Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

АДАМҒА

Жыласа біреу қосыла мен де жылаймын,

Бөлмеймін оны қара деп, яки сары деп.

«Жылады неге?» - деп қана Іштей сұраймын,

Бөлмеймін оны жас па екен, яки кәрі деп.

Ұғамын іштей, түсінем тілін жылаудың,

Өйткені адам жылайды дайым бір тілде.

Жүрегі бір ғой жылайтын барлық адамның

Болар ма жасын көздердің күштеп іркуге!

Жылаған үнді домбыра тағы қайталар,

Егіліп сонда, сөгіліп жаның аяйсың.

Төгілген жасты бөтен деп кімдер айта алар,

Қараға, яки қызылға қалай бояйсың?

Қажеті қанша сұраудың бізге тілмаштан.

Неміс пе, әлде жылаған еңіреп негр ме?

Жылай бер, адам, өмір сүр бірақ сынбастан,

Ұсай біл, адам, қорытқан өзің темірге!