Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

HҰPTAC ОҢДАСЫНОВ

Пенсияға кетем деп ойламаған, -

Басын іске бағыштап қойған адам.

Басқамызша мақтатып өзін-өзі,

Елу жасын шулатып тойламаған.

Көрген емес ешкімге өзін пұлдап,

Алдамайтын көзімен я жылпылдап.

Мол тануға, білуге құмартатын,

Үлкеннің де, кішінің сөзін тыңдап.

Көп аралап кететін кең өлкесін,

Көру үшін байтақ жұрт берекесін,

Егіншімен қырманда бірге түнеп,

Қызықтасқан қойшының мерекесін.

Алай-түлей ақборан соққан қарда,

Айдалада қос тігіп жатқандарға

Сәлемдесе баратын, жәрдемдесе,

Сарыарқаға Сырдан жол тартқандарға.

Астанам деп сүйетін Алматысын,

Тек жақсылық іздейтін Алматым үшін,

Ортасынан өткізсем - деп ойлайтын,

Айдап әкеп Іленің аққан күшін.

Сол арманшыл адамды Нұркем деп,

Сыйлаушы едік азамат, ер екен деп,

Бүгін - дағы сүйсініп сөз етеміз:

Тұр екен деп Мәскеуде, тірі екен деп.