Гафу Кайырбеков. Олендер, поэмалар. ІV

ГҮЛ ІШІНДЕГІ ХАТТАР

(поэма)

Профессор Кәмила Досқызы Өтегеноваға

I

Сәске түс. Июльдің бір балбыраған

Күні еді, ыстық, сәуле жамыраған.

Қаз-қатар ақ теректің саясымен

Ағылған Алматыда қалың адам.

Кім келді, кім кетті! деп білу қиын,

Секілді сарқылмайтын ұлы жиын.

Сан сапар сапырылған тұрмыс толқын,

Толтырған есік пен төр — Тірлік үйін.

Бәрі сау, көрінеді, бәрі де аман,

Бәрінің көзі жоқтай дамылдаған,

Еш кісі үйде отырып қалмағандай,

Еш адам секілденер ауырмаған.

Еш шығын болмағандай, толық бәрі,

Жөнелген бас изесіп жолыққаны,

Қаратпас алды-артыңа бір жылдамдық,

Секілді жойқын жүріс жорықтағы.

Ғажап қой үлкен қала қозғалысы,

Өмірдің білінбейтін көзге ағысы!

Үлгіріп, бірдеме істеп тындырғандай

Тек мынау жылдамдықтан озған кісі.

Болмайды уақыттан озбайынша,

Тірлікті тірлікпенен созбайынша.

Көп қой ондай қал ада еңбеккерлер,

Көретін көңіл тоқтап, көз қайырылса,

Солардың бірі менің — жырым бүгін,

Мезгілдің түріп тастап шымылдығын,

Жымиып маған қарап тұр ол қазір,

«Білер деп сырымды кім, шынымды кім?»

Сәске түс... Аурухана... зәулім... жарық,

Жарыққа зар болғандар болсын қарық.

Дегендей, сәуле толы кең бөлмелер

Адамның қабағы мен қасын бағып.

Шап-шағын бір кабинет, оңаша, аулақ,

Әйнектен жомарт күннің нұры саулап,

Түсіп тұр жұқа перде арасымен,

Сәл ғана жел үрлесе қиыс аунап.

Ал, міне, кірді иесі кабинеттің,

Жап-жаңа күшін жеңіп ауыр дерттің.

Қажыған жанарымен жайлап қана,

Бір шолды үйдегінің бәрін де еркін.

Содан соң ақ желеңін шешіп іліп,

Шаршаған саусақтарын кесілдіріп,

Аса бір ұқыппенен жуды-дағы,

Отырды диванға кеп, көзін жұмып.

...Сергіді профессор сәл дем алып,

Әлі де екі беті бал-бұл жанып.

Мойылдай қара көзі сұлу екен,

Түбінен от шыққандай жалынданып.

Сол отта тоқсан сезім тоғысқандай,

Ала алмай бірін-бірі соғысқандай.

Қаталдық мейрімділік, ақылдылық, —

Сен санап мүмкін емес тауысқандай.

Сәл ғана қара шашқа қылау түскен,

Алысып ажал деген мылқау күшпен.

Қайраттың қалың біткен арқасында

Бойына бола алмаған жылдар үстем.

Қимылын құрыш дене басқарғандай,

Шыл-шымыр, жұмыр алмас тас жарғандай,

Жүрегі тәуекелшіл, сенімі нық,

Жан тату әлдеқашан дос болғандай.

Қарады ол жан-жағына, көңіл хош бір,

Алдында терезенің тұрды қос гүл.

Ерекше өмірдегі қуанышы —

Қашаннан жан секілді гүлмен дос бұл.

Жайнайды күн нұрымен екі шоқтай,

Алқызыл райхандар өрт құшақтай,

Немесе арманымен өтіп кетіп,

Аяғы гүлге айналған жастық шақтай.

«Япыр-ау, жоқ еді ғой таңертеңнен,

Бұларды бүгін біреу тағы әкелген!

Айналдым, алда, менің достарым-ай,

Бір бақыт маған-дағы әл әперген!»

Деді ол іштен, қуанып бар көңілден,

Сөйлескендей әлде адам, әлде гүлмен.

Қолға алғанда екі хат түсті сырғып,

Құшағында гүлдермен бірге жүрген.