Мустай Карім. Ажалга дауа бар екен

АЖАЛҒА ДАУА БАР ЕКЕН

әңгіме

Тәліптің сонау кезде, Үлкен шешем екеуіміз ешкі терісін алып барғанда айтқан сөзі расқа шықты. "Мен шіріген бай боламын, тек мезгілі жетсін!" деген-ді. Мезгілі жетті. Шіріген бай болмаса да, жыл өткен сайын үйіне береке кіріп, шаруасы күйленді Тәліптің. Балаларының аман қалғандары жаудан қайтты, кенжелері ержетті. Біреуі тракторға, біреуі автомашина роліне отырды. Біреулері қолына ұзын шыбыртқы алып, мал айдады. Өз тұрмыстарын да жөндеді, әкесіне де мейірімді, қайырымды болды шетінен. Алты бұрышты, биік қақпалы, қаңылтыр шатырлы үй салдырды Тәліп. Терезе жақтауларын жасылға, шатырды шаңқан қызылға боятты. Бірақ басқалар сияқты көше жаққа биік шарбақ жасатпады, сирек қана аласа темір тор орнатты. "Менің ішімдегім - сыртымда, қорамдағым орамда болсын" деді ол тор орнатқанда. Қорасында малы, ауласында құсы қаптады. Үсті - басы бүтінделді. Тақыр төбесі өмір бойы кермеген фетр қалпаққа тиді. Осы молшылықтың игілігін зайыбы ғана көре алмады, осыдан екі қыс бұрын дүние салды. Міне, қазір өзі хәл үстінде жатыр дейді, әлгі кемпірі шақырған көрінеді.

Бізді бір ұлының әйелі қарсы алды. Ауру тор жақта, басы жылтырауық темір кереуетте, жұмсақ төсекте үнсіз жатыр. Мына шыжғырған шілдеде үстіне қалың көрпе жамылған. Шамасы, хәлі мүшкіл болар. Адамға қабір алдымен осылай салқынын салатын көрінеді ғой. Көрпе астынан оның тықыр желкесі ғана шығып жатыр, беті терезе жаққа қараған.

Келіншек әрқайсысының үстіне дөңгелек сырмақ көпшік салып үш орындық қойды. Біз отырған соң ғана ол қайын атасына тіл қатты:

- Ата, хәліңізді сұрауға кісілер келді, қаладан келген қонақтар да бар...

Тәліп үндемеді, тек азырақ қимылдағандай болды.

- Жағдайың келмесе, үндемей-ақ қой, Тәліп ағай,- деді Уәлетдин, - арыстандай жүрегінің соққанын тыңдап, біз саған қарап отырамыз.

Сырқат сәл ыңырсыды. Демек, арыстан әлі тірі. Күшін жинап, азырақ басын бұрды, бір көзін ашты, тек үндемеді.

Нәсіп иіліп барып, алақанын аурудың маңдайына басты. Құтты қол тисе, шипа болар ма екен дегені. Тәліп басын әрі тартты.

Тыныш отырудан басқа амал қалмады. Біздің дауысымыз жаннатқа сапар шеккен адамның құлағына жетпейді.

- Miнe, солай, тілден қалмай - ақ, сөзден қалды. Екі апта толады, енді, - деп түсіндірді келіні. - Оқта-текте бір жауап қайтарғаны болмаса...

Ауыз үйде бірдеңелерге сүрініп - қабынып, бірдеңені салдыр еткізіп, әуесқой молда Фәрхетдин келді. Бүл өзі осы өңірге мәшһүр кісі, өзіме алты ата жерден жалғасатын апамның күйеуі, жездем. Кезінде Фәрхетдиннің істемеген кәсібі, айналыспаған өнері қалмады. Өзім танитын кезден бері ол жұрттан ақсақ-тоқсақ мал сатып алып, сойып, жіліктеп сатады. Ол арық атына мініп: "Етке келіңдер! Етке келіңдер!" деп айқайлап өтсе, майда балалар ізінен шұбырып, мазақтайтын. Құйттай арбаларын сүйреп шығып: "Етке келіңдер! Етке келіңдер!" деп шуласып жүргені.

