КОНСТАНТИН ПАУСТОВСКИЙ. КУМИС КОМЕЙЛИ БАЛА

КҮМІС КӨМЕЙЛІ БАЛА

(хикаят)

Аударған Әбілмәжін Жұмабаев

Мен Жеребцов ғұмырына қатысты құжаттардың жоғалып кеткеніне қынжыламын, ал оның бізге жеткен жұрнағы үзік-созық та мардымсыз.

Әскери қызметінен босаған Жеребцов жолы болып, тап өлерінің алдында жазушы Евсеенкомен танысады. Со бір жазушы "Нива" мен "Родина" журналдарына әңгімелері мен хикаяттарын ынталы ұқыптылықпен жеткізіп тұрады. Оның бос уақыты ете көп оқырмандарға, көбінесе саяжайшыларға арналып жазылатын қара-дүрсіндеу дүниелерінен таланттың ізі жылт етіп те көрінбейтін.

Евсеенко бірдеңені ойлап таба қоятын дарыннан құр алақан емес еді, бірақ өзінің көптеген замандастары сияқты, (гәп өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдарына қатысты болатын), жұрттың көңіл күйін аулау құмарлығының жұқпалы дертіне ұшыраған еді. Ол табиғаттың, адамдардың, жануарлардың, өз басының көңіл күйін, тіпті тұтас бір қалалар мен Мәскеу түбіндегі саяжай орындарының көңіл күйлерін сипаттайтын.

Сол орындардың біреуінде ол Жеребцовпен де танысып, өзінің тәжірибелі көзімен ол осынау қаусап тұрған қайырымды теңізші жадында әйтеуір бір әдеби сюжетті міндетті түрде сақтап жүрген шығар деп ойлаған, сөйтіп ол со сюжетті іліп әкету ісімен айналысады. Сюжет қолға ілінбейді, бірақ ол әңгімені бір жазуын жазады да бастырып үлгірмейді, өйткені құрт ауруы асқынып кетеді, сосын оны Ялтаға аттандырады, ақыры со жақта өліп тынады. Оның әңгімесінің қолжазбасы мені Қарабұғаз шығанағын алғаш рет зерттеген Жеребцов ғұмырының соңғы күндері жайлы деректер болғаны себепті ғана қызықтырған, аса қажетті қысқартулар жасап, енді мен соны осы араға келтіріп отырмын. Әңгіменің аты "Зауалды қате".

"Егер сіз, оқырман, көркемсурет көрмелеріне барғам болсаңыз, онда шет аймақтың құлқайыр қаптай өскен аулалары бейнеленген суреттерді ұмытпаған шығарсыз. Әбден тозығы жеткен, бірақ қабырғаларына жанама құжыралар мен қанатшалары салынған жылы үй, терезеге таяу өскен жөке ағаштары (онда ұзақ қарғалар ұя салады), аткөпір жаңқалар үстін басқан қалың шеп, жіппен байланған қара күшік, тақталары сынған кетік шарбақ. Шарбақтың ар жағы суреттей сұлу өзеннің айнадай айдыны мен күзгі орманның жалқын сары алтыны. Қыркүйектің шағырмақ жылы күні.

Көне үйге жақын-жуық жерден зулап етіп жататын саяжай пойыздары, сарғая бастаған орманына тозаңдана сіңіп жатқан паровоз буының бұлты табиғат суретінің ажарын аша түседі.

Егер сіз, оқырман, күзді жақсы көретін болсаңыз, онда біліп қойыңыз, күз күнінде суық лептен өзендер суының түсі көкпеңбек болып, жалтырап кетеді. Ал сол күнгі ру айрықша бір мөлдір көк түсті тапқан еді, оның бетінде төңірегіне тәтті дымқыл иісін сеуіп, талдың сары жапырақтары жүзіп жүрді.

Қайыңдардың ылғал жапырақтары сіздердің бәтіңкелеріңізге, вагондардың тепкішектеріне, вагондардан ұмсына қарап тұрған шетаймақ адамдарына өз тауарларын мақтап жататын мәскеу көпестері сыртыңдағы айлапаттай тақтай қалқандарына жабысып жатыр.

