Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ҚОЙШЫ МЕН АҚЫН

«Қойдың ойлағаны амандық,

қасқырдың ойлағаны жамандық».

Халық мақалы.

Қойшының аулы - жыр аулы,

Ұмыта алмаймын оны мен.

Кетемін жырлай аралап,

Құмдардың қисық жолымен.

Келуге қыстай қорқып ем,

Қона алмай киіз үйге мен,

Жатып aп жайлы мысықша

Жазған боп жылы үйде өлең.

Күн жылып мен де жібідім,

Ойыма түсті жайлауым.

Қойшыға қарай жүгірдім,

Көрдің бе жырдың қайнауын...

Қаңтарда болмай қасында,

Күн жыли келдім елпілдеп.

Құмының тұрмын басында,

Ақ селеу шашым желпілдеп.

Мейірімді - ау қойшы пейілі кең,

Алдауға тағы епті емес,

Қуланып қана күледі,

Аржағы тағы кекті емес.

Мейірімді - ау қойшы күледі,

Қуланып қана қарайды.

Ақылы көп қой, біледі,

Ақынға қай іс қолайлы.

– Үйге кір, дейді әдеппен,

Союға қозы жасырақ.

Әзірше, ақын, жүремін

Қыстағы сүрмен асырап...

Қойшыдан тудым, қой бақтым,

Жастығым өтті далада.

Ақын да болдым, ой бақтым,

Сіңісіп кеттім қалаға.

Қалайша жатпын ауылыма,

Өзімнің ұшқан ұяма?

Қараймын қойшы баурыма

Қартайған тұста ұяла.

Жазала, қойшым, таяқта

Өзіңсің қожам ендігі.

Етігің қысса аяқты

Құрысын дүние кеңдігі!

Үйіңнің ашып түндігін,

Шығарып жүрем күліңді,

Қозыңның жуып құйрығын,

Күзетшің болам түніңде.