл мизан — Алланың, Оның періштелернің, Оның Кітаптарының, Оның елшілерінің, Оның көктегі және жер бетіндегі күллі мүлігінің білім өлшемі, онымен қалай таразылауды Оның елшілері Оның періштелерінен қалай үйренсе, сен де Оның елшілерінен солай үйрен. Тұңғыш үйретуші — Раббымыз, екінші — Жебірейіл, үшінші — пайғамбарлар, жаратылғандардың бәрі пайғамбарлардан үйренеді, оларды білімге бастайтын өзге жол жоқ".

"Бұл өлшемнің шын әлде жалған екеніне сен қалай көз жеткіздің, — деді ол, — өзіңнің ақылың және түйсігің арқылы ма? Бірақ ақылда қайшылық көп қой. Әлде ақиқат жасаушы мағсум (10) имамның көмегімен бе? Ал соңғысы менің үгіттеп отырған мазхабым емес пе?"

Мен былай дедім: "Бұған мен де тағылым жолымен жеттім, бірақ имамдардың имамы Мұхаммед ибн Абдолла әл-Муталлиб арқылы (оған Алланың рахым нұры жаусын). Мен оның өзін еш көрмесем де еш күмәнсіз, мен оның тағылымын әрдайым естіп отырмын. Оның тағылымы — Құран, ал Құран мизанының туралығына Құранның өзі дәлел".

Ол: "Өз дәлеліңді келтір және Құраннан өлшеуіңді айт, оны қалай түсініп білгеніңді және оның туралығы мен шындығын Құраннан қалай түсінгеніңді маған көрсет",— деді.

Заттың өлшемінің шындығы қалай танылады

"Алдымен сен өлтір, — дедім мен. — Маған мынаны айтып бер: сен біреуге қарыз болып, оны қалдықсыз, дәл қайтаруың қажет болса немесе саған біреу қарыз болып, алдаусыз, әділімен қайтарып алуың қажет болса, сен алтынның немесе күмістің өлшемінің туралығын қалай білесің? Мұсылман базарларының біріне барып, кездескен таразыны алдың делік. Қарызыңды немесе аласыңды сонымен өлшедің, сонда қанша жетімсіз немесе артық алып қойғаныңды қайдан білесің?"

"Мен мұсылмандар жайлы онды пікірдемін, — деді ол,— Олар таразыны теңдестіріп алмайынша, қолданбайды. Егер менің таразыға күмәнім туса, оны қолыма алып, табақтарын және тілін тексеремін. Тілі дәл ортасында тұрып, еш жаққа ауытқымаса, табақтары бір сызықтың бойында, тепе-тендікте болса, таразының дұрыс көрсететінін білемін".

"Жарайды, тілі ортасында тұрсын - ақ, табақтары да бір сызықтың бойында болсын, сонда да оның алдамайтынын қайдан білдің?" — дедім мен.

Ол айтты: "Мен оны екі түрлі пікірді негізге алған қажетті біліммен білемін. Оның бірі — тәжірибе. Екіншісі — сезім. Тәжірибе арқылы мен ауырдың төмен ұмтылатынын, сөйтіп, неғұрлым ауырырақ жағы басып кететінін тәжірибеден білемін. Сонда мен айтамын: "Егер табақтардың бірі ауырлау болса, ол төменірек тұрар еді",— деп. Бұл — толығымен тәжірибеден және ол қажеттілікпен меңгерілген (білім). Екіншісі — осы таразының бір де бір басы басып кетпей, бірінің екіншісіне қатысты теңдік сақтауын көрдім. Бұл — сезімнен, мен оны көзіммен көріп білдім. Мен мұның екеуіне де күмән келтірмеймін. Осы екеуінің негізінде менде қажетті қорытынды, атап айтқанда, таразы бастарының тендігі туралы қорытынды туады, өйткені мен: "Екеуінің біреуі ауырлау болса, басып кетер еді, ал мен басып кетпегенін көріп тұрмын, осыдан оның ауыр емес екендігі мәлім", — деймін. Мен оған: "Бұл рационалды "жорамал" мен "қисын",— дедім.

Ол айтты: "Тіптен де олай емес. Бұл айқын дәлелді негіздерден туатын қажетті білім. Оның айқындығы біз сүйенген негіздер көмегімен тәжірибе мен сезінуден - туып отыр. Қисын дегеніміз — нақтылыққа кепіл бола алмайтын долбар ғана. Мен бұл жерде нақты осылай екенін сезіп, біліп отырмын. Сонда ол қалайша жорамал әлде қисын болуы мүмкін?"

Мен айттым: "Сен таразының туралығын осы дәлелдерің арқылы анықтадың, ал таразы тасы мен мысқал өлшемін ненің көмегімен білесің? Бәлкім, олар мысқалдан әлде ауыр, әлде жеңіл шығар?"

Ол: "Егер менде күдік пайда болса, олардың қандайлығын өзіме бұрыннан белгілі өзге таспен салыстырып анықтаймын. Олардың салмағы тең болса, алтынның да тендігін, алтынның менің тасыма да тендігін білемін. Теңге тең нәрсе әрқашан өзара тең".

"Ал сен таразының тұңғыш жасаушысын, яғни өлшеуді кімнен үйренгеніңді білесің бе?" — дедім мен.

Ол: "Жоқ, — деп жауап берді. — Таразының туралығын байқау, көру арқылы анықтаған жерде мен оның жасаушысын несіне қажет етпекпін? Мен көкөніс жегенде бақшаны керек қылмаймын емес пе? Таразыны жасаушы өздігінен қажет емес, ол таразының туралығын және қалай пайдаланатынды білу үшін ғана керек. Бұрын айтқанымдай, мен мұның бәрін біліп алдым, бәрін айқындадым, сондықтан әр өлшеген сайын таразыны жасаушыға бара берудің мен үшін қажеті жоқ. Мұның өзі уақыт зая кететін берекесіз шаруа болар еді. Мен оны қажетсінбеймін".

Білім өлшеміне көшу

Мен былай дедім: "Егер саған Раббым ақиқат куәландырған дәл осындай, тіпті одан да тура таразы — білім таразысын берсем, оған қоса оны жасаушыны, оны пайдалануды үйретушіні және пайдаланушыларды атасам, ал олар мыналар: жасаушы — бар әлемнің жаратушысы, үйретуші — Жебірейіл періште, пайдаланушы — Әл-Халил, сондай-ақ Мухаммед және барлық пайғамбарлар (оларға Алланың нұры жаусын), сен оны менен қабылдайсың ба, оған иланасың ба?".

Ол мойындады: "Иә, менің саған айтқандарымның бәрі сыйымды болғанда, бұған қалай иланбасқа?".

Мен айттым: "Қазір мен сенен аярлықтың нышанын байқап отырмын. Әйтсе де, менің сені түзік жолға салуға, сенің тағылым мазхабыңа көзіңді ашуға ниетім адал. Сен бұдан былай Құранды барлық имамдардан жоғары қойып, көз алдындағы тұманнан арылуың үшін және сенің сенімді имамың әрі дұрыс жолға уағыздаушың Құран, ал тәсілің зерттеу мен көре білу болуы үшін, мен саған Құран арқылы келтірілген бес өлшемнің (құпиясын) ашайын.

Мынаны жадында берік ұста: Құрандағы өлшегіш негізінде үшеу: тепе-тендік өлшеуі, тәуелділік өлшеуі және қарама - қарсылардың өлшеуі. Бірақ тепе-тең өлшеуі үшке бөлінеді: үлкен, орта және шағын. Осылайша бәрі бесеу.

ЕКІНШІ ТАРАУ

ТЕПЕ-ТЕҢДЕР ӨЛШЕУІШІНДЕГІ ҮЛКЕН ӨЛШЕУІШ ТУРАЛЫ

Рух өлшеуіші және дене өлшеуіші

Одан әріде тағылымшылар арасынан (келген) осы аяр рафик маған былай деді: "Сен маған алдымен тепе-теңдік өлшеуі ішіндегі үлкені туралы түсіндір, бұл атаулардың, атап айтқанда, тендіктің, тәуелділіктің және қарсылардың мәнін түсіндір, бұл атаулар құлаққа тосын, әйтсе де, сөз жоқ, (олардың) тура мағыналары болуы тиіс".

Мен айттым: "Бұл атаулардың мәніне келер болсақ, алдымен, олардың шындыққа сәйкес екендігін ілгеріде мойындауың үшін, әрбірінің мәнін жеке түсіндіру керек, сонда түсінесің.

Біріншіден, мен сені мынаған үйретейін: бұл өлшегіштер сен айтқандарға мәні жағынан ғана ұқсас, формалары тіптен өзгеше. Бұлар — рухани өлшегіш, ол дене өлшеуішіне тең емес. Денелерді өлшеу (құралдарының) өзі сан алуан болғанда, бұлар не себепті ұқсас болуы тиіс? Дирхем таразысы да — өлшеуіш, безбен де — өлшеуіш. Астрология болса, көк аспанының көлемі мен қозғалуын өлшейді, сызғыш — сызықтың ұзындығының өлшеуіші, тікаспақпен түзу - қисықты білеміз. Бәрінің формалары әртүрлі болғанымен, мағынасы бір: олардың көмегімен артық пен кемді айырамыз. Сол сияқты аруд — өлең жолының өлшемі, сол арқылы біз мунзахидті мустакимнен ажыратамыз, бұл дене (зат) өлшемдеріне қарағанда рухани өлшемге жуық, өйткенмен, дыбыстық өлшем болғандықтан, ал дыбыстың денеден ажыратылмауы себепті ол да денелермен толық байланыссыз емес. Неғұрлым рухани өлшеуіш — Ақырзаман таразысы, өйткені онда (Алланың) құлдарының қылықтары мен пиғылдары, білімі таразыланады, ал білім, сенім — бәрі денемен байланыссыз, сондықтан олардың өлшемі — таза рухани өлшемдер.

Сондай-ақ Құранда білім өлшемі — рухани өлшем, оның сезіммен қатысты анықтамасы сыртқы қабығымен байланысты, сондықтан қабық өздігінен дене болмағанымен, сол денемен қатыста. Әлемдегінің бәрін тек ауызбен айтып, яғни дыбыс арқылы жеткізуге болады, ал дыбыс денеге тән немесе жазып, яғни қағаз бетіне түсіріп, белгілермен жеткіземіз, бұл түскен белгілер де дене. Бізге көрініп тұрған оның қабыршағына қатысты осындай байламдарға келеміз. Ал өлшеуіштің өзіне келсек, ол ешбір денеге тәуелсіз таза рухани нәрсе, өйткені онымен сезім әлемінен тыс жатқан Алла танымы салмақталады, ол денелерді былай қойғанда, жаратылғанның бәріне бірдей қолданылады. Бірақ сонымен бірге оның өзегі және екі табақшасы бар, олар өзегімен байланысты, өзегі екеуіне ортақ. Бұл — тепе-тендіктің өлшегіші. Ал тәуелділік өлшегішіне келсек, ол безбен тәрізді, өйткені оның жалғыз ғана табақшасы бар, оның есесіне екінші жатында жылжымалы, айырмасы мен бағасын сараптайтын тасы бар".

Ол айтты: "Сөзден кенделік жоқ, ал мәні қайда? Мен сықырлағанын естігеніммен, диірмен тасының өзін көріп отырған жоқпын".

Мен былай дедім: "Шыдамды бол, сатан етілген уахи бітуден бұрын Құранды оқуға асықпа да: "Раббым, білімімді арттыр" де (20—114) және біл: асығыстық — шайтан ісі, байыптылық Алладан".