Осы саудасын тастап, жездеміз шүберек, сүйек - саяқ, мүйіз - тұяқ, темір - терсек жинауға кірісті. Қартая келе кәсібін жиі өзгертті: шелек, құман түптеді, самаурын жөндеді, таға соқты, талдың шыбығынан қаздың ұясын тоқыды, кірпіш басты, арқан есті: суға батқан, боранда адасқан, ақылынан алжасқан адамдар туралы, мұршасы болған кезде мұңлы бәйіттер шығарды, пәлденбеді, жұртқа қажет нәрсені істеді. Соғыс кезінде осы өнері қатты өрлеген көрінеді. Әсіресе, мұңлы бәйітке көбірек мұқтаж еді жұрт сол жылдары. Фәрхетдиннің істемеген ісі жоқ, тек табаны бороздаға тимеді, әйтеуір. Өзінше ол ақылмен, айламен оңай күнелтіп жүрмін деп ойлады. Айласының сиқын айтып салар едім - сәл ыңғайсыздау...

Жездем соғыстан соң Үфіге жолы түскен сайын біздің босағаға соқпай кетпейтін. Шынын айтқанда, көп мазалай бермейтін, жылына екі - үш мәрте ғана келетін. Ішіп-жеп, тойып алған соң әлгінің ойшыл басына бір тамаша қулық сап ете түсетін.

- Апаң самауырынның кернейін сатып әкел деген, есебім тура шықпай, басым қатып тұр... - дейді.

- Бағасы қанша сол кернейдің?

- Ең қымбаты жиырма екі сом елу тиын. Елу тиынын өзім де қоса аламын, — дейді. Ол кезде әлі ақша өзгермеген болатын.

Ақша өзгерген кезде самауыр кернейінің құны әуелі екі сом қырық тиынға жетті. Қымбаттаса, қымбаттай берсін, әйтеуір, апамды кернейсіз қалдырмадым. Жездем:

- Апаң самауырдың кернейін алып қайт деп артымнан айқайлап қалды, қасқа... - дей бастаса, мен дереу қалтама жармасамын.

- Қазір қанша тұрады керней?

- Оның ең мықтысы екі сом сексен жеті тиын ғой...

- Мә, үш сомдығын ал ендеше, апам қуансын.

- Қуанғанда қандай.

Бір күні әзіл - шыны аралас сұрақ қойдым:

- Сенің қолыңнан келеді ғой, Фәрхетдин жездей, сол кернейді өзің неге соғып алмайсың?

- Материал жоқ. Қол тимейді. Былайша арзанға түседі,- деп байыпты жауап қайтарды қонағым. Бұдан соң мен оған мұндай аңғал сұрақтар бермедім.

Таяуда бойына жетпіс өнер дарыған осы шебер, қартайғанда боз тарлан жүйрік шықты дегендей, дін жолына түсті. Оны ешкім сайлаған да, тағайындаған да жоқ. Көп адамның ар - ожданының иманын, обал - сауабы үшін жауапкершілікті өз еркімен мойнына алды. Мұндай ауыр міндетті мойнына алуына себеп болған, әрине, дін мәселесінде түк білмейтін қараңғы надандығынан тәуекел жасады. Бала кезінде жаттап алған екі - үш шолақ дұғасын да орыс арасында көп жүргендіктен баяғыда ұмытып кеткен-ді. Мұны ол бір күні құдай туралы әңгіме қозғалғанда өзі абайламай айтып салған. Қазір сол дұғаларды қайтадан еске түсірсе керек, шамасы. Зейінді, өжет кісі.

Есіктен кіре сала дүмше хазірет дауысын соза сәлемдесті:

- Әссәлә – мәғәләй – кү - үм! Баршаңызға бір сәлем... Ол бізге пәлендей назар аудармады. Бедел сақтай біледі. Ауру жатқан кереует шетіне отырып, дұға оқыды да, әдейі келген шаруасына кірісті:

Құрдас, - деді ол үнсіз жатқан Тәліптің көрпесін тартқылап,- ей, құрдас, тәңірінің бұйрығын алдан болжауға болмайды, олай - бұлай бола кетсең, иманыңды үйірткейсің. Ясин оқып қалайын өзіңе.

Тәліп көзін ашпастан мойнын бұрды. Фәрхетдин мұны ризалығын бергені деп түсініп, судыратып құран оқи бастады:

- Ағузы білләһи мін аш - шайтан ражим, бісмілләһі рахманы рахим...

