БАКТЫБАЙ ЖОЛБАРЫСУЛЫ. БАК ЖУЛДЫЗДЫ БАКТЫБАЙ

БАҚ ЖҰЛДЫЗДЫ – БАҚТЫБАЙ

Бақтыбай Жолбарысұлы - XIX және XX ғасырлардың тоғысында өмір сүрген өрен жүйрік айтыскер ақындардың бірі. Ол бүткіл саналы өмірінде қалың бұқара - халық жағында болып, оның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мүддесін қорғап өткен.

Кезінде айтыс өнерінің небір мұзбалақтарын мүдіртіп, қалың қауымды сүйіндірген Бақтыбайдың шығармасы әлі күнге дейін арнайы, толық зерттелмей келеді. Зерттеуді былай қойғанда, ел ішіне кеңінен тарап кеткен айтыстары мен толғауларының, дастандары мен мысал өлеңдерінің жиналуының өзі көңіл көншітпейді. Жыр сүйер қауымның шүкіршілік жасап жүргендері Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қолжазбалар қорына түскен бірер айтыстары мен марқұм, фольклоршы Е.Ақжолтаев жинастырып кеткен "Жел қобыз" жинағы. Оның өзі алақандай ғана, болымсыз дүние.Әрине, өткенге өкіне беруге болмас. Әр нәрсенің себебі бар. салдары бар. Әгәрәкім, біртуар айтыскер ақынның нағыз зерттеушісі табыла қалса, біз ондай талапкерге: "Бақтыбайдың тегі және балалық, жастық шағы", "Бақтыбайдың бағы -Тезек төре мен Мәйке қыз", "Бақтыбай бас иген ақын - Қабан жырау", "Бақтыбай ардақтаған айтыскерлер", "Бақтыбайдың басымдылығы неде?", "Бақтыбайдың қырғыз ақындарымен тіл қақтығыстырулары", "Бақтыбай мен Абай ауылы", "Бақтыбайдың сазгерлігі хақында", "Бақтыбайдың мүшәйрәсі" және "Бақтыбайдың ізбасарлары" деген тақырыптарға көңіл қоюына бағдар берер едік. Олай болса, осы ойларымызға орай сөз арқауын тарқатып та көрелік.

Бақтыбайдың тегі және балалық, жастық шағы. Оның елі - жалайыр ішінде сиыршы аталады. Кезінде көсемдігімен де, шешендігімен де даңғайырланған бұл атаның шын есімі - Байгөбен. Сиыршы атануының сыры тереңде жатыр. Бұл жайында бір аңыз былай айтылады: Байгөбеннің Әлімбай деген бірге туған бауыры жер жайы, жесір таласы секілді еларалық шайқастардың бірінде қарақалпақ жігіттерінің қолынан қаза табады. Қарақалпақтар теңдік бермей, құн төлеуден бас тартады. Сонда Байгөбен жедел атқа қонып, сол кездегі Үргеніш, Дүберехан шаһарларына жақындайды. Соңына ерген қолы шағын болғандықтан да күннің батуын күтіп, түнге қарай әр төбенің басына маздатып, от жақтырады. Түн түнегінде ол мың сан қолдың қосынындай әсер береді. Сол сәтте ол қарақалпақтардың ортасына жалғыз барып:

– Ұлы жүз - үйсін боп түгел аттанған жайымыз бар, от жақтырмай отырған сайымыз бар. "Қолы қанға тиген қарақалпақ қой, құн бермейтін болса, сені қоса өлтірсін, қалғанын сонан соң көрелік" деп мені жұмсады. Алар болсаңдар, басымды алыңдар, әйтпесе, бүгінгі түннен қалдырмай, құнды алға салыңдар! - дейді.

"Берейін десе мал тәтті, бермейін десе жан тәтті" дегендей, аз-кем ойланған қарақалпақтар алыстағы түнгі оттардың қарамынан қорқып, Әлімбайдың құнын дереу сиыр малымен төлепті. Бір өзі барып бірнеше табын сиырды айдап шыққандықтан да болса керек. 16-17 жасар батыр жігіт - Байгөбен сол күннен бастап СИЫРШЫ деген лақап атымен танылып кетіпті-міс.

Сол сиыршының бел баласы бесеу. Олар: Жақсымбет, Сырымбет, Тоқымбет, Жолымбет, Шәлімбет. Бұлардың есімдері ел тарихында елеулі. Олардың ұрпақтары батырлық, балуандық, өнерпаздық, кәсіпшілдік жақтарымен көрініп, ел сүйіспеншілігіне ұдайы бөленіп отырған. Әсіресе, ынтымақтары күшті, ауызбірліктері мықты, өнердің әртүріне бейім оларды, "Ә, Бес беттің балалары дегін!" деп бұрынғылар аса құрмет тұтқан. Соған орай небір жайсаң жандар бұл "Бес беттен" көп шыққан. Солардың бірі - өз заманында Қол бастап, билік айтқан көсем де шешен, әулие, батыр - Жылкелдіұлы Ескелді (1692-1780). Оның әруағына қазірдің өзінде осы маңдағы Ұлы жүз - үйсін, Орта жүз -арғын, найман балалары түгелдей сыйынады. Басына түнеп, тілек тілейді Алладан.

Бала Бақтыбайдың әйгілі, адуынды ақын - Тезек төремен айтысуға барған сәтінде "біссімілләсін":

"Ия, алла, тіл - жағыма бергін медет,

Қолдай гөр, Ескелді атам, өзін демеп" –

деп сөз бастауы да сондықтан.

Бақтыбайдың бабасы - Аңламас. Одан: Аю, Жолбарыс, Уден. Жолбарыстан: Бақтыбай мен Тәттібай.

Міне, осы айтылғандарды шежіре сызбасына түсірсек былай болып шығады.

Бақтыбай 1835 жылы маусым айында Текелі тауының күнгейіндегі қабырғасы тастан қаланған жер кепе үйде жеті айлығында шала туыпты. Тас құрсағын кеңітіп, тас емшегін иітіп, жарық дүниеге мезгілінен алпыс күн бұрын "асығып" келген тұлабойы тұңғышын шешесі - Шәуке үш күн бойы ауыздандыра алмапты. Мұндайда нәрестелерді не жауырынмен, не қойдың құйрығымен, не құстың тілімен ауыздандыратын ескіден келе жатқан ырым бар екен. Жолбарыстың ағасы Аю қатардағы қара шаруа адам болса, інісі -Уден тұзақ құрып, құс ұстауға шебер бопты. Ол Қаратал өзенінің бойындағы ит тұмсығы өтпейтін қалың тоғай ішінен бұлбұл ұстап, өзбек саудагерлеріне сатады екен. "Өлмеске өлі балық" дегендей, сол Уден бір бұлбұлды ұстаған күйінде тілін жұлып алып, Бақтыбайдың аузына салыпты. Ұшы жіпке байланған жұмсақ тілді тамсана талмап, сора бастаған Бақтыбай әкесінің қасқыр терісінен тігілген тымағының ішінде екі айдай жатып, тез жетіліп кетіпті. Һәм ырымшыл, һәм наным-сенімдері күшті ел соған қарап, Бақтыбайдың ержүректілігін сол қасқыр тымақтың шарапатынан деп білсе, әскере әншіл, суырыпсалма ақындығын - нәресте кезінде таңдайымен татқан бұлбұл құстың тіліндегі қасиеті шығар деп пайымдайды.

