Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ҚАРА АҒАШ

Әкемдей еді осы бір жуан қара ағаш,

Біздің үйдің қақпасын тұрған күзетіп.

Ауырып шықты ана бір қыста сол ағаш

Тозығы жеткен тамырларына сыз өтіп...

Біз қорықпаушы едік шешемізбен түнде де

Қара ағаш бізді тұрған соң тынбай күзетіп,

Қорқатын болдық құлағаннан соң күзетші,

Тамырына сыз, денесіне оның мұз өтіп...

***

Құдай үйген төбенің бөлек жөні,

Тауыса алмайды кетпендеп адам оны.

Халқың өзі боп тұрса қайырымды,

Жимай – ақ қой өзгеден айылыңды.

Құдай құйған теңіздің бөлек жөні,

Тауыса алмайды шелектеп адам оны.

Халқың өзі боп тұрса қайырымды

Білмей-ақ қой басқадан тайынуды.