Құранға сәйкес оның орны

Мынаны біл: үлкен өлшеуіш — әл - Халилдің Намрүдпен таласында қолданғаны. Біз сол өлшемге содан үйрендік, бірақ, сөзсіз, Құран арқылы. Мәселе мынада еді: Бабыл патшасы Намрүд Құдай дағуасын құрып, Раббымен таласқа түсті: "Мен Құдаймын, менің қолымнан бәрі келеді", — деді ол. Сол уақытта Ибраһим: "Раббым өлтіреді де тірілтеді",— деді. Ол: "Мен де өлтіремін де тірілтемін", — деді (2—258) Мұнысы ұрық арқылы өмірге келтіріп, жауыздықпен жанын қиғанын айтқаны еді. Намрүдтың өз қатесін түсінуге өресі жетпесін Ибраһим да түсінді, сөйтіп, оған айқын нәрсеге көшті: "Расында Алла күнді шығыстан келтіреді, сен батыстан келтірші", — деді. Сонда кәпір абыржып қалды" (2— 258). Раббым сонда оның (Ибраһимнің дәрежесін биіктетіп: "Ибра-һимнің еліне байланысты берген дәлеліміз осы", — деді (6—83).

Үлкен өлшегіш түсінігін кеңейту

Сен осыдан дәлелдің Ибраһимнің сөзінде және оның өлшемінде екенін білдің. Сен алтынның немесе күмістің өлшенетіні тәрізді үлкен өлшеммен қалай таразыланатынын көрдің. Сен бүл дәлелімізден бірімен бірі қабысып жатқан екі негізгі пікірді білдің. Осы екеуінен тұжырым шықты. Бұл — білім, Құран осындай ұғымды, қысқа мысалдармен үйретеді.

Үлкен өлшемнің толық формасы

Үлкен өлшемнің толық формасы мынада: "Күнді келтіре алатын әркім — Құдай. Бұл бірінші бастапқы пікір. "Менің Құдайым оны келтіре алады". Бұл екінші бастапқы пікір. Осы екеуінің ортақ түсінігі — менің Құдайым. Ол, бірақ, Намрүд емес".

Енді қараңыз, осы бастапқы екі пікірді бірдей мойындай отырып, артынша одан шығатын қорытындыға күмән келтіруге бола ма? Әлде біз негізге алып отырған пікірлерде күмән бар ма? Жоқ. Біздің "Құдай Күнді келтіре алады" дегенімізде ешқандай күдік жоқ, өйткені бізде болсын, өзгелерде болсын, кімнің қолынан бәрі, соның ішінде Күнді шығару да келсе — сол Құдай. Бұл осылай болуы себепті де, ортақ мәміле себепті де ақиқат. "Келтіре алушы сен емес" деген тұжырымымыз көру арқылы мәлім болды: Күнді шығаруға оны қозғалысқа келтірушіден басқаның бәрі, Намрүд та шарасыз екені сезу арқылы мәлім болды, осыдан біз Құдай дегенде Күнді қозғалысқа келтірушіні және оны шығыстан келтірушіні айтамыз. Бұл үшін келісіліп қабылданған қағидаға негізделген бірінші пікір мен көру арқылы пайда болған екінші пікірді білуімізден шытатын қорытынды — Намрүд Құдай емес, Құдай — Раббым.

Енді өзіңнен сұра: сен мұны алтын өлшемінің туралығын негіздеген тәжірибе мен сезім түсініктерінен де айқын көріп отырған жоқсың ба?

Ол былай деді: "Бұл білім қажеттілікпен осылай келіп шығады. Мен негізге алынған екі пікірге де және олардан шығатын осындай қорытындыға да күмән келтіре алмаймын. Бірақ ол маған дәл осы жағдайда ғана және оны әл - Халил (оған Алланың шапағат нұры жаусын) қолданған мағынада ғана, атап айтқанда, Намрүдтың Құдайшылығын жоққа шығару және Күнді бірден-бір келтірушінің хақтығын дәлелдеу үшін ғана қажет. Бірақ оның көмегімен мен бар білімді қалай таразылаймын, олардың шынын жалғанынан қалай айырамын?"

Үлкен өлшеуіштің анықтамасы

Мен былай дедім: "Кім де кім таразымен алтынды өлшей алса, ол күмісті де, өзге асыл тастарды да өлшей алады, өйткені ол алтын болғандығынан емес, салмағы бар болғандығынан өлшенеді. Сондай-ақ біз осы дәлел арқылы да алған біліміміздің жалаң білім емес, белгілі мән және матына (туралы хабар) екеніне көз жеткіздік. Ендігі жерде осы тұжырымды өзіміз қажет қылған жерде қолдану үшін, ол неге байланысты жасалса, содан ажыратып, осы нақты мысалдан бөліп алып қарай аламыз деп ойлаймын.

Мұндай қорытынды "бағыныңқы туралы пікір қажетті түрде басыңқы туралы пікір" екендігінен шықты. Бұл мына дәлелдің болмысынан байқалады: менің Раббым — шығарушы, шығарушы — Құдай, яғни менің Раббым — Құдай. Шығарушы — Раббының сипаты, ал біз шығарушының Құдай екендігі туралы, яғни оның осындай сипаты деген пікірге тоқтадық, бұдан менің Раббымның шын Құдайлығы туралы пікір орнығады. Дәл осы тәрізді заттың сапасы туралы білім болған кезде осы сапа жөніндегі деректі пікір туралы қосымша білім орнығады. Менде осылардан сапаға ие әрбір (нәрсе) туралы қажетті деректі пікір түріндегі үшінші білім қалыптасады."

Таразылаудың көзі немесе таразы тасының қасиеті

Ол айтты: "Мен мұны түсінерлік болдым. Егер әлдеқандай күдік пайда болса, одан арылуым үшін не істеуім керек?"

Мен айттым: "Осыған дейін алтын және күміс өлшеуіштерімен жасағаның тәрізді өзіңе мәлім таразы тасымен оның қасиетін анықта".

Ол сұрады: "Оның қасиетін қалай анықтамақпын? Және мұндай істе белгілі таразы тасы дегеніміздің өзі не?"

Мен айттым: "Белгілі таразы тасы — әлде сезім, әлде тәжірибе, әлде табиғи ақыл арқасында алған "қажетті бастауыш білім" (11). (Бағыныңқы туралы пікір — басыңқы туралы пікір: мысалдар).

"Басыңқылыққа назар аудар: бағыныңқы туралы ой қозғағанда, оның басыңқыға соқпай өтуін көз алдыңа келтіре алар ма едің? Айталық, саған жолдан қарны салбыраған жануар ұшырады делік, ол қашыр болсын, көруші айтады: "Мына жануар буаз екен", — дейді. Сен отан: "Қашыр ешқашан тумайды, ол бедеу", — дейсің. Ол: "Иә, мен оны тәжірибеден білемін", — дейді. Сен оған: "Мұның қашыр екенін білесің бе?" — дейсің. Ол қарайды да: "Иә, мен оны көріп әрі танып тұрмын", — дейді. Сондағы сенің жауабың: "Енді оның буаз еместігін білдің ғой?" Осыдан соң екі негізде: бір жағынан, тәжірибеден, екінші жағы, сезу арқылы білуден оның еш күмәні қалмайды. "Сенің түзу таразы туралы білімің ауырдың басып кететіні жөніндегі тәжірибеден алған білім мен бір табақшаны екіншісінің аудармайтынын көрген сезім білімдеріңнің негізінде келді ғой, қашырдың қысыр екендігін білуің де сол тәрізді ілгерідегі екі білуіңнің арқасында келген қажетті білім болады".

"Мен мұны жақсы түсіндім, — деді ол. — Бірақ бұл қорытындының бағыныңқы туралы айтылған пікірдің басыңқы туралы пікір болуынан шығу себебі күңгірт қалды".

Мен айттым: "Ойлан. "Бұл қашыр" деген сөзің — сипаттау, ал сенің "қашыр" деген сөзің — бағыныңқы, сенің "әрбір қашыр бедеу" дегенің — қашыр, яғни бағыныңқы туралы оның бедеулігін айқындаған пікірің, осыдан "қашыр" деп аталатын хайуанның бедеулігі туралы пікір орнығады. Осы сияқты саған әлдебір жәндік сезеді деген, осыдан соң құрт — жәндік деген мысал келтірілсе, сен құрттың сезу қабілетіне күмән келтірмейсің. Сенің ойың мына арнада жүреді: "Кезкелген құрт — жәндік, кезкелген жәндік сезеді, демек, кезкелген құрт сезеді". Өйткені сенің "кезкелген құрт — жәндік" деген сөзің құрттың жәндік екендігін анықтаушы, ал жәндік сөзі — бағыныңқы (яғни баяндалатын нәрсенің баяндауышы, ол туралы қосымша мәлімет яки хабар). Егер сен жалпы жәндік турасында ол сезеді, ол — дене немесе осы тәрізді өзге де пікірлер айтсаң, ол сөзсіз құртқа да қатысты болып шығады. Бұл қажеттілік, оған күмән келтіруге болмайды. Иә, оның шарты бар: ол — пікірдің басынңқыны (тезисті) қажеттілікпен қамтуы үшін бағыныңқының оған тең әлде одан бірқыдыру ауқымдырақ болуы.

Дәл осы сияқты фикхтың "кезкелген шарап масайтады, ал масайтатынның бәріне тыйым салынған" деген пікірін мойындаушы адам әрбір шарап түріне тыйым салынуына күмән келтіре алмайды. Өйткені "масайтатынның бәрі" деген шарапқа жалпылай берілген баға болған жерде (масайтатынға) тыйым жөніндегі пікір барлық шарап атаулыға қатысты, себебі, мұнда бағыныңқы сөзсіз қамтылып тұр. Барлық ой ғылымдары тарауларындағы жағдай осындай".

Бұл мысалдар екі пікірдің тоғысуынан туған

Ол айтты: "Егер екі пікір осылай тоғысар болса, одан қажетті қорытынды шығатынын мен қажеттілікпен түсіндім. Әл Халилдің (оған рахым нұры жаусын) дәлелі — тура дәлел және өлшеуіші — тура өлшеуіш. Маған мәлім таразы тасы арқылы мен оның болмысы мен қасиетін, оның анықтамасын білдім. Бірақ менің осы өлшеуішті ғылымның тығырыққа апаратын тұстарында қалай қолдануға болатындығын білгім келеді, келтірілген мысалдар болса, өздігінен түсінікті, өлшеу мен дәлелді қажет етпейді емес пе?"

"Тіптен де олай емес, — дедім мен, — бұл мысалдардың кейбірі өздігінен айқын емес, екі пікірдің қосылуынан шығып тұр, қараңыз: мұның не хайуан екенін оның қашыр екендігін сезген және қашырдың бедеу болатынын тәжірибесінен білетін адам ғана біледі. Бізге одан бұрын мәлім болғаны — бастапқы пікір (аксиома). Ал екі пікірден шыққанның тудырушысы да, оны туған да бар және ол өздігінен емес, басқаның арқасында айқын болып отыр. Бірақ бұл өзге нәрсе мен бастапқы пікір туралы айтып отырмын, кей жағдайларда тәжірибеден және көруден соң айқын болады. Шараптың тыйым салынған нәрсе екені де өзінен өзі белгілі емес, екі пікірді меңгерген соң ғана белгілі болады: бірі — оның мас қылуы, бұл тәжірибеден белгілі, екіншісі — мас қылатынның бәріне тыйым салынуы, бұл шариғаттан жеткен хабар.

