Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

АЛТЫ ЖОЛДАР

1

Деп жүрміз ғой қартайдық, киеліміз,

Күн бұлттанса сыздайды сүйегіміз.

Кейде әреңдеп тұрамыз орнымыздан,

Екі аяққа екі қол сүйеуіміз.

Әлсіз жүрек ақырын қимылдайды,

Езеді кеп еріксіз ішті қайғы.

2

Өз ойым бар өзімнің, өз дегенім,

Қайтем жұрттың қай жерді көздегенін.

Өшпей тұрса болады ой жарығым,

Сезсем бопты өзгенің сезбегенін.

Іші өлмеген еркектің сырты өлмейді,

Жан жаураса қайта адам жөнделмейді.

3

Жақсылықтың шегі жоқ түсінгенге,

Сүйсінесің кей көрген түсіңнен де.

Күн кіргендей кеудеңе қуанасың.

Кездессең бір аңсаған кісіңмен де,

Сақта тәңірі, шошытпа кешке дейін,

Ұйықтап тыныш жап-жақсы түс көрейін.

4

Ұйқың қашса жақсы емес, кеселдігің,

Түкке аспайды күндізгі көсемдігің,

Қайыршыдай жапанда жалғыз қалған.

Ұнатпайсың өмірдің әсемдігін.

Жүрек сыздап іздейді әлдекімді,

Өткізе алар ма екенмін осы түнді?..

5

Қайтем мақтап басқаның мергендігін,

Жетіп жатса өзіме сермерлігім,

Қарапайым қара өлең жазсам бопты,

Қызғанбаймын ешкімнің зергерлігін.

Күлкі болғың келмесе көлденеңге,

Әлің жетпес ауырға әуреленбе.

6

Біреуден кек ауысар, біреуден дық,

Бәрін еске сақтасаң бұл бір сұмдық.

Арбасам деп артынан әуре болма,

Алысқанды ала алсаң табанда жық.

Жыға алмасаң жығылдың, кінә өзіңде,

Кешірімсіздік қалмасын мінезіңде.

7

Бір күн толып ағамын, бір күн толмай

Бір күн толық жанамын, бір күн жанбай,

Бір күн шатпын, келер күн пұшайманмын,

Бір күн қанып ішемін, бір күн қанбай

Бір суық пен бір ыстық кезектескен,

Өмір осы туғалы бастан кешкен.

8

Көкті көрдім, көктемге тағы жеттім.

Ғажайыбы қызық қой бұл құдіреттің.

Қараторғай шақырды тереземнен,

Жеп – жеңіл - ақ тұрдым да, жүріп кеттім,

Күпті көңіл лезде көріктенді,

Көрмей кетті-ау, көп достар бұл көктемді.

9

Кейде бұл түн қып-қысқа, кейде жылдай,

Өткіземін кей түнді көз де жұмбай.

Кейде бәсең, кейде өжет соғып жүрек,

Тыпырлайды бір мезет дамыл қылмай,

Соғар екен бұл байғұс енді қанша,

Сабыр таппан жүрегім дем алғанша.

10

Жетім боп та көрдім мен - анасыз боп,

Әркімге бір қарадым шарасыз боп.

Бірақ туған жерімнің аясында,

Қалғаным жоқ жалаңаш панасыз боп.

Суын іштім, жамылдым жапырағын,

Жүрегімді жылытты топырағым.

11

Қойныма қар қанша рет құйылды екен,

Құйын мені қанша рет үйірді екен.

Аяз мені қанша рет қалтыратып,

Қанша қорқып, аруаққа сиынды екем!

Сонда да, сен, туған жер, өзегімсің

Тұлпар емес, тулақпын өз елімсіз.

12

Қара орманым шайқалған бесігімдей,

Алатауым тарс жапқан есігімдей,

Арал, Балқаш қос көзі кең даламның,

Ертіс пен Сыр - шегі домбырамның,

Сен деп қана Отаным ту ұстадым,

Жаңбырыңмен, желіңмен туысқанмын.

13

Сүйем деймін жұртымды елден ерек,

Кіналап та қоямын кейде еркелеп.

Салқын өлең ешкімді сендірмейді,

Жанып тұрған жалынды дәлел керек.

Жүрегімде бар ма екен жалған жаршы?

Қанжарменен қақ жарып қараңдаршы.

