Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

AFAЛAP ТУРАЛЫ

I

Шаршадым рас, алпыстан асу оңай ма,

Әйтсе де бүгін тізгінге әлі берікпін:

Көз әйнектің плюсы тіпті молайды,

Көзімнің отын шығынға біраз беріппін.

Иә, шығынсыз өмір сүресің қалай оп-оңай,

Шығынсыз өмір - шығымсыз өмір демей ме?

Қанша рет қолдан өлтірдім екен алқымдап,

Шығамын деген жүректі сөзді көмейден!

Мықтылық керек еркекке дайым өмірде,

Өзіңді жеңер мықтылық керек әуелі.

Өзіңді өзің жүгендеп ұстай алмасаң,

Кетеді бастап өмірдің не бір әуені.

Әуендер көп қой, саздары жанға тиетін,

Шақырса сені солардың бірі биікке,

Ал екінші әуен көзіңді байлап жетектеп,

Лақтырар сілкіп шыңырауға сонау биіктен.

Мықтылық керек адамға дайым темірдей,

Өзіңді билер мықтылық керек әуелі.

Өзіңді күзет, өзіңді теже ерінбей,

Тани біл, досым, таңдай біл өмірдің әуенін.

Мықтылық керек адамға сынбас емендей,

Өзіңді билер мықтылық керек, жігіттер,

Көзіңді билер мықтылық керек, жігіттер,

Төзімді билер мықтылық керек, жігіттер!

Ең мықтылардан үйрену керек әманда,

Тәжірибе деген қашан да қажет адамға.

Біреуге беріп, біреуден алмай бола ма.

Жүрген соң жасап адамзат деген қоғамда.

Қарашы, әнe Имантай ұлы Қанышқа,

Болашақ үшін болдырғанынша алысқан.

Көргісі келіп ертеңінің қандай боларын

Қарап тұр әлі жіберіп көзін алысқа.

...Есімде менің бейнесі сонау Қаныштың

Құйынмен бірге үйіріле кезген даласын,

Жүзімен оның балауса күннен таныспын,

Өтіпті - ау соған жарты ғасырдай шамасы.

Тыңдайтын жердің тереңнен жеткен дауысын,

Ұғатын тілін сыңғырларынан металдың.

Алтындар, мыстар кезекпен сөйлеп жарысып,

Баяндаушы еді қат-қабаттарын Отанның.

Тотығып Қаныш аңызағынан даланын,

Сіміре жұтып сусынға қазақ шаласын,

Он жылдар бұрын ұсынып қойған жоспарын

Кеңгірді бойлап өсетін жаңа қаланың.

Көрген жоқ Қаныш өз басын ғана ойланып,

Отырған емес жан күйттеп титтей жайланып,

Күн сайын тастар шағылып қанаттай жататын,

Күн ұзақ алмас қашаулар тынбай қайралып.

Не деген көп сан!

Емес ол ұсақ қиқымдар,

Сөз сөйлеп бейне жатқандай жерде сиқырлар,

Ұрпақтың ертең алатын темір салмағын

Айтатын елге Қанекең жазған цифрлар.

Цифрлар қандай, миллиард – миллиард тонналар!

Қазағым сақтап жеткізген бізге қордалар.

От беретін де бар, оқ беретін де бар,

Отанға керектің бәрі сонда бар.

Сондайда Қаныш ұйқысы шайдай ашылып,

Тұратын түнде төсектен тұра асығып,

Керіліп тұрып қарайтын түнгі аспанға.

Туған аспанға - жұлдызым жатқан шашылып.

– О, аспаным, жұлдызым менің аспаным,

Менің оттарға толы, шоқтарға толы аспаным,

О, менің туған далам,

Зеңгір тауларым

Ормандарым

Тек сендерге ғана құрбандық болғай жас шағым.

– Тек сендерге ғана арналған барлық жас шағым

Барлық өмірім менің, барлық болашағым,

Тек саған қиылсын, саған құйылсын қаным,

Менің меһірбаным - менің алтын ошағым!

Дейтұғын Қаныш,

Қуанып кейде жылайтын,

Тағдырдан ол тірлікті ғана сұрайтын,

Күн ұзақ Қаныш, жыл ұзақ Қаныш қимылдап,

Қанша рет сынып құлайтын жерде шыдайтын.

