Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ҚҰРДАСҚА

I

Иә, екеуміз бір күні тудық,

Құрдасжан,

Біpге көрдік жарықты.

Содан бері айнымастан,

Айрылмастан бірге жасап келеміз.

Есіңде ме, құмда үйрілген құйынның

Жолымызды тосқаны?

Есіңде ме, аждаһадай боранның

Араным бізге ашқаны?

Тоқтадық па сонда біз?

Жоқ!

Тоқырадық па сонда біз?

Жоқ!

Біз Ильичтің өзіне жетіп қосылдық.

Сонда бастап, құрдасым:

Сен екі көзімнің бірісің,

Екі қолымның бірісің,

Сенсіз досым, - жалқымын,

Сенсіз, досым, - жартымын.

II

Құрдасым,

Сен жігіт шақта қандай ең?

Адамзаттың алыбындай едің-ау!

Тау селдерін бас білдірер асаудай,

Тулаған, шыңғырған күйде жетелеп

Апардың ғой шөл далаға төтелеп.

Көк бұйратқа ұя салды қанша құс,

Ұшты екен қанша алтын қанат балапан...

Сәуле ұстауға жайылды қанша алақан!

Сен қолыңмен жасаған,

Тастарын өзін қашаған

Қалалар қанша, бауырым!

Теміртаулар,

Көміртаулар,

Кентаулар,

Майтаулар,

Дәнтаулар

Астаналық қалалардан кейін бе?

Жоқ!

Сенің жарық жаныңдай

Бұл жаһанда жарық жоқ,

Сенің алып жүрегіңдей

Бұл жаһанда алып жоқ.

Сен, құрдасжан,

Екі көзімнің бірісің,

Екі қолымның бірісің,

Сенсіз өткен жылдарды

Санамас едім өмірге!

III

Құрдасым!

Қадіріңді мен білмесем кім білмек,

Қасиетіңді мен айтпасам кім айтпақ?

Егер сен қару алмасаң

Қан майданға бармасаң,

Фашизмді жеңбесең

Не болар еді күніміз?

Елемей бейнет, азапты,

Белшеңнен кешіп дозақты

Соққыға соққы бердің - ау!

Жер тітіренді қимылыңнан,

Теңіздер қандай тебіренді,

Тау мен жас қандай шайқалды!

Буып тастап жараннан аққан қанынды,

Лақтырып тастап жағаңнан алған елімді

Ленин туын көтере бердің жоғары.

Адамзат саған қол соқты,

Мен де айқайлап дүниеге жар салдым,

«Жасасын, құрдастарым»,- деп,

Құрдасым!

Ленин өзі қайта-қайта тапсырған:

«Кір көңілден, жат пейілден,

Майлы қарын - тоқмейілден,

Кесір мінез қиянкестен,

Жұртты аямас зиянкестен

Сақтан!»- деп

Солардың көбін білесің,

Сақтанып та жүресің.

Сақтану керек әрқашан!

Әйтпесе көрдің ғой

Әне бір киліге түскен сұмпайдың

Қаншалық кесір еткенін,

Бетімен лағып кеткенін!

Бес ешкінің басын қосып бағуға

Жарамайтын мақтаншақ

Бастаймын деді - ау барлығын.

Сен сабырмен оған қарадың,

Сынау үшін шыдауға да жарадың.

Бірақ ол сыйлағанды білмеді,

Сипағанды ұқпады,

Сен күткен жерден шықпады.

Кешірмедің күнасын сен сойқанның,

Дәл кезінде бетін тіліп айта алдын,

Дәл кезінде бетіне соғып тойтардың,

Біз тағы да Ленинше басып жөнелдік!

V

Құрдасым!

Қарама, сен айнаға,

Самайыңның ағыменен ойнама!

Жаңа жылда тағы бір жас қосамыз,

Егделіктің тағы бір жылын тосамыз.

Бірақ одан сескенбейміз, саспаймыз,

Әкеліктен астық қой,

Аталықтан қашпаймыз!

Өзіміз бастап жыл есігін ашамыз,

Өзіміз қолдан ұрпаққа шашу шашамыз!

Сәлем, саған, Жаңа жыл!

Сәлем, саған, құрдасым.