Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

УАҚЫТ ҚУЫП

Уақыт қуып айдады күнді ілгері,

Алыстайды өткеннің күмбірлері.

Елу жылда елменен жер жаңарып,

Ұмытылар адамның көргендері.

Көзге кірген көлеңке арылмайды,

Өшкен оттар қайтадан жағылмайды.

Жарқын - жасыл жайнаған суреттерді

Бұлдыр ғана шырағың қабылдайды.

Қулап кетіп қалғандай бір құз жарға,

Айрылып қап жүресің жұлдыздардан.

Жазды күтіп жаурағыш жұқарған жан,

Қалтырайды қыстағы ызғарлардан.

Кәрі арқардай түсе алмай шыңда қалған,

Айналаңа қарайсың бал-бұл жанған.

Батар күндей маужырап бара жатыр,

Бір-бір ұшқан көзіңнен дүние жалған.