14

Жүгірген жөн зорығып сүрінбесең,

Ере алмайсың уақытқа жүгірмесең.

Шындық пенен сұмдықты біле алмайсың,

Өз көзіңмен оларға үңілмесең,

Ала қашқан лақаптың көбі өтірік,

Алдайды да, төбеңнен кетеді ұрып.

15

Жақсылығым жақынға білінбесе –

Күнәлі боп жүрегім дірілдесе,

Уланғандай жүремін өкінем де

Ұятымның алдында жүгінбесем...

Өзің кесім өзіңе айта алмасаң –

Өмір сүрдім дегенің - әуре-сарсаң.

16

Алатауым, асқағым сен тұрғанда,

Самал демің кеудемді толтырғанда,

Ұл-қызына ұшатын қанат беріп,

Қазақ деген алдымда ел тұрғанда –

Мен қалайша Әбділда атанбаспын,

Мен мақтанбай көрде де жата алмаспын.

17

Ағай біздің шаршапты қартайғанда,

Қалғып кете салады жантайғанда.

Аман екен дейміз де мәз боламыз,

Қаңқасы оның қирамай қауқайғанға.

Дем алмаққа, міне, ағай тағы жатты,

Жарар еді кетпесе ұйықтап қатты.

18

Тоздырмайды отты жан махаббатын

Таңдауы сол танбастан жыр қылатын.

Жарықтарға арнайды, халықтарға

Жүрегінің жалынын бұлбұл ақын.

Бір күн оның сүйгенін есітпесем,

Онда жыршы тірі емес өлікке есеп.

19

Домбырада көп күй бар тартылмаған,

Көкіректе көп сыр бар айтылмаған.

Баяу қанша шешек боп ашылмаған,

Әндеp қанша аспандап шарқ ұрмаған.

Соның көбі өтеді көрінбестен.

Жанбаған от жарығы қалмайды есте.

20

Іздеп ақын жүргенде таудай талап –

Бұйырмапты байғұсқа бармақтай бақ.

Қалайша оған бақ шіркін қона қалмақ,

Алып кетсе аулаққа ойран шарап.

Аңқылдақтық ақынның бір белгісі,

Келмейді оның тым байып көрінгісі.

21

Ат секілді жегілген арбадағы,

Адам санап басады әр қадамын.

Түсте желсе кешкісін аяңдайды,

Әрең қозғап арбаның доңғалағын.

Болдырса да дем алып тынбайды адам,

Бір орында өлгенше тұрмайды адам.

22

Ит жүгірсе мақтаймыз құмайым деп,

Жүгірмесе қаламыз уайым жеп,

Шапшаң болса мақтаймыз жігітті де:

Замананың аңғарғыш сыңайын деп.

Жүгір - жүгір жігітім, құмайым боп,

Жүгірме тек қайтсем де ұнайын деп.

23

Ат жүгірсе мақтаймыз - тұлпарым деп,

Құс шүйілсе мақтаймыз - сұңқарым деп.

Алғыр болса мақтаймыз жігітті де

Көрдіңдер ме шіркіннің шырқауын деп.

Байқа, жігіт, болма, сен тым қағылез,

Атпай сені қоймайды аңдыған көз.

24

Әр босаға секілді әрбір ағаң,

Босағасыз есік не салдыраған?

Заман үшін қайғырып кім күрсінбек,

Ауытқи қалсаң кім тоқтам айтар саған?

Ағаларды аға деп үйрен, інім,

Қатыгезден тас бауыр жирен, інім.

25

Итті босқа үреді дей көрмеңдер,

Бар бізде де ит үрмес тыныш жерлер.

Саққұлақтар сақтыққа шақырғанда

Қамсыз жатып, - қапы ұрды-ау, деп жүрмеңдер.

Көршің сұмдық болмаса ит үрмейді,

Шыр айналып үйіңді жүгірмейді.

26

Көлеңкемді көремін тентіреген,

Жүрмейді ол жерлерде мен тілеген.

Тынышымды алар дамылсыз тынышым да осы

Әттең әлім келмейді өлтірер ем.

Қашсам қуып, мен қусам жеткізбейді,

Мені аңдымай бір мерзім өткізбейді.

27

Оңаша жер қабырдан сұрап алып,

Көмдік сонда қадірлеп бір ағаны.