Осылар сені бұл таразыларда қалай өлшеу керектігіне, оларды қалай пайдалануға болатындығына үйретеді. Егер саған бұлардан да күрделірек мысалдар қажет болса, ондайлар толып жатыр, сан жеткісіз. Дегенмен, біз осы өлшеуіш арқылы бірқатар құпияларды аштық, енді солардан бір мысал келтірейін.

Оны құпияларға қатысты қолдану

Адам өздігінен пайда болды ма әлде оның пайда болуының себебі және жаратушысы бар ма? Әлем қалай пайда болды, оған себеп не, жаратқан кім? — міне, осылардың бәрі құпия. Егер біз бұларға өлшемдер тұрғысынан келсек, оларды жаратушы бар екенін және ол жаратушының білуші екенін көреміз. Барлық мүмкін нәрсенің себебі бар, ал дүниеге немесе адамға белгілі өлшемнің тән болуы мүмкін, осыдан олардың (жаратылу) себебі бар деген қорытынды шығады дейміз. Осыған дейін екі пікірді жақсы зерттеп меңгерген адам оған күмән келтірмейді. Егерде ол осы екі пікірге күдікті болса, ақырында ешқандай күдіксіз бастапқы білімге жеткенше ізденіп, білімді өзге екі айқын пікірден табады. Айқын бастапқы білім дегеніміз құпия күрделі білімдердің негізі, солардың ұрығы, бірақ оны жерді жақсы өңдеп, егінді дұрыс баптаған адам ғана кәдесіне жарата алады.

"Мен екі пікірге де күмәндімін. Барлық мүмкіннің себебі бар деп қалай айтасыз? Адам белгілі тұлғасымен оқшаулануы мүмкін дедің. Неге міндетті емес?" — дерсің сен, бәлкім.

Мен айтайын: менің барлық мүмкін (нәрселердің) себебі бар дегеніме келсек, сен "мүмкін" деген сөздің мағынасын түсінер болсаң, бәрі айқындалады, өйткені мен "мүмкін" дегенде, тең екі бөліктің арасында әрі-бері ауытқушы (ауытқуы мүмкін дене) мағынасында айтып отырмын. Егер екі дене бірдей тең дәрежелі мүмкін болса, оның тек біреуіне ғана болмыстың өздігінен тән болуы мүмкін емес, өйткені оның біреуіне тән нәрсе екіншісіне де қажетті тән болады, бастапқылық деген осы. Енді менің адамның, мәселен, дәл осындай тұлғасымен оқшаулануы мүмкін, бірақ міндетті емес деген сөзіме келейік: қолына қалам ұстаған әр адамның жазуында өзіндік ерекшелік болуы мүмкін, өйткені ол қағаз бетіне түсетін таңба болуы себепті оны түсірудің тұрақты қалпы жоқ, әріптердің биік те, аласа да болуы ықтимал, егер оның не биік, не аласа шартты қалпы болса, ол, сөз жоқ, әрекет иесінен (жазатын адамнан), өйткені жазудың белгілі қалпының болу немесе болмау мүмкіндігі тең және осылай (болуы) қажет. Осы тәрізді адамның бітімі мен мүшелерінің де бірдей болуы мүмкін, оларды солай етіп жасаушы, сөз жоқ, харекет иесі".

Одан әрі тереңдей түсіп айтайын: "Ол харекет иесі — білуші, өйткені барлық үйлесімдікпен жасалып тамамдалған харекет соңында білуші харекет иесі тұрады, ал адам денесі сайма-сай үйлесімді жасалған, оның үйлесімдігі де сөзсіз білуші харекет иесінің ісі. Осы екі пікірге ден қойсақ, біз қорытындыға күмән келтірмейміз. Олардың бірі — адамның дене пішімі үйлесімді. Бұл оның мүшелерінің бітісінен және әр мүшенің өзіндік қызметке лайықтылығынан байқалады, айталық, қол — ұстау үшін, аяқ — жүру үшін; мүшелер, анатомиясын тану ол туралы қажетті білімге алып барады. Сол сияқты ретті, үйлесімді (нәрсенің) білімді керек қылары да түсінікті: маржандай тізілген жазудың хатқа жетік адамның қолынан ғана шытатынына, үйді үй етіп, моншаны, диірменді, тағы басқаларын көңілден шығатындай салу нағыз шебердің қолынан ғана келеріне ешбір ақыл иесі шүбә келтірмес еді.

Егер осылардан соң, әлі де әлдеқандай дүдамалға орын қалар болса, біздің қылар (айламыз) — бастапқылыққа жеткенге дейін түсінікке бұған қарағанда жеңілірегіне көшу ғана. (Бастапқыны) түсіндіру біздің мақсатымызға енбейді. Біздің мақсатымыз — екі бастапқыны әл-Халил (отан Алланың нұры жаусын) жасағандай жалғастыру және оның ақиқатты танудың тура таразысы екенін көрсету. Мұны жоққа шығарушы жоқ, өйткені ол Алланың пайғамбарларына үйреткендерін жоққа шығару, ерекше қамқор, аса мейірімді Алла ұнатқанды жоққа шығару болар еді, өйткені Ол: "Ибраһимнің еліне байланысты берген дәлеліміз осы", — деді (6—83). Ал Оның тағылымы, тіптен "пікір" ақиқат болмағанның өзінде, сөзсіз ақиқат, мұны жоққа шығару — "пікірді" де, онымен қоса тағылымды да жоққа шығару, шындығында ешкім де бұлай деп ойламайды".

ҮШІНШІ ТАРАУ

ОРТА ӨЛШЕУІШ ТУРАЛЫ

"Мен үлкен өлшегішті, оның анықтамасын, қасиеті мен қолданылу мүмкіндігін түсіндім. Маған енді орта өлшемдерді түсіндір. Ол не, оның тағылымы неде, оны табушы және қолданушы кімдер?" — деді ол.

Оның Құранда айтылуы

"Орта өлшемді де әл - Халил (оған нұр жаусын) қолданды. Ол: "Бататындарды жақсы көрмеймін" деді" деп жеткізді бізге Раббым (6—76). Оның толық түрі мынау: Ай батады, Раббым батпайды, демек, Ай Раббымыз емес. Құран нұсқа мен тұспалға құрылған. Бірақ Айдың Раббымыз еместігін жоққа шығаратын білім екі пікірді, атап айтқанда, Айдың бататындығын және Раббымыздың тұрақтылығын меңгергеннен кейін ғана қажетті (білім) болады. Егер екі білім мәлім болса, Айдың Раббым еместігі туралы білім қажетті білім болады.

Қарсылық

"Екеуі қатар танылған жерде Айдың Қудай екендігін жоққа шығару осы екі пікірден туғанына күмәнім жоқ. Бірақ менің білетінім: Ай батады, ол маған сезім арқылы мәлім, ал Құдайдың батар - батпасын мен сезіммен де, қажеттілікпен де білмеймін", — деді ол.

Мен айттым: "Саған осы өлшем туралы айтқандағы менің мақсатым — Айдың Құдай емес екендігін дәлелдеу емес, осы өлшемнің дұрыстығын және онымен өлшеу арқылы одан шытатын білімнің қажетті білім екенін көрсету.

Оны білу әл - Халил (отан Алланың нұры жаусын) арқылы мүмкін болды. Өйткені Құдайдың батпайтыны оған мәлім болды. Әйтсе де, бұл білім ол үшін бастапқы емес-ті, ол Раббымыздың өзгермейтіні туралы білімді Раббының бір қалпынан аумайтыны туралы білімді қамтитын өзге екі пікірден алған болатын: әрбір құбылушының жаратылғандығы белгілі, бату болса — құбылу деген сөз. Бұл отан мәлім еді. Осылайша таразылау мәлім (нәрсеге) негізделді. Сен де екі тұжырымнан білім жиған соң, осы өлшемді ал да, қолдан".

Оның анықтамасы

Ол айтты: "Мен осы өлшеуіштің туралығын және осы білімнің, бізге мәлім болғандықтан, екі пікірден келіп шығатынын қажеттілікпен түсіндім. Бірақ оның қасиетін маған белгілі таразы тасы арқылы түсіндіріп, осыдан соң оны қиын тұстарда қолданудың мысалын беруіңді қалаймын, ал Айдың Құдай еместігінің дәлелі маған айқын тәрізді".

Мен айттым: "Оның анықтамасына келсек, ол мынау: біріне тон белгі екіншісіне жат әрбір екі зат біріне бірі қарсы, яғни бірі екіншісін жоққа шығарады және онымен анықталмайды. Біз үлкен өлшемді былай анықтаған едік: жалпы туралы пікір — жалқы туралы пікір және соңғысы сөзсіз біріншісіне енеді, яғни біріншісі соңғысын толық қамтиды, ал мына жерде мынадай анықтама беруге болады: біріне таңылып отырған нәрсе екіншісі үшін жоққа шығарылады және сол екіншісіне жат. Құдайдың батуы мүмкіндігі жоққа шығарылады, ал Айдың батуы мойындалады, бұл Құдайдың Айға қарсы шарты, яғни Ай Құдай емес, Құдай Ай емес".

Оның Құранда айтылған жерлері

Раббым өзінің пайғамбары Мұхаммедке (Алланың нұры жаусын) өзінің бабасы әл -Халилдің (отан Жаратушының рахымы бұйырсын) үлгісімен осы таразымен өлшеуді Құранның көп жерінде өсиет етті. Мен оның екеуін тана көрсетемін, басқасын Құран аяттарынан өзің тауып ал. Оның біріншісі — Раббының өз пайғамбарына (арнаған) мына өсиеті: "Оларға айт: "Онда Алла күнәларың себепті сендерді неге азаптайды? Керісінше, сендер Алланың жаратқан адамысындар" (5—18).

Бұл олардың біз Алланың нәсілі боламыз деп өрекпулеріне қатысты айтылды. Раббым оны (пайғамбарды) олардың күнәсін тура тазарту арқылы әшкерелеу тәсіліне үйретті. Ол: "Оларға айт: "онда Алла күнәларың себепті сендерді неге азаптайды?" — деді. Мұның толық түрі: өз нәсілінен болса, азапталмайды, ал сендер азапталасыңдар, демек сендер нәсілі емессіңдер. Бұдан екі пікір туады: өз нәсілінен болса, азапталмайтыны тәжірибеден белгілі, ал сендердің азапталуларың көру арқылы мәлім, бұдан пайғамбарлықты мойындамау қажеттілікпен шығады.

Айтылатын екінші тұсы мынау: "Әй, жойыттар, егер өздеріңді адамдардан өзге, Алланың шын досымыз деп ойласаңдар, дереу өлім тілеңдерші. Егер рас айтушы болсаңдар" де. Негізінде олар бұрын қолмен істеген қылмыстарының салдарынан әсте өлім тілемейді" (62—6—7). Олар (Алланың) шын досымыз деп даурығысты. Бізге мәлім: шын дос өзінің досымен әрдайым дидарласуға ынтық, тағы да мәлім: дидарласуға апаратын жол — қаза, ал олардың өлгісі келмейді.

Осыдан олардың Аллаға шын дос еместігі туралы қажетті қорытынды шығады. Өлшемнің толық формасы: әрбір шын дос өзінің досымен дидарласуды қалайды, жойыттардың Алламен дидарласқысы жоқ, яғни олар Аллаға шын дос емес. Таразының анықтамасы: (дидарласуға) құштарлық — шын достық белгісі, ол жойыттарға жат, демек, шын дос жойытқа қарсы, бірін бірі жоққа шығарады, шын дос жойыт болмайды, жойыт (Алланың) шын досы емес".