Міне, осынау қалқандар туралы, әсіресе солардың қалың жұртты Катыктың шылымын тартуға шақыратын біреуі туралы, сіздерге, оқырман, айтып бергім келеді.

Өзіміз әлгіде ғана айтып өткен қыркүйек күнінде, дәп осындай, жауын-шашын мен күн өтінде тұрып көнерген, жарнамалы үлкен қалқан қасынан, мен, көнетоз теңіз шенелін киген шалды кездестірдім. Әсіресе, шалдың солтүстіктің самарқау күзінде соншалық тотығып кеткені, аппақ шашы мен сақалының аясынан айқын көрініп, кісіні таңғалдырады. Шалдың бет-аузына ыстық теңіздер күні шұғыласының сіңіп кеткені сондай, оның іздерін орталық Ресейдің жауын-шашыны да жоя алмапты.

Шал таяғына сүйеніп, Катыктың тек өзінің шылымын ғана тартыңыз деген үндеуін бәсең дауыспен келемеждей оқып тұр екен.

- Кәззап! - деп айқайлап, шал таяғын бір сермеп қалды. - Алаяқ, бірақ басы жұмыс істейтін субъект.

- Сіз кімді айтып тұрсыз?

- Катык туралы, мейірімді мырза, фабрикант туралы айтып тұрмын, - деді шал бұған ықылас білдіріп. Сөйлескісі келіп тұрған секілді.

Мен одан: "Катык неліктен алаяқ және кәззап?" - деп сұрадым.

- Бұл өзі тым ұзақ тарих. Жүріңіз, одан да біздікіне барайық - мен осы жақын жерде тұрамын, - шай ішейік. Мен сосын рет-ретімен сізге Катык жөнінде де айтып берейін.

Шал мені жоғарыда айтылған шағын аулаға ертіп әкелді, іші мұнтаздай таза бөлмеге кіргізді. Текшелерде қауырсындары қызғылт, аяқтары сыйдиған ұзын құстардың тұлыптары тұр. Қабырғаларға қызыл қарындашпен сызылған көптеген теңіз карталары және жасыл да дауылды теңіздің құлазыған бос жағалауын бейнелейтін акварелдер де ілініп қойылыпты. Үстел үстінде мұқият реттелген ескі кітаптар жатыр. Мен олардың аттарына көз жүгірттім - олар әр түрлі теңіздердің гидрографиясы жөніндегі және Орта Азия мен Каспий теңізіне жасалған саяхаттар жөніндегі еңбектер екен. Кішкене қызбала, қожайынның қызы самаурынды қойғанша, шал феодосиялық сары темекінің құтысын ашып, жуан етіп шылым орады.

- Енді, әкетайым менің, - деді ол темекі түтініне оранып жатып, - бәрінен бұрын танысалық, кәне. Мені Игнатий Александрович Жеребцов деп атайды. Мен қызметті қойған теңізшімін, гидрографпын, Каспий теңізінің карталарын құрастырушымын. Өзіңіз көріп отырғаныңыздай-ақ, сексенге келген кісімін. Сіз Катыктың жайын сұрадыңыз. Ендеше менің сізге айтатыным, Катык, менің жас күнімде, Каспий теңізімен жүзу сапарымды енді ғана аяқтаған кезде, жіберген қатемді мүлде сәтсіз түзетіп келеді. Менің қатемнің түйіні мынадай еді - со теңіздегі Қарабұғаз шығанағын, - сіз ол жөнінде есіттіңіз бе, жоқ па, білмеймін, - мен оны зерттеген бірінші кісімін және соны ешқандай табиғи байлығы жоқ болғандықтан да мемлекетке ешбір пайдасы жоқ деп тапқан сабазбын. Бірақ, бұған қоса бір айтайын дегенім, шығанақтың түбі тұздан тұратынын мен тапқан едім, кейін оның глаубер тұзы екені анықталды.