Бұл жайында Бақтыбай бертін келе құрбы-құрдастарына: "Елден естуімше бұлбұлдың тілін мен алты күн еміппін, әттең, құдай, қайтерсің, егерде, жеті күн емдім бар ма, жер жүзінде теңдесі жоқ, әлемет әнші мен болып кететін бе едім, кім білсін?!" деп дауыстап кеп қалғанда, үнінің күштілігі соншалық, шәй құйып отырған келіншектер қорыққандарынан қолдарындағы кеселерін тастап жібереді екен.

Жалпы, Бақтыбайдың оқыстан ақырып қалуы бертінде барлық айтыстарында да қайталанып отырыпты. Бұл - оның өзіне тән ерекшелігі болғанға ұқсайды.

Сол Бақтыбай жеті жасқа келгенде әкесі мен шешесінен бірдей айырылып, төрт жасар інісі - Тәттібай екеуі жетім Қалады. Тәттібайды әкесінің ағасы - Аю асырап алады да, Бақтыбай бәйшегір еліндегі нағашыларын сағалап кетеді.

Сол кеткеннен мол кетіп, үш жыл жүреді. Ақыры бала неме әлденеге өкпелеп, нағашыларынан қашады. Бірер күн ішінде еліне жете де алмайды, таба да алмайды. Ақыры басы ауған жаққа лағып жүріп, намангандық сауда керуеніне тап болады. Олар "Ака!", "Ука!", "еліңді тауып береміз" деп алдап, өздеріне қолбала етіп өзбек еліне алып кетеді.

Бақтыбай сол керуенге ілескен бір жарым жыл ішінде Ташкен, Самарқан, Бұқара, Хиуа қалаларының бәрін аралап, талай нәрсені көріп, талай әңгімелерді естіп, көңіліне тоқып, құлағына құя береді. Күні кешегі аға сұлтан Тезек төренің бабасы - Абылай хан ұлы Әділдің Ташкен маңында туып, өскенін де сол сапарында біліпті.

Ұдайы керуен көшімен салпақтау әбден жалықтырған Бақтыбай күндердің күнінде олардан қашып шығады. Жолда аттай алты ай жүріп, он үшке аяқ басқан шағында еліне жетіп, Аюдың ешкілерін бағысады.

Кәріқұлақ қарттардың айтуларына қарағанда Бақтыбайдың тілі Бұқар жырау бабамыз секілді өте жай шығыпты. Он үшке шыққанынша міңгірлеп, анық сөйлей алмайды екен. Сол себеп болды ма екен, кім білсін, жас кезінде мал бағуға бейім болыпты. Жаз айларында жайлау күні қандай құбылмалы. Бір күні нөпір нөсер аяқасты төгіп салады да, алдындағы ешкілері бақылдай қашып, жартасты барып паналайды. Үстіндегі жеңіл киімінен лезде жауын өтіп кеткен Бақтыбай да ешкілердің соңынан жүгіріп, олардың арасына тығылады. Суық жел, салқын жаңбырдан соң демдері ыстық ешкілердің ортасын бұқпантайлаған Бақтыбайдың денесі жылып, маужырап, лезде ұйықтап кетеді. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде он сегіз мың ғаламды он сегіз шумақ жырмен сипаттап, бір жырлап кетсе, ай бойы тоқтамайтын Қабылиса-Қабан ақын аян беріп: "Балам, қамығып жүрсің ғой, айт тез, көген аласың ба, өлең аласың ба?" деп сұрайды. Бақтыбай ойланбастан: "Ата, көген алып көгерген тұқымымызда жоқ, өлең алам, өлең!" деп шап ете түседі. "Онда аузыңды аш" дейді аян беруші әулие - ақын. Бақтыбай жандәрмен аузын аша бергенде Ақын - Ата /Қабан/ үш дүркін үшкіріп жібереді. Сол-ақ екен ұйықтап жатқан жерінен апыл-ғұпыл атып тұрған Бақтыбайдың көмейіне өлең кептеліп, көпке дейін үні шықпай қалады. Өзіне не болғанын түсіне алмай, аңырып аң-таң күйде беткейге жайылып кеткен ешкілеріне қарай тұра жүгірген оның тілі де шығып кетіп, аузынан өлең-жыр бұрқ-бұрқ, түйдек-түйдек төгіліп сала береді.

Сондағы тұңғыш өлеңінің біраз шумақтары мынау көрінеді:

– Ойпырмай, бұл немене, бұл не қауіп,

Іздеп тұр бұл көңілім ойын-сауық.

Басыма бір оқиға пайда болды,

Қорғалап жатыр едім, жаңбыр жауып.

Ақ ешкі, қара ешкі, ешкі, ешкі,

Ойыным қалып барад ерте - кешкі.

Паналап сол бір жерге жатпас едім,

Барады жаңбыр өтіп, киім ескі.

Мына ешкі қарала ма, сарала ма,

Дүниеде мұндай ешкі жарала ма?

Кім білсін, осы жолы құдай білер,

Бақтыбай үйіне аман барала ма?

Аяндап аяқ жеңіл аттай желдім,

Келе сап үлкендерге сәлем бердім.

Ақырының не боларын құдай білед,

Әйтеуір, аман-есен үйге келдім.

Сөйлесем бек ашылар көңіл кілті,

Бар-жоғы білінбейді үйдің мүлкі.

Үй ішіне көршілер айтып жатты,

"Ақын болар Бақтыбай көтеріңкі!"

"Бақтыбай ақын болар" дегенге алғашқыда жүрдім-бардым селқос қараған ауыл адамдары бір күн өлең айтпаса тұра алмайтын халге жеткен бала ақынның балдай тәтті жырларын толассыз тыңдай берген соң, оның ақпа - төкпе, ағыл-тегіл, тұңғиық, түпсіз ақын боларын біртіндеп мойындай бастайды. Бірде ол өзін "Сатқақ!", "Жүгермек!" деп дігірлей берген көрші үйдегі жеңешесіне елдің көзінше:

– Жеңеше деп жүруші ем,

Жеңешемнен мін шықты.

