Гафу Кайырбеков. Олендер, поэмалар. ІV

ҚОЛЫҢДЫ БЕР, ҚОСТАНАЙ

Қайда жүрсем сені есімнен тастамай,

Өтіп кетті жақсы жыл мен жас талай.

Менің атым сағыныш боп өзгерді

Сағынышқа қолыңды бер, Қостанай!

Жалғыз жұғым ауаңды бер, Қостанай,

Жанға шипа, дауаңды бер,Қостанай.

Жар исіндей жұпарыңмен ес тандыр

Жалаңаяқ даламды бер, Қостанай!

Жалғыз үзім наныңды бер, Қостанай,

Жалғыз тамшы нәріңді бер, Қостанай,

Жалғыз менің өзімді бер, Қостанай,

Жалғыз менің жарымды бер, Қостанай!

Жалғыз сөзде жасағанның өзі бар,

Жаратылыс, дара туыс көзі бар,

Жалғыз... жалғыз. Жалғызыңның бәрін бер,

Көптігіңді, молдығыңды өзің ал!

* * *

Мінекей, қаншама рет келдім саған,

Бір ғажап құбылысқа таңдай қағам —

Алғашқы түн бойына көз ілмеймін,

Қаншама кірпігімді жұмып бағам!

Жүрегім аттай тулап ұйықтатпайды

Еске сап пәлен бекті, түген байды —

Ол менің ойнап өскен тентектерім,—

Бірі ояу, бірі мәңгі оянбайды.

Солардың жүректері шақырғыштап,

Баяғы балалықтың атын ұстап,

Жүр дей ме шаршап қалған жүрегіме?-

Әйтеуір, дамыл көрмес текке ұрғыштап.

Күйімді ұғындыршы мынау жұмбақ,

Ерніңмен тым болмаса жайлап ымдап.

Жаңадан жүрек салып бересің бе

Алғашта үйренбейтін ойнап, тулап?!

* * *

Ажарын қандай жақсы еді,

Тамаша-ақ екен жыл биыл!

Аяған екен жаз сені,

Қос айдар өлке, көк қиыр!

Жел дауысын шығарған

Желкілдеп өскен бел шалғын.

Келіп те кетті, о, арман,

Ақ ауыз атқа ер салғым!

Ай тұяқпенен жер түтіп

Алатын қайда тамаша-ай!

Жазықтар мені елтітіп.

Ерегістіруін қарашы-ай!

Ал анау байтақ жасыл қыр,

Көз жетпес жиек шалқайса,

Торғайлар ұшып үркіп жүр

Егінді самал шайқаса.

Жүрегің жылып қарайсың

Келе де жатқан ырысқа,

Тіл менен көзден аяйсың

Аяған үшін ұрыспа.

Туған жер, сенің даңқың ғой

Сәбидей көкке бой салған!

Қаулайды солай әр түрлі ой,

Дәмелі болып мол саннан.

Өтті ғой кеше бір жаңбыр,

Сол жаңбыр, сірә, жасасын.

Аспанда тұрсын күн даңғыл,

Күн тұрса болды - тасасың!

* * *

Атақты партизан Жүсіп Нәметовке

—Қасым-ау, асыл досым-ау,

Сенбісің келген осынау?! —

Әзің де аман жүрмісің

Қартайған бүркіт, құсым-ау?

Екі батыр солайша

Танкілердей түйісті.

Олайша да, былайша

Ұзақ-ұзақ сүйісті.

Сықырлады сүйектер,

Тар қолтықтар сөгілді.

Кемсендеді иектер,

Көзден тамшы көрінді.

—Қарт досымды сақтаған

Қостанайым-ай!

—Сан жыл іздеп таппаған...

Дос болайын-ай!

Қалжындасып, күлісіп,

Хәл-жайды ашып білісіп,

Қалды мәз боп қос батыр

Аз күн бірге жүрісіп.

Жақсы ғұрпы-ай, достардың

Қосып кетер ел басын.

Сатырлаған күлкімен

Қостанайдың аспанын

Жаңғыртады ер Қасым.

* * *

Өмір-ай, бар ма сенен өткір ағын?

Қақ жарып туған жердің топырағын

Жарыққа шығасың да, іле-шала

Кетесің қайта сүңгіп, бітіп дәмің.

Сол ағын құлағында шуылы қап,

Туған жер, ұзатасық ұзақ жылап,

Ашылып қара мақпал топырағың

Қайтадан сол қуысқа жатар құлап.

Құларда алып түсер көздің жасын,

Сол жасқа оранады бір қимасың.

Ауырып аман жүрек кері қайтар,

Білген соң тірлік заңы бұлжымасын.

Бойдағы кір мен кінә, пендешілік

Бәрі де жоқ болады жерге сіңіп,

Қалады адамшылық жер бетінде

Есімін ескіртпейтін елге шығып.

Өткен жыл жүрдік достай қолтықтасып

Көңілде татулықты, ырысты ашып.

Амалсыз енді ернім күбірлейді

«Кетті» — деп жердің үстін дұрыс басып.

* * *

Көгілдір тау, Көкиық

Көзге дара — кемесің.

Топырақты көп үйіп

Жасаған бір төбесің.

Жау — қарауыл заманнан

Қалған белгі ер елден.

Сені осынау даламнан

Жиі-жиі көрем мен.

«Көкиықтан» қарасаң

Қостанайдың тұрысы-ай!

Ол да бақыт — ойлансаң —

Ағасына іні сай.

Төбесінен Тобылдың

Төніп тұрған Қостанай,

Әкесіндей көп ұлдың

Сеніп тұрған Қостанай!

Жақсы баурым, кеше гөр,

Көки берме сен де аса,

Айбарынды көтерер

«Көкиығың» болмаса!

* * *

—Қайда жүрсің, Камшат қыз,

Қазаныңнан дәм татқыз!

—Камшат қолы тимейді,

Күнде келіп жүр мейлі.

Жолатпайды директор,

Үндемейді аудан да.

—Бұл не жағдай ерек бір,

Көктен тілші жауған ба?!

Бөгет болып науқанға

Әбігер ғып әр таңда,

Ал, бауырым, кері қайт

Билет болса қалтаңда! —

Тағы сол бір директор,

Құйындатқан бір газик.

Қалды қырда бөлек бір

Біздің достар көз жазып.

Туған жердің маржаны

Жаутандайды аңсап күн.

Қара қырдың ар жағы...

Қара көзі Камшаттың!