Гафу Кайырбеков. Олендер, поэмалар. ІV

АСЫЛ АҒА, ЕР ҰСТАЗ

Мәлікке

Кішіпейілдік,

ақжарқындық, жомарттық,

Жақсылықшыл қасиетімен жолы артық,

Атынды да жұмсақ үнмен атайтын,

Көз қимайтын бір сабазды жоғалттық.

Ол мәңгіге ұстаздыққа жаралған

Адам еді, шұғыласы таралған.

Шәкірттерге қиын болды-ау он есе,

Оның таза бұлағынан нәр алған!

Білім бе еді оның жалғыз бергені?

Жинап бойға бар қасиетті жердегі,

Соны бізге үлестірген серінің

Көп еді ғой қадірі де, еңбегі!

Батырлықты ақылменен билеген,

Ерсінбеген, еш зияны тимеген,

Өмір-тұрмыс тайғағында талайдың

Тұра ұмтылып, өрге жүгін сүйреген.

Болысқыштық бойға біткен көркі еді,

Басқа қонған бақытты ұстау — серті еді.

Отты туған адамдарды сақтаушы еді,

Ол өзі де үнсіз жанған өрт еді.

Қасымызда жүруші еді үндемей,

Деуші еді бір:

«Амансың ба, ей, кедей?» —

Сүйтетін де жымиятын жарқырап,

Шындығында еш адамды кем демей.

Жақсылықтың елшісіндей еді өзі

Шым жібектен өрілгендей мінезі.

Оны еске алып сағынатын болдық-ау

Көк жиектен көрінгенде күн көзі!

Сөз нөсерін қасірет қосып төк мейлі,

Ажал ісін ғайбатта да сөк мейлі,

Кірпігіңнен құлап түскен осы сәт

Бір тамшының уытына жетпейді.

Сабыр, достар! Сабыр еткен азбайды.

Сұм жазуын тағдыр екі жазбайды.

Мәлік аты бар шәкірттің жанында

Өлмес, сөнбес жалын болып маздайды.