Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ОСЫ БІР ҚАРТ

Осы бір қарт ұнайды тіпті маған,

Дүр секілді кәдімгі жұрт аңсаған.

Тарта берер түрі бар тарланымның,

Күні қашан жеткенше күрт қаусаған.

Тозған қайың секілді тұр шалқайып,

Көрінгісі келмейді тым қартайып.

Сына - сына сиреген бұтақтары

Көктем сайын кетеді жапырақ жайып.

Іздемейді ол рахат тыныштықтан,

Күйзелер деп көңілім емес бұққан.

Көрген емес жырылып, жұбын жазып,

Қарапайым кәдімгі күйкі жұрттан.

Сәл қуанса қалады жасарып-ақ,

Сәл түңілсе қалады қасарып-ақ.

Оқта-текте шертеді домбырасын,

Жанжалынан жақынның босанып ап.

***

Жер айналып тұрғанда зырылдаған,

Көзді неге жұмбақпын жұмылмаған?

Күркіреген күйлерге айналады.

Ішімдегі нәзік үн ыңылдаған.

Тарта берем, ағайын, тартынбаймын,

Анау-мынау өртіңе шарпылмаймын.

Жасағанша жасаймын еркім жетіп,

Еркім жетпей болдырсам шарқ ұрмаймын.

«Өмір бізді алдайды» дейтіндер бар,

Тозған ойдың тулағын жейтіндер бар.

Сенбейтіндер өмірге сөне берсін,

Күл - көмірін шаң-тозаң көме берсін.

СЕЗІМДЕР

I

Қыстың ұзақ түнінде борайды қар,

Қалтыратып қайыңды қысады ызғар.

Тымауратқан түрім бар - түшкіремін,

Көктемнің көгін аңсап түс көремін.

II

Есігім кілт, терезем жабық,

Тесіктің бәрі бітелген,

Тынши алмаймын жүрегім қағып,

Кімді аңсап, нені күтем мен.

III

Ойым менің ауыр жүгім көтерген,

Шаршатқан сол...

Сонда да көтерумен өтем мен.

Ойсыз қалсам, жеңілденсем не етер ем?

Онда ма? Кәдімгідей

Жынданар да кетер ем.

IV

Күшігім менің түнімен үрді,

Түнімен бойым сыздады.

Жүрегім менің неге алас ұрады,

Сеземін ненің ызғарын?

Мазасыз алаң бермейді тыным,

Түршігіп бойым мұздады.

Сөйлей де алмаймын күрмеліп тілім,

Сағынып, тағы қызғанып.

***

Кей күндері жазда да қалтыраймын тоңғандай,

Кей күндері өрттен де отырамын қорғанбай.

Кейде айналам ду-думан қалың базар секілді,

Сезінемін кейде мен жапа-жалғыз қалғандай.

Жайлы күннің бойында - жарқын мінез, жақсымын,

Жайсыз күннің бойында - жын ұрған бір бақсымын.

Жарқыншақта көңілім жарық күндей жап-жарық,

Сәулеге де әзірмін қара қылды қақ жарып.

***

Қартайғанда ауыр жүк,

Ауырлығы денемнің.

Ұйытқып кете бермеймін

Ұйқасындай өлеңнің.

Асылмашы, көкешім,

Өзім әрең келем мен.

Алмақпысын менен күш, -

Алам десем сенен мен.

***

Сөйлеп жатыр су сылдырап,

Сыбырлайды жасыл құрақ.

Сыңсып қана жылайды аққу,

Жылайды аққу жалғызсырап.

Күмбез аспан тұр жарқырап,

Жатыр жерде көл қалтырап.

Судырайды жасыл құрақ,

Сыңсиды аққу жалғызсырап.

***

Астымда ақ қайығым қалтырайды,

Үстімде көк аспаным жарқырайды,

Келемін қос ескекпен көлді тербеп,

Кеудемді бара жатыр бір күй кернеп.

Астымда ақ қайығым қалтылдайды,

Үстімде ақ шағалам шаңқылдайды.

Келемін қос ескекпен көлді шайқап,

Сонда да шіркін жүрек алқынбайды.

Сонда да шіркін жүрек алқынбайды.

Қос ескек - қос қанатым жалтылдайды,

Алдымда ақ шағалам шаңқылдайды,

Қалайша аппақ жаным шарқ ұрмайды.