Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

АЛТЫН ҚОҢЫРАУЛАР ҚАҒЫЛСЫН

Кәнеки, достар, қараңдар Қазақстанға,

Көріңдер менің бөленген даңққа елімді.

Тағы да бізден дауыл мен жауын жеңілді,

Тағы да миллиард Отанға берілді.

Келеді міне миллиард берген батырым,

Қып-қызыл тауын қолмен көтерген.

Жолына жайдың бар махаббатын ақынның,

Басылған әрбір қадамын сүйіп өтем мен.

Бұл батыр түнде шырымын көздің алған жоқ,

Бір рет оты шылымының да жанған жоқ,

Бір рет ішіп шайдан да мейірі қанған жоқ,

Бір рет іздеп сүйгенше де барған жоқ.ү

Ұстаған қолы штурвалдарды темірдей

Қайыспай тұрды ол жауыннан, желден жеңілмей.

Алақанында балапанындай жатты дән,

Бір түйірі де қайтадан жерге төгілмей.

Көзінің оты өтті де қалың тұманнан,

Жарқылдап тұрды алыстан, сонау шығаннан.

Мықтылық, төзім темірінде де кем екен,

Адамдағы өжет құмарлық және шыдамнан.

Келеді міне миллиард берген батырым,

Ашыңдар құшақ, «бауырым!» деп қарсы алыңдар.

Етігім тартып, шұлғауын күнге жайыңдар,

Көйлегінің де қасиеттеп шаңын қағыңдар!

Жайыңдар кілем керіле жатып тынықсын,

Төсеңдер мамық босатып төрді беріңдер.

Әншілер қайда, күйшілер қайда тез шықсын,

Ақындар қайда, қанеки, достар келіңдер!

Құйылсын ән, жыр, гуілдеп кетсін күй шіркін,

Аспанымыздан миллион аққу өткендей,

Жер бетін жаңа сел - топан басып кеткендей,

Миллиард пұтты батырдың өзі төккендей.

Диқан деп қазір атаймыз осы батырды,

Ғалым да осы, шофер да осы ақылды.

Дарияларды да жетектеп шығып шөлдерге

Гүлістандарға айналдырады тақырды.

Диқаным бүгін – cүйіктім, патшам – әміршім

Құрметіне оның барлық жарықтар жағылсын!

Бүгін той, достар, миллиардтың тойы елімде –

Шақырып соған алтын қоңыраулар қағылсын!