Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ЖАРЫҚТАР ТУРАЛЫ

Әрбір жарықтың өзіне лайық күші бар,

Әрбір жарықтың өзіне тән келер құсы бар,

Бір жарықтар бар жанатын, мәңгі сөнбейтін,

Дауыл соқса да, толқын басса да көнбейтін.

Бір жарықтар бар – қабырда жанған шырықтай,

Көрмейді оны ешкімнің көзі жырақтан,

Жануы да оңай, қалуы да оңай сөніп те,

Сенбейді оған табытта жатқан өлік те.

Сөнейін мен – ақ жануға қалсам жарамай,

Не керек әлсіз шырақ молада!

Тек қана ұлы жарықтар сөнбей жансыншы,

Адасқан соноу адамдар аман қалсыншы.

***

Армандар көп қой,

Шек жоқ екен ғой арманда:

От қандай арман,

Адасып жолда тоңғанда,

Су қандай арман,

Таңдайың кеуіп талғанда,

Дос қандай арман,

Тарығып жалғыз қалғанда.

***

Тұр екенмін түсімде: түспей аттан,

Атта отыру жігітке қандай мақтан.

Келеді екен шелекпен су көтеріп,

Жас жеңешем жай ғана өзен жақтан...

«Жеңеше» деп қуана бергенімде,

Айнам көзін ап-анық көргенімде,

Жақсы ұйқыдан оянып кеткенім - ай,

Көрген түстей өмірдің өткенін – ай.