Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

АҚЫН ЛЕПІРГЕНДЕ

Күркіреп үнім эфирде,

Оқыдым қыстай өлеңді.

Тыңдаушым жатты төменде,

Жырларым бұлт боп жөнелді.

– Дауысым қалай барды екен,

Қойларым жатқан құмдарға!

Қойшыда уақыт бар ма екен

Эфирден өлең тыңдауға!

Бар шығар мүмкін уақыты,

Жоқ шығар, мүмкін, кім білсін.

Беріңдер хабар қойшыға

Тыңдауға жігіт үлгірсін!

— Не керек ақын лепіріп,

Қойшыңыз қалай үлгірсін.

Тұрғанда боран өкіріп,

Жарамас, досым, көлгірсу.