Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ТОСТАР

Күтетін мені ғана жолдар үшін,

Сүйейтін мені ғана қолдар үшін,

Сүйейтін мені ғана жандар үшін,

Кәнекей тартып жібер, жолбарысым!

***

Ойды турап тастаймын «бес бармақтай»

Правом жоқ кұрттай да кеш қалмаққа,

Жағым түсіп қанғанша қақсай берем,

Той-думанын достардың бастай берем.

***

Менің де өз жалауым, өз туым бар,

Астында өз тауымның жыр шуылдар.

Жарамын жырдың жаңа бомбаларын

Достарым, қойны - қонышты толтырыңдар!

***

Жан күйттер шақ емес,

Жалқаусып жататын,

Өлеңге оқ керек

Күнде үзбей ататын.

***

Мен де жұрттай «мен!» деп келем,

«Мен» айтпайын десем - дағы,

Қалмай қойды жойқын өлең,

Айтпай өлең кайтып өлем!

Соқсын құйын кең даламда,

Жырдың өрті жансын - жансын!

Аспанымда бұлт тұтансын,

Нажағайлар жарқылдасын,

Жырсыз өмір адыра қалсын!

***

Көпті көрдім, көп жасадым,

Көрдім Сәкен, Бейімбетті.

Қатар тұрып жыр қашадым -

Мені олар да құрмет етті.

«Інім» деген олар маған,

Сарқыттарын сан асағам.

Қайда солар, о жасаған!

Қайда Қасым шоқ асаған?!

***

Ортасында орманның,

Өркешінде таулардың

Қыран бүркіт болғанмын,

Құздарға да қонғанмын,

Мұздарда да тоңғанмын.

Торабында жолдардың,

Талай-талай қалғанмын,

Талай керей шалғанмын,

Жырын шерткен арманның,

Жасын сүрткен сорлардың.