Гафу Кайырбеков. Олендер, поэмалар. ІV

КӨКШЕТАУ ЕСТЕЛІКТЕРІНЕН

* * *

Қол сілтеп қол тигізбес көп сылтауға,

Ем іздеп жан-тәндегі дерт сырқауға,

Қашаннан ақын жүрек аяушысы

Мен кеттім,

кеттім содан Көкшетауға.

Мен кеттім,

қалды достар қағып таңдай,

«Жұмаққа кеттім!» деген сөз айтқандай.

Әр кімді тұсаулаған тұрмыс кісен,

Көп әуре,

кілтін соның жоғалтқандай.

Табылса, азат басын тойлағандай,

Бір жетпей Көкшетауға қоймағандай,

Бас, шайқап,

қолын бұлғап қалды бәрі,

Мен кеттім,

«кеттім» деген ойға қанбай.

* * *

Басайын,

жарар ма екен бір айғайға,

Айтатын сол ән қайда, дұғам қайда?

Кел, жарым, Көкшетауға кірмес бұрын

Шырқайық, сәлем беріп «Бурабайға».

«Арқаның кербез сұлу

Көкшетауы

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын!»...

Ал самға,

ақиықтай балақ баулым,

Ал шырқа,

аялдама ал, аяулым!

Дегенде,

зулаған ән көкіректен

Шыңындай Көкшетаудың көкке жеткен

Шаншылып,

бұлтты шайқап тұрып қалды

Жалаудай шың басына іліп кеткен.

Оянды көк қаршыға,

сергек құсы,

Атақты Көкшетаудың күзетшісі —

Ашылды алып қақпа, жаннат сарай —

Сұлуы, жер біткеннің ізеттісі...

* * *

Шомылып, құс төсекке иық батып,

Түсінде рақат дәмін сүйіп, татып,

Жаңғырып, басқа адам боп оянғанша

Көкшетау тастайды екен ұйықтатып.

Содан соң іш те сурет, тыс та сурет,

Таңдатқан көзін, бірін ұстасын деп,

Қос өрнек — құдай салған, адам салған

Табиғат таңдағаның ұстасын, — деп.

* * *

Төлеуіт —қызыл тиын, сәби бір аң,

Қарағай жаралғандай қабығынан,

Аяндап «ә» деп көлге беттерінде

Көрімдік шығар сұрап дәл алдыңнан.

Табиғат жаратарда жаңылысқан

Қыз ба әлде жүрек — жанып

алып ұшқан,

Кішкентай өткір қара көздерінде

Үрей мен үміт оты шағылысқан.

Үрейі — «жолығам ба ант атқанға?»

Үміті — «тәуекелсіз нәр тапқан ба?» —

Отырған ермек тоқып бөпе қыздай

Орнығып алақанға

дән шаққанда.

* * *

«Сен бе едің, көл әулие, көптен айтқан,

Көк бура қызғаныштан беті қайтқан,

Сен үшін белін шешпей қырқысам, — деп

Батырлар жан-жағында тас боп

қатқан?!»

Жүрегін қозғағандай мынау сұрақ,

Бурабай үн қатпады, жыламсырап.

Көнілсіз көздің жасын салады еске

Қайықтың ескегінен су тамшылап.

* * *

«Шешінген судан тайынбас» —

Бауырым, серме, әйт де, бар!

Ұятқа рахат айырбас

Болатын кейде сәт те бар.

Еркеле көлге, жасқанба,

Пенделігің біл, сен де.

Шашылсын күлкің аспанға.

Төменде жүзіп жүрсең де.

Көңіліңнен көшпес сірә, шаң,

Денеңді көлмен буламай.

Бурабай жөнін сұрасаң,

Осынысымен Бурабай.

* * *

Біресе Ару —

Бұрымын желге кептірген,

Біресе ауру —

Айнымас кәрі кемпірден,

Біресе тісін

Ақситқан ашулы арыстан,

Біресе кеме —

Қойнауға жаңа кеп кірген.