Оның қасиеті

Егер оның қасиеттеріне саған мәлім таразы тасы тұрғысынан келсек, оның айқындығы себепті түсіндіруді қажет етпессің деп ойлаймын. Дегенмен, қажет десең, қара: сен тастың орнынан тапжылмайтынын, отан ілес адамның тапжылмас екендігін білдің, осыған қарап адам тас емес деген байламға қалай жетер едің? Тапжылмастық тасқа таңылып, адамға қатысты жоққа шығарылады, демек, тас адамға, адам тасқа сөзсіз қарсы қойылады: адам тас емес, тас адам емес.

Оның қолданылуы

Оның түсініксіз тұстарға қатысты қолданылуына келсек, мұндай (жағдай) жиі ұшырасады. Білімнің екі бөлігінің бірі — аса қамқор, аса мейірімді Раббының нұр сипатты қасиеті туралы білім. Барлық білім осымен таразыланады, әл - Халил (оған Алланың нұры жаусын) онымен қалай өлшеу қажеттігін үйретті, соның көмегімен ұлы мәртебе иесі Жаратқанның кескінін сипаттау мүмкін еместігі дәлелденіп, мағлұм болды. Осыған сай Раббының кеңістікпен шектеулі болмысы жоқ, өйткені Ол — себепсіз, демек, кеңістікте шектеулі әркім үшін оны шектеген кеңістіктің тән болуының себебі бар, Раббының себебі жоқ, бұдан шығатын қорытынды: Оның кеңістікте шектеулі болмысы жоқ. Біз айтамыз: Ол акцидентті емес, себебі, акциденттік тірі білушіге тән емес, ал Раббы — тірі білуші, демек, оған акциденттік тән емес.Ұлығылаудың өзгелері туралы да осылай, екі пікірдің (бір арнада) тоғысуынан білім пайда болады: бірі жоққа шығарады, оның мәні жоққа шығаруында, екіншісі бекемдейді, оның мәні бекемдеуінде, осылардың тоғысуынан жоққа шығару және ұлығылау туралы (Құдіретті мойындау) білім туады.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

ШАҒЫН ТАРАЗЫ ТУРАЛЫ

"Мен мұны қажетті һәм айқын түсіндім, — деді ол. — Енді шағын өлшеуішті, оның анықтамасын, қасиетін және құпияларға қатысты қолданылу мүмкіндіктерін түсіндір".

Оның Құранда айтылуы

Мен айттым: "Біз шағын таразы туралы Раббымнан білдік. Ол Мұхаммедті Құранда былай деп үйретті: "Алланы лайықты түрде бағаламағандар сол уақытта: "Алла адам баласына ешбір нәрсе түсірмеді", — деді. "Мұсаның адам баласына бір нұр және туралық түрінде әкелген Кітабын кім түсірді?" (6—91).

Онымен таразылау тәсілі

Онымен таразылау тәсілі мынау: олардың "Алла адам баласына ешбір нәрсе түсірмеді" деген екі пікірді жалғауы жалған. Бірінші пікір: Мұса — адам, екіншісі — Мұсаға кітап түсірілді, бұдан қажеттілікпен ерекше қорытынды шығады, атап айтқанда кейбір адамдарға түсірілген, бұл өз кезегінде жалпылама түрдегі адам баласына ештеме түсірілмеді дегенді жоққа шығарады. Бірінші пікірге, атап айтқанда, Мұсаның адам екендігіне келсек, оны сезіммен білеміз, ал екіншісі турасында, атап айтқанда, Мұсаға Кітаптың түсірілгені жөнінде олардың өздерінің мойындауын білеміз, өйткені олар кейбірін көрсетіп, кейбірін жасырған, Раббым мұны айқын әшкереледі: "...кейбірін көрсетіп, кейбірін жасырасыңдар", — деді (6—91). Мұхаммед жойыттарды Тауратта жазылған ақиқаттарды бүгіп қалғандары үшін жазғырды. Бұл оның дағуасынан (12) мәлім. Ол мұны талас үстінде айтты. Бұл таластың ерекшелігі — оның барысында қарсы жақ екі пікірді мойындаса жеткілікті, тіптен кейбіреулерде күдік қалғаны мәлім болса да. Бұдан "егер қарсы жақ мойындаса" деген қорытынды шығады. Құран өсиеттерінің көбі турасында осындай. Егер сен кейбір тұжырымдарға көңілінде күдікке орын берсең, онда мынаны біл: бұл жердегі мақсат — күдіктенушіні иландыру. Ал сенің мақсатыңа келсек, ол — барлық жағдайларда да таразылай білуге машықтану.

Оның қасиеті

Осы таразының қасиетіне келсек, кім де кім: "Жәндік аяқсыз қозғала алмайды", — десе, сен оған: "Жылан жәндік, бірақ ол аяқсыз қозғалады", — десең, оған кейбір жәндіктердің аяқсыз қозғалатыны мәлім болады, сөйтіп, оның "Жәндік тек аяғымен қозғалады" деген дәлелі жалған әрі кері дәлелдеуге болады.

Оны қолдану

Ол құпияларға қатысты жиі қолданылады. Әлдекімдер кез-келген өтірік өзінен өзі сүйкімсіз дейді. Оған біз мынадай қарсы дәлел айтамыз: әлдекім қанішердің қаһарынан қорқып жасырынған адамды көрді. Одан сол адамның жасырынған жерін көрсету талап етілді. Бірақ ол көрмедім деп, жасырып қалды. Сонда оның сөзі жалған ба? Ол жалған екенін айтты. Сонда біз: "Сүйкімсіз бе?" — деп сұрадық. "Жоқ, — деді ол, — ана адамды өлімге душар ететін шындық сүйкімсіз".

Сонда біз оған айтамыз: "Ендеше, таразыға қара. Біз ана адамды қорғаштағанның сөзін жалған деп отырмыз. Бұл — белгілі пікір. Сонымен бірге ол сүйкімсіз емес. Бұл — екінші пікір. Бұл екеуінен кез келген өтірік сүйкімсіз емес деген түйін шығады. Екі пікірді қатар мойындай отырып, одан шығатын қорытындыға күмән келтіруге бола ма, ойлан. Бұл Құдіретті мойындау өлшемінде келтірілген тәжірибеден және сезімнен түзілген пікірлерден айқынырақ па?"

Оның анықтамасы

Мұның анықтамасына келсек, ол былай болады: егер екі термин бір затқа қатысты болса, онда оның біреуінің бөлігіне басқа (термин) қажетті қатысты болады, бірақ бұдан ана (термин) оған толығымен қатысты деген (ой) шықпайды. Ал бәрін тұтас қарағанда бұл қажетті нәтиже емес, оның кейбір жағдайда болуы, кейде болмауы ықтимал, (сөзсіз) айқын емес. Өзің де көріп отырған жоқсың ба, адамға қатысты ол — хайуан деген де, ол — дене деген де қатар жүреді, бұдан дененің бір бөлегі хайуан деген қажетті тұжырым шығады, бірақ кезкелген дене хайуан деген қорытынды жасауға болмайды емес пе? Бірақ әрбір хайуанды дене түрінде бейнелеу мүмкіндігі сені өсте таң қалдырмауы керек. Демек, әр термин өзгесіне қосақталғанда, оның әрдайым қажетті бола бермеуі себепті, одан шығатын білім де қажетті білім бола бермейді.

Тепе-тендіктің үш өлшеуі атауларының мағынасы туралы

Рафик одан әрі былай деді: "Мен бұл үш өлшемді түсіндім. Бірақ сен не себептен оның бірін үлкен, бірін орта, бірін шағын деп атадың?"

Мен айттым: "Өйткені үлкен (таразы) көптеген заттарға келеді, шағыны керісінше, ортасы солардың екі ортасында. Біріншісі өлшеуіштердің ең ауқымдысы, онымен жалпыны да, жалқыны да бекемдеуді де, жалпыны және жалқыны жоққа шығаруды да танып білу үшін қолдануға болады, демек, онымен білімнің төрт парасы таразыланады. Екіншісіне келсек, онымен жоққа шығаруды ғана, бірақ жалпы мен жалқыны бірдей өлшеуге болады. Үшіншінің көмегімен, менің айтып өткенімдей, тек жалқы ғана өлшенеді, бірақ одан шығатыны: егер екі (термин) бірдей бір затқа телі болса, оның бірі екіншісінің бөлегіне телінеді, ал жалқы айтылған жеке пікірмен ғана шектелген нәрсенің шағын болуы түсінікті. Иә, оның көмегімен (ол арқылы) жалпы пікірді таразылау — шайтан таразысының бірі, ал тағылым адамдары онымен өздерінің білімдерінің кейбірін таразылады, осыдан да "қашан ол үміттенсе, үмітіне шайтан күдік салды". Бірақ "Алла шайтанның салатынын жойып, сосын өз аяттарын бекемдейді. Алла толық білуші, хикмет иесі (22—52). Бұл хикаяны мен саған кейінірек таратып беремін".

БЕСІНШІ ТАРАУ

ТӘУЕЛДІЛІК ӨЛШЕУІ ТУРАЛЫ

"Мен тепе-тендіктің үш өлшеуін де түсіндім емес пе, енді сен тән нәрселердің тәуелділік өлшеуін түсіндір", — деді ол.

Оның Құранда айтылуы

Ол Раббының: "Егер жер-көкте Алладан басқа да Тәңірлер болса еді, әлбетте, екеуі де бұзылып кетер еді" (21—22) және "Егер Алламен бірге, олардың айтқандарындай, Тәңірлер болса еді, онда, әрине, ғарышының иесіне бір жол іздер еді" (17—42) және "Егер олар Тәңір болса, оған кірмес еді" (21—99) деген өсиеттерінен".

Онымен таразылау тәсілі

Бұл өлшеуіштің формасы мынадай: егер әлемнің екі Тәңірісі болса, олар бұзылып кетер еді — бұл біздің бірінші тиянақ етер пікіріміз және бізге мәлім олардың бұзылып кетпегені — бұл екінші тиянағымыз. Осылардан қажетті қорытынды, атап айтқанда, Тәңірдің екеу болуы мүмкіндігін жоққа шығару туады. Ғарышының иесімен бірге тағы өзге Тәңірлер болса, олар ғарышының иесіне бір жол іздер еді, ал олардың іздемегені белгілі, бұдан ғарышының иесінен өзге Тәңірлердің жоқтығы шығады.

Оның қасиеті

Бұл өлшеудің саған мәлім таразы тасы бойынша қасиетіне келсек, ол мынадай. Сен айтасың: "Егер күн шықса, өзге аспан денелері жасырын болады, бұл тәжірибеден белгілі". Осыдан соң айтасың: "Күннің шыққаны мәлім болды, оны сезіп білдім, осыдан планеталар жасырын", — деп. Тағы да: "Бәлен адам ауқаттанды, ол тоқ, тәжірибеден білемін", — дейсің. Сонан соң: "Оның ауқаттанғаны белгілі, мұны сезіп білдім, демек, сезім және тәжірибе арқылы оның тоқ екені мәлім", — дейсің.