Жеңешесі шыныңды айт,

Түнде үйіңнен кім шықты?

Айтпасаң айтпа енеңіз,

Лақтырды кімге ұршықты?

Ертеңгісін қанаған

Айтпасаң да көрдік біз,

Ұршық тиген тұмсықты.

Айтпасаң қой жеңеше,

Жолаушы ағам келгенде,

Бір салармын қырсықты! –

деп аймандай қылады.

Байқаған адамға Бақтыбай мен оған түсінде аян беріп, өлең дарытқан Қабан ақынның, жастық шақтарындағы өлең-жырлары сарындас келеді екен. Қабан ақын да жасаң кезінде жаңа түсіп отырған көрші үйдегі жеңешесі - Тұмаршаға:

"Жігітке амандаспай атын сұрап,

Елде жоқ Тұмаршадай бәдік қатын", –

деп өкпе-бауырын суырып алардай зырқ еткізіпті. Дарындардың ержетіп, есеюлері де тез бе дегендейсіз. Ұлағатты ұстазы да, талантты шәкірті де ел аузына ерте іліккен ғой. Бұл ретте, әсіресе, Бақтыбайдың орны бөлек-ақ секілді.

Оның өлеңдері негізінен өзі өмір сүрген ортадағы жеке тұлғаларға арналған. Олардың өзін үш топқа бөліп қараған жөн. Біріншісі, ешбір риясыз, зілсіз, тапқырлықпен тауып айтылған әдемі әзіл-қалжың өлеңдері. Бұған "Тұрысбек", "Ешкіөлместің жырасы көп", "Құрдасым Сыдық төреге", "Азырақ әзіл болды-ау көңіл ашар", "Жаман ауыз Аңдасбай", "Үйге тұрмас Меңлібай" және тағы басқаларын жатқызуға болады. Екіншісі, найман Маман әулетінің елбасшысы - Тәнекенің Есімбегіне, өз елінің белгілі азаматы һәм замандасы Малтабарұлы Есімбекке, үйсін - найман еліне беделі бірдей жүрген Жәлменде биге, аспандағы аққуға үн қосқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың ұстазы, ақын һәм әнші Уәйіске және тағы басқаларға арналған жеке жырларын айтуымыз жөн. Үшіншісі, "Арқалап домбырамды сағым қудым", "Кім қалар", "Тоғанның қазылуына" және тағы басқа өлең-жырларын ерекшелеп көрсеткеніміз орынды.

"Желқобыз" (1987) жинағына ақынның 19 өлеңі енген болса, енді ол жаңадан табылған: "Ойпырмай, бұл немене, бұл не қауіп?", "Жеңешемнен мін шықты", "Екі жылқы алдырдық", "Қонысбай байға тік тарттым", "Бір лағым бар еді текесымақ", "Қасқыр ұстар мынауың сырттан екен", "Дәм айдап кез келіппін сіздің жаққа", "Кетейін бір олжамды сізге байлап", "Уәйіс еді көктемі", "Нүсіпбек туғанда", "Мал тапсақ, жіп таппадық жетелерге", "Не айтасыз, Есеке?", "Ассалаумағалейкум, болыс - биім!", "Дос-жардың бата, дұғасы", "Екеу еді қайының", "Атамыз - Адам пайғамбар", "Билерге", "Уәйіс", "Әуеспіз Уәйістің ән-күйіне", "Саламын ән сал десең бүлкілдетіп", "Мен болдым сөйлер сөзге шапқан жорға", "Мен бе едім Үп-Әулие жек көргенің", "Тарланның талайымен жарыстым да" деген 23 өлеңімен толығып отыр.

Бұлардың үшеуі ("Дос-жардың бата, дұғасы", "Екеу еді қайының", "Атамыз - Адам пайғамбар") дүниеден озған жақсы адамдардың жақын-жан бар, асыл ана, жан жары, ұл-қыздарының өтініштерімен жоқтау түрінде шығарылған өлеңдер. Жалпы айта өтуіміз керек, жоқтау - әдет-ғұрып, тұрмыс-салт жырларына жататын өте көне жанр. "Табаны мұздан таймаған" мұзбалақ ақын - Бақтыбай оның хас шебері болған.

Мұның сыртында бұрынғы жинақта Бақтыбайдың 14 ақынмен айтысынан нұсқалар берілген болса, ол енді олардан басқа адуынды 9 ақынмен, атап айтқанда, қырғыз ақындары: Қатаған мен Көбелек, Арқаның ақтабан жүйріктері - Уәйіс, Самалдық, Түбек және оның келіні, жалайыр Бәйбек, найман елінің Арсалаң, сондай-ақ сол өңірдің ауыздары алты қарыс бір топ айтыскерлерімен тіл қағыстырулары бізге жеткен түрлерімен тұңғыш рет оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

Осылармен қатар ақынның "Қыз құлаған" дастаны мен "Төрт өнерпаз" атты мысал өлеңі де жаңадан табылған жыр мұралары екендігін айта өткеніміз орынды.

Әділдігін айту керек, оның айтыс өнеріне ұласқан жастық шағы сәтті басталған. Ол кезде Жетісу жеріндегі елдің билігі негізінен Абылай ханның ұрпағы Тезек төре Нұралыұлының қолында екен. Ақындығы мен әкімдігі тең түскен Тезек төре баз - базында халыққа зорлық-зомбылық жасап, тізе де батырып жүріпті. Бірде ол Бақтыбайдың жақын туысы -Жарлықамыс деген кісінің ай десе аузы, күн десе көзі бар, сұқ өтердей сұлу әйелі Дәнекерге көңілі ауып, ат жетектеп келіпті де, ақай-тоқайға қарамастан, алып қашып кетіпті. Күні кешегі аға сұлтан дәрежесіндегі Ресей патшалығының полковнигі, айбыны Алатаудай шынжыр балақ, шұбар төс Тезектің артынан бірден қууға жүректері дауамаған кедей-кепшіктер жастық шағы жаңа басталған 16 жасар Бақтыбайды орталарына алып, "кеткен кегімізді күшпен болмаса да, сөзбен қайтарып бер" деп өтініш жасайды.

Жалындап тұрған жас Бақтыбай халыктың бұл тілегін жерге тастамай, Матай тауының етегіндегі Күреңбел деген жайлауда отырған Тезек төренің ауылына жол тартады.

Алдына келген ақын баланың түр-тұрпатына қарап, келемеж еткісі келген кердең төре домбырасын ала салып айтысқа шығады.

Аламан айтысқа өмірінде тұңғыш рет түсіп тұрған жас Бақтыбайдың қаймықпастан, қасқия қарап тұрып, шынайы шындықты сондағы айта білуі қандай десеңізші?

