Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ЕКІ ЖОЛДАР

Іздеумен жүріп Сүлеймен патша жүзігін,

Өткізіп алдым өмірдің небір қызығын.

***

Жүргенше сүйгеніммен суынып мен,

Өлермін бұрымына буынып мен.

***

Демеймін танымасаң: елемедің,

Мен де бір жүзі кеткен селебемін.

Қайта бір отқа салып қайнатсайшы,

Одан соң қайрап алып ойнатсайшы,

Қаршылдап қарсы тұрған тастан өтіп,

Көрсетсін әзірейілдей құдіретін.

***

Ақ жаңбыр селдеткен құйып тұр,

Аппақ нұр аспанда ұйып тұр.

Қалайша осынша зор жарық

Шап-шағын аралға сиып тұр!

Әніңмен Атлантты шайқадың,

Жырыңнан гүл өсті жайқалып.

Жалын боп жандырып тұрсың сен

Жарықтың жауларын тойтарып.

О, Кубам, сағынтқан сүйіктім,

Тұрсың сен беліндей биіктің.

Әніңмен Атлантты шайқадың,

Сол әнді барлық жұрт айтады.