Тәліп көрпе астынан қолын шығарып, "қой" деген ишарат білдірді. Анау оқи берді. Ауру жұдырығын көрсетті, қолын шығарды. Молдасымақ өлім хәліндегі адамның ерсі мінезін әдейі елемеген болып, одан сайын ыңырана түсті. Ауру екі қайтара қолын шығарды. Молдасымақ күшейе түсіп, ешкідей маңырады. Ауру екі көзін бақырайтып, молдаға жекірді:

- Жетер деймін, саған, сатқын неме! Жайыма өлуге ерік бер...

Молда ясинін тоқтатса да, бой бермеді:

- Құдайдың үкімін біліп болмайды...

- Сен білмесең, мен білемін. Үкім шыққан. Бұйрық жолда. Келер сағатын күтіп жатырмын. – Үлкен - кішінің алдында кілең кішіпейіл, елгезек, жуас Тәліптің өлім алдында мынандай өр мінез, өжеттік көрсетуіне қайран қалдық. Ішіміз жылып, жанымыз жадырап кетті. Осылай жұдырығын түйіп, дін жолына шыққан адамды сатқын деп сөгіп жатқан кісіден үміт үзуге ертерек әлі. Тұйыққа тірелмеген әлі бүл

Уәлетдин үнсіз қалған "хазіретке" есік жақты ымдап корсетті. Молдекең түсінді. Аңғарымпаздығы бар ғой. "Өзің біл, құрдас" деп есікке қарай зытты. Келіншек оны шығарып салуға кетті. Төргі үйде төртеуміз ғана қалдық.

- Сөйтіп, бұл дүниемен қоштасқың келді ме, ағай? - деді Уәлетдин.

- Жетер, бауырларым,- деді ол биязы үнмен. - Асарымды асап, жасарымды жасағанмын. Шама - шарқымды білуім керек.

- Онда айтар өсиеттеріңді айтып, батаңды беріп үлгірдің бе? - деп суыртпақтап сөз тартты Уәлетдин.

- Өсиетім жоқ. Дүние менің өсиетіме мұқтаж емес. Ол ұлы ойшылдардың өсиетімен өмір сүреді,- деді бір көзін ашып. - Батамды мен жұртқа тәнім сау, зейінім дұрыс кезінде бергенмін.

- Айтатын бір сөзің де жоқ па, қалай? Соңғы сөзің?

Тәліп біразға дейін тіл қатпады. Содан соң шалқасынан жатты, екі көзін де ашып, сондай мұңлы, сондай аянышты, жалынышты кескінмен қарады. Тіпті денем, шымырлап кетті.

- Бар. Өтінішім бар, - деді.

- Айт өтініштеріңді, ағай. Бәрін де орындаймыз, - деп уәде берді Нәсіп.

Ауру ауыр күрсінді:

- Менің жаназамда әйелдер жыласа, соларды жұбатыңдар.

- Кімдер? Қандай әйелдер, ағай?

- Өзім ұнатсам да, мені ұнатпаған әйелдер өкініштен жылайды. Соларды жұбатыңдар. Мен бәрін кешіріп кетемін. Соны айтып, жұбатыңдар. Жыламасын.

- Жұбатамыз, ағай, жұбатамыз, - деп серт бердік.

- Рақмет... Тағы да... Маған көңілі кетіп, аңсары ауғанымен, мен көз салмаған әйелдер мақұрым қалғанына өкініп жылар. Соларды жұбатыңдар. Сол кездегі тасбауырлығыма қазір өзім өкініп, жылап кетемін. Соны айтып, жұбатыңдар. Жыламасын.

- Жұбатамыз, ағай, оллаһи, жұбатамыз, - деп ант еттік.

- Рақмет, қарақтарым. Сендерге сенемін осы аманатымды.

Нәсіп жалғыз шынашағымен маңдайын қасып қойды. Бірдеңе айтуға оқталды. Айтты:

- Ал үшіншілеріне не дейін?

- Қандай үшіншілері?

- Өзіңді сүйгендерге, өзіңнің сүйгендеріңе.

- Ә – ә - ә, оларды ма? Оларды жұбатпаңдар. Жыласын. Жылауға тиіс олар. Ащы көз жастары адал - Тәліп тағы да көзін жұмды да, дереу ашты. Осы жолы сол көздерден шексіз қасірет көрінді. - Өмірімде коп армандадым, коп алдадым, бауырлар, көрдің аузында тұрып алдай алмаймын: ол болмайтын нәрсе. Маған сүйіп, сүйікті болуды жазбады тағдыр...