Байы еді Дәнекердің Жарлықамыс,

Сіз тартып алды деген кетті дабыс.

Сирағын өз қойыңның өзің талап,

Қылмайсың, тақсыр төрем, неге намыс? –

деп, санасына сәуле түсіріп, ұялта келіп:

Баласы Абылайдың Тезек төре,

Қоймаған елден жылқы кезеп төре.

Бұл күнде ел жылатып алғанменен,

Берерсің тәңір алдында кезек төре.

Абылай аты шыққан Қамбарымен,

Отырсың Абылайдың сен малымен.

Қазақтың қой - жылқысы аз болды деп,

Жұттың ғой Дәнекерді дамбалымен, –

деп, нағыз ойып түсер отты тілділігін көрсетпей ме?! Ол аз болғандай:

– Бабаң Әділ бір кезде,

Дария көлдей тасыпты.

Мираспын деп қоқайып,

Абылай орнын басыпты.

Құба қалмақ келгенде,

Тыртыңдап кейін қашыпты.

Қазақ біткен жабылып,

Қайта басқан қалмақты,

Қуған екен қайырып,

Бес баспақ алтын алыпты,

Қалмақтардан қайырып,

Екі баспақ алтынды

Олжа деп елге салыпты.

Үш баспақ қалған алтынды,

Берместен ұрлап қалыпты.

Сол Әділдің тұқымы

Сен емес пе, хан Тезек,

Билеп жүрген халықты?

Тарылтты құдай санаңды,

Осы сөзім анық-ты! –

деп, оның төбесінен жай түсіргендей етеді.

Сол жолғы тұлабойғы тұңғыш, ұлы жеңісіне қол жеткізіп, көңілі көлдей тасып келе жатқан Бақтыбайға жолай жолыққандар, "Уа, шапағат дарып, ата әруағы қолдаған, Бақа, Әділдің өзің айтқан қылапетін бұл маңдағы кәріқұлақ, қартамыштарының бірі де білмейді, оны сіз қайдан естіп, біліп жүрсіз? Жоқ әлде, бопсалап жібердіңіз бе?" дегенде, Бақтыбай қарқылдай күліп:

– Оларыңыз рас, ол әңгіме бұл маңда айтылмайды. "Жүргенге жөргем ілінеді" демей ме халық. Мен тағдырдың тәлкегімен сарт саудагерлерге ілесіп, өзбек жерінде бір жарым жыл жүрмедім бе? Сонда, иманды бір қарт шежірешіден естіген сөзім болатын, қызын ұрасың ба, ол да әйтеуір, бір кәдеге жарады ғой! - деп мәз-мәйрамданған көрінеді.

Бұрынғылардың "көре, көре көсем боларсың, сөйлей сөйлей шешен боларсың" дегендері де осындай мысалдардан алынса керек қой.

Бақтыбайдың бір кереметтігі - замана тынысын, өмір өзгерісін дер кезінде сезіне қоюы деуіміз жөн. Бақтыбайдың есейген шағында қазақ елінің Ресейге қосылу үрдісі аяқталып, қоғамдық өмірдің жаңа жүйесі басталған. Хандық иелік құрдымға кетіп, аға сұлтандық мәңгілікке жойылған. Билердің де күндері қараңданып, ел билеудің жаңа, орысша тәртібі, заңы беки бастаған. Бұрынғы өмір салты қақырап, қаусап, жаңа қатынасқа көшіп, басқарудың басқаша тұтқалары пайда болған. Бақтыбай ел басқарып, мансаптың тәтті дәмін татпаса да, оймен ойлап, соны айна қатесіз танығандықтан ғой, кешегі хан Абылайдың тікелей ұрпағы - ақын һәм полковник Тезек төреге дәуренінің өткенін сездіріп, шымбайына батыра шындықты айтып, тісін басып, қатты састырғаны. Мұны Бақтыбайдың зеренділігі мен тереңдігі, қала берді ұлылығы демеске шараң қайсы?!

Тезек те тегін адам ба, айтысқан сәтінде жанында отырған суан елінің сұңғыла биі Қожбанбетке қарап, "Мен сияқтанған төреден төре туады, сен сияқтанған биден би туады, Қожбанбет. Қайтпайтын қайсарлықпен ойындағысынан жаңылмай, жазбай айтатұғын Бақтыбайдай ақын тумайды. Бақтыбай, нағыз айтқыш ақын өзіңсің. Сенен кім батыл айта қояр дейсің. Алдыңа адам баласы түсе қоймас" деуі қандай тектілік һәм парасаттылық болар деп ойлаймыз.

Өзінің ақындығының тұсаукесеріндей болған алғашқы сол аламан айтысы жайында Бақтыбай, "Айналайын, хан Тезек, сөз қадірін білетін қасиетті адам ғой. Тұтылған жерде ұтылдым деді даты, мойындап, айтысты доғарды. Рас, алғашқыда менің жүрегімді шайылдырмақ болып, екі дүркін қынаптағы қылышына ұмтылып, зәремді зәр түбіне жіберді. "Хан ұрса қайыры тиер" деген сөз болушы еді, сол ұшқан зәреммен бірге қырсығым да кетті білем, содан кейін-ақ, бағым жанып жүре бердім ғой, тәйірі" дейді екен. Әділ сөз. Осы айтыстан соң-ақ Бақтыбайдың бағы жанып, қанаты қатайып, заңғар биіктерге самғай беріпті.

Ойдан салса төсте озып, небір шаршы топтарда шашасына шаң жұқтырмай өткен желден жүйрік, жез таңдай, жел қобыз - Бақтыбай ақынның екінші бағы - шын мәнінде Мәйке. Бұл жөнінде жыр алыбы - Жамбыл бабамыз, "Мәйкемен айтысып, мәлім болған өзіңсің!" деп асқақтата дәріптеп те кеткен. Мұндағы мәселе - қырықтағы қырқылжың Бақтыбайдың он жетідегі уыздай жас Мәйке қызбен айтысып, оны жеңгендігінде емес, өзіне мәңгілік рухани жұп тауып, ақындық жаңа тынысының ашылып кетуі деуіміз керек.

Иә, ақын Мәйке Бақтыбайдың екінші тынысы ғана емес, оның жыр мұрасын отыз жыл бойы жатқа айтып, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кеткен Қазына - Ана. Міне, біз, сондықтан да "Бақтыбайдың бағы - Тезек төре мен Мәйке қыз" деп имандылық алдында ағымыздан жарыламыз.

