Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

КОММУНИСТ СӨЗІ

I

Ал, достар, тыңдаңдар үлкенді,

Шашым ақ, үлкенмін көбіңнен.

Сүймеймін сырымды бүркеуді

Сендерден, әсіресе Лениннен!

Жүргем жоқ күн көріп шуақтап

Майланғыш, сайланғыш ебіммен

Көргем жоқ қуларды қуаттап,

Келемін кең маңдай Ленинмен!

Есімде, ұмытпан қашан да

Алғашқы бидайды себілген.

Қазақтар тың жерді ашарда

Алғанбыз тұқымды Лениннен.

Көргенмін дәнді де, терді де

Ең алғаш осылай себілген.

Нанды да бірлесіп Ленинмен

Жегенмін сол тұңғыш егіннен.

Ұмыттым талайдың бейнесін

Оп-оңай желіккен, семірген,

Өтті тез соққандар кеудесін,

Айнымай қалдым мен Ленинмен.

Талайдың тақпағын есіттім

Өзінше көсемсіп көрінген.

Алданып мүмкін мен кідірдім.

Бірақ мен қалмадым Лениннен!

Талайдың тоқпағын көрдім мен

Айыра жаздаған сенімнен.

Шашымның қарасын бердім де

Жанымды әкеттім Ленинмен.

Өйткені партия билетін

Алғанмын өзге емес Лениннен.

Ол маған билетті тапсырған

Ғажайып Лениндік сеніммен.

Деген ол: «Сенемін мен саған,

Мықты бол, Әбділда қарғашым,

Күн бетін көлеңке шалмасын,

Көктемді мұз басып қалмасын!

Таза ұста таулардың қар басын,

Қар басын қан басып қалмасын,

Ормандар жапырағы солмасын,

Шешектер шуақсыз тоңбасын...

Таза ұста дариялар сағасын,

Өзендер ортайып қалмасын,

Шөптерің шөліркеп қалмасын,

Құстарың қалжырап қонбасын.

Күзет, сен планета өмірін,

Бостандық қамқорсыз қалмасын.

Соғыс деп қайғының таңбасын

Адамның жанына салмасын.

Есіктер өртеніп жанбасын,

Бесіктер бөбексіз қалмасын,

Көңілдер күйікке толмасын,

Көздерден қанды жас тамбасын.

Сен жауап бересің бүгінге,

Сен жауап бересің ертеңге.

Бермейсің дүниені ешкімге

Қолынан от қойып өртеуге!»

Өзге емес, өзіңдей болам деп

Ант еткем сонда мен Ленинге.

Тауларым қайталап үнімді,

Жаңғырған жерім де, көгім де!

II

Онда мен жас едім, балдырған,

Отанның ыстығы мол еді бойымда.

Елімнің қуаты - әндері, күйлері

Жалындап жататын ұялы ойымда.

Партбилетімді ту етіп көтердім:

Ленинше көзімді кең ашып қарадым.

Ғасырдың алдағы жылдарын, тағдырын

Өзімнің ертеңгі өміріме баладым.

Болашақ сәулелі жарқырап тұрса да,

Барар жол қансоқта, қатерлі көрінді.

Фашизм тұр екен көлденең жолымда

Күйдіре, күйрете соғуға елімді.

Беттестім жауменен Лениннің өзінше

Білмедім шегіну, жалтару дегенді.

Отпенен күйдірді ол, оқпенен қарыды ол

Күнәсыз жаным мен кіршіксіз денемді.

Сан рет фашизм арсылдап қуанды.

«Коммунист Әбділда мерт болды, өлді» - деп,

Сан рет фашизм шуылдап тойлады,

«Коммунизмді құлаттым, жеңдім!» - деп.

Ал, мен ше?

Лениннің өзінше тік тұрдым.

Күннің жарығы үшін шабыстым.

Өлуге правом жоқ еді, өлмедім сол үшін.

Он есе күшейе алыстым!

Волга мен Днепр, Ертістің қуаты

Ағып кеп, қан жүрер тамырыма құйылды.

Тауларды сілкетін жерімнің оттары,

Бойыма өрт болып жиылды!

Сатпайды коммунист - қайрымын жүректің,

Қарыз деп бермейді - қайратын білектің!

Қадірлер Европа бейбіт күн шуағын,

Ұмытпас бір өшіп тұтанған шырағын!

Коммунист - қатарғы солдаттың біреуі,

Қашан да қаруын тастамай жүреді.

Лениннің қып-қызыл, от қанат туы үшін

Өле де біледі ол, өлтіре де біледі!

Осылай өсірген партиям, үйреткен.

Биікпін қашанда күйбең мен күйректен.