Ауасының құрғақтығы, суының жебір де қоюлығы, құлазыған бостығы және ең соңында, шалқыған кеңдігі жөнінен Қарабұғаз мүлде төтенше жер. Оны құм шағылдары қоршап жатыр. Соның суында жүзген сапарымнан кейін мен тыныс буылатын тұншықпа дертіне ұшырадым. Тек осы маңда, теріскейде ғана, сол аурудан әрең құтылдым, әйтпесе, әкетайым, түн құрғатпай тұншығып, өліп қала жаздайтынмын.

Өзімнің ақымақтығымнан мен шығанақтың қыл мойнынан буып, бөгеп, теңізден бөліп тастау керек деген ұсыныс жасай жаздадым үкіметке.

Неге, деп сұрайсыз ғой? Айтайын, оның Каспийдің қисапсыз көп, үйір-үйір балығын улаңқырып жатқан суының сұмдық зиянды екеніне анық көзім жеткен еді. Мұның үстіне со жылдары теңіздің жұмбақты түрде тайыздап кеткенін, мен Каспий суын шығанақтың тоймай да қоймай жұтып жатқанынан деп пайымдадым. Судың шығанаққа бар пәрменімен ағындап келіп, құйып жататынын сізге айтуға ұмытып кетіппін. Мен егер шығанақты бөгеп тастаса, онда теңіздің деңгейі жыл сайын бір вершоктай (4,4 см.) көтеріле бастайтынын есептеп шығарып та қойдым. Мен бөгетке шлюздер орнатып, теңіз деңгейін кемелердің жүзу қажетіне қарай реттеп отыру жайын күнілгері ойластырдым. Бірақ маркұм Григорий Силыч Карелин мені со бір есуастық жобаны жасамауға үгіттеп көндірді.

Со бір, шын мәнінде төтенше жобаны, шалдың неліктен есуастық жоба деп атағанын білгім келді.

- Байқайсыз ба, әкетайым, шығанақ түбінің глаубер тұзынан тұратынын мен әлгіде айттым ғой. Ғалымдардың болжауына қарағанда, шығанақтың суында жыл сайын со бір тұздың миллиондаған пұты шөгеді. Глаубер тұзының бүкіл әлемдегі ең үлкен кен орны деп айтуға болатын осынау шығанақ өзгеше байлық көзі - міне осының бәрі кенет бір ғана соққыдан жойылып кетер еді.

Менің екінші қателігім осы солтүстік тұрағымыздың кінәсінен пайда болды. Менің өз басым калугалықпын, ал он бес жыл уақытымды Каспий теңізінде өткіздім. О жақта - егер сіз о жаққа барған болсаңыз, білуге тиістісіз - жабырқаушылық та, шаң-тозаң да, ышқынған жел де, қу мекиен шөл де сонда, бірақ шөп-бұта да, ағаш та, тап-таза ағын су да жоқ - Қарабұғаздың сарқылмас мол байлығы жөніндегі күмәнді ой басымда туысымен, менің сол іспен бірден айналысуым керек еді, ерғара ғалымдарды соған жұмылдыруға тиіс едім, бірақ мен соның бәріне қолымды бір-ақ сілтеп, тезірек үйге, Жиздраның ормандарына қайтуды ғана ойладым. Маған күллі тұзымен қоса Қарабұғаздың өзі де керек болмай қалды. Калуганың алаңдары аралас шоқ-шоқ тоғайларын, мен, Қарабұғаздың оншақтысына айырбастамас едім. Білесіз бе, сонау бір бармақтай бала кезімде бастан кешкен күндерді аңсап, саңырау құлақ иісі аңқыған ауамен тыныстап, жауын астыңда жамырап қоя беретін жапырақтар шуылын тыңдағым келді.