Әңгіме оның

Қай жағынан кеп қарауда.

Әңгіме оны

Көңіліңде қалай санауда,

Сондықтан болар,

Сұрақтан басқа түк те жоқ,

Көкшетау — кітап,

«Жұмбақтас» деген тарауда.

* * *

Ай баяғы ғашықтығын қоймайды,

Бурабайға көп қараудан тоймайды.

Күндіз біреу алады деп ойлайды,

Алмағанын көріп, мәз боп тойлайды.

Күн баяғы ғашықтығын қоймайды,

Ол да солай үңілуден тоймайды.

Түнде біреу алмағанын көрген соң

Күндіз күліп, қытықтасып ойнайды.

Осы кезде күндіз-түні

ояу көп,

Сондықтан да әсіре көп, бояу көп.

Ай қылығын, күн мінезін көрген соң

Мен ойлаймын — шын махаббат

сол-ау, деп.

* * *

Көл қалындық болғанда,

Көкше — күйеу,

Алтын тіреу — «Оқжетпес» — асыл сүйеу

Осы аңызбен таласпақ болды-дағы

Оқжетпестің басына шықты біреу.

Шықты-дағы, есіріп,

айғай салды,

Ол айқайын өзіне тау қайтарды.

Ешкім оған төменнен үн қатпады,

Елемеді еш адам бұл «қайсарды».

Көрді халық тағы бір надан кейпін,

«Бар бақыты дүниенің маған —

дейтін.

Тарих өзі жасаған биіктерді

Тасқа шығып, оп-оңай

алам» — дейтін.

* * *

Түседі еске жақсы ұялар,

Жақсы ұяда сәулет бар.

Тауларда да семья бар,

Тауларда да әулет бар.

Көкшетаудың үш қызы бар,

Батыр ұл бар ұйықтаған.

Көл — бәйбіше, ас-тұзы бар,

Ақ сабасын жықпаған.

Қызыл піспек — қарағайлар

Жел білегі толғаған.

Ауылым жайлы алуан ойлар

Түсіреді сол маған.

Көл бетінде үйректер —

Үш балапан, бір ана.

Халық тимей, үйреткен

Оны да асыл мұраға.

Еш қаяусыз жан-тәні

Адам мен құс арасын

Татулықтың арқаны

Жалғап тұр деп қаласың.

Балапандар жосиды,

Көл толқынын жастанып.

Түсінде ана шошиды

Мылтық даусын еске алып.

* * *

Шомылған арулардың қалпы қандай!

Тастағы адам түгіл балқығандай,

Жағалай жансыз мәрмәр мүсіндерді

Жиып ап суға біреу лақтырғандай.

Жан бітіп сол сәтінде кеткендей-ақ,

Бара сап көк толқынды тепкенде аяқ.

Шымырлап қара шаштың батқан жері,

Тұншығар әккі ғашық өпкендей-ақ.

Содан соң бақытты айқай,

күлкі сақ-сақ,

Шақырар көлден көзін қырға тастап,

Па, шіркін, біз де солай мәз болар ек

Сап күміс су астынан олжа тапсақ!

* * *

Қаптаған көл бетінде көкшіл қайық,

Құлашын екеу-екеу ескен жайып.

Сан сағат сүйгеніңе қадалсаң да

Етпейді ерсі көріп,

ешкім де айып.

Қайықпен көлді бір сәт шайқап алып,

Аспанға ән лақтырып, қайта қағып,

Жарқылдап су үстінде жансаң маздап,

Бурабай саған алғыс айтары анық.

Самалда сайрауық боп өскен ақын

Ондайға шыдай қоймас әсте дәтім,

Жарыммен жағалауға қайық толы

Ән тиеп қайтып жүрдім кешке жақын.

