Шындыкты издеу

Шындықты іздеу

***

Қараңғы бөлме. Қара шаш. Қара көз. Қара қас. Қаражүзді пенделер.

Бөлмеде отырған адамдар бірін-бірі сипап таныды.

– Ей, сен Беріксің бе?

– Иә...

– Қалың қалай? Дені-қарның сау ма?

– Иә! Рахмет...

Беріктің соңғы сөзінен суық ызғар сезілді. Бірақ денені қарымады. Себебі, пенделер оған үйренісіп кеткен.

Мына бұрышта періштенің бетсірісін киіп алған Самат, жанындағыларға әңгіме айтып отырды. Оның жүзін ешкім көре алмады. Көрген күннің өзінде олар: «Мынау періште ғой» дер еді.

***

Қараңғы бөлме. Қара шаш. Қара көз. Қара қас.

Орындықтар сықырлады.

– Кім бұл?

– Мен ғой...

– Менің кім?

– Ой, Мен ғой.

– Өркөкірек неме. Жүрмейтін жерің жоқ... – деп Асу немкетті ғана жауап қатты. Жауабында менсінбеушілік бар. Қасына май жақты.

***

Қараңғы бөлме. Қара шаш. Қара көз.

Жанарлар. Оларда мейірім жоқ. Мүмкін бұл жай ғана автордың болжамы шығар. Оларда жылылық болуы әбден мүмкін. Болса екен деп тілейсің Жаратушыдан. «Оларда мейірім жоқ. Оларда жылылық болуы әбден мүмкін...», – деп күбірледі жанарлар. Төрт қабырғаға маңдайларын соқты.

– Жарылды ғой! Абайласаңшы! Ауырып қалған жоқ па? – деп сұрады Перизат жылы шырай танытып.

– Біріне-бірі жаны ашитын адамдар әлі бар екен ғой, – деді бір жанар.

– Біз тіріміз! – деді көбісі. Қалғандары қалғып отырды.

***

Қараңғы бөлме. Қара шаш.

Жанат Сәуленің шашын өріп берді.

– Шашыңды кеспе. Әдемі, ұзын екен. Көз тиіп жүрмесін.

– Көз тиіп жүрмесін! Ол қалай сонда?

– ...

«Көз тиіп жүрмесін» деген сөз жаңғырық болып естілді. Өмірде көп кездесетін ұғым.

***

Қараңғы бөлме.

Әркім әр бұрышқа жайғасты. Араларында ызғар қалды. Ол қашанға дейін сақталарын бір Құдай ғана біледі. Әңгіме авторы ретінде мен де білмеймін. Қараңғылықтың шашы әдемі, ұзын екен. Барлығын адастырды. Шашын дұрыстап өріп бермеген ғой шамасы. Кезінде көз тиген...