Партиям үшін мен әрқашан жауапты,

Өйткені мен үшін партиям жауапты!

III

«Шаршадым, шалдықтым, дем алам, тоқтаймын»,

Демейді коммунист кеудеде жан барда.

Бел шешіп сондықтан мен - дағы жатпадым.

Майданнан ауыстым тірлікті ойлауға.

Кешегі от шалған, ыс басқан қолдарым

Құрылыс шаңына қайтадан малтықты.

Жығылған қалалар денесін көтердім

Ойраннан: топырақ пен тозаңнан, балшықтан.

Өлген сарайлар жан бітіп тірілді,

Көтере күмбезді орнынан тұрды олар.

Жоғалған көлеңкелерін де бердік бұрынғы,

Рақатын көрсін деп біздің балалар.

Шешектер алаңын жайдық біз молайтып,

Жап-жаңа тоқылған жібектен кілемдей.

Көбелектерді де көбейте ұшырдық

Жаңа ғана туған ән мен өлеңдей.

Дарияны жетектеп көшірдік,

Бұрынғы бір тамшы тамбаған жерлерге.

Самсаған қалалар, ормандар өсірдік,

Құстың қанаты күйген шөлдерде.

Трубалар жер бетін шимайлай

Тартылды батысқа шығыстан.

Жөнелттік мұнайды құйғандай

Туысқа өз қанын туысқан.

Өртенген ағаштар орнында көгерер

Шыбықтар сияқты миллион - миллион.

Жетіліп жаңадан мыңдаған Гагарин

Толтырды тағы да партия ұйымын!

Коммунист - космонавт ұлыма көктегі

Азия, Африка сеніммен қарайды.

Кубаның жалынды, жайдары көздері

Айналған спутник шеңберін санайды.

IV

Коммунист ақ канат періште емеспіз,

Тек қана сызылып суретте туратын.

Коммунист құдайдың әулиесі де емеспіз,

Шіркеуде, мешітте мінажат қылатын.

Біздің де болады мініміз, қатамыз,

Кей кезде недәуір сүрініп қаламыз.

Мысалы: шешенге көз жұма сенгішпіз,

Кейде соны шамадан өткізіп те аламыз.

Біреулер ерекше ұраншыл, айқайшыл,

Сөйлегіш атынан Лениннің, Маркстің,

Соған біз кей кезде қолды да соғамыз,

Аңғармай ақмақтың қылығын тал түсте.

Ал енді, осындай өзіміз білетін,

Өзіміз жонатын, жөндейтін міндерге

Сүйеніп, біреулер іздесе ретін

Партиямызды, ЦК - мызды кірлеуге.

– О, достар, қойыңдар! - деймін мен оларға, -

Бұзуға болмайды, тәртібін Лениннің?

Коммунист көршіге қажеті болар ма?

Лениннен лениндік ЦК - ны бөлудің?

«Күн бөлек өзінің нұрынан» дегенге

Мен түгіл, сары ауыз сәбилер сенер ме?

Сондай-ақ, достарым, Лениннің отаны

Өзінен партиясын бөлуге көнер ме!

Тастаңдар, көршілер, ұлылық салмағын,

Оған біз сендермен таласушы емеспіз.

Кәзірде бір халық таппайды арманын

Біздің айбынды Отаннан көмексіз.

Жерді біз - батысқа, шығысқа бөлмейміз,

Жерді біз еріксіз бөлуге көнбейміз.

Жер-ана бар елдің сүйікті анасы.

Ананың ақ шашын өртеуге бермейміз!

Жұртты біз: сарыға, қараға бөлмейміз,

Сары да, қара да ақпенен тең дейміз!

Адамды қорлатпау, таптатпау борышымыз,

Адамды жыртқыштың жеуіне бермейміз!

О ,Мао!

Аңдыспа, шешеңмен, арбаспа әкеңмен.

Жақыннан жау іздеп сені жын қаққан ба!

Осындай жылдарда өзіңе де қатерлі,

Мәз болма!

Мені кеп етектен тартқанға!

Империализмді қу сөзбен жеңбейсің,

Тоқтата алмайсың атылған оқтарын.

Бұрқаған бос сөзбен өшіре де алмайсың

Тұтанта бастаса атомдық оттарын!

Ей, досым!

Қолыма жармаспа, ұстама,

Алма сен жаулардың алдында жағамнан!

Ұялу керек қой кешегі қоғамнан,

Бүгінгі қоғамнан, ертеңгі адамнан!

– Мен жауап беремін - бүгінге,

Мен жауап беремін ертеңге!

Бермеймін дүниені ешкімге

Қолынан от қойып өртеуге!