Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ЖАМАЛ ОМАРОВА

Кеткен соң қайран жастық көз көрмеске,

Қоймайды шіркін уақыт өзгермеске.

Әжелер көздің жасын мөлтілдетер,

Алғанда қызығы мол күндерді еске.

Жарқылдап жанып тұрған заманында,

Жетіпті әжелікке Жамалым да.

Қарттықтан қала алмайды екен сақтап

Жасайтын не бір айла-амалын да.

Тұрғанда құлынша ойнап топ алдында,

Жамалдың жайнап жарық жанарында.

Күй толқып кеудесінде күмбірлейтін,

Қанатын қара торғай қағарында.

Қанатын қара торғай қағарында,

Тағы бір әннен жұлдыз жағарында,

Күміс күй көмейде сыңғырлайтын,

Кең дүние үнсіз тынып қаларында.

Қанатты ән құмарланбай басталмайтын,

Басталса ақша бұлттай аспандайтын.

Шығыннан шырқырата, бұрқырата,

Төгуге әнші жаны жасқанбайтын.

Бүгін ол жасы ұлғайған әже Жамал,

Сыр шашып, сездірмейді үнінен зар.

Жүзінде айлар, жылдар қалдырған із.

Көзінің жанарында көлеңке бар.

Кеткен соң қайран жастық көз көрмеске,

Қоймайды шіркін уақыт өзгермеске.

Әжелер көздің жасын мөлтілдетер,

Алғанда өткен сонау күндерді еске.