Есімде менің өткізген түнім сол күндер:

Айлы түн еді, жағасында едік Кеңгірдің.

Шаршаған аға алсын деп көздің шырымын

Өзім де жаттым, оны да әрең көндірдім.

Жатқанбыз катар, кенеттен күліп жіберді:

– Тұрыңыз, Әбес, ұйықтамай өтірік, тұр енді!

Ән айтайықшы, өзеннің бойы жаңғырсын,

Сілкіндірші бір қатырмай босқа сілемді.

Бастады өзі күмбірлеп қоңыр үнімен,

Қосылып кетті Арқаның мөлдір түнімен,

Аңсады жігіт сағынтқан сонау Хорланын

Жап-жарық сырын жасырмай жақын ініден.

«Хорланым, менің Хорланым» деді сол түнде,

Сілкінді сонда Қанекем, ғажап сілкінді.

Құшақтай алғам ағатайымды бауырым деп

Тоқтата қойып жаңағы жеңіл күлкімді.

Не деген ғажап сағыныш еді, сол түнгі!

Бауырым менің неліктен сонша сілкінді.

Үнінен оның үзіле жаздап жүрегім,

Көзімнің жасы төгіле жаздап іркілді.

Көзімнің жасы төгіле жаздап іркілді,

Ұмыта алмаспын сондағы сұлу бұл түнді.

Ән болмас сірә, қыз болмас сірә «Хорландай»

Тағы бір бауырым қайталар ма едің шіркінді!

Жап-жарық сырын жасырмай жақын ініден

Хорланның айтты қоңыраулы даусы түнімен.

Тыңдадым ұзақ ғашығын іздеп жылаған,

Мәжнүннің әнін - Мәжнүннің отты мұңымен.

Батырдық айды, шығардық күнді лаулаған,

Қанекем, әне, батырдан титтей аумаған,

Өзеннің салқын суына сүңгіп алды да,

Жарқырап жүзі қарады күліп ол маған...

Содан соң кетті тағы да кезіп Арқаны,

Толтырған тасқа қапшықтар менен қалтаны.

Уақытты түгел белгілеп қойған минуттап,

Сол минуттары жетіспей ме деп қорқады.

Далаға Қаныш, Қанышқа дала жарасқан,

Қосылған талай, қоштасып талай тарасқан.

Қондырамын деп, дәм беремін деп үйінен,

Талайын көрдік қазақтың оған таласқан.

Талайын көрдік арызда жазған жамандап,

Жауыққан жандар жанығушы еді танаулап,

Қызғаншақтардың қадалып қызыл көздері

Қаныштың қанша қалғаны бар-ды арандап.

Мықты еді Қаныш, жатпады бірақ арандап,

Ұмытты көбін арыз жазғанның жамандап.

Достармен тостар қағысып жүріп қуанады ол,

Өзі де аман, Жезқазғаны да аман қап.

Тотығып Қаныш аңызағына даланың,

Тұлғасын сақтап далалық дарқан дананың,

Әнеки ол тұр, гранит сауыт киінген

Кең алаңында жанадан туған қаланың.

Әнеки, ол тұр, гранит сауыт киінген,

Аздап шалдыққан, қабағы да аздап түйілген.

Сонда да оны мызғыта алмайды орнынан

Ең күшті дауыл ауыр тастарды үйірген.

Кеңгірден бұрын ағатын еді су ғана

Ағады бүгін сап-сары металл шулаған,

Ағады бүгін қып-қызыл металл тулаған,

Отты әндер туды - мың жылдар бойы тумаған.

Отты әндер туды - мың жылдар бойы тумаған,

Жырлаймыз бүгін тасқынын металл шулаған.

Жана қалада жаңа адам өсті Қаныштай

Мыс пен темірді қамырдан оңай тураған.

Қанеки, достар, шырқайықшы бір отты әнді,

Қояйық былай ән менен сөзді жаттанды,

Жазайықшы бір көкпеңбек мөлдір аспанға,

Алтын бояумен Сәтбаев деген аттарды!

II

Ең мықтылардан үйрену керек әманда,

Тәжірибе деген қашанда қажет адамға.

Біреуге беріп, біреуден алмай бола ма,

Жүрген соң жасап адамзат деген қоғамда.

Қарашы, әне, Омарханұлы Мұхтарға,

Емендер ғана осылай өсіп шықпай ма?