Бірер ауыз сөз Бақтыбайдың үрім-бұтағы жайлы. Бақтыбайдың Мәйкеге дейін қалың малын беріп, үйленген әйелі - Айбала. Ол жалайыр ішіндегі күшік руының қызы. Айбала өзінің ожар мінез, одағай қылықтарына орай "Жөйіт" аталып кетіпті. Ел сөзіне қарағанда, ол табиғатынан біртоға, Үндемес, тәлімділігі төмендеу әйел болыпты. Тіпті, "көк инені көтке түрте білмейтін, ешнәрсеге ебі жоқ, ебедейсіз еді" деп те айтылады. Бақтыбай оған жиырма бес жасының шамасында үйленіпті. Туған балаларына Байқұлақ деп ат қойған екен, Айбала оны ұйқы үстінде ауыр денесімен басып қалып, өлтіріп алыпты. Бақтыбай бұны кейініректе:

...Бұдан бұрын Жөйіттен,

Туған еді Байқұлақ,

Ақын болып арындап,

Құлашты кеңге жайдым-ақ.

Өліп қалып Байқұлақ,

Көзді жаспен шайдым-ақ, –

деп есіне алады. Айбала екеуінің он бес жылдайғы қосылысқан өмірлерінде бұдан кейін бала тумағанға ұқсайды, туса да тұрмаған болуы керек.

Бақтыбай Мәйкемен некелескеннен кейін бірден балалары болмаған. Бертінде Нұрыш (1889-1962) деген қыздары туған. Ақындығы айқын болып тұрса да, Бақтыбай оған өлең айтқызбай қойған. Біз бұл апайды жас кезімізде көріп өстік. Жарықтық, 1962 жылы дүниеден озып, Талдықорған қаласының түбіндегі Нұра деген жердің зиратына қойылды. Осы зиратта Нұрыштың қызы - Жақанның (1915-1989 ж.ж.) сүйегі де жатыр.

Бақтыбайдың екінші перзенті - Нүсіпбек (Жүсіпбек). Ол 1900 жылы туып, 1961 жылы дүниеден озған. Сүйегі Алматы облысындағы Кербұлақ ауданынына қарасты Аралтөбе шаруашылығының "Ханымның сүйегі" деген зиратына қойылған. Нүсіпбектен тұқым жоқ Соған уайымдаған ол бойындағы акындық қабілетін қадірлемей, өмірін "пендешілікпен" өткерген.

Бақтыбай бас иген ақын - Қабан жырау (1686-1776). Кезінде жыр сүлейі - Аронұлы Сүйінбай сыйынған Асанұлы Қабылиса - Қабан ақын Жолбарысұлы Бақтыбайдың әу баста түсіне кіріп, аян берген, бертінде қысылған, қиналған тұстарында әруағымен желеп, жебеп жіберетін ПІРІ. Оны Бақтыбайдың қолымыздағы барша айтыстарынан айқын көруге болады.

Бақтыбай ардақтаған айтыскерлер. Біз бұл орайда Бақтыбайдың шығармашылығына қатысты: Жанақ, Түбек, Шернияз, Шөже, Арыстан, Орынбай, Сегіз сері, Сүйінбай, Майлықожа, Кемпірбай, Құлыншақ, Құлмамбет, Қарқабат, Қыпшақбай, Арсалаң, Бәйімбет, Жамбыл, Мәйкөт, Мәйке, Тезек, Жүсіпбек, Әріп, Әсет, Біржан, Сара, Сарыбай, Сарбас және тағы басқа сол заманның сарабдал саңлақ айтыскер ақындарын атай кетсек орынды болмақ.

Бақтыбайдың басымдылығы неде? Бақтыбайдың өзі айтысқан барша ақындардан басым түсіп, ұдайы жеңіс тұғырынан көрініп отыруының басты себебі не? Біздіңше оның төрт түрлі негізі болғанға ұқсайды.

Бірінші, ол халықтың жанашыр, жақын, дабылшысы, дауысы. Оның қас қабағын жазбай танып, мұң-мұқтажын тайсалмай, табанды түрде үлкен жүректілікпен кез-келген сәтте, кімнің алдында болсын, тежелмей, тепсініп айта білген.

Екінші, қай ақынмен шайқасса да, ең алдымен аузына ел қорғаған ерлерді, көп бастаған көшелі көсемдерді, қол бастаған қолбасшы, қамқор жандарды алып отырған.

Үшінші, халық өмірін, оның әдет-ғұрпын, салт-дәстүр, жөн-жосық, тарихын, тіпті, күйкі тірлік күйбеңінде жиі қолданылатын жол-жоралғы, шариғат заңдарына дейін жетік, зейінді болған.

Төртіншіден, маңайында болып жатқан ел ішіндегі жаңалықтар мен жағдайларға құлағын түріп, көзін тігіп, пайымдап, игеріп, жадында жақсы сақтай білген.

Осы айтқандарымыздың дұрыстығын, оның Тезек төре, Қыпшақбай, Мәйке және Бәйімбетпен айтыстарынан айқын көруге болады.

Бақтыбайдың қырғыз ақындарымен тіл қағыстырулары дегенде, оның өз заманындағы әйгілі Қатаған және Көбелек Деген айтыскерлермен кездесулерінен бүгінге жеткен үзінділерді келтіре кетудің ешбір оғаштығы жоқ. Қатаған салған жерден:

– О, Бақтыбай, Бақтыбай,

Шегірткедей шертиіп,

Инеліктей қатқыр-ай.

Айтысамын деп келіпсің,

Төбеңнен құдай атқыр-ай.

Өлеңменен өзіңді өлтірейін,

Тіліңді иллә-аллаға келтірейін.

Өзіңді өлеңменен жеңе алмасам,

Қаңғырып өле-өлгенше тентірейін, –

деп, суырыла жөнелгенде, Бақтыбай:

– Бақтыбай деген мен едім,

Сәтін салып, дәм айдап,

Шақырған соң кеп едім.

Басқа сөзді қоялық,

Көргенсіздік жасамай.

Үлкен аға, кішіңіз,

Сіздерге сәлем беремін,

Ас-салаумағалейкум, қырғыз елім! –

деп, ұшқалақтаған Қатағанның әптігін әп-сәтте басып тастайды.

Көбелек ақынды да көп сөйлетпей, сөзден мүдіртіп:

– Өлеңім осыменен тәмәм болсын,

Қырғызым жолыққанша аман болсын.

Жасөспірім кейінгі ұрпақтарға,

Тыныштық, әділетті заман болсын, –

деп, ағалық та, даналық та танытып, аттанып кетеді.

Бақтыбай мен Абай ауылы. Бұл ретте Абайдың айналасында әр кез, әр кез шоғыр жұлдыздардай болып жүрген: Сартаұлы Бодау (1805-1922), Жаңсақұлы Самалдық (1851-1925), Көбдікұлы Төлеу (1874-1954), Шондыбайұлы Уәйіс (1874-1925) және т.б. ақындармен дос-жарлық қарым-қатынаста болғандығы шындық. Тіпті, олардың әзіл -қалжыңдасып бірер шумақтармен жауаптасып қалған кездері де ел есінде жақсы сақталған. Бірде Самалдық Бақтыбайға:

– Көзге қораш сиықсыз жан екенсің,

Қара ішінде данышпан хан екенсің.

