Гафу Кайырбеков. Олендер, поэмалар. ІV

ҚОЙШЫ АУЫЛ

1

Секілді жүзі қара мыс,

Секілді көзі қара шоқ,

Қайыңдай қатқан тарамыс,

Маңдайы бейне шапашот.

Амандасса кісіге

Қолыңды дереу тұтып ап,

Алақанының ішінде

Саусақтарың сықырлап.

Жас шығарар көзіңнен.

Кездестік біз шопанмен.

Ауылы қаздай тізілген

Қоралы қой, қотанмен.

Күні кеше указ боп,

Берген Ленин орденін,

Көңілі бүгін күн-жаз боп,

Алған батыр бір демін.

Қуанышқа кез келіп,

Той үстінен дәл шығып,

Амандыққа сөз беріп,

Бөрік шешіп, қамшы іліп.

Қауқылдасып жатырмыз. —

Құтты болсын, құтты... деп,

Жан-жағымыз алтын күз,

Ашық аспан көкпеңбек.

—Кеше түсте келемін

Қойды суға құлатып,

Транзистор өлеңін

Бір тоқтатып, бір айтып.

Кенет «соңғы хабар» — деп,

Диктор үні самғарда,

Атымды айтып қалар деп,

Ойлап тұрған мен бар ма?

Жәй құлағым салып ем,

Оқылды указ... саспастан.

«Уа, ғажайып, мынау мен, —

Жоқ, мен емес, басқа Оспан».

«Жоқ мен өзім. Жоқ, жоқ, қой!»

Қойшы жоқ па сен аттас?

Мекен-жайы Қарсақпай,

Ауыл аты «Қанаттас» —

Қой өзім-ақ шығармын —

Деп қамшыны басайын,

Қуаныштың бұлағын

Ауылға ала қашайын.

Шыным осы, оллаһи,

Көңіл ұшып аспандап,

Омырауға ал да, құй

Екі көзден жас парлап!

Келсем, түгел ауыл мәз,

Көкірегінде күй дауыл,

—Рас па осы?

—Рас, рас, —

Бәрекелді! — дейді ауыл.

Не қуаныш үстінде

Мұнша толқып кетпеп ем,

Аттан ұшып түстім де,

Аунай бердім шөпке мен!

Деп, сарайы ашылып,

Аңқылдайды шопан ер,

Оны қостап, асырып

Саңқылдайды жота-бел...

Ер еңбегін білсе егер,

Сондай білсін, байқасын,

Қуантуға бір шебер

Күніңе алғыс айтасың!

2

Жас бағланды былқытып,

Ыстықтайды жер ошақ.

Отыр күйді бұлқынтып

Домбырашы Ираншах.

Сері көзін лақтырып

Босағада балдызға,

Қарайды сұм қалт тұрып

Даладағы жалғызға.

«Қойшы жігіт...» — дегендей,

Қойшы ауылдың еркесі.

Қалтырайды төмендей

Қолындағы кесесі.

Осындайда, шіркін-ай,

Күй — бір тылсым - ән — арбау

Қалар қайтып бұлқынбай

Кеудеңдегі жанар тау!

3

Аттанарда қол былғап,

Ер анасы — қария, —

Бұл бір қара шаңырақ, —

Көп әулетке — кәрі ұя.

Қарғам, қолыңа іле кет,

Демегейсің ескі ырым,

Бұл бір ізгі тілек ед —

Тусын алдан қос күнің!

Жақсылықпен жолдас боп

Жүр екенсің — айрылма!

Дүние серік болмас көп,

Қадірсізге қайрылма.

Қыр түлкісі қызыл жон,

Тобылғы сап жез қамшы,

Ұсынған соң алу жөн,

Айту қиын сөз қарсы.

- Дүние қызыл түлкі ғой,

Берді деме мен неге,

Қанжығаның мүлкі ғой,

Шығармағай кеудеңе.

Өйту үшін қамшыңды

Қолындағы нық ұста,

Алмастырма намысыңды

Жатыңа да туысқа!

«Нақ даланың өзіндей

Жанардың нұр шарасы.

Даналықтың көзіндей

Қайран ерлер анасы!»

Мәңгі туыс кісімдей

Бар жанымен елжіреп,

Қалды қырдың үстінде,

Ғажайып бір мүсіндей

Ақ жаулығы желбіреп.

4

Қоштасады Жезді өлке

Сияпатпен, сыйлаумен,

Жібергендей бізді ерте

Өкінішпен, қимаумен.

Жұпар сайда гүл сөйлеп,

Самал қостап, жаңғыртып:

«Келіп-кетіп жүрсей, — деп,

Көңіл атын шалдыртып».

Бауырмал дос бал бұлақ

Айтар таза сүт — тілек:

«Маңдай шашың салбырап,

Тағы да бір жұтшы!» — деп.

Аппақ саусақ ұшында

«Қош» — деген сөз үзіліп,

Ат жалының тұсына

Көз қадайды қыз - Үміт.

«Оралуға тез қайтып

Ал, жол болсын, жүріп бер!»

Деп еркектік сөз айтып,

Қоштасады жігіттер.

Алтын айдар Қарсақпай

Ала бұлттан басы озған,

Қояр емес аңсатпай

Қара мұрттар жез қазған.

Аспанында көк түтін,

Қазанында мыс қайнап,

Көңілдері бүп-бүтін,

Өмірлері тұр сайрап