Күліп-ойнап кемген соң кеттік тарап,

Сөйлегенде сәл ғана жылап алып,

Қаралы күй тартатын зар жылатып,

Музыканттан ақша алған неміз артық!

28

Тастау керек мінезді елпілдеген

Титтей пайда басыңа келтірмеген.

Әлің келсе әйдіктей шірене бер,

Өз орныңды бермей-ақ еркіңменен.

Топқа кірсең тұлпарсып жүр алдыңда,

Сырттан төбет секілді сыр алдырма.

29

Жуымайтын осы бір өлерменге,

Кетеді екен сұп-сұр боп елергенде.

Ұтпаса да ақылымен мәз болады,

Ақылдырақ біреуді шегергенге

Дау тілейді ол құдайдан, тілейді ойран,

Сақта, тәңірі, шалдардан осындайдан.

30

Болу ұят әрине тым желөкпе,

Жаси берсем келмекші кім көмекке?

Өзімді өзім жасартып ұстамасам,

Кетпеймін бе айналып сүмелекке.

Мұң да шертем, сезімтал сыр да шертем,

Сүйісемін еркеммен тағы да ертең.

31

Жұдырықтай дейді ғой жүректі жұрт

Сол жұдырықпен мың-мың жыл күнелтті жұрт.

Соғып тұрған сәтінде ол тоқтап қалса,

Күллі жаһан тыңдады демде жым-жырт.

О, тірлігім - жүрегім сыздама сен,

Махаббатым маздаған мұздамасын.

32

Жалғыз келе жатсам мен жапан түзде,

Көзім түсті жолсыз да жалғыз ізге.

Бір шығар деп ойладым сапарымыз,

Бір шығар деп ойладым көңіліміз де,

Кей адамның көрмей-ақ өзін мүлде,

Жақыныңдай сезесің жүрген бірге.

33

Көршім мені сүймейді ақынсың деп,

Желіктіргіш жел сөзге жақынсың деп,

Шынымды айтсам мен де оны жаратпаймын –

«Сөзің суық, ойың мұз - пақырсың», - деп

От пенен су секілді туған егіз –

Бірімізден біріміз жиренеміз.

34

Жеңсем мен желікпеймін, мастанбаймын,

Жеңілсем, жалтақ-жұлтақ жасқанбаймын.

Қағысып қатерлермен қатайғанмын,

Жанымды жаралаған жастай қайғы.

Өмірде орның мықты, тұрсаң мығым,

Адамды қор қылатын өз қылығы.

35

Жас баладай жетектеп жүргізетін

Атыма да қолтықтап мінгізетін.

Інім өсер деуші едім - жарылқаушым,

Білмесімді баяндап білгізетін.

Күткен үміт барады алшақ тартып,

Шыдам, сабыр бәрін де болдым сарқып.

36

Жарқыраған көңілді тозаң басты,

Бұдан былай буған мен төзе алмаспын.

Көңіл ашық болмаса дүние тұман,

Топты жарып тұманда оза алмаспын,

Аттың басын шабыстан тарттым тежеп,

Енді саған, жас дәурен, бердім кезек.

37

Көктем келді, көгерді көңілім де.

Бұл қызық шақ ерекше өмірімде.

Мен қуанып ән айтсам, құс сайрайды,

Далам менен тауымның өңірінде.

Есітем, міне гүлдердің шақырғанын,

Болмағай тек осы әнім - ақырғы әнім.

38

Қандай жақсы көк мұздың ерігені,

(қыстан рахат қашан жұрт көріп еді)

Көлдің беті шайқалып кетті шулап,

Аққулар кеп әндете қонып еді,

Мен де ағыттым жанымның жел қобызын,

Ардақтаңдар, адамдар, күннің көзін!

39

Ат шаптырып өлгеннің берген асын,

Ел дәстүрін сақтаған, ер мұрасын,

Ата-бабам айнымай билеп кепті,

Жайық пенен Ертістің екі арасын,

Осы менің мекенім арқасы кең –

Аспанымен, айымен, тау-тасымен.

40

Жақтырмаймын жанымның мұздағанын,

Елеңдеймін естісем қыздар әнін.

Көк жапырақтың күбірін тыңдаймын да,

Көбелектен гүлдерді қызғанамын.

О, тәңір, осы күйім қалғай менде,

Пернесін домбырамның қозғай көрме.

41

Көк кептер әйнегімнен қарады да,

Мені шын өз досына санады да.