Оны қолдану

Оның құпияларға қатысты қолданылуына келсек, олар өте жиі ұшырайды, тіптен факих былай дейді: "Егер жоқ нәрсені саудалау заңды болса, бұл айқын мәлім болар еді, ал айқын мәлім емес екен — ол заңсыз". Мұндағы бірінші сілтемеміздің білім тұрғысынан қолданбалы пайдасы шамалы, бірақ ақыл тұрғысынан біз заңмен танысып біліп отырмыз, ал екіншісі оған қарсы, бірақ алғашқысының арқасында мәлім болып отыр. Біз теориялық ғылым салаларында айтамыз: "Егер әлемнің түзілуі және адамның болмыс бітімі ғажайып үйлесімді жасалған болса, онда оны жасаушы — білуші, бұл — ақыл үшін бастапқылық және олардың осындайлығы белгілі, мұны сезім арқылы білеміз, осыдан оларды жасаушы — білуші деп түйеміз". Енді одан тереңдей түсейік: "Егер оны жасаған білуші болса, ол тірі, ал оның білуші екені бірінші өлшеммен белгілі, бұдан шығады: ол — тірі". Осыдан соң біз айтамыз: "Егер ол тірі білуші болса, ол өздігінен жасайды және акцидентті емес, және осыған дейінгі екі өлшемнен оның тірі білуші екені мәлім, бұдан шығады: ол — өздігінен жасайды". Осылайша біз адам пішінінің белгілерінен оның жасаушысының белгілеріне, атап айтқанда, білім белгілеріне көшеміз, одан әріде білімнен өмірге, ал одан субстанцияға өрлейміз. Бұл — рухани өрлеу, ал айтылған терминдер — оның баспалдақтары. Ал дененің өрлеуіне келсек, оған кезкелген күш емес, тек пайғамбарлық (дарыған) күш қана қабілетті (13).

Оның анықтамасы

Бұл таразының анықтамасы хақында мынаны айтамыз: затқа тән (нәрсе) одан кезкелген жағдайда табылады, демек, тән (нәрсені) жоққа шығару ол заттың өзін жоққа шығаруды қажетті талап етеді және заттың барлығын мойындау оған тән (нәрсені) мойындауды қажетті талап етеді (14). Ал осындай қасиет тән деп отырған заттың өзін жоққа шығарудан және сөйте тұра, оған тәнді мойындаудан еш қорытындыға келмейміз, бұл шайтан өлшемдері қатарынан және тағылымшылардың кейбіреулері өз білімдерін осы өлшеммен сараптайды.

Бұл анықтаманы істе қолдану туралы

Сенің өзің де көріп отырған жоқсың ба: құлшылықтың туралығы құлшылық жасаушының тазалығын (арылуын) талап етеді емес пе. Біз былай десек, сөзсіз дұрыс болар еді: "Егер Зайдтың құлшылығы дұрыс болса, ол арылған, ал бізге оның арылмағаны мәлім, бұл — тән емес деген сөз, бұдан шығатын түйін: оның жасаған құлшылығы тура емес, бұл — біз тән деп отырған нәрсенің өзін жоққа шығару. Және оның құлшылығының дұрыс екені мәлім десек, бұл — неге тән болса, соның барлығын мойындау, бұдан ол арылған деген қорытындыға келеміз, бұл болса — тән нәрсенің барлығы". Ал егерде ол арылған, демек, оның жасаған құлшылығы тура десең, бұл қате, өйткені оның құлшылығы басқа бір себептен жалған болуы мүмкін. Бұл тән (нәрсенің) бар болуы, бірақ ол неге тән болса, соның барлығына дәлел емес. Егерде: "Оның жасаған құлшылығының дұрыс емес екендігі мәлім, демек, ол арылмаған", — десең, бұл қажетті қателік емес.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

ҚАРАМА-ҚАРСЫЛАР ӨЛШЕУІ

Осыдан соң ол былай деді: "Енді сен маған қарама - қарсылардың (15) өлшеуін түсіндіріп бер, оның Құранда айтылатын жерлерін көрсет, оның қасиеті мен қолданылуын айт".

Оның Құранда айтылуы

Мен былай дедім: "Оның Құрандағы орнына келсек, Раббының өзінің пайғамбарларына (оларға нұр жаусын) өсиет қылған мына жолдарын айтамыз: "Олардан сендерге көктерден және жерден кім несібе берді деп сұра да, "Алла" де. Негізінде, біз немесе сендер, әлбетте, тура жолда не ашық адасудамыз" (34— 24). Оның "немесе сендер" сөзі шендестіру немесе күдік келтіру мағынасында емес, ол арқылы басқа пікір айтылмақ: "Көктен және жерден несібе беруші Алла" — біз адасуда емеспіз, Ол көктен су, жерден нәр беруші, демек, "немесе сендер", яғни біздер оны мойындамай, адасушыларданбыз. Өлшеудің толық түрі: "Біз немесе сендер, әлбетте, не ашық адасудамыз" — бұл бір пікір, "және мәлім, біз адаспаймыз" — бұл екінші сілтеме, олардың қосылуынан қажетті қорытынды, атап айтқанда, "адасқандар сендер" деген түйін шығады.

Оның қасиеті

Оның өзімізге мәлім таразы тасына қатысты қасиетіне келсек, айталық, екі бөлмелі үйге бір адам енді делік. Соңын ала біз де кірдік, бірақ жаңағы адамды кере алмадық. Сонда біз оның екінші бөлмеде екенін қажеттілікпен білеміз. Бұл екі пікірдің қосылуынан: бірден, ол осы екі бөлменің бірінде, оған талас жоқ, екіден, ол осы бөлмеде емес, демек, ол екінші бөлмеде. Демек, біз оның екінші бөлмеде екенін не кіріп білеміз, немесе бірінші бөлмеде емес екендігін сезіп білеміз. Егер біз оның осы бөлмеде екендігін көріп білсек, ол — танылған білім, ал егер оның екінші бөлмеде екенін осы бөлмеден таба алмауымыз арқылы білсек — силлогиялық білім және осы силлогиялық білім — танылған білім қатарлы нақтылы білім.

Оның анықтамасы

Оның анықтамасы тұрғысында айтамыз: екі бөлікпен шектелгендердің бәрі бірін қабылдағаннан екіншісін жоққа шығару, екіншісін жоққа шығарудан біріншісін қабылдау (қажеттігі) дегенді білдіреді, бірақ оның шарты: бөлу шексіз емес, шектеулі болуы тиіс. Шексіз бөлшектеу арқылы таразылау — шайтан өлшемі, тағылымшылардың кейбірі өздерінің сөздерін көбінде осы өлшеммен таразылайды...

Оның қолданылуы

Оның құпияларды ашуға қатысты қолданылуына келсек, оның шегі жоқ. Бәлкім, барлық теориялар соған негізделеді. Мәңгілік жасауды жоққа шығарушыға біз айтамыз: "Өмір сүрушілердің бәрі өткінші немесе олардың бір бөлегі мәңгілік", — деп. Бұл — ажырату, өйткені не жоққа шығарылуы немесе мойындалуы мүмкін. Одан әріде біз айтамыз: "Олардың бәрі бірдей өткінші емес екендігі мәлім, бұлардың ішінде мәңгілігі де бар деген (қорытынды) шығады", — дейміз. Егер ол: "Олардың бәрі бірдей өткінші емес деп неге сүйеніп айттың?" — десе, мен былай жауап беремін: "Егер олардың бәрі бірдей өткінші болса, олар әлдебір уақыттарда өздігінен, себепсіз жаратылуы немесе олардың арасында өздігінен жаратылғаны болуы тиіс еді, ал белгілі уақыттарда себепсіз нәрсенің жаралуы жалған, сол сияқты олардың бәрінің бірдей өткінші болуы да жалған, демек, олардың арасында мәңгі жасаушы бар". Бұл өлшемді қолданудың мысалдары тіптен сан жеткісіз".

Атаулардың мәні

"Мен бұл бес өлшеуіштің туралығын ақиқат түсіндім, — деді ол. — Бірақ олардың атауларының мәнін түсінгім келеді: не себепті біріншісі тепе-тендік, екіншісі тәуелділік, үшіншісі қарама - қарсылар өлшемі аталды? Мен былай дедім: "Мен біріншісін тепе-теңдік өлшеуі деп атадым, өйткені онда тең таразы табақшалары тәрізді бірі біріне тең екі пікір негізгі сілтеме болады. Екіншісін солай атау себебім — ондағы сілтеме екі пікіріміздің біреуінде екі бөлшек бар: бірі — тән (нәрсе), екіншісі — сол тән нәрсе меншіктелетін (нәрсе), мұнда тән (нәрсені) жоққа шығару арқылы қорытынды жасалады. Мен үшіншісін қарама - қарсылардың өлшеуіші деп атағанда мынаны басшылыққа алдым: қабылдау мен жоққа шығарудың ортасында екі бөлік бар, бірін қабылдасақ, екіншісі жоққа шығарылады, бірін жоққа шығару екіншісін мойындауды талап етеді және екі бөліктің арасында қарсы әрекет және қарама-қарсылық жатады".

Автор тек осы атауларды ғана ойдан шығарды

"Осы атауларды өзің ойлап шығардың ба, таразыларды да тапқан өзің бе әлде өзгелерден бұрын тани білдің бе?" — деді ол.

Мен айттым: "Атауларға келсек, оларды ойлап шығарған менмін. Ал таразыларды Құраннан алдым. Мен оларды Құраннан бірінші таныдым дей алмаймын, нақ өлшеулеріне келсек, оларды бірінші тапқан мен екенім рас, менен соң танығандар оларға мен айтқандардан басқадай атаулар берді. Ал Мұхаммед пен Ғайсаның пайғамбарлығына дейін жасаған көне халықтар оған Ибараһим мен Мұсаның (оларға Алланың шапағат нұры жаусын) жазғандарынан (келтірілген кітаптарынан) біліп, басқаша атаулар бергені анық".

Осы атауларды шығарғаны үшін кешірім өтінуі

Бірақ мені олардың бүркеншегін өзге атаулармен ауыстыруға итермелеген мынау болды: мен сенің ақыл таяздығыңды әрі қиялға бейім екеніңді білемін. Мен сенің сырт бейнесіне әсіре иланғыштығыңды көрдім: егер саған қызғылтым балды шаштараз шөлмегінен ұсынса, сүліктей тыжырынатын тума әдетіңмен одан бас тартқан болар едің, ал саған кезкелген шөлмекке құйылған балдың әрқашан бал күйінде қаларын түсіндіру әлбетте мүмкін емес, өйткені таяз ойлайсың. Сол уақытта муракка немесе дарраха киген түрікті көрсең, сен оларды софы немесе факих дер едің, ал каба немесе калансуба киген софыны көрсең, түрік деп таныр едің: сен ішкі мәніне бойламай, сыртын қанағат етесің. Сондықтан да сен айтылғандар туралы оның мағынасына қарап емес, дыбысының үндесуіне немесе айтушы туралы өзіңнің (қалыптасқан пікіріңе қарап ой түйесің. Егерде олардың дыбысталуы сенің құлағыңа жағымсыз болса немесе айтушының өзін жаратпасаң, ақиқат болса да, сен оның сөзін қабылдамайсың. Егер саған: "Алладан басқа Алла жоқ, Ғайса Оның пайғамбары деп айт", — десе, сен әлбетте безер боласың. Сен: "Бұл дінсіздердің сөзі, мен оны қалай қайталамақпын?" — дейсің. Бұл сөздерде ақиқат нәрі бар екендігін, христиандардың жек көрініштілігі бұл сөзде де, жалпы сөзде емес екендігін, оның екі пікірге байланысты: бірі — Мұхаммедтің пайғамбарлығын мойындамауы, екіншісі — Алланы үштің бірі етіп соңында қоятындығында және осылардан туатын пайымдауларымен байланысты қателерінде екенін ажыратуға әрең жетпейді.