Айта қойшы өзің, білмейтін оны жұрт бар ма?

Тимесін көзің, тек, жаным, оған сұқтанба.

Қызығып қара, қызғанбай қара, сұқтанба,

Не пайда, саған сұқтанып оны жыққанда.

Болмасаң өзің бола алмадым деп жата бер,

Біреуді соғып, біреуді жығып шықпа алға!

Не тапты қазақ Құлагерді ұрып жыққанда?

Ұят - ақ болды-ау, көршілес мына жұрттан да.

Сұмдықты қарғап жылап жүр, әлі сорлы Ақан,

Қанатын қиып, діңкесін оңай құртқанға.

Тастайықшы, енді, әдетін кейбір ескінің

Ескілік елдің бұзады - ақ екен кескінін.

Не керек бізге аяулыларды кескілеп,

Не керек бізге дарақыларды бөстіріп.

Мұхаңның даусы тұр маған әлі естіліп,

Бірде-бір сөзі тотыған емес ескіріп.

– Әбділда, қалай амансыңдар ма? - деп күнде,

Телефон соғып қоятын еді-ау кешкілік.

Одан соң біздер кездесе қалып іңірде,

Отырушы едік оңаша ғана көңілде.

Әңгіме кейде ұзаққа тартып желісін.

Қос бөтелкені қоюшы ек тартып кемінде.

Жататын ауыр қорғасын ойлар көңілде –

Кететін сонда айналып тез-ақ жеңілге.

Осындай тұста тиетін себі болмаса,

Шараптар қалай сиысар еді өмірге.

– Тамаша болды-ау, - дейтұғын Мұхаң күлімдеп,

Жарқын - ақ еді жасыра алмайтын сырын көп

Кенеттен кейде күдіктерін де айтатын:

– Мынау ғой - досым, ал мынау - менің кімім? – деп

Алыстармен де араластығын үзбейтін,

«Өткенде бармыз, ертең де бармыз біз» дейтін.

Орала түссе көңіліне күнсіз бұлтты ойлар,

Серпілу үшін достарын ғана іздейтін.

Қалатын кейіп сәл ғана барсақ кешігіп,

Ұрсатын әбден өтетін жандай өшігіп,

Одан соң Мұхаң ілезде қайта өзгеріп,

Сұрайтын өзі қатты айтқанына кешірім.

Кететін кейде тоқтамай сөйлеп көсіліп,

Көшкендей бұлттар оқиғаларды көшіріп.

Шыңғыстың бойын бөктерлеп барып тоқтайтын,

Қиядан ұшқан қыранға қарай тесіліп.

– Қырандар, шіркін, ұшты ғой талай қырандар,

Өжеттік сырын қыраннан ғана сұраңдар.

Қақыраған қыста тасына құздың түнейді,

Боранды түнде сезбейді - ау батыр үрейді.

– Сорғалап оның аққаны қандай аспаннан,

Бір кезі жоқ-ау жауынан құрттай жасқанған,

Суылдап көктен - зымырап келе жатқанда

Көкжалдың өзі арсалаң қағар сасқаннан.

Дейтұғын Мұхаң ала алмай көзін қыраннан,

Қыранды көріп шығатын әбден құмардан.

Өзі де Мұхаң ширығып сонда қалатын

Ашылып көзі, арылып көңілі тұманнан.

Ашылып көзі, арылып көңілі тұманнан,

Көретін не бір ғайыптың отын шығаннан.

Еститін не бір өзгелер ұқпас үндерді

Жаңбырдан кейін жас көбелектер шығарған.

Ашылып көзі, арылып көңілі тұманнан,

Айнымай өзі шығандап ұшқан қыраннан,

Бағатын сонау аталар өткен заманда,

Суретін салып беретін соның маған да:

Әнеки, Абай шоқыға шығып қарайды,

Жас толған көзі көруге қалай жарайды?

Күрсініп еді, жаңғырық қоса күрсінді,

Күңірентіп кетті күйзелген мына маңайды.

Будақтап шаңдар өрт күнгі қара түтінді,

Барады басып бектерін таудың бүтіндей.

Жауыққан қазақ жайрата шапты бір-бірін,

Құдайдың өзі кесіп бір қойған үкімдей.

Қарап тұр Абай. Көзінен жасы тамады,

Бұл неткен халық? Мұның кім емін табады?