Алдына тереземнің отырып ап,

Қанатым талдап - талдап тарады да!

– О, ақын - деді кептер, - жалғыз қалдым,

Мұң-зарын жырлап берші сүйген жардың.

42

Бұрауын босатамын домбырамның,

Қосылар сонда ғана қоңыр әнім.

Өлшемей өз үнімді қатты бұрап,

Қалайша әсем әнді қор қыламын.

Әуенге әлің келмес босқа ұмтылма,

Созылып кеңірдегің күлкі болма.

43

Домбыра серік екен қартайғанда,

Шертесің ой қуалап жантайғанда

Қос шек, кезек-кезек әңгіме айтып,

Көңілдің құсасын бір қайтармай ма.

Сындырмай сақта, тәңірі, домбырамды,

Қалсам мем домбырасыз болдырамын.

44

Бергенде Жамбыл маған домбырасын,

Деп еді: жырың кетсін жырға ұласып,

Жігітті қарт жыраудан алған бата

Қазағым, қалайша оңай сындырасың?

Ағайын, тартпа мені, шегіндірме,

Ұшайын мен де биік көгілдірге.

45

Аққан судай жүгенсіз болмасам да,

Жанар таудай жарқылдап жанбасам да.

Аспан мен жер арасын еркін билеп,

Құз бен мұзға қырандай қонбасам да,

Мен емес жалтақтайтын, жасқанатын,

Жырым менің ұшатын қос қанатым.

46

Өмірімнің барады өтіп күздеуі де,

Жол қайда жазды қайта іздеуіме,

Жылытқан қара көздер дем береді,

Күдерді келер күннен үзбеуіме.

О, көздер, отты көздер, қара көздер,

Сендерге ынтықпын мен бала кезден.

47

Айта алмай, Әміренің бұзған әнін

Адамнан домбыраны қызғанамын.

Айқайын ақ боранның тұншықтырса,

Сеземін жүрегімнің мұздағанын.

Тар кеуде әлсіреткен ән тынысын,

Секілді бақытсыздық менің үшін.

48

Шапқаным Ақмоншақпен әлі есімде,

Өзге аттар жарамайтын шендесуге.

Ұстатпай қуған желге ұшатын ол,

Ақ көбік күмбез атып кеудесінде.

Қайдасың ақ қанатым - Ақмоншағым,

Күнәсыз күндей таза - болған шағым.

49

Алтын күрек кетті айдап соңғы қарды,

Тақыр жолға су тұрып, мұз жоғалды.

Шуақ түскен бөктерден бу бұрқырап.

Шақырады шулаған балаларды

Жалтақ-жалтақ қараймын күншуаққа,

Өзім де ойнап, дәл кеше жүрген жаққа.

50

Жасарушы ең, бауырым, көктемде сен,

Қуанушы ең алғашқы көкті көрсең.

Тыңдаушы едім тан қалып әңгімеңді,

Емен жайын ертектей айтып берсең.

Емен жайды биыл да жапырағын,

Әңгімеге кімді енді шақырамын!...

51

Ой ықтатып әкетсе ағысымен,

Жете алмайды жүйрік ат шабысымен,

Көңіліндегі адамның өкініші

Келісе алмай жатады намысымен.

Сондай тұста түнгі ұйқы бұзылады,

Сондайларға ажал да қызығады.

52

Бой бермесе өжеттік сабырына –

Басасың кеп бақырғыш сарыныңа.

Борандатып бөлмеңде бұрқанғанын

Жақындатып тастайды қабырыңа.

Кезім болса осындай жараспаған,

Кешір досым, ақылыңнан қарас маған.

53

Жүрегімнің білемін әлсіздігін,

Батады оған көтерген сансыз жүгім.

Сақтанбасам басымның қамын ойлап

Дей көрмеңдер бұл менің арсыздығым,

– Өмір сүру деген не? - Кісіге мен:

– Алқынту деп жүректі түсінемін.

54

Суыртпақтап суырып өмірімді

Тыншыта алмай келемін көңілімді.

Бүгін тапсам жаңа ырғақ қуантатын,

Келесі күн тілейді егілуді,

Ауысқандай жарық пен қараңғылық,

Бірде суып қаламын, бірде жылып.

55

Туған жұртқа өтеді еркелігім,

– Әбекем, - дем сыйлайды өлкем бүгін.

