Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ТӨРТ ЖОЛДАР

Ішім пысса кетеді миым қайнап,

Бұл кеселге емім жоқ тапқан ойлап.

Әрең ғана қаламын ұшып кетпей,

Шыдамымды щынжырмен мықтап байлап.

***

Қиналғанын, күйінгенін жаныңның,

Құйшы бәрін бір бокалға толтырып.

Берші маған, бір-ақ қылғып тастайын,

Кетсін мені - ақ әлі жетсе өлтіріп

***

Керемет түгі де жоқ таңдандырар,

Айласы, сиқыры жоқ алдандырар.

Жұрт оны сүйеді тек мейірімі үшін

Жаныңды жылы сөзбен жайландырар.

***

Мың-мың жылдар бойында,

Миллиард - миллиард километр тынбастан,

Өлген жұлдыз жарығы

Келе жатыр кең әлемде сынбастан.

Жұлдыз өлді, жарығы кетті жар салып,

Жұлдыз өшті, айрылдық ыстық сырластан.

Өлген жұлдыз, қалған жарық қаншалық,

Әрқайсысы таусылмайтын бір дастан.

***

Күтпеген жерден өзгере қалып, мысалы,

Бұлт бола қалсам жаңбырға толы құшағым,

Онда мен бар ғой мұхиттан көтерілген соң,

Тоқтамай, тура Қазақстанға ұшар ем.

Шатырлатпай-ақ, күтірлетпей-ақ көгімді,

Жарқылдатпай-ақ ешкімге қаһар, кегімді,

Жып-жылы ғана жауынымменен жылжып кеп,

Қандырар едім сағынған мына егінді.

***

Мен ойымды шідерден босатқалы

Еркіндікпен көп жүрдім қосақталып.

Жылынайын десем де бір тоқтап бүгін,

Көре берем оты өшкен ошақтарды.

Шідер келіп түсіпті аяғыма,

Сала берем салмақты таяғыма,

Ол шіркін де әлсіреп бұлдырайды

Дәл кешегім ұсайды баяғыға.

***

Отырмын айдын көлдің жағасында,

Көл жатыр үйреншікті шарасында.

Жағалай жасыл бұйра сыңсиды орман,

Қосылып таңғажайып жарасымға.

Сонда да жаным менің тыншымайды,

Орманмен толқып бірге сыңсымайды.

Күтемін көкжиектен кімді аңсаймын,

Көңілім неге жүдеп қыңсылайды?..