Бауыры жара, көңілі нала ақынның

Өртеніп іші, өзегі талып барады.

– Көрдің ғой, қалай? Жетті ме саған, ұнай ма?

Қуланбай айтшы, қарамай айтшы сыңайға, -

Деп Мұхаң менен шынымен пікір сұрайтын.

Ақ көңіл жан ғой, әйтпесе менен сұрай ма?

Ақ көңіл еді-ау, баладай еді-ау мінезі

Болмашы – ақ жерде өкпелеуші еді ілезде.

Ал сынасқан жерде халқымның шығып атынан

Мың данышпан беретін төтеп бір өзі.

Қуатты – ақ еді, шаршауды тіпті білмейтін,

Думанды тойда түн ұзақ көзін ілмейтін,

Қуанған жұртқа қуаныш қосса болғаны,

Қайғыны көрсе шошынып реңі кірмейтін.

Есімде әлі, сонау бір жылғы көктемге

Жеткенбіз әрең - қанымыз қашып беттерден.

Көріп – ақ тұрып даланың майса гүлдерін,

Демедік бірақ қаһары қыстың өтті енді.

Қорықтық па сонда?

Білмеймін не деп атауға,

Білмеймін қалай шыдадық екен қаһарға.

Көбіміз қатып, азымыз қалып селдіреп,

Сілеміз қатып тұрыппыз әрең қатарда...

Қорықтық па сонда?

Кім білсін... бірақ қиналдық.

Қинала жүріп жалғандыққа да иландық.

Тереңде жатты, керең боп жатты көп ойлар,

Бірақ емес өлімге достық қиғандық...

Көгерді дала, ағарған қарды ұмыттық.

Адам да кейде болады екен ғой бір жұттық.

Ұмыта алмадық достарымызды айрылған,

Айыға алмадық қанжардай тиген қайғыдан.

Мұхаңның шашы селдіреп қапты ағарып,

Менен де кетті, алмай жүрген балалық

Жаңылған шақта иесіз қалған орынды,

Ескертпей ғана егіліп іштей санадық.

Қызық қой уақыт күтпеген кезде ауысқан,

Біреулер ғұмырын бастамай жатып тауысқан.

Кеше бар досың жоғалған оттай бүгін жоқ,

Сақталды екен құлақта бірақ дауыстар...

Көгерді дала, шуағын алдық көктемнің,

Арманы бар ма көктемге жылда жеткеннің?

Қаладан ұзап, келеді Мұхаң ауылға –

Қызығын көріп қып-қызыл гүлді бөктердің.

Келемін мен де ағаның басқан ізімен,

Керемін ойлар көлеңке түскен жүзінен.

Көзіміз мынау қып-қызыл гүлді бөктерде,

Көңіліміз сонay еткендер менен кеткенде.

Келеміз тежеп тізгінін жүйрік аттардың,

Теңізін кешіп гүл болып жанған оттардың.

Жұлқынған жаным «шу!» деуге жақын жүйрігін,

Апырмау қалай, атылмай енді тоқтармын?

Апырмау қалай, атылмай енді тоқтармын?

Қанша рет қанат қомданып барып тоқталдым,

– Қалайша, Мұхa, ат басын тежей аласыз?

Ішінде мына қып-қызыл жанған шоқтардың!

– Қалайша, Мұха, ат басын тежей бересіз?

Шабамын десем, аяңдап қана келесіз.

Арылшы, Мұха, сергілші сұрғылт ойлардан,

Ағайықшы бір жарыса желмен егесіп!

– Солай ма?! деді. Ендеше, жігіт берік бол!

Көрейін байқап, шыдасаң маған еріп көр.

Шапқан соң, досым, бұлтаққа салу болмайды,

Жүйріктің басын аянбай ағыт, ерік бер.

– Ал, тарттық! - деді. Ағыттық басын аттардың,

Желігі қандай жеп-жеңіл кезде шапқанның!

Ағамын бірге сырыңды сыртқа ақтарып,

Қызығы қандай дауыл боп бірге соққанның!

Сүздірген желге жал менен құйрық кекілді,

Жылқы емес бұлар, қанатты кұстар секілді.

Жазыққа шықса жүйріктер бауры жазылып,

Ойпатқа түссе ор қоян болып секірді...

Далам - ай, менің шабысқа жайлы далам - ай!

Далада шапсақ кетеміз