Кейбір білгірсымақтар сызданса да

Баса алмайды үнімнің көркемдігін,

Даусым жетсе қазаққа болды маған,

Осы емес пе ұлы арман мен аңсаған.

56

Не деген көп көз жасы бұл адамның,

Тұздайды кеп жүздерін жылағанның.

Мың еңіреген болармын туғалы мен,

Шығарды екем қаншама сыбағамның

Көздің жасы күлкімен алма-кезек

Ауысады біреуін бірі тежеп.

57

Тал бойында міні жоқ қымсынатын,

Мінсіз өлең жазады мұңсыз ақын.

Мінсіз өлең жасайды мұңсыз ақын,

Айқай салып әр сөзі құлшынатын,

Айтшы кеңес, үйретші, сырлас досым,

Арылармын мен қайтсем мұңнан осы!

58

Желпінсе жел үрлесе жылы леппен,

Өседі шөп басын қыс жұлып кеткен,

Ашылады гүлдер де күле қарап,

Жаңбырдан соң жып-жылы жуып өткен.

Ұққың келсе адамның ұлылығын –

Ізде әуелі көзінің жылылығын.

59

Терек қандай ұп-ұзын үндемейді,

Еменнің де жапырағын күндемейді.

Жарысады, жалғыз-ақ күнге қарап,

Күннен өзге ештеңе іздемейді.

Ал біз болсақ сөйлейміз ауыз жаппай,

Сөзімізді қоймаймыз қабылдатпай.

60

Ұя салған арадай құжынаған ой,

Мең-зең қылып басыңды, бермейді бой.

Қанша есіттік қайғырған қаралы күй,

Қанша жұртпен өткіздік қуанған той...

Бәрі соның ойында тұр кезекте,

Мың-мың сурет таласар бір мезетке.

61

Ысқырған кім, жел ме екен, адам ба екен

Бүйтіп неге біреулер жаралды екен?

Қараңғыда бимезгіл шыңғырған кім?

Қандай сорлы тағы да тоналды екен?

Түнде кілең үрейлі үн шығады,

Қашан көңілім үркуден тыншығады?

62

Кімі дос, кімі дұшпан бұл жүргеннің,

Байқаймын, танып бәрін үлгірмедім.

Сеземін кейде ішінде жүргендей боп,

Саңлаусыз көлеңкелі үңгірлердің,

Күдік ой бұлт сияқты шұбатылған

Шырмағыш өрмекшідей бір антұрған.

63

Жаз шығарда суытқан ызғар нашар,

Жауған жаңбыр тимейді мұздан осал.

Арық қойдай кемпірлер бүрсеңдесе,

Тон кисе де дірдектеп тоңады шал,

Осы күйге киліккен сынайым бар,

Күлейін бе, жоқ әлде жылайын ба?

64

Уақыт жетпей жүреміз ғой селтеңдеуде,

Бүгінгі істер ауысып ертеңдерге,

Көрсем деген кісіңді көре алмайсың.

Барар жолың бәріңе өртенгендей,

Уақыт қысқа, жұмыс көп, міндет ауыр,

Қиқаңдама, үлгермей болсаң жауыр.

65

Қор болмайды десең сен өміріңде,

Жаманшылық жатпасын көңіліңде.

Қуанба, сен пәленше жылады – ау деп,

Қызықпа, сен бақытты көрінуге.

Бүгін бәрі тұрса да билеуіңде,

Ертең оңай сәл жерден күйреуің де.

66

Кімнің қандай екенін кім біледі,

Дей саламыз біреуді - білгір еді.

Мақтап жүрген естіміз кейін қалып,

Ілгерілеп ептіміз үлгереді.

Кімнің қандай екенін айтсын халық

Ердің сыры жалғыз-ақ соған анық.

67

Жарық күннің артынан түн келеді,

Жарқын көңіл артынан мұң келеді.

Бүгін қылыш майданда жарқылдаса,

Ертең жылап - жоқтаулар күңіренеді.

Бірде суық, бірде ыстық өмір қызық,

Сол дүниеде келемін мен де жүзіп.

Өткенді айту бола ма кертартпалық

Көңілдегі қалмай ма өшкен жарық?

Ең алғашқы қуанып жұлған гүлін

Көз алдыңда өлгенше тұрмай ма анық?

Тым ұмытшақ адамның көрінгісі –

Опасыздың кәдімгі бір белгісі.