Биіктік көзі менен баста тұрған,

Қарлы таудай қаһарлы паң екенсің, –

десе, атақты Уәйіс (Әміре Қашаубаевтың ұстазы):

– Салынбай бостан-босқа балалыққа,

Бас идік Алатаудай даналыққа.

Бата алып сөз зергері Бақтыбайдан,

Сусындап жөнімізге таралық та, –

деп, құрмет көрсетеді. Бақтыбайға байланысқан бұндай жырлар Абай ауылында ұшан теңіз. Тек жинау, зерттеу керек!

Бақтыбайдың сазгерлігі. Әрине, Бақтыбай айтыстың ақыны. Ел аузында Бақаң әрбір ірі айтыстардың алдында алдымен домбырасына ерік беріп, есілтіп күй тартып, әруағын шақырғандай арқаланып, өзін-өзі күйлеп, лек-лек, толғам - толғам, әлде толқын, әлде дауыл сарынды саздарды сапыра төгіп, сарқырата ағызып, астан-кестең, алай-түлей арындатып алады екен деген аңыз бар. Сол шабыт шақыру - әзірлік әуендерінің күмбірлеген күйге айналып жатқанын ақын кезінде өзі де аңғармаған тәрізді.

Бақтыбайдың аталас туысы, марқұм Нұржігіт Жүнісбеков:

– Бақан, Тезек төремен айтысында тыңдаушы қауымды зеріктіріп алмас үшін, он алты түрлі әуенге салып, халықты қайран қалдырыпты, - деп айтып отыратын.

Қазір бізге Бақтыбай Жолбарысұлының: "Бақтыбайдың желдірмесі", "Шабыт", "Жарыс", "Жайлау кеші", "Қаратал", "Көл жағасында", "Әуен" деген күйлері жетіп отыр. Осылардың (алдынғы екеуін ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, "Отырар сазы" ұлттық оркестрінің жетекшісі һәм дирижері Жамағат Темірбаев, Талдықорғандағы "Алтын Дән" ән-би ансамблінің жетекшісі, композитор Әли Алпысбаевтар өз ұжымдарының күшімен орындап та жүр. Қалған әуендері нотаға түсірілмеген күйінде осы жолдардың авторында сақтаулы тұр. Ол күйлердің қайсысын тыңдасаңыз да, олардан мұқалмас жігер, шалқыған шабыт, сарқылмас қуат Үні еседі. Жүрек қылын шертердей нәзіктігі мен мөлдірлігі Де қайран қалдырады. Демек, айтыскер ақын Бақтыбай Жолбарысұлының ендігі зерттелер жағы - оның сазгерлігі екендігі ешкімге де күмән келтірмесе керек.

Бақтыбайдың мүшәйрәсі. Асанұлы Қабылиса-Қабан ақыннан соң Жетісу жеріндегі ақындық мектептің есігін айқара ашып кеткен - Бақтыбай Жолбарысұлы. Баршаға аян жыр сүйгіш Шығыс елдерінде ертеде мүшәйрә деген атпен тұрақты түрде жыр сайысының өткізіліп тұрғаны белгілі. Сондай сайысты Бақтыбай да өзінің іңгәлап дүниеге келген Балдырғанды сайының шығыс жағында, Шажа өзені көпірінен өткен тұстағы жонның үстіне әр жылғы шілде айынын орта шенінде үй тіктіріп, алтыбақан құрдырып, сол маңдағы: Мыңбұлақ, Суықтөбе, Күйелі, Ақтөбе, Сандықтас, Төлектің төрі, Сатылы, Сартөр, Сарыжазық жайлауларына дейін хабар салып, өнерпаздар сайысын өткізіп тұруды бағзы заманның өзінде-ақ бастаған екен. Сол жерді халық күні бүгінге дейін "Бақтыбайдың өрі" немесе "Тұлпардың тұяғы" деп атайды. Өзі тоғыз жолдың торабы, табиғаты тамаша жер. Көрген адамның көңілі тасып, өзінен-өзі ақын боп кете жаздайды. Ендеше ақын атамыздың дәстүрін неге жаңғыртпасқа?

Бақтыбайдың ізбасарлары. Ауыз әдебиеті мен халық өнерінің өсу жолына, тарихына қарап отырсақ, ұстаздар мен ұрпақтардың ұласып келе жатқан үлкен сабақтастығын көреміз. Сол сабақтастықтан ата дәстүр, ана салтты дәріптеп, өркенін өсіріп отырған ұлы ғибрат мектептерін де байқаймыз. Зейінді де зерек шәкірттерге олардың берерлері де мол болған. Қабан жыраудан кейін артына өлмес, өшпес бағалы бай мұра қалдырып кеткен суырыпсалма, айтыскер ақындардың бірі - Бақтыбай.

Бақтыбайды пір тұтқандар, ең бірінші, оның шеберлік, шешендік, тапқырлық, әншілік, күйшілік, сазгерлік жақтарына ден қойған.

Екінші, оның өз заманындағы шұбартөс, шынжыр балақты үстем тап өкілдерінен қаймықпайтын жүректілігіне, қайтпайтын қайсарлығына еліктеген.

Үшіншіден, пәлсафалық ой толғап, естіген ертегі, аңыз әңгімелерінен, хас батыр, қасқиған ерлердің бастарынан кешкендерінен, әр түрлі хикаялардан жыр-дастан, қисса, бәйіт шығарып отырған. Бұны жақсы білгендіктен болуы керек, қазақ әдебиетінің классик, дүлдүл ақыны I.Жансүгіров "Рүстем қырғыны" поэмасын бастаған кезде:

"... Қойғандай бәрін қолмен айтар еді,

Естісең Тәйкөтпенен Бақтыбайдан" –

деп, бір есілтіп өтеді.

Бақтыбайдың осындай қадір-қасиеттерін жақсы білген:

Қыдырәлі Меңдібайүлы (1868-1933), Мәулімбай Саяқбайұлы (1871 -1918), Есенгелді Ілімдіұлы (1872-1954), Қалқа Жапсарбаев (1886-1975), Темірғали Рүстембеков (1906-1976), Артық Жексембеков (1906-1981), Әбікен Сарыбаев (1926-1988) секілді оның ізбасарлары да көп болған. Бұлардың сыртында күні кешеге дейін айтыс өнерін жалғастырып та, жандандырып та келген: Алдаберген Абдырахманов, Асым Керімқұлов, Абай Асылбаев, Сейтжан Садықов, Маман Қайдаров, Асылақын Қалиев, Жапсарбай Шапанбаев, Кентай Исабаев, Құрманғазы Сақыбеловтар ел есінен әлі де ұмытыла қойған жоқ.

