Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ДИАЛОГ

– Мыналар кімдер, қаптап бір келген осында,

Турасын айтшы, осының бәрі досым ба?

Қайсысын, қалай қадірлеп қарсы алайын,

Жауымды көрсең атап айт атын, жасырма.

– Тұрсың ғой көріп, көп адам келді осында,

Баршылық мұнда жауың да және досың да.

Досыңды көріп төгіле қалма, шашылма,

Қасыңды көріп қасара қалма, шошынба.

***

Түсінгенге, түпсіз бір тереңдеймін,

Түсінбеске тілсіз бір тереңдеймін.

Құсбегінің көзінде - сұңқардаймын,

Атсейістің көзінде - тұлпардаймын.

Танымастың көзінде түк те емеспін,

Ондайлардан «Әбекем» демейді ешкім.

***

Артқы аяғын шайнатқан арыстандай,

Мен де келем ыңыранып алыстардан.

Жаутаңдамай, жауыма тік қараймын

Дәрменім бар бүгінде алысқандай.

Жастан тапқан әдетім – өжеттігім

Қиын жерде қираймын қалыс қалмай.

***

Шығып ем ойнап жасымда талай дөңеске,

Жетіп-ақ қаппын асуын бермес белеске.

Жарамай қаппын жақсылар барар кеңеске

Осының өзі-ақ тозғаным менің емес пе?