69

Бүкшеңдеген мен де бір өрмекшімін,

Жіп бояуын жарастық термекшімін,

Не шығарын кім білсін... тәуекел ғой,

Кілем тоқып кішкене бермекшімін...

Күнде үмітпен отырсам өрмегіме,

Қуанамын жұбаныш ермегіме.

70

Аспан жарық, жап-жасыл төңірегім,

Құстар әні төбемнен төгіледі,

Жас жапырақтай бұтақтар созыла кеп,

Сүйетіндей тек маған емінеді.

Ал мен болсам оларға ұяттымын,

Өзге тірлік іздейтін сияқтымын.

71

Біреу мені биікке сүйремекші,

Енді біреу балшықтай илемекші,

Біреу маған тапсырса жыр айтуды,

Енді біреу ернімді түйремекші.

Жігіттердің қылығы қызық екен,

Бірі түзік, біреуі бұзық екен.

72

Алма ағашты, көк шөптің ішіндемін,

Алыстамын шошытар кісіден мен.

Қара торғай, боз торғай, шымшықтармен

Жүргендеймін сырласып түсімде мен.

Түк дыбыс жоқ - үркітер, елеңдетер,

Күнім бүгін туғандай өлеңдетер.

73

Қара торғай, сен маған сенбеймісің,

Жақынырақ жаныма келмеймісің?

Тыңдап жатып аз ғана тынығайын,

Жырыңды айтып, жарқыным, бермеймісің,

Қанатыңнан сипатшы, әніңді айтып,

Өмірімді кетші бір сен ұзайтып.

74

Досым да көп, ағайын, қасым да көп,

Сауысқандар аңдыған шашымнан көп,

Қашсам қалмай соңымнан шықылықтар

– Тәжібаев Әбділда осында деп!

Шықылынан ант ұрған сауысқанның,

Көрдім талай алжасып - ауысқанды.

75

Бұтаққа қонды міне инелік кеп,

Жаралы, бір қанаты сүйреліп кеп,

– Балалар, бұларың не, келіспеп пе ек.

Әлсіз ғой, инелікке тимелік деп!

Обалдағы - ай, инелік нәзік еді,

Әлсіз байғұс бізге не жазып еді?

76

Батады күн, артынан таң атады,

Қамсыз сорлы уақытын жоғалтады.

Басталмаған жұмысын бастаймын деп,

Келер күнді көргенше құмартады,

Келер күндер қанша екен, аз ба, көп пе?

Кім біліпті... жүрміз ғой текіректе.

77

Әжептәуір отыр ем, көңілді едім,

Күнім жақсы өтер деп сенімді едім.

Тауға бұлт кеп лезде оралғандай,

Кеудеме де бұлт кірді келіп менің.

Қайдан осы мұңлы ойлар келеді екен,

Қандай желмен кеудеге енеді екен?

78

Жалғыз жүрек тынбайды тозғанымен,

Махаббаттың жүреді ол қозғауымен,

Сәл сағынса қалады жадап-жүдеп,

Әлсіз жанды мұңлы зар басады үдеп,

Кәрі көңіл талпынған жас тірлікке,

Тоқтар ма екен жүгініп шүкірлікке.

79

Ит келеді арсылдап қабамын деп,

Жау келеді ұрандап шабамын деп,

Мақтаншақ та күш айтып күмпілдейді.

– Қағып-сілкіп оп-оңай аламын! - деп,

Оның бәрі белгілі, қорқынышсыз,

Ең сұмдығы: - аңдушың үнсіз-түнсіз.

80

Қанша қамап қойса да арандатып,

Қалмасаң тек болғаны арам қатып,

Ұмыттырам десе де, сағынышың

Тұрады екен көңіліңді алаңдатып,

Сол алаңнан босансаң не болғаны?

Өміріңнің жартысы жоғалғаны.

81

Тоңдым деме тоңсаң да, сөкпе аязды,

Бәріне көн, шынымен күтсең жазды.

Бола алмасаң өнерлі асыққаның,

Сөкпе тағы ұстамды өнерпазды.

Сабыр қылсаң, шыдасаң, сыр бермесең,

Білем анық, кетпейді, ешкімге есең.

82

Көрдім талай қысылып – суынып та,

Көрдім талай отыммен қуырып та.