Нәсіптің орынсыз сұрағы Тәліптің арманы құрған шыны сарайды күл - талқан күйреткендей болды. Тәліп көзін төбеге қадап, тыныш жатты. Арамыздағы үлкеніміз Уәлетдин үзілген сөзді тағы да жалғады:

- Тым ерте жолға шықтық, Тәліп ағай, тым ертерек... Димның үстіне салынған жаңа тас көпірді көрмей кететін болдық.

- Көпір? - Сырқат азырақ басын көтерді, - Уәлетдин әлгінің осал жерінен іліп түсті. Талпақ Тәліп талай жылдардан бері Дим үстінен тас көпір салуды армандайтын, жиналыс сайын бүл туралы халықты шақырып, ұран тастайтын.

- Кім салады?

- Мемлекет. Таяуда ғана қаулысы шықты,- деп шылғи өтірікті соқты Уәлетдин,- Бір жылдың ішінде салып болуға межеленген. Мұз қырыққыштары құрыштан жасалады. Сенің ниетің, сенің тілегің еді бұл көпір. Тілегіңді мемлекет қабыл алып, жүзеге асырады, сен үр жаңа тағалы етігіңді киіп, үр жаңа көпірден бірінші болып өту орнына, көрге түспексің. Жақсы емес, Тәліп ағай. Сол көпірден қайысты Қазына Ысқақ жол бастап өтсін бе енді, бұлай болған соң? Ысқаққа ондай құрмет қайда?

- ЬІсқаққа құрмет тағы да... - Көпшікті арқама қойып жіберші. - Мен көпшікті арқасына қойдым, ол сәл көтеріліп жатты. - Айтып барыңдар, мұз қырыққышқа құрышты қор қылмасын. Ысырап болады. Бетоннан жасасын. Құрыштың әлі басқа қажеті көп.

- Айтамыз.

- ЬІсқақ дейсің, ә? Дүние, шіркін кімге қалып барады...

- Қалдырған соң қалады дағы, - деп мақұлдай салды Жәлетдин.

- Көпірі көпір - ақ, — деп мен де сөзге қосылдым. - Тәліп ағай тас көпірден де, шойын көпірден де өткен болар - ау. Оған талай жердің дәмін татқан ісісі таңырқай қоймас пәлендей. Әне, электр бағаналары Қазанғұлдың сағасына дейін жеткен, енді - енді ауылға келгелі тұр. Үйінде жарқ етіп, күн жанғанын көрмей кетеді Тәліп ағай, осынысы өкінішті -ақ...

- Алғашқы шам, әрине, заң бойынша да, әділет бойынша да осы үйде жануға тиіс. Мына жерге шамның өгіз қуығындай біреуін, ана жерге кішірегін асып қоямыз... - деп Уәлетдин шамдарға күні бұрын орын да белгіледі.

- Көпшікті сәл биіктетші!- Бұл жолы Нәсіп көмектесті. Ауру сөйлеп отыр. - Электр деген ғажап қой. Мен май шамның жарығында көзімді ашқан пендемін. Электр тәңірінің оты... Ағаштарын Қазанғұлдың сыртында көрдім, жемістерін көре алмайтын шығармын...

- Өзің қалдырып кеткен соң қалады - дағы...

- Сен осы бәріне бас шұлғи беретінің қалай Уәлетдин?

- Мен сенің сөзіңді мақұлдап отырмын ғой.

- Сенің мақұлдағаның менің ішіме сарымайдай жағады дейсің бе? - Тәліптің бетіне тер бұрқ етті. Ол терін сүртіп, ауыр күрсінді. Уәлетдин де күрсініп қойды:

- Ойлап қарасаң, көпірі де, электрі де түкке тұрмайтын нәрсе. Жансыз зат. Тек тірі жанның мұңайып, жалғыз өмір сүретіні, жалғыз тұратыны қиын. Соны ойласаң, өзегің өртенеді.

- Кімді айтып тұрсың? - Тәліп тіктеле қарады.

- Кім болсын, Ақжұлдызды айтам.

- Тым асқақ кеттің, інім, - деп шорт кесті әңгімені, - Күліп айтқан болсаң, күлетін жай емес бүл, шыныңды айтқан болсаң, жөнге сыймайды. Ақжұлдыз - асыл жан. Асыл жанды құрмет ету керек.

