Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

АЛПЫСҚА КЕЛГЕНДЕГІ СӨЗ

Байқаймын, Осынау мол топқа ағамын,

Ал мына үркердей аз шоққа інімін,

Жисырман: қуансам ентігіп те қаламын

Көрсеткім келгендей қарттықтың ырымын.

Ұққанға алпыс та аз емес білемін,

Шүкірлік иә олай... бармын ғой, тірімін.

Шашымды ақ басса да, көнеріп реңім,

Шашылып жатқан жоқ, көшеде сынығым.

Демеймін: мен сонша мықты - ақпын, ірімін!

Демеймін: қазақтың айымын, күнімін,

Демеймін: күн шалмас, шаң жұқпас дүлдүлмін,

Кәдімгі күпшек сан күреңнің бірімін.

Асқан жоқ өзгеде өнер мен білімім,

Мәлім ғой... кенже өскен егденің бірімін.

Келемін сүйретіп жегілген соқамды,

Үзіліп кетпесе болғаны сіңірім.

Алмастан кейде мен көздің де шырымын,

Санаймын уақытымның олжасын, шығынын.

Кейде мен еріксіз шүкірлік те етемін,

Ішінде жүргенге жер басқан тірінің.

Бірақ та сол үшін мәз-мәйрам емеспін,

Өлген жок, ешкім де бізден болғанға.

Не керек қуанып кәрі бүркіт секілді,

Қайта бір ұшпастан тұғырға қонғанға.

Өлген жоқ ешкім де бізден қор болғанға,

Шүкірлік демеймін тек тірі қалғанға.

Ризамын қашан да осы кең жалғанға

Жап-жарық армандар жалғасса арманға!

Армандар алдымда тұрған жоқ алдауға,

Әлі де үміт бар - жастарша таңдауға,

Жатпаймын көміліп жолдағы шаңдарда,

Жараймын мен әлі абыз боп сарнауға.

Жараймын мен әлі абыз боп сарнауға,

Жараймын жырым мен жер-көкті шарлауға,

Жараймын ерлікке ақ бата арнауға,

Жараймын сұңғыла сұмдықты қарғауға!

Жарасса қанатым тағы бір қомдауға,

Жетеді қуатым жырларды сомдауға.

Қалғанша тамырымда ең соңғы тамшы қан,

Жасаймын халқымды Ленинше қолдауға.