Қаным жүріп тұрғанда қам жемеймін,

Қамқорлығым жетеді дүйім жұртқа.

Кемімесе болғаны жылылығым

Кемімейді көтерген менің жүгім.

83

Көп қой біздің жігіттер шыдап баққыш,

Айтқызбай-ақ адамның ішін тапқыш.

Өнерге ұста ән менен күйге жомарт,

«Аттансақ!» аянбай жауға шапқыш,

Жетпейді сәл нәрсе аңғарғанға:

Құмар - ақпыз өзара дау-жанжалға.

84

Әкең де айтты, шешең де айтты,

Ел бастаған көсем мен шешен де айтты.

Меңіреумісің, мелшиіп үндемейсің,

Біреуіне - ырзамын десең қайтты!

Тасқа айналса бас деген оңбайды екен,

Ақыл тұрсын шыбын да қонбайды екен.

85

Қандай қызық қасында болса ақылшың

Жөнелмей ме құлпырып қылған ісің.

Ақыл қоспас жақының жылу бермес –

Жат жұрттағы секілді бір танысың.

Қарттан кеңес күтеміз, жастан үлгі,

Сақта, тәңірі, ақылшы достарымды.

86

Екі дос жылқы бақтық бала шақта,

Бітпейтін жұлдыз қанша санасақ та.

Жамылып көк аспанды жатушы едік,

Үңіліп бұлдыраған болашаққа.

Жел желпіп қалғытқанда екеумізді

Жаңбыр кеп ұйқымызды талай бұзды.

87

Әркім айтып жүреді жоғалтқанын

Менің де бар уақытқа тонатқаным.

Сан күрсіндім, сан рет жас та төктім,

Молаймаса екен тек жоғалтпағым.

Көп айрылып достардан зәресізбін

Күні туып келеді дәмесіздің.

88

Үйде отыра бергеннің несі жақсы,

Ұмытпайық, онсыз да уақыт тапшы.

Күлетіндер шалсың деп күле берсін,

Сарқылғанша сілтеп бақ жалғыз тамшың.

Бар ғой жандар танитын ердің сиқын,

Керегі не бос сөздің қиқым-сиқым.

89

Жиырмада қыран құстың түлегі едім,

Отызда от кешсек деп тілеп едім,

Қырқымда қиындардан тоят іздеп,

Елуде ел дегеннің біреуі едім.

Алқынтпай алпысым да қалды артымда,

Я, тәңір, жетпісімді өзің оңда.

90

Жүруші ед бірімін деп майталманның,

Сұмдарға сұмдықсың ден айта алғанның.

Біреуі - әкем, біреуі - Әбекем деп,

Қосты әкеп қатарына қартайғанның,

О, жырым, сен қартайма, сыр алдырма,

Жарқылдап жас дүниенің жүр алдында.

91

Жүруші ед бірімін деп майталманның,

Түспейтін тұзағына сайтандардың.

Жүруші ем ортасында шалқайғанның,

Қосылам қатарына жантайғанның.

О, көңілім, жантайсам да сен жасыма,

Сенгейсің өлең деген жолдасыма.

92

Біреуі атансам да қартайғанның,

Көнбедім күштеуіне сойқандардың,

Аузымнан айтар сөзді қайтармадым,

Кірмедім жасағына ортайғанның.

Өтемін не көрсем де осы күйде,

Я, тағдыр, әлсіретпе, басымды име.

93

Мұншама неге жігіт жеделдеттің,

Қалайша саған еріп жөнелмекпін!

Оп-оңай сені жұртқа мақтай қойып,

Артыңнан ұят тапсам не демекпін!

Етіңе, шайыңменен дән ырзамын,

Аз ғана ойланайын, берші дамыл.

94

Әр түрлі жеңіл-желпі дерекке еріп,

Не керек жасай қою желөкпелік.

Адамды адам болып өзің сынап,

Тойтармай тұру керек көмек беріп.

Байқаусыз сынған шөлмек - шыққан шығын,

Аяй біл көздің мөлдір қарашығын.

95

Жарқ етіп сәби қиял шыр еткенде,

Оянып әлсіз жүрек дір еткенде,

Күбірлеп домбыраңды шертіп қоңыр,

Не жетсін жан күйіңді жыр еткенге.

Қызық қой толғатқан шақ, қиналған шақ,

Ынтығу енді ұшатын құсыңды аңсап.

