Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

БАЛАМ МЕН ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Балам менің қайнап тұр самаурындай,

Мен отырмын қасында сал аурудай.

Ол ойлайды: молайған думан - тобын,

Мен ойлаймын: азайған санаулымды.

Ол ойлайды: кетсем бір, келмесем деп,

Тозған әке тұлғасын көрмесем деп.

Мен ойлаймын: қашан ол оралғанша

Көзім көр боп, күйіктен өлмесем деп.

Ол ойлайды: сарқыла сермесем деп,

Сыбағасын жігіттің бермесем деп.

Мен ойлаймын: түбі бір есің кіріп,

Өз қолыңнан кебіндеп жерлесең деп.