Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

МҰХАМЕДЖАН ҚАРАТАЕВ

Тағдыр тәлкек етсе де сындырам деп,

Тақымыңа саламын қыл бұрау деп,

Сынбай қайтқан сабаздың біреуі осы,

Міндетімді өтеймін, тындырам деп.

Өтеп жатыр келіп ол міндетін,

Жайсаң жаны жалтармас сертке бекім.

Бірге жатып күнменен бірге тұрып,

Бірге айналып шығардай жердің бетін.

Әдеті ғой адамның алаңы мол,

Құрғауға қорқады қаламын ол.

Ертең ұсынар кең ойының,

Бастап бүгін сүрлеуін салады ол.

Қайрап ұстай қанжардай қайсарлығын,

«Айтарымды, ағайын, айтам бүгін», –

Деп байғұсым келеді болдырмастан

Тынбай тартып көңілінің күй сандығын.

Мезгіл емес біреуден ығысатын

Достары көп тілеулес ұғысатын,

Табылады сұрлары, сұмдары да

Күтіп жүрген сағатын жығысатын.

Кек тұтпайды қылығын ондайлардың,

Қынжылса да қиналып қорланбайды.

Жалған айтқан жанға да жәрдемі әзір

Жазым етіп кетер деп қорғанбайды.

Шаршадым деп айтпайды, айта алмайды,

Ат тізгінін әдейі тарта алмайды.

Бәрін беріп болғанша берерінің

Ортаймайды, қартайып, жантаймайды.