Ал бүгіндері небір аламан айтыстардың жеңімпаз жүлдегерлері атанып жүрген жетісулық: Айтақын Бұлғақов, Қаныша Раисова, Есенқұл Жақыпбеков, Қален Тәжібаев, Шәкурә Әліпова, Мұхамеджан Тазабеков, Балғынбек Имашев және тағы басқа жауқазын жастар да өздерін Бақтыбай мұрасын дәріптеуші, оның ақындық дәстүрін үлгі тұтушылар екендіктерін іс жүзінде дәлелдеп те жүр.

Айтыс өнері - асыл мұра, жыр қазынасы. Қазақ халқы үшін жыр қазынасынан өзге басқадай бағалы дүние аз. Оны қастерлеу, арыдан келе жатқан ата дәстүр, ежелгі салт. Тіпті, ақындық пен айтыс егіздесе келіп, ұлтымыздың өзіне тән ұлағатты ерекшелігін құрайды. Қысқартып айтар болсақ, ақындық пен айтыс қазақ халқының тарихи да, табиғи нышаны - символы! Оның әу басында өз өлкемізден: Қабан жырау, Сүйінбай, Жамбыл және Бақтыбайлар тұр. Бұл - жырдан дария ағызған ел үшін үлкен мақтаныш!!!

Бақтыбай шығармашылығының тағы бір қыры - оның Дастаншылдығы. Ілгеріде айтқанымыздай ол естіген ертегі, аңыз әңгімелерден, хас батыр, қасқиған ерлердің бастарынан кешкендерінен, әр түрлі хикая, әфсәналардан, тіпті, ел ішіне кеңінен тараған "Мың бір түннің" жеке тарауларынан жыр, дастан, қисса, бәйіт шығарып, қалаған сәтінде халыққа айтып беріп отырған. Солардың ішінен бүгінге дейін бізге жеткен біреуі - "Едіге -Нұран" дастаны болса, енді ол "Қызқұлаған" поэмасымен (дастанымен) және "Төрт өнерпаз" хикаясымен толықты. Ақиық ақынның бұл шығармаларымен зиялы қауым осы жинақта таныса алады.

Бақтыбайдың өлең, жыр, толғау, дастандарын сөз еткенде оның құнарлы да, шұрайлы тіл байлығын, тауып айтар тапқыштығын, ұшан-теңіз сөздік қорын, көз алдыңызға көрікті сурет болып елестер теңеулерін, сондай-ақ сөз ойнатуларына еріксіз таңдай қағып, таңырқап, қайран қаласыз. Ана тіліміздің ғажайып қоймасындай әсер қалдырады. Ол халқымыздың қанатты сөздері мен мақал-мәтелдерін ұтымды пайдаланып қана қоймайды, өзі де сұлу сөздердің тіркестері мен тізбектерін тудырып, кестелеп кетеді. Тұжырымдай айтсақ, Бақтыбай Жолбарысұлы халық ауыз әдебиетінен еркінше сусындап, ерекше қалыптасқан қайталанбас тұлға.

Сөз соңында айта кетер бір мәселе бар.

Ол - Бақтыбай Жолбарысұлының туған жылы туралы. Бұл жайында әр жерде әр түрлі жылдар жазылып жүр. Айталық, өзінің "Желқобыз" атты кітабында "... туған жылы 1842 жыл" делінсе, "Айтыс" / Жазушы, Алматы, 1988 ж., 340 б./ кітабының екінші томында "... 1844 жылы дүниеге келген" дейді. Ал "Айтыс" / Жазушы, Алматы, 1965 ж. 1 т. 538 б./. "Бес ғасыр жырлайды" / Жазушы, Алматы, 1984 ж. 2 т. 197 б./ Қазақ совет энциклопедиясы / Алматы, 1973 ж. 2 т. 112 6./ және "XIX ғасырдың қазақ ақындары" / Ғылым, Алматы, 1988 ж. 165-175 б.б./ кітабында Бақтыбай Жолбарысұлының туған жылы - 1835 болып көрсетіледі. Тағы бір таңқаларлық нәрсе - осы кітаптардың бәрінде де ақынның қайтыс болған жылы әр түрлі.

Сонда мұның анығы, ақиқаты қайсы? Осыған жауап іздеп жүргенімізде Бақтыбайдың еш жерде жарық көрмеген ел аузындағы "Есімбекке" деген өлеңі қолымызға түсті.

Оның үзіндісі былай:

– Ассалаумағалейкум, Есімбек,

Не айтасыз, Есеке?

Шақырыпсыз келсін деп.

Шақырған әлде боларсыз,

Қазы-қарта жесін деп.

Келгеннен алдың тыңшымды,

Жоғары шық, шешін деп.

Үлкен ем сізден бір-ақ жас,

Тұрсың ба құрдас болсын деп...

Әзіл айтам аз ғана, Бибісалма жұбайың,

Артық сөз болса кешірмек.

Мұндағы Есімбек кім? Сиыршының Жақсымбетінен тарайтын Малтабардың баласы Есімбек - менің көп зерттеген адамым. Ол зорлық-зомбылыққа қаны қас, халыктың қамын ойлаған хас батыр. Бақтыбай ақын кезінде өркеуде, өзімшіл Тезек төрені іздеп барып айтысып, тізе бүктірсе, Есімбек сол төренің есігінің алдына ат ойнатып, оның сатын сындырған. Сөйтіп біреуі ақындығымен, біреуі батырлығымен әйгіленген екі ұлан көп мәселелер бойынша пікірлес, мүдделес шығып, бірін-бірі қолдап, құрметтеп отырған. / Есімбек туралы мен "Қара дауыл" деген әңгіме де жазғанмын. "Әке сыры", Жалын, Алматы, 1982 ж./. Есімбек батырлығымен қатар өз бетінше оқып хат танып кеткен, білімдар кісі. Оның үйіне әр кезде атақты Біржан сал, Жаяу Мұсалар тоқтаған. Батырдың немересі - Нұржігіт/1903-1987/ ескіше көп оқыған зейінді, зерек жырсүйгіш, шежіре адам еді. Реті келіп тұрған соң айта өтейік. Осы мақаланың бас жатында үзіндісі берілген Бақтыбайдың екі өлеңі де осы Нұржігіт қария арқылы бізге жетіп отыр. Ол кісінің тапсырып кеткен біраз жырлары қолымызда.