96

Қызық қой толғатқан шақ, қиналған шақ,

Ынтығу енді ұшатын құсыңды аңсап.

Ол сәтте күйлі көңіл күнге толып,

Қиқым ой, құнсыз тірлік қалар қаусап

Сол сәттер көп оралып тұршы маған,

Қорқамын кездерімнен құлшынбаған.

97

Келеміз егделікке кезекпенен,

Ақылгөй, айтқышымсып безектеген...

Сапсиған сақалына сене берме,

Кәрінің құны кетер сөзі өтпеген.

Демеймін тілім қазір кісендеулі,

Күреске қойдым бірақ түсем деуді.

98

Көбінен жасым үлкен бұл жүргеннің

Сонда да айтып бәрін үлгірмедім.

Қасында саңылаусыздың жап-жарықпын,

Алдында түк те емеспін білгірлердің.

Көп екен тіпті саны білмесімнің,

Көп өсіп, келістірмей күн кешірдім.

99

Жеткізе алмай қойдым ғой айтатынды,

Сәл көпіршіп өлеңім қайта тұнды,

Әлді сөзді аңдыған сынаушы көп.

Міне қашқан атымды ылаушы көп.

Тілейді олар орта қол мінсіз өлең,

Мінсіз өлең - оларша мұңсыз өлең.

100

Бәрін жеңдім: тасты да, темірді де,

Бас білді асау қамшымнан жеңілді де.

Аюды да кескестеп қойдым байлап,

Бағындырдым бала мен келінді де.

Жалғыз ғана Сараға келмейді әлім,

Қаңтарды да, қақшитып қойды шалын.

***

Қызық қой адам, бұл адам:

Сәл нәрсеге алданады баладай,

Қуанады алды-артына қарамай,

Қутыңдайды қалған өмірін санамай,

Жүгіреді аласұрып дамылсыз

Жатқанынша сүлдері түкке жарамай.

Отырса еді-ау саналы жәндік болған соң,

Ертеңін ойлар данадай.

Жоқ, үйтпейді ол,

Біле тұрып үйтпейді.

Сырғи береді,

Сырғи береді

Жегілген итке шанадай.

О, адам - ай!

***

Өтіп жатыр өткендер,

Кетіп жатыр кеткендер.

Қалып жатыр соқпақтар,

Қалып жатыр өткелдер.

Керіспедік кімдермен,

Келіспедік кімдермен.

Достаспадық кімдермен,

Ұстаспадық кімдермен...

Өтті қанша озғандар,

Қалды қанша тозғандар,

Жол дегенің шұбалаң,

Ой дегенің бұралаң.

***

Ақылды көп, көсем көп,

Оқыған көп, білгір көп,

Ағып тұрған шешен көп,

Озып тұрған дүлдүл көп,

Сонда қайдан шығады,

Сұм - суайттар оңбайтын,

Я жұмысы, я сөзі

Көкейге бір қонбайтын?

***

Айтыс – тартыс тоқтамайды қашанда,

Қызықпаймын тұнған судай жасуға.

Адам ұста, келген арнап өмірге,

Бірін-бірі граниттей қашауға.

Есімде әлі қашаушылар келбеті

(Келе жатқам онда жаңа ер жетіп)

Сөйлеуші едім елге барлық даусыммен,

Тынбаушы едім, жырлаушы едім желдетіп.

– Көзің сенің неге осынша жанып тұр,

Неге осынша жүзіңнен қан тамып тұр?

Деді тағы бір қашаушы құшақтап,

Маңдайыма тартты сызық пышақтап.

Енді бірі шеберлігін асырды,

Берді ағартып шашым менен қасымды.

Көзімдегі от жалынды өшіріп,

Бетімдегі қызыл қанды қашырды.

Бетімдегі қызыл қанды қашырды,

Орнын оның әжімдермен жасырды,

– Ойшыл мүсін болады - деп, осылай

Сәл бұқтырып кетті төмен басымды.

***

– Қайдан келдім осы мен,

Енді қайда барамын?

Көптен бергі досым ең,

Жауап берші, қаламым.

– Сөзін сұрап не керек

Ақылы енбеген баланың.

Аузын тырнап не керек

Жазылмайтын жараның!..

– Өзім қойған сұрақтың

Өзім берем жауабын:

Алаңсызға барамын,

Қаласың сен, қаламым.