Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ДОСТАРҒА

Көрсем деп дүниенің кеңдігін

Қараймын жақынға, қашыққа.

Сүйемін достардың ерлігін,

Құмармын өмірге ғашыққа.

О, досым, бауырым, жолдасым,

Мықты бол, жаныңды жасытпа.

Ұстатпа арыңның шырағын

Бір мезгіл сасық пен пасыққа.

Білемін. Сенуге болмайды

Титтей де қисық пен пасыққа.

Сәл ғана сенсең ол қорлайды

Арыңды ашып та, басып та.

Ондайлар қарауды білмейді

Ой көзін жіберіп қашыққа.

Бір мезгіл жылынса күнгейде

Кетеді асып та, тасып та.

Аулақ бол, бауырым, олардан,

Сен үйге, ауылға керексің.

Ойланшы, еркелеп күлер ме

Нәрестең өзіңнен көмексіз.

Аулақ бол, бауырым, олардан,

Сен елге, Отанға керексің.

Қағылмай бір шеге қалар ма

Өзіңнің қолыңнан көмексіз.

Аулақ бол, бауырым, олардан,

Сен бүтін әлемге керексің.

Вьетнамдар теңдігін алар ма,

Қолма-қол өзіңнен көмексіз.

Жойылсын, жылымшы, сасықтар

Көлеңке, күңгірттер, пасықтар!

Жасасын, көздері ашықтар,

Жарыққа, өмірге ғашықтар!