Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

АСҚАР АҚЫНFA

(А. Тоқмағамбетовтың алпыс жылдығында)

Қызық қой, Асеке, бұл өмір білгенге,

Ләззәтін білмейсіз ішінде жүргенде.

Ұмытып кетеміз бейнетті күндерін

Көңіліміз жарқырап бір мезгіл күлгенде.

Қандай ек ең әуел өмірге кіргенде,

Жас сабаз жарықтың қадірін білген бе.

Апырым-ай, Асеке, көп мезгіл өтіпті - ау,

Қайрылып қарасақ арттағы күндерге.

Қарашы, ағатай сол анау күндерге!

Жатыр ғой біздің ізіміз сүрлеуде.

Қанша жыр арнадық жауларды тілдеуге,

Қанша жыр арнадық достарды үндеуге?

Қанша өлең арнадық жеңуге, өлмеуге.

Қанша өлең арнадық бөгелмей, өрлеуге.

Қанша өлең арнадық каналдар қазуға,

Қыстауды, жайлауды, жондарды жөндеуге!

Шықтық біз - Отанның ұлы боп сөйлеуге,

Біткенше жануға, жартылай сөнбеуге.

Ант іштік Лениннің өзінің алдында

Адамды қараға, сарыға бөлмеуге.

Бөлдік біз бояуды ақ пенен қызылға,

Қызыл ту от қосты қандағы қызуға.

Лақтырдық жүректі бомба бол, жарыл!- деп,

Ақтардың қамалын қирата бұзуға!

Бөлдік біз жолдарды: қысқаға, ұзынға,

Бөлдік біз жырларды: боранға, ызыңға.

Дауылдай маршпенен тарттық біз ұзаққа,

Күйрете жолдардың құзын да, мұзын да.

Әрине, қиналдық, шаршадық, терледік,

Не түрлі сұмдықты ағажан, көрмедік.

Алдандық кей тұста азғырған сайтанға,

Әйтсе де Лениннен басқаға сенбедік.

Сендік біз Ленинге. Басқаға сенбедік.

Судырақ суайттар соңынан ермедік.

Қаламды қылыштай, қанжардай сермедік,

Жалтаққа, қорқаққа, шорқаққа бермедік!

Жеңілді сойқандар, жеңілді сайтандар,

Өзгерте алмады өлеңді сайқалдар

Ленинмен жорыққа бір кеттік,

Қалды әне алыста: күңгірттер, ойпаңдар!

Алдымыз алтын тау, ақ сәуле шырайлы,

Болашақ бізден де көрімдік сұрайды.

Тарта бер жырыңды, Асекем, том – томдап

Ұнаса бүгінге - ертеңге де ұнайды.

Біреулер ертеңге қарауға қорқады,

Жетпейді ертеңге ақынның жортағы.

Сескенбей қарай бер көзіне ұрпақтың,

Тоныңа торқалы кімнің бар ортағы!