Бақтыбайдың жаңағы, " Есімбекке" арналған өлеңі табылған бойда ел тарихына да жетік Нұржігіт қарияны / Талдықорған ауданы, сол кездегі " Жетісу" колхозы / іздеп барғанбыз. Қашанда қалыпты қимыл, бір мінезді бұзбай, байыпты жүретін көнекөз қарт асығып, абдырамай араб әріптерімен моншақтай етіп, мөлдіретіп жазған қалың шежіресін көтеріп, "Малтабарұлы Есімбек 1836, мешін жылы туған. 1922 ит жылы 86 жасында Алланың аманатын тапсырған. Бірінші әйелі найман қызы Бибімаңша, ол кісі қайтыс болған соң арғын ішіндегі қаржас елінің Бибіғайша деген қызын алған. Ол кісі де қайтыс болғаннан кейін, суан еліндегі Бибісалма деген қызға үйленген. Өлеңнің ішіндегі әйел - осы Бибісалма" - деді.

Ал Есімбек 1836 жылы туған болса, "үлкен ем сізден бір-ақ жас" деп отырған Бақтыбайдың 1835 жылы туғаны талассыз болғаны ғой. 1965 жылы "Айтыс" кітабының бірінші томында да, энциклопедияда да осы 1835 жылдың көрсетілгендігін ілгеріде айтқанбыз. Бұл мәліметті берген - халық ақыны Қалқа Жапсарбаев /1886-1975/ Бақтыбайдың алдын көрген адам. Тіпті алақанын жайып, ақбатасын алған ақын. Демек, Қалқаның сөзінде де қателік жоқ.

Ал қайтыс болған жылына келетін болсақ, Бақтыбай дүниеден өткен кезде баласы Нүсіпбек (Жүсіпбек) төрт жаста екен. Оның мүрдесінің басында (Кербұлақ ауданы, Аралтөбе совхозы, " Ханымның сүйегі" зираты) "Бақтыбайұлы Нүсіпбек 1900-1961" деп жазылған. Қазақтардың туған жылды да бір жылға санайтынын ескерсек, 1900 жылы туған Нүсіпбек 1903 жылы төрт жаста, яғни сол жылы Бақтыбай Жолбарысұлы қайтыс болған.

"Әкем өлгенде төрт жаста едім" деген Нүсіпбектің сөзін бізге сол Аралтөбе совхозында тұратын Бақтыбайұлы Нүсіпбектің замандасы, әрі оның аталас, жақын туысы, кезінде колхоз, ауыл кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған Нұрбай Байшапанов деген қария айтты. Нүсіпбектің басына қоршау темір қойғызып, оған ілінген қаңылтырға марқұмның аты-жөнін шекіп жазған да осы Н.Байшапанов екен.

"Әкем өлгенде төрт жаста едім" деген сөзді Нүсіпбектің зайыбы Күләш апай да растап берген. Ол кісі сол кездерде Талдықорған облысындағы Сарыөзек кентінде, қызының қолында тұратын.

Қорыта айтқанда, халқымыздың аса ардақты ұлдарының бірі бұлбұл ақын Бақтыбай 1835 жылы туған, 1903 жылы қайтыс болған. Оның туғанына 1990 жылы 155 жыл толған. Оған ел болып еңсе көтеріп, мәдени шаралар жүзеге асырылды. Ac беріліп, ат шаптырылып, ақындар айтысы өткізілді. Ел қорғаған ерлерді, бақытқа жеткізер еңбекті, елдігіміздің белгілері: әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, халықтармен достықты ғұмыр бойы жырлап өткен ақиық ақын " Кім қалар " деген өлеңінде:

... Малым жоқ, жасау жамбы кімім қалар,

Басыма белгі тұрса болады да, –

деп, әлде өтініш, әлде мұң сықылды артына сөз қалдырыпты. Ақынның аманатындай сол сөзге орай, 1990 жылы оның зиратының басына зәулім ескерткіш орнатылды. Мәйке екеуінің қатар жатқан қабірлерінің үстіне екі мәрмәр тас қатар қойылып, олардың беттеріне: " Бақтыбай Жолбарысұлы (1835 - 1903Ж.Ж.) "," Мәйке Бәйгөзқызы ( 1858-1932 ж.ж ) " деп ойып жазылған.

Заманындағы жыр сайыстарында ешбір айтыскерге алдырмай да, шалдырмай да кеткен алдаспан жүзді ақиық ақын соңғы бір өлеңінде:

Жазу-сызу дегеннен хабарым жоқ

Өлеңді көрге сүйреп кетемін бе?

Бір сөзім кітап болып шықпаған соң,

Арманды сөзіме арқау етемін де.

Армансыз пенде болмас деген рас,

Мен дағы сол арманменен өтемін бе?

Кейбіреу жаттап алып айтып жүрер,

Бақтыбай айтыпты деп өтерінде, –

деп, жүрегіне шер боп байланған мұңын да шатып кеткен екен. Ақынның ағайын-туыс, ел-жұрты оның да орнын толтырып келеді.

Биыл - 2005 жылы Бақтыбай Жолбарысұлының туғанына 170 жыл толып отыр. Осынау тарихи үлкен күннің Құрметіне оның тікелей ұрпақтарының бірі - академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылымға еңбегі сіңген Қайраткер, химия ғылымының докторы, профессор Еділ Ерғожиннің ұйымдастыруымен һәм демеушілігімен осы кітап жарық дүниеге келді. "Жақсының жақсылығы әр неден көрінер" деген де осы болар, сірә. Атасын сыйлаған азаматқа мың қайтара алғыс айтсақ артық па? Артық емес, әрине, адамгершілік!

Ел аузында, "ердің ерлігі, елдің елдігі" деген қадым заманнан қалмай келе жатқан қағидалы сөз бар. Соның дәлеліндей болып, бұғанға дейін жез таңдай, күміс көмей бұлбұл ақынның "Жел қобыз" (1987) атты бір жинағы және Ораз Исмаиловтың ақын еңбегін зерттеп, оған оның жаңадан табылған туындыларын қосып бастырған "Бақтыбай" ("Шартарап", 2000 ж.) атты кітабы ғана жарық көрген болатын. Айта өтуіміз керек, кезінде "Жел қобыз" жинағының да жарық көруіне көп енбек сіңірген Е.Ерғожин еді.

Ал енді ақынның 170 жылдық мерейлі мерекесіне орай "Басылып жатқан қазынам..." атты толықтырылған, жаңа жинағы қолдарыңызға тиіп отыр. Шүкір, Алматы облысының орталығында Бақтыбай атында мектеп бар, Бақтыбай атында көше бар. Ескелді ауданындағы туған ауылы ақын есімімен аталады. Осылардың бәрі ақынның талантына деген құрмет, үлкен ілтипат болса керек.

Қуанышымыз мәңгілік болғай!

Ораз Исмаилұлы,