Сенің және төлемшілер арасындағы сенің достарыңның ақыл таяздығын және сендердің заттың сырт көрінісіне алданғыштықтарыңды көргеннен соң, мен сенің деңгейіңе дейін иіліп, саған шипалы сусынды қаусар шөлмегінен ұсынып, айығуыңа жеткіздім, науқас күткен емшідей аяладым. Ал мен осы беріп отырғанымның дәрі екенін айтқан болсам, оны дәрі құтысымен ұсынсам, сенің оны қабылдағанда да жүрегің айнып, қинала жұтқан болар едің. Менің бұл атауларды өзгертіп, жаңаларын ойлап шығарғаным үшін өтінген кешірімім осы. Бұл білгенге аян, білмегенге құпия.

Осы өлшеуіштерді дене өлшеуіштерімен салыстыру

Ол айтты: "Мен мұның бәрін бек түсіндім, бірақ сен айтқан өлшеуіштің табақшалары және оларды байланыстырған өзегі қайда? Мен бұлардан табақшаларды да, өзегін де көріп отырған жоқпын. Сен айтқан безбенге ұқсас таразы қайсы?"

Мен айттым: "Мен осы білімнің бәріне екі пікір арқылы жеткен жоқпын ба? Әр пікір — табақша, ал олардың екеуіне ортақ бөлегі — оның өзегі. Мен саған факих білімінен мысал келтірейін, бәлкім, осы сенің түсінігіңе жуықтау болар. Айталық, "Мас қылатынның баршасына тыйым" дейміз. Бұл — бір табақша. Ал "Кезкелген шарап мас қылады" десек, бұл — екінші табақша. Қорытынды — барлық шарапқа тыйым. Осы екі пікірдің негізінде үш нәрсе жатыр: шарап, мас қылатын және тыйым салынуы. Шарап екі пікірдің бірінде ғана айтылады, бұл — табақша, тыйым салынуы да бірінде ғана сөз болады, бұл — екінші табақша, мас қылатыны екеуінде де бар, ортақ, бұл — өзек. Екі табақша да онымен байланысты: оның бірінші табақшамен байланысы — тән нәрсенің өзіне тән нәрсемен (өзі тән болатын) байланысы: "Мас қылатынның бәріне тыйым". Тереңірек ой жүгірт — түсінесің. Бұл өлшеуіш кей жағдайларда бұзыла қалса, ол не табақшадан, не өзектен, кейде екеуінен де болуы ықтимал, сондықтан да шайтан өлшеуі дегенде, саған осыны ескертемін.

Безбен тәрізді өлшеуіш болса, ол тәуелдік тән өлшеуіші. Өйткені оның бір ұшы екіншісінен әлдеқайда ұзын, сенің: "Егер жоқ нәрсені сату заңды болса, ол айқындықпен мәлім болар еді" дегенің — оның осы ұзын жағы. Онда тән нәрсе де, оның объектісі де бар. "Бұл тура дәлелденбейді" деген біріншісінен қысқа екінші тұжырым безбен табақшасына қарсы әсер ететін таразы тасы іспетті.

Тепе-теңдік өлшеуіне келсек, оның екі табақшасы тең, бірі қысқа, бірі ұзын да емес және олардан нені таразыласақ немесе нені таразылауға мөлшерге алсақ, соны табамыз, осыны түсін және есінде болсын: рухани өлшем қанша ұқсас дегенмен, дене өлшемінен өзгеше: оны осы тәрізді екі пікірдің біріншісі екіншісін қамти қабыса еніп, тоғысуынан қорытынды шығаруға ұқсатуға болады, мәселен, "мас қылатын" екі пікірімізде де көрінеді — қорытынды жасау соның арқасында мүмкін болып отыр. Егер біздің екі пікіріміздің бірі біріне ұштасты болмаса, (қарастыратын) ортақтығы болмаса, айталық, "мас қылатынның бәріне тыйым" және оған "істеуге қажеттің бәрі орындалады" деген мазмұндағы бірі екіншісіне жанаспайтын пікірлерге сүйеніп біз ешқандай нәтижеге жете алмаймыз. Жекелей алсақ, соңғы айтқанымыз да екі пікір, бірақ олардың әрқайсысы өз беттерінше, бірінен екіншісіне жалғасып тұрған ештеме жоқ. Қорытындыда болса, бір пікірден екіншісіне көшіп (ұштасып) отыратын ортақтан шығады, біз осыны өлшеуіштің (таразының) өзегі деп атаймыз".

Сезу мен ойлау арасындағы теңдік

Егер сенің түйсіну мен ойлаудың арасындағы тепе - теңдікке көзің ашылса — жария әрі сезім әлемі мен құпия, әрі тылсым дүниенің тепе-теңдігіне де көзіңнің ашылғаны. Бұларда үлкен құпия сыр жатыр. Олардан бейхабар пенделер Құранның шапағатты сәулесінен де махрұмдар, білімнің сүлдесін ғана алушылар. Құранда барлық білімдердің өлшемдері бар һәм осы білімдердің кілті де сонда. Ашып қара: "Құран жауһарларында" айтылған. Жария әлем мен тылсым дүниесінің теңдестігі адам түсінде елес үлгісінде рухани ақиқаттармен білінеді, өйткені аян пайғамбарлықтың бір нышаны және құпия, тылсым дүние осында барынша толық белгі береді.

Бұған мынадай мысал бар: бір адам түсінде ерлердің ауыздарын, әйелдердің жыныс тесіктерін тығындап жүргенін көріп, осы ғажапты Ибн Сиринге келіп айтты. "Сен рамазан айында таң намазына шақырушы азаншы боларсың", — деді ол. "Әділ айтасыз", — деді түс көруші. Енді осы мысалдан азаншының тылсым дүниесінде болатын ғажапты қалай көргенін біліп, оның жасағаны түсіндегісі мен рамазан айындағы азан шарапатының үйлесімді теңдігін көр. Мүмкін, осы азаншы ахирет күнінде өзін қолына оттан жасалған мөр ұстаған кейпінде көруі. Сонда оған айтылар: "Мынау қолындағы сенің ерлердің аузын, әйелдердің жыныс түтіктерін бекіткен мөрің", — деп. Ол: "Алла атымен ант қыламын, мен мұндай іс қылған жоқпын", — дер. Сонда айтылар: "Жоқ, сен істедің, бірақ оны өзің білген жоқсың, өйткені ол қылғаның рух ісі", — деп. Заттардың ақиқаты мен рухы тек рух әлемінде ғана жария һәм рух тылсым дүниеде тылсым пердесімен (қымтаулы). "Ал енді сенен шымылдықты аштық. Сондықтан бүгін көзің өткірленді" (50—22). Сөйтіп, шариғаттың әлдебір шартын ұмытқан әркімнің сарайы ашылды. Егер мұны әрі қарай түсіндіріп беруді қажет қылсаң, "Құран жауһарлары" кітабының өлімнің ақиқаттығы туралы не айтқанын оқы, көп кереметтерге қаласың. Азағырақ ойлан, әлде құлақ құрығыңа тылсым дүниесінен бір саңылау ашылар.

АДАСУДАН АРЫЛДЫРУШЫ

Кіріспе

...Дін қарындасым менің, сен менен ғылымдардың мақсаты және олардың құпиялары, білімнің шегі мен шыңырауы туралы сыр шертуді, сан алуан харакет түрлері мен тәсілдерін ұстанатын секталардың қақтығыстарының ақиқат ұрығын теріп, басымнан кешкендерімді әңгімелеп беруімді, менің дәстүр бас - қышынан көрегендік шыңына көтерілуге қалай дәтімнің барғандығын, біріншіден, қалам ілімінен қандай пайда тапқанымды, екіншіден, Имам дәстүрінде ақиқатты ашуға қабілетсіз талимиттер тәсілінен менің көңіліме нелердің ұяламағанын, үшіншіден, философияшылдық тәсілдерінде менің нені күлкіге көтергенім және ақыр соңында софылар тәсілдерінде маған нелердің ұнағаны туралы айтып беруімді сұрадың. Сен шәкірттерімнің көп болуына қарамастан, Бағдадта ғылым таратуымды тоқтатуыма мұқтаж еткен нәрселер туралы, көптің пікірін зерделегенде, менің алдымнан қандай ақиқат маржандарының табылғандығы және ұзақ үзілістен соң ғылымды насихаттауды Нишапурде не себепті жалғастырғаным туралы айтып беруімді сұрадың.

Сенің тілегіңнің шынайылығына көз жеткізген соң, мен Алладан жалбарынып көмек сұрап, тек соған ғана сеніп, соның көмегі мен қамқорлығына сүйеніп, сенің сұрақтарыңа жауап беруге асықтым. Мынаны біліңдер (Алла сендерді адал жолмен жүруге ниет етсін, өзінің нұсқауымен сендердің ақиқатқа жасаған қадамдарыңды жеңіл (етсін): адамдардың дін және иланым жөніндегі бір-бірінен айырмасы сияқты, паралардың көптігі және тәсілдердің қарама-қайшылығы салдарынан болған бір діни ілім ішіндегі түсініктердің сан алуандығы түпсіз терең теңіз тәрізді, олардың көбі сол теңіздің тұңғиығына батты, жүзіп шыққандары бірен-саран ғана, және әр пара тек мен тана аман шықтым деп сендіруге ұмтылады, әр топ тек өз іліміне шексіз риза. Алла елшілерінің мөрі (отан Алланың шарапатының нұры жаусын): "Менің халқым жетпіс үш параға бөлінеді, оның тек біреуі тана аман қалады" дегенде — ал ол ешқашан қателеспейді — міне, дәл осыны айтқан еді.