Иә, Уәлетдин бұл жолы ағат айтты. Мен оған дереу көмектесуге тырыстым.

- Ақжұлдыз жеңгейдің өте сұлу, іске өте икемді жесір апасы бар екен. Сіңлісі екеуі екі тамшы көздің жасындай ұқсас көрінеді. Димнің жоғарғы саласынан бізге көшіп келіпті, -деп Кіші шешеммен есіткен хабарды айттым.

- Шынында да солай ұқсайды дей ме?

- Сойып, терісін қаптағандай дейді!

- Ақжұлдыздың тырнағына тырнағы ұқсаса да періште шығар. Аты кім?

- Айжұлдыз, - деп қойып қалдым ойланып тұрмастан.

- Атын тым ыңғайсыздау қойған екен. Мейлі, оны өзі қойған дейсің бе. Шынымды айтсам, Ақжұлдызға өз басым өмір бойы таңырқаумен келемін. Апасының қандай екенін көру керек еді...

- Көрмейтін несі бар, көреміз оны. Аурудан айығып, аяғыңа мін...

- Аһ – у - уһ! Айықпайтын шығармын, сірә.

- Мына сөзіңді жел алып кетсін, Тәліп ағай. Сабантойдың қарсаңында кісі сырқатын ойлай ма екен, - деп Уәлетдин сөзді басқа жаққа бұрды. - Әлі алаңды дүр сілкіндіріп билейтін кезің алдында. Міне, өзіңді қаумалай қоршаған жұрттың алдында бір иіліп, бір бүгіліп, елең етіп, тына қалып, шыр көбелек айналып барасың. Жұрт дуылдасып, тамашалап тұр, қол соғып, бөріктерін аспанға атып жатыр. Ақжұлдыздар, Айжұлдыздар және басқа жұлдыздар таңырқай қайран қалып, қадала қарайды саған. Сен одан сайын әсем, одан сайын қызу, одан сайын шапшаң басасың аяғыңды. Ой - хой, қатырдың - ау! Шыдамай тақпақ та айтып жібердің:

Мінген аты кер екен, Еңіреп туған ер екен, - Аяғы жерге тимеген, Белін ұстап билеген. Шу! Шу! Шу!

Тәліп сәл басын көтерді. Ол шынында да ауылдың мықты тақпақшысы, саңлақ бишісі. Оған тең түсетін жан жоқ. Жас кезінде де солай болған, қазір де солай.

Уәлетдин әңгімесін одан әрі жалғастыра түсті.

- Қыз - келіншектер зарығып, мұңайып күтіп түр: "Мені биге шақырса екен" деп жаутаңдайды. Ал сен кімді шақыратыныңды күні бұрын таңдап қойғансың. Аяғыңды тапылдатып алдына жетіп келесің. Соның дәл өзіне...

- Келін! - деп шақырды Тәліп сауығып қалған адамның дауысымен. Ауыз үйдегі келіні дереу жүгіріп келді.

- Не, ата? - деді мұңайып.

- Қонақтың ең қажеттілері, асылдары келді. Балсыраң болса, молырақ әкел.

Келіні тәуір адам екен. Лып етіп үйден шықты да үстелдің үстіне үлкен жасыл кастрөл әкеліп қойды. Оның шетінде ожаудың сабы көрінеді. Ою - өрнекті шыныаяқтар тізіліп түр. Уәлетдин төрт шыныаяққа да ожаумен бал құйып шықты.

- Сабантойының құрметіне ендеше, - деді Уәлетдин. Бір шыны - аяқты үй иесіне ұсынды. Үй иесі ыдысты алғысы келіп оқталып тұрды да, ісері қайтарды:

- Жемейтін ризыққа қол тигізу арам, - деді. - Өздеріңіз іше беріңіздер.

Балсыра ішуге жеңіл болғанымен, өте қуатты екен. Бірінші шыныаяқтың өзі тамырларыма ду ете тарады. Екіншісі мен үшіншісі жүректі тебірентті. Біздің ішкенімізге Тәліп дән риза болып, қарап отыр, ара - тұра ішіңдер деп өтінеді. Біз қазір бұл үйге неге келгенімізді де ұмытып барамыз. Төртінші шыныаяқ көңілге мұң салды. Уәлетдин маңқалығын көрсеткісі келгендей, маңқылдап ән шырқады.