Біздің әлсіз әуестігіміз ақылдың әмірінен де күшті болатыны түсінікті ғой. Мен атақ-даңқтан бас тартып, адамзат тегі алдында қылмыс жасадым деуге де болады, сөйтіп Жиздра түбіндегі үйіме кетіп қалдым - және бақытты да болдым. Ал бірақ со кездері лейтенант Жеребцов шығанақтан оның түбі таңғаларлық тұздан құралғанын тауыпты деген сыбыс ғалымдарға да жетеді. Шығанаққа түрікмендерді жұмсайды. Олар суды шыныларға құйып әкеледі. Сосын оған тәжірибе жасап көреді, сөйтсе ол таза глаубер тұзы болып шығады, бұнысыз әйнек жасау да, басқа да көптеген өндірістің болуы да мүмкін емес көрінеді.

Дөп со тұста алаяқ Катык сумаң етіп шыға келеді. Шылым мен бәйге аттары аз болғандай-ақ, ол енді шығанақтан тұз өндіруге бел байлайды, бір жақсы жері - қыста толқын оны жағалауға тау-тау етіп лақтырып тастайды. Бұл үшін ол қолма-қол акционерлік қоғам құрды, жұрттың бәрінің басын айналдырды; тұзды тасып жатпайды, Қарабұғазды үкіметтен толық күйінде дерлік өз иелігіне алады. Міне сол себепті де сіздің Катыгіңіз -нағыз сұрқия.

Бұдан әрі қарай Евсеенко өз хикаясында Жеребцовтың қожайынның кішкентай қызымен сөйлесетін қызықты әңгімелерін және со маңайдағы балалармен дос болғанын егжей-тегжейіне дейін сыпаттайды. Олар үшін Жеребцов балық аулау мен көгершіндерді жаттықтыру мәселесінде күмәнсіз беделді кісі болған. Балаларды ол "томпаң", "қандала" деп атайды екен.

Мейрамдар сайын оған Мәскеуден қайтыс болған мектептес жолдасынын ұлы - тамағында күміс түтігі бар бала (осынау жолдасына жазған хатын біз бірінші тараудың бас жағында келтіргенбіз) келіп кететін. Олар екеуі бірігіп, құстарды ұстайтын тор не қармақ жасайтын, не болмаса химиялық тәжірибелер жасаумен айналысатын.

Кей кездері Жеребцов баланы үйінде қондыруға қалдыратын. Сонда оның бөлмесінде түннің бір уағына дейін екеуінің күбірлескен әңгімелері басылмайтын. Жеребцов өзінің теңізде жүзген сапар-саяхатын жыр етіп айтатын. Обалы не керек, бұның ешқашан да дәл осындай зейінді сұхбатшысы болып көрмеген еді. Бала тыңдауын тыңдаса да, сосын терезелер сыртыңдағы жұлдыздарға қарап, көпке дейін ұйықтай алмайтын. Оның есесіне олар сосын балаға ұқсап, қатты ұйықтап қалатын. Тіпті қораздардың жаңа, сұрқай күнді қуана құттықтап, қырылдап шақырғаны да олардың тәтті ұйқысын бұза алмас еді.

Бір күні тап осындай таңертеңгі шақта Жеребцов оянбай қояды.

Оны орман шетіндегі құлазып қалған қорымға апарып жерлейді. Жерлеу рәсіміне саяжайдың қожайыны - Мария тоғайындағы етік ісмерханасының иесі, күміс көмейлі бала, бірнеше көгершін өсіретін балалар мен Евсеенко келеді.

Арада бір апта өткеннен кейін моланы жирен қылқандар басып қалды. Сосын ұзақ жаңбырлы түндер мен қысқа суық күндер басталады да Жеребцовты күміс көмейлі баладан басқа жұрттың бәрі ұмытып кетеді. Ол сирек те болса Мәскеуден мола басына келеді. Келеді де бірнеше минут үнсіз тұрады, содан кейін жасанды ұзын жолмен паровоз буы бұрқырап көкке көтеріліп жатқан станцияға қарай жүріп кетеді.

Енді қазір Жеребцовтың моласын табу жөніндегі іс-әрекеттің бәрі де әурешілік болып шықты.