Гафу Кайырбеков. Олендер, поэмалар. ІV

ЕCIЛ ЖАҒАСЫНДА

Апрель. Жатыр Есіл жаңа оянып,

Қыс бойы ұйықтаған қарға оранып.

Дабырлап қырдан келген қысқа өзендер

Мазасын күн-күн сайын барады алып.

«Қой енді,

қозғалмасқа болмады деп,

Ұйқыда еш береке қалмады деп,

Толғанып, мұз кеудесін сықырлатып,

Лықсиды байқамаққа арнаны кеп».

«Кетем-ау осы биыл тағы да асып,

Қалыпты қар да мені қалың басып,

Жазыққа балығымды шашып алып,

Тағы да ел жинар ма екен жабырласып!»

Деп Есіл ұйқысырап бейне адамдай,

Алдағы өз тағдырын ойлағандай.

Бусанып жағадағы жалбыр талдар

Жас көктем самалымен ойнағандай.

Бүйректей одан арғы құба дөңдер,

Күн түсіп, қары кеткен сида белдер,

Тас, шыны, темір-терсек,

сүйек-саяқ

Барымен жарқырайды — мұнда кел деп.

Қызық-ау табиғаттың мына шағы!

Қолына тимей қыстай алашағы,

Енді-енді байимын деп тұрған жандай,

Кеңпейіл кедейлігі жарасады.

Күні ертең кеуде керіп заңғар айдын,

Есілге түсер нұры толған айдың,

Үміттің көзіменен ол қарайды,

Сенімнің көзіменен мен қараймын.

* * *

Әмірғалиға

Әйдә, жолдас секретарь,

Қырға шығып қайтайық!

Отырайық қаз-қатар,

Өткен-кеткенді айтайық!

Әй, заман-ай, десеңші!

Кеше ғана екеуміз

Студент ек бірге енші,

Қызбай жүрген шекеміз.

Тойға барушы едік-ау

Бір костюмді кезектеп.

Жаяу қалушы едік-ау

Бес тиынсыз безектеп.

Белі мықты тұлпардай

Сөткесінде бір шалып,

Мұртымыз да мұқалмай,

Мұздай темір құрсанып.

Не боламыз деу де жоқ,

Қарызымыз өтелген.

Әйтеуір бір кеуде көп,

Әйтеуір жел көтерген.

Енді алдында жатыр күн

Ел басқарып, ту алған,

Енді мен де ақынмын

Еліме атым шығарған.

Ол мәселе бір басқа...

Кел мауықты басалық,

Саған келдім жол алып,

Көңілге бір ой алып,

Көзіме бір жас алып.

Не шаруасы бар екен? —

Деме маған байқамай,

Бір көруге зар екен —

Десе қайттың, қалқам-ай!

Тіршілік бір шу асау

Қалай бұрса, көнесің.

Мәңгі-бақи аман-сау

Болатындай көресің.

Тұра тұрсын бастықтық,

Баяғыны айтайық,

Анау кеткен жастықты

Қуып барып қайтайық!

* * *

«Терісаққанның бойында

Аманкелді батыр бар», —

Деген хабар ойымда,

Соған сапар тартылды ал!

Әр уақытта әрқалай

Жер мінезін білмесең,

Жол құмары тарқамай,

Кешігесің кейде сен.

Онсыз да алыс дос-ауыл,

Қабат-қабат кезеңдер.

Болыпты енді тосқауыл

Өткел бермес өзендер.

Есіл бәрін солардың

Жиналысқа шақырған

Секілденіп, жолдардың

Суға басын батырған.

«Қанша талаптансақ та,

Болмай отыр еш амал.

Қалды батыр алшақта —

Арасында неше арал.

Беріп қана үлгірдік

Рациямен тек хабар.

Болса да жол бір күндік,

Оның өзі-ақ кеп қалар!» —

Дейді аудандық басшылар,

Олар сөзін қимадым,

Қиындығы рас шығар

Жаңа қоныс Қиманың.

Қарамастан соларға

Берген былтыр көп астық.

Сыйламасқа болар ма,

Жасап мінез оғаштық!

Отырғанда мүдіріп

Оңаша өзім ойыммен,

Кіріп келді бір жігіт

Еңгезердей бойымен.

—Бәрекелді, е, бәсе,

Келді міне батырың! —

Деп гүрілдеп бар кеңсе,

Жаңғырығып жатыр үн.

Өздері де мен түгіл

Сағынысып қалғандай.

Жамырасып кетті бір:

«Жағдай қалай?», «Хал қандай?».

Ортақ шаруа, ортақ қам,

Сөздері де тым ыстық.

Жандарына жол тапқан

Аяулы бір туыстық.

Жолдар, сайлар, қыраттар,

Жалпақ дала, сұр аспан, —

Жауаптар мен сұрақтар

Одан әрі ұласқан.

Шаруасындай бір үйдің

Ақылдасқан, ойласқан,

Мен де тыңдап ұйимын

Дәптерімді жаймастан.

Мен де осынау қауымның

Мүшесіндей боп кеттім.

О, ғажайып, дәуір, күн —

Кереметі мектептің!

Күнде сабақ бересің

Мен білмеген тараудан.

Жалықтырмай келесің

Қадіріңе қараудан!

Сының әділ, бағаң дәл

Айтқан адал жүректен.

Бірін-бірі адамдар

Ұлы да еткен, ірі еткен!

Бәрі жақсы болғасын

Бір жақсыны ардақтау, —

Қиын болмас — жоғалсын

Баяғыдай құр мақтау!

Қандай жақсы бас қосу,

Іс ақылын кеңесу!

Көтерілмей босқа шу,

«Бәрекелді», «ие» — десу!

Өмір әнін жырласқан

Айналасың бұл көптен,

«Бірлік» атты бір дастан

Бас көтеріп жүректен.

— Жолдас ақын, іздеген

Сауалың бер батырға,

Сауғаңды айт көздеген

Сен де босқа отырма! —

Деп күледі секретарь,

— Сізді ұмытып кетіппіз.

Айта берсек, кеш батар

Әңгімеге жетікпіз.

— Менде сауал жоқ, — дедім...

Кенет бәрі аңырды.

— Көргім келді тек менің

Осы отырған бәрінді.

Барлық сөзді тыңдадым,

Талай сырға қанықтым,

Аманкелді жырлады

Өзіндей боп тарихтың.

Жаңа өлкенің батыры,

Жаңа тарих - басы бұл.

Мен кездестім ақыры

Тыңдағандай асыл жыр!

Бәрі солай әрқашан,

Бар батырдың жаны бір.

Не істедің? — деп сұрасам

Айтпас еді бәрібір.

Байқатпастан мен қазір

Тез бітірдім шаруамды.

Енді айтпасақ тек әзіл,

Айтылмаған не қалды?

Сәтін салып, жол берсе,

Ақыл өзі үлгіртер.

Ақындарға көп нәрсе

Керек емес, жігіттер!

Бәрі де мәз, ойланып,

Енді ұғып жеткендей,

Жұмыс жөні оңдалып,

Жан жадырап кеткендей.

Шылым жаққа қол барып,

Таяу-таяу отырып,

Қозғалақтап, қомданып,

Орталарын толтырып.

Терезені кең ашып,

Бірде келіп, бір қайтып,

Әзілдері жарасып,

Қыстан қалған сүрді айтып.

Айқой, адам жарықтық,

Жайнайсың-ау шақта бір!

Жан-жағыңды қарқ қып

Сайран салып тәп-тәуір!

(Бала жастан танығам,

Талай сондай болған күн).

Сүйем, кейде сағынам

Мәжілісін ауданның.