Өскен шақта бірге өстік,

Тал тамырларындай...

Оған жарты жолдан Нәсіп қосылды.

Өскеннен соң айырылыстық,

Құс балапандарындай.

Мен ән сала алмаймын. Дауысым жоқ. Тек тыңдап отырамын. Шыныаяқтар бір көтерілді, бір түсті. Ән енді ырық бермей, сыртқа шықты. Ашық терезеден ауылға тарады. Маңқа болғанымен, Уәлетдин әжептәуір әнші. Әндері де кілең мұңлы, жүрек тебіренерлік. Ұзын ырғақтарды құйқылжыта ырғап жібереді.

Өңімде көрсем мейірім қанбас, Түсімде көрсем, жан анам...

- Шіркін, мандолина болса! - деп мандолина шерткендей қимыл жасады Нәсіп. Өзім ойнап, өзім билер едім...

Ол жоқ саусақтарымен, жоқ мандолинаның шектерін шертті. Мен тебіреніп кеттім. Бұрын оның мандолина тартқанын көрмегенмін, бірақ сонау байып қайтқан жылы бір әдемі мандолинасы бар еді. Нәсіп бірнеше рет билегісі келіп оқталса да Уәлетдин оған ерік бермей, жеңінен тартып тоқтатты. Ау, біз бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған кісімен арыздасуға келіп отырмыз ғой. Әдеп керек.

Үшінші кастрөлді бастағанымызда Тәліп үр жаңа сұр пима киген аяқтарын кереуетінен салбыратып отыр еді. Осы кезде соғыс жайлы әңгімеміз майдан оқиғаларына, біздің солдаттың тапқырлығына, герман солдатының ақымақтығына ауысқан болатын. Тәліптің өзі де бірінші Герман соғысында біраз мылтық атқан, біраз шұлғау тоздырған кісі. Оның гвардияшы болғанын бүкіл әлем біледі. Қазір оның гвардиялық қаны қайнап, гвардиялық намысы қозып кетті:

- Жоқ, Уәлетдин, германды сөзбен қыра берме сен. Ол ессіз емес, біз ақылдымыз. Ол әлсіз емес, біз қайраттымыз. Герман саған сыпырып тастайтын қоқыр емес,Уәлетдин! Мен соны жеңіп гвардиями.! болғанмын! Сен де гвардияшы, мынау да гвардияшы, анау Нәсіп те гвардияшы. Кім қоян аулап батыр болды дейсің? Аю жыққан хас батыр!

- Гвардия алға! - Нәсіп жалғыз шынашағы шошайған қолын алға созып ұран тастады.

Бұдан соң әңгіменің берекесі қашты. Біз орнымыздан түрегеліп, құшақтастық. Одан әрі не болғаны түс көргендей. Әлгілер Тәліптің алдында тұрып салған соңғы әннің жартысын әрең еске түсіремін.

Ажалға дауа бар екен,

Махаббатқа бар ма екен?

Тағы мына бір жай есімде. Біз шығып бара жатқанда Тәліп ізімізден айқайлады:

- Ғажап жігіт екенсіңдер ғой! Сендермен бір отырудың өзі бір өмірмен тең!!

Біз шыққанда Тәліптің үйіне жұрт жиналып келе жатқан болатын. Кілең күле ме, жылай ма, анық айта алмаймын. Тұрғанымен бір тамаша! Күлдіргі!

Тәліптің ізінен қуған құдайдың қаралы бұйрығы он жылдан астам уақыт бойы әлдеқайда адасып жүрді. Сол арада ауылда алғаш рет электр шамын оның үйіне Уәлетдин өзі жақты. Би алаңдарында ол жұлқына билегенде жұрт баяғыдай қайран қалып, таңдай қақты. Ақжұлдыздың апасы Мәрғұбәннің (аты осылай екені анықталды) оған шын аңсары ауды. Бірақ оны Тәліп жақтырмады. Ақжұлдызға тырнақтай да тартпаған болып шықты. Біреуге - біреу, қисыққа тіреу үшін сүймегенге сүйкенбеді ол Соңғы сапарына дейін жалғыз өмір сүрді.

.. Ал Дим үстіндегі тас көпір әлі салынып жатыр. Әлдекімдердің ойында, үмітінде, салынып жатыр ол. Онсыз өмір жоқ...