Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ШАБЫТЫМ ЖАЙСЫН ҚАНАТЫН

Өткеннің бәрі өткен ғой,

Алыстап кейін қалатын.

Есіме кейде алатын

Болады сирек сағатым.

Есімде нәзік бір сәуле:

Көңліме жарық жағатын,

Жадырап жаным жаятын

Қағуға алтын қанатын.

Жайылса жанның қанаты

Жүрегім жүрдек соғатын.

Сонда бір дауыс ішімнен

Дейтұғын: - Кәне, төк, ақын.

Есімде... Сонда қолыма

Ұшып кеп шымшық қонатын,

Бөлмемнің іші сыңғырлап,

Сиқырлы күйге толатын.

Көңілді кірбең баспасын

Көбейші, сондай сағатым.

Жаңа бір жырлар бастасын,

Шабытым жайсын қанатын.