* * *

Аспанның келерінде бұлты көшіп,

Кетеді қарағайлар дүркіресіп,

Қасыңнан мың салт атты өткендей боп

Қаласын аң-таң болып құр сіресіп.

Әп-сәтте ғайып болып әлгі дүбір

Ғажайып үн еседі күмбір-күмбір.

Еріксіз есің жимай тыңдайсың сен

Керемет оркестрдей саған бұл бір.

Пендені табиғаттың сынары көп,

Тойымсыз басылмайды құмары деп.

Сондай-ақ аңсар ауып тұрдым кейде

Көкшеден бір домбыра сұрағым кеп.

* * *

Жұп-жұмсақ сәулесінде жарық айдың,

Гүл-құшақ орманында Бурабайдың.

Кеудеден әдемі әуен, үн шығарып

Бақытын көтеріп ек «Сәулем-айдың».

Бауырлар екеу-екеуі қолтықтасып,

Бұлақтай бұлан қағып, шалқып, тасып,

Аспанға өрмеледік Ай жолымен,

Жұлдыздың соқпақтарын толқып басып.

Дедің Сен:

«бісміллә» — жұлдызды аяп,

Жолында тұрған гүлді жұлғызбай-ақ,

Осынау «діндәрлігің» майдалығың —

Бар еді бет ашпаған бір қыздай-ақ.

* * *

Шотаға

Ғайыптың періштесі үні дарып,

Тау Көкше тербеледі мың ырғалып.

Артистей әндетеді қарағайлар

Таң атса бір-бір тасқа мініп алып.

Бұл жерде ылғи сурет тас дегенің,

Табиғат қоя салып басқа өнерін,

Таспенен айналысқан секілденер,

Жүз бунақ төгіп өрнек,

қосқан өрім.

Әр тұлға ғасыр сөзін айтып кеп тұр.

Әр нұсқа тіршілікке тартып кеп тұр.

Бұл жерде туған перзент, не мүсінші,

Болмауы мүмкін емес архитектор.

* * *

«Келші қайтып айналып,

Ден сұрасып, жай бағып,

Қасиетімді өзіме айт!» —

Дедің маған, Майбалық!

Саған көзім тимегей,

Асылың көп айтуға,

Барар жолда үндемей,

Әндетуші ек қайтуда.

Одан артық әсем жыр

Шипа жайлы, ем жайлы,

Шын сөзіме сенсең бір,

Ешқашан да болмайды.

* * *

Жырлаған күміс көмей нелер ақын,

Шырқатқан,

асқақтатқан бедел, атын,

Көкшетау көктен гөрі жасыл мекен,

Көкшетау көктен гөрі жерге жақын.

Сондықтан бар жаныммен құшып, сүйіп,

Құсындай әлсін-әлсін ұшып биік,

Алаңсыз ата-анамдай еркеледім,

Көп тұрдым қоштаса алмай көзім қиып.

Сар жайлау,

Сарыарқаның жер төресі,

Мінетін серуенге ел кемесі,

Бөленіп махаббаттың бесігіне,

Уақыттың білінбейтін ерте-кеші.

Тау Көкше, тілім үнсіз,

жаным сайрап,

Жүздім мен көк ауанда жүзім жайнап,

Күніне қиялымды қырық жаныған

Көліңнен айналайын күміс қайрақ.

Балқытып сүйегімді,

қайта соғып,

Бердің сен нық шегелеп, тартып, жонып,

Адамды жөндейтұғын шеберлігің,

Барамын бақыт сәтте маған қонып.

Әрине,

Ақан емен,

Сәкен емен,

Жалынан Көкшетаудың жетелеген,

Солардың көзден түскен тамшысындай

Бір аунап, топырағында еркелегем.

Көріндің өз үйімдей,

музейімдей,

Сүйкімді бір ақылдай,

бір зейіндей,

Миымның ортасында бейнең қалды

Өшпейтін тірлік атты күн сейілмей!