Мен өзімнің гүл жарған жылдарымда, кәмелетке жеткенімнен (ал мен кәмелетке жиырмаға толмай-ақ жеттім) қазіргі кезге, жасым елуден асқанға дейін, қайта-қайта осы түпсіз теңіздің тұңғиығына шомып, оның түбін (секемшіл қорқақтар сияқты емес) нағыз ер жүректерше шарладым, дүдамал сұрақтар жылымына қадам бастым, кезкелген мәселеге қарсы көтеріліп тұрдым, кезкелген қиындықтарға атой салдым, онды жалғаннан, сұнна жолындағыларды күпірлік жаңалықтарды енгізушілерден ажыратып алу үшін әр параның мәнісін зерделеп, әрбір секта ілімінің құпиясын аштым. Сонымен қатар мен ілімнің мәніне көңіл аудармайынша, бір де бір батыни өкілін, ілімнің мән - мағынасымен танысуға ыстық ықылас білдірмей, бір де бір захири өкілін, философиясының тереңіне бойламайынша, бір де бір философты, қаламының мақсаты мен диалектикасын меңгермейінше, бір де бір мутаккалимді, софизм құпияларына терең бойлауға деген ыстық ықыласпен кіріспейінше, бір де бір софыны, ортодоксияның аяғы неге апарып тірейтініне ынта білдірмей, бір де бір ортодоксты, Ұлы Жасағанды жоққа шығарып, дінсіздік жолына түсуіне қалайша батылы жеткенін түсініп білу үшін, бір де бір күпірді назарымнан тыс қалдырған жоқпын. Заттардың шын табиғатын меңгеруге деген құштарлық менің алғашқы қадамдарымнан, жас шағымның алғашқы күндерінен бойыма біткен қасиетім және күнделікті ұмтылысым еді. Бұл менің еркімнен тыс, өзім жағымнан еш харекетсіз, бойыма Алланың өзі дарытқан, туа біткен қасиет және инстинкт болатын. Осының арқасында мен жасөспірім жасыма жуықтағанда - ақ дәстүр бұғауынан босанып, мұра болып келген догмалардың быт-шыты шықты. Өйткені мен христиан жастарының тек христиан, иудейліктер тек иудей, мұсылман жастары мұсылман тәрбиесін ғана қалап өсетінін көрдім. Мен пайғамбардың (оған Алланың мейірімі мен нұры жаусын) былай дегені туралы естідім: "Әр жаңа туған сәби дүниеге пәк күйінде келеді, тек соңынан ғана оны ата-аналары не иудей, не христиан, не маг жасайды". Сол бозбала кезімнің өзінде мен бар жан-тәніммен адамның жаратылыс сырын тануға, ата-анам мен ұстаздарыма еліктеу жолымен дарыған қағидалардың шынайы табиғатын білуге, бұл қағиданың бір - бірінен айырмасы неде екенін түсінуге ұмтылдым (ал олардың принциптері оқу барысында меңгеріледі де, қайсысының шын, қайсысының жалған екендігін анықтауда келіспеушіліктер болады). Мен өзімше былай деп түйдім: "Маған керегі, ең бірінші, заттардың нақ табиғатын тану, ол үшін міндетті түрде танымның өзінің құпиясын іздеуіме тура келеді". Маған таным затының құпиясын ашқанда ешқандай күдікке орын қалдырмайтын білім, ал оның шынайылығын бағалауға ақылдың өзі бей қуат болған кездерде қателіктер мен жаңсақ сенім жетегіне ергізбейтін білім тана шын білім болып көрінді. Мұндай білім, тіптен кім де кім оны жоққа шығармақ болып, мәселен, тасты алтынға, асатаяқты жыланға айналдырып жіберсе де, ешқандай күдік пен дүдамалға орын бермейтіндей етіп, қателіктерден сақтандыра аларлық болуы керек еді. Айталық, мен онның үштен көп екенін білемін, ал әлдекім мені керісінше сендіру үшін: "Жоқ, оннан үш көп, дәлелі ретінде мен мына асатаяқты жыланға айналдырамын", — десе, және ол мұны менің көз алдымда жасаса да, мен өзімдікінің дұрыстығына күмәнданбас едім. Ол мұны қалай жасады деген менің таңырқауымды ғана тудырар еді, ал менің білімімнің шындығына еш күмән оята алмас еді. Осыдан соң маған түсінікті болды: егер менің білімім мен оның сенімділігі жоғарыда айтқандай болмаса, ондай білімге менің иланбауым керек — ол сенімсіз, ал әрбір сенімсіз білім — шын білім емес.

Ақиқатты іздеушілердің жіктелуі

Алла өзінің рахымымен және асқан жомарттығымен мені осы науқастан сауықтырған соң, менде ақиқатты іздеушілер төрт топқа бөлінеді деген пікір қалыптасты:

1.МУТАКАЛЛИМДЕР — өздерін беделді және бар ғылымнан хабардармыз деп санаушылар.

2.БАТЫНИШЫЛАР — біліміміздің ерекшелігі — оны ең жаңылыспайтын Имамның өзінен аламыз деушілер.

3.ФИЛОСОФТАР — логика(мантық) мен дәлел жағындамыз дегендер.

4.СУФИЙЛЕР — ақиқатты ашуға тіке куә болу қабілетінен дәмелі, ақиқатқа аян жолымен жетуден үміткерлер.

Сонда мен өзіме өзім айттым: "Бұл төртеуі де ақиқатқа қарсы емес: олар ақиқатты іздеу жолымен шеру тартып келеді емес пе, егер ақиқат осыларға ұстатпаса, оған жетемін деу бос әурешілік болғаны. Бір қоштасқан соң, дәстүрлерге қайтіп оралмақпыз! Адам дәстүрлерге сол жағдайда тана ереді, етер беделдерге еліктеу санасыз әрекет сипатында болса. Бірақ ол мұны түсінді — болды: өзі еліктеген заттар шыны тәрізді шытынап, күлдіреп түседі.

Шытынағанды жамауға болар, ал сынықтарды жинап, құрастыру мүмкін емес, демек, оны отта балқытып, бұрынғы заттың орнына басқа, мүлде жаңасын жасау ғана қалады.

Мен де сол жолға түсуге және, біріншіден, қалам ілімімен, екіншіден, философтардың тәсілімен, үшіншіден, батынишылардың қағидаларымен және, төртіншіден, софылардың тәсілдерімен танысып, аталған әр топтың көзқарастарын зерттеуге асықтым.

Қалам ілімі, оның мақсаты мен мәні

Сонымен, мен қалам ілімінен бастадым. Мен оны жаттап оқып шықтым және түсіндім, осы ілім өкілдерінің бар зерттеу кітаптарын оқыдым, қажет деп тапқандарымды өзім де жаздым.

Нәтижесінде қаламдағы ілімнің мутакаллимдердің мақсаттарына жауап беруге жеткілікті, бірақ менің алдыма қойған міндеттерімді шешуге жеткіліксіз екендігін білдім. Мутакаллимдер өздерінің алдына суннаны уағыздаушыларды діни қағидаларын сақтауды және оны күпірлердің өздерінін жаңалықтарын қосып, шатастырғандарынан қорғауды мақсат етіп қойған. Ұлы жаратқан Алла өзінің елшісінің аузына, Құранда және хадистерде айтылғандай, тауфиқты рухани өмір мен тұрмыс тіршілігінің шарттары түзілген бұлжымас қағида — шын ақиқат салған. Бірақ кейіннен Ібіліс күпірлерге суннаға жат нәрселерді үйретті, ал күпірлер оны насихаттап, суннаның ақиқат қағидаларына сенушілерді жолдан тайдыра жаздады. Сондықтан да ұлы мәртебелі Алла мутакаллимдер мектебін жасап, оларды күпірлердің адамдарды азғындыққа бастайтын және жалпыға таралған суннаға қарсы жаңалықтарын әшкерелеуге қабілетті жүйелі ой арқылы суннаны қорғауға жетеледі. Қалам және оның жолында күресушілер өздерінің бастауын, міне, қайдан алады.

Бұл мектеп өкілдерінің бірқатары суннаны қорғап, пайғамбардың өсиеттерімен қабылданған мұсылман қағидаларын тазарту үшін күресіп және күпірлердің оған сырттан таңған жаңалықтарын алмастырып, өздеріне жүктелген міндеттері орындау жолында жақсы қызмет етті. Бірақ мутакаллимдер осы еңбегінде өздерінің қарсыластары қабылдаған негіздерге сүйенді. Ал оларды оны қолдануға мәжбүр еткен не дәстүрлі көзқарастары, не діни бедел иелерінің бірауызды ұйғарымы, немесе Құраннан әлде хадистерден алынған жалғыз тана әлдеқандай үзінді. Олардың ұзақ талдауларының бәрі, әдеттегісіндей, қарсыластарының айтқандарынан үйлеспейтін жерлерін іздеп табуға және олардың, осыған дейін өздері мойындап (негіз ретінде) келген талаптарымен жанаспағаны үшін жазғыруға сайды. Қажеттілік сипаты бар принциптерді тана шындық деп қабылдауға болады деген ұйғарымдағы адам үшін мұның бәрінен пайда шамалы. Сондықтан қалам ақиқаттың не екеніне жеткілікті дәрежеде қанағаттанарлық түсінік бере алмады және мен осыған дейін шағым айтқан науқастан тиісті жеңілдік әкелмеді.

Рас, уақыт өткен соң, қаламның шеберлігі айтарлықтай ұшталып, ізге түскен соң, мутакаллимдер заттардың нақты табиғатын зерттеу арқылы суннаны қорғауға әрекет жасауға үлкен ниет қойды, сөйтіп, олар субстанциялар, акциденциялар және оның анықтамалары туралы ой толғауға берілді. Бірақ бұл олардың ілімінің негізгі мақсаты болмағандықтан, осы заттарға қатысты пікірлері биік дәрежеге көтеріле алмады, сөйтіп, адамдардың пікірлерінен туатын қиындықтарды түбегейлі шешу қолдарынан келмеді. Мутакаллимдер талдауларының өзге адамдарға қатысты тиісті нәтижеге жеткізгенін әбден мүмкін деп санаймын, ол ол ма, белгілі бір адамдарға қатысты солай болғанына тіптен күмән келтірмеймін. Бірақ бұл нәтижелер мінсіздіктен аулақ, өйткені бастауыш емес принциптер төңірегіндегі мутакаллимдер ойларына дәстүрге деген көзсіз сенім араласты.

Бұл жерде мен өзімнің сол кездегі халім туралы айтып беруді мақсат етіп отырмын, бірақ науқастан айыту үшін алдына барғанды ғайбаттау тіптен де ойымда жоқ. Аурудың түріне қарай ем де әртүрлі болады. Саған шипалы болғанымен, біреулерге зиянды дәрілердің түрі қаншама!

Философия

Философияның болмысы туралы; онда нені мінеуге болатыны, нені болмайтыны туралы; философтар күпірлер болып көрінетін және керісінше жағдайлары туралы; философтардың күпіршілік жаңалықтарға баратын және бармайтын жағдаяттары туралы. Ақиқат үшін күресушілердің айтқандарынан философтардың нені жымқырып, өздерінің жалған тұжырымдарына осы тәрізді шындық нышанын беру үшін нені қосып, сапырылыстырып жібергені, мұндай шыншылдыққа жаныңда қандай жеккөрушілік пайда болатыны және нағыз тиынды (күміс ақшаны) таңдай білетін бақалшы тәрізді олардың айтқандарынан нағыз шындықты жалған, жасандысынан айырып алу туралы хабар.

Мутакаллимдер ілімін түгесіп, мен қолыма философия ғылымын алдым.

Қандай бір ғылым түрінің болсын кемшіні туралы осы тылымды жеріне жете — оның ең ғұлама өкілдерімен қатар тұра аларлықтай зерттеген, содан соң оларды кейін қалдырып, олардың ғалымдығынан өз білім дәрежесін арттырып, осы ғылымның күні бүгінге дейін оның өкілдерінің еш түсінігі болмай келген терең мәселелерімен шұғылдана алатын адам тана пікір білдіруі мүмкін екені маған жақсы белгілі болатын. Тек осы шарттар сақталған жағдайда ғана кезкелген ғылымның кемшіліктері туралы айтылған қандай пікір болсын заңды. Ал мен осы пәнге ден қойып, ықылас білдірген бір де бір мұсылман ғалымын көрген емеспін. Мутакаллимдердің философтарды жоққа шығарумен айналысқан еңбектерінде бұл ғылымның кемшіліктері туралы соншалықты байланыссыз, шытырман шиеленісті түрде айтылады, ал олардың ойларының қарама-қайшылығы мен іске алғысыздығы көзге ұрып тұрғаны соншама, тіптен, мен ойлаймын, олар тылымды барлық қыр-сырына дейін білуден дәмелі адамды былай қойғанда, жеткілікті дәрежеде ақылды қарапайым адамға да абырой әпермес еді. Ғылымды түсініп болмай, оның мәніне жетпей тұрып жоққа шығара бастау көзді жұмып қойып (мылтық) атумен бірдей екенін түсініп, мен кітаптарға білек сыбанып кірістім, осы тылымды ден қойып жаттап оқи бастадым. Бұл жолда мен тек оқығандарыма ғана арқа сүйеп, қандай да болсын ұстазға немесе үйретушіге иек артқан жоқпын. Бұл кәсібіммен мен кітап жазудан және ұстаздық қызметімнен, оның ауыр болғанына қарамастан, өйткені Бағдадта үш жүз шәкіртке лекция оқып, дәріс бердім, мұсылман хұқы жөнінде дәріс оқудан қалған сағаттарда шұғылдандым. Мейірімді және мәртебелі Алланың жазуымен екі жылға толмаста, үзіп -үзіп оқудың арқасында тана мен философия ғылымдарының толық көлемін меңгеріп алдым. Оларды меңгеріп, мен таты бір жылға жуық уақыт бойына ережелерін әлденеше рет қайталап қарап, қайта-қайта оның құпия сырларына үңіліп, олар туралы үздіксіз ой толғадым. Ақыр соңында мен онда ненің жалған және өтірік, ненің шындық және ненің алдамшы екенін толық айырып білдім.

Ал енді тыңда философия ғылымдарының неге саятынын. Мен философтардың бірнеше параға, ал олардың ғылымы бірнеше сатыларға бөлінетінін көрдім. Бірақ ол толып жатқан паралардың қайсысына жатса да, олардың көнелері мен өте көнелерінің және кейінгілері мен ертедегілерінің арасында бірінің шындыққа жуық, екіншісінің қашық болуы мағынасында ұлы алшақтық жатқанымен, барлық философтарда сөзсіз бір ғана таңба — сенімсіздік пен Құдайсыздық таңбасы жатыр.

Суфийлердің тәсілдері

Одан әріде бұл ғылымдарды тамамдап, мен өзімнің назарымды софылар жолына бұрдым. Мен олардың жолдарының (бағытының) өзінің жетілдірілген түрінде теорияны да, тәжірибені де қамтитынын білдім. Олардың тәжірибесінің мәні — өздерінің миын мәртебе иесі Алладан өзге ойдың бәрінен тазартып, оны Құдай туралы оймен безендіруге жеткенге дейін жан құмарлығын отаумен және өздерін оның жаман әдеттерге бейімділігі мен зиян келтіретін жақтарынан арылтумен шұғылдануға саяды.

Мен үшін софылардың теориясы олардың тәжірибесінен бірқатар жеңіл болды. Мен бұл теорияны меңгеруді Әбу - Талиб әл-Маккидің "Жүрек азығы" кітабын оқудан бастап, әл -Харрис әл-Мухасибидің кітабын, әл-Джунаид, аш-Шибли және Әбу-Язид әл-Бустамилер (Алла олардың мекенін жаннаттан етсін) туралы түрлі аңыздарды және олардың рухани көсемдерінің өзге де шығармаларын оқи бердім, қашан олардың ғылыми ұмтылыстарының мәнімен танысқанға және олардың тәсілдерінен оқу және сұхбаттасу жолымен алуға болатынның бәрін алып болғанға дейін. Сонда маған олардың неғұрлым өзіндік ерекшеліктерін оқу арқылы емес, тек сыннан өту, жапа шегу және жан дүниенің сапалық өзгеруі (жаңғыруы) арқасында ғана тану мүмкіндігі мәлім болды.

Бір жағынан деннің саулығының анықтамасын, тоқшылықтың анықтамасын, олардың себептері мен шарттарын білу мен екінші жағынан өзіңнің сау әрі тоқ болуыңның, бір жағынан мас болудың анықтамасын, оның асқазаннан булардың көтеріліп, ойлау көздерін меңдеп алуынан болатын хал екенін білу мен, екінші жағынан, өзіңнің мас болуыңның арасында қаншама алшақтық жатыр. Масаң адам мас болудың анықтамасы мен оның теориясын білмейді емес пе, ол сонда да, масаю табиғатынан ешқандай түсінігі болмаса да, мас. Сау адам болса, өзінің тіптен де масаң болмағанына қарамастан, мастықтың айқындамасын да, себебін де біледі. Науқасқа шалдыққан дәрігер өзінің ауруының анықтамасын да, оның себебін де, одан шипа болатын дәрілерді де біледі, сөйте тұра, ол сау емес. Сенің, бір жағынан, тақуалықтың шын табиғатын, оның жағдайы мен алғышарттарын білуің мен, екінші жағынан, сенің өзіңнің тақуа жағдайын басыңнан өткеру және жалған дүниені рухани қабылдауың арасында да осындай айырмашылық бар.

Мен үшін олардың ойлау жағындағылар емес, түйсіну жағындағы адамдар екені және менің теориялық таным жолымен меңгеруге болатынды түгел меңгергенім айдан анық болды. Сұхбаттасу мен оқу арқылы емес, тек сыннан өту және белгілі тұрмыс күйін кешу арқылы ғана жетуге болатын нәрсе қалды.

Мен осыдан көп ілгері өзім шұғылданған ғылымдар және ғылымның екі түрін — діни -хұқықтық және рационалды түрлерін зерттеуде өткен жолдарымның арқасында ұлы жаратушы Аллаға, пайғамбарлыққа және қиямет күніне терең сенімге ие болдым. Діни сенімнің осы үш негізі айқын, тура дәлелдердің арқасында емес, егжей-тегжейлі айтып жеткізу мүмкін емес себептердің, орын алған жағдайлар мен тәжірибелердің салдарынан менің жан дүниеме тамырын терең жайды.

Маған кім де кім тақуалық өмір сүрсе және дүние қызығынан бойын аулақ ұстаса, сол тана о дүниеде масайраудан үмітті екені, мұның бәріндегі бастысы — кірбің тіршілік мекенін тастап, мәңгілік мекеніне бет бұрып және өзіңнің бар ынтаңды ұлы мәртебелі Аллаға аударып, жалған дүниемен қосақтаған жіпті үзу екендігі, және оны жасауға құрмет пен байлықтан бас тартқандар, жалған күйбеңнен және онымен байланыстан бойын аулақ салғандар ғана жете алатыны аян болды.

Сонда мен жанарымды өз жағдайыма аудардым, байқасам, менің өзім жан-жағымнан шырмап алған жалған байланысына белшемнен батып тұрмын. Өзімнің қызметіме және ондағы ең жақсы, ізгі дегеніне: лекция оқу мен дәріс беруіме көзімді тігіп едім, мені өзін о дүниеге сапар шегуге даярлаған адам үшін не маңызы, не пайдасы жоқ ғылымдардың еліктіріп келгенін көрдім. Өзімнің ұстаздық қызметімде жетсем деген мақсаттарым туралы одан әрі ойлана келіп, мен осы мақсаттарға қатысты ойларымның тұтасымен жалғыз Аллаға ғана арналмағанын, мен үшін бастаушы себеп және қозғаушы күш құрмет пен даңққа жету болғанын білдім. Мен өзімнің жардың жағасында тұрғаныма және жағдайымды түзеуге шұғыл кіріспесем, сөзсіз тамұққа баратыныма көзім жетті.

Бірқыдыру уақыт бойына ешқандай ақтық байламға келмей, өзімнің жағдайым туралы толғанумен болдым. Бүгін Бағдадтан кетіп, өзімді қоршаған ортадан қатынасымды үзбек болып батыл шешімге келсем, ертеңіне одан айнып қалып жүрдім.

Өзімнің сондағы жоспарларымда мен бір аяғыммен ілгері бассам, екіншісімен кері қайтып жүрдім: ертеңгілік о дүниеге тура жол іздеуге бар ынтаммен ден қоюым мұң екен, кешкілік осы ынтама оны суытып, тіршілік құштарлығы ду етіп жабыла түседі. Мені дүние қызығы өзіне тартып, матап, бір орыннан тапжылтпады, ал сенімнің жан даусы мені басқаға шақырды: "Жолға! Жолға! Азғана ғұмыр қалды, ал сенің алдыңда әлі ұзақ жол жатыр. Сені меңдеген тылым мен жұмыс — алдау, елес қана. Сен өзіңді о дүниеге қазір болмаса, қашан даярлайсың? Сен өзіңнің жалғанмен байланыстарыңды қазір болмаса, қашан үзесің?" Сонда менің бойымда ұмтылыс қайта өршіп, қашуға шешімім күшейе түсті. Осы жерде қайтадан Ібіліс пайда болып, былай (азғырды): "Бұл кездейсоқ хал, оған берілуді ойыңа алма! Ол жылдам өтеді, ал сен оған беріліп, өзіңе көрсетіліп жүрген ұлы құрметпен, н-е қайғы, не мұң көрмеген бірқалыпты тұрмысыңмен және тіптен дұшпандарың да тартып ала алмайтын аман саулығыңмен қоштассаң, мүмкін, жаның осы (тіршілікке) қайта ұмтылады, бірақ оған сен енді орала алмайсың!.."

...Осылай он жылға ұласты. Осы жылдар ішінде менің алдымнан не айтып жеткізгісіз, не түсініп болмайтын нәрселер ашылды. Іске пайдасы үшін мен мынаны ғана айтып өтейін: мәртебелі жасаған Алла жолымен жүрушілер, дәл осы сопылар екені, олардың тұрмыс салты — ең жақсы тұрмыс салты екені, олардың жолы — ең дұрыс жол және олардың жан дүниесі ең таза екендігі мен үшін мейілінше айқын болды. Мен тіптен айтар едім: егер софылардың салты мен мінез-құлқына, оны тіптен шамалы болса да жақсарту мақсатымен қандай да болсын азғана өзгеріс енгізу үшін, (барлық) ақылды адамдардың ақылын, даналардың даналығын және құдіретті заң білімпаздарының білімдерін бір жиса да, олар мұны қалай істеу жолын білмес еді. Өйткені софылардың барлық харекеттері, барлық құпия және жария ойлары — пайғамбар хұзырынан құйылған нұрдан, ал жер бетінде адамдар өз бағытын түзейтін пайғамбар нұрынан өзге еш сәуле жоқ.

(Аль-Газали Абу Хамид.

Воскрешение наук о вере. М., 1998.

Шах И. Суфизм. М., 1994. С. 175-212.)

TYCIHIKTEMEЛEP

1. И.Шах. Суфизм. 177 6.

2.Ғазалидің бұл көзқарасы бойынша себептілік денелердің имоненттік қасиеті емес. Денелердің қозғалысы сыртқы факторға қатысты. Бұл табиғи себептілікті жоққа шығаратын көзқарас.

3. Осы мәселе туралы Ибн Рушд Аристотель ілімін негізге ала отырып, Ғазалиге қарсы дәлелдер ұсынған. Қараңыз: "Жоққа шығаруды жоққа шығару".

4. Қарындас, жолдас. — Ауд.

5. Мұса пайғамбардың перғауындарға көрсеткен кереметі туралы сөз болып отыр. — Ауд.

6. Құран Карим. 16-сура, 124-аят. Осыдан әріде екі сан ғана көрсетіледі. Бірі сураның, екіншісі аяттың реттік сандары. — Ауд.

7.Таласушы Құдай дағуасын құрған Бабыл патшасы Намруд. — Ауд.

8.Әр нәрсенің өлшеуін. — Ауд.

9.Құранды мысалдап түсіндіру, ашық нәрсенің құпия мағынасы. — Ауд.

10.Шындық айтушы, қателеспейтін. — Ауд.

11."бастауыш білім" Аристотельдің "аксиома" ұғымына сәйкес, яғни зат ойлау арқылы қабылдауды керек етпейтін қажетті нәрсе болса, ол барлық ақылды жан иелеріне сол қалпында түсінікті болуы тиіс. — Ауд.

12.Бұл жерде өсиет мағынасында. — Ауд.)

13.Сөз Мұхаммедтің миғражға көтерілуі жайлы. — Ауд.

14.Бірі бірінің болу-болмауының қажетті алғышарты болады. — Ауд.

15.Әл-кииас аш-шарт әл-мунфасил — шартты ажыратушы силлогизм, айтылатынның ақиқаттығы бір тиянақты пікірге (екінің біріне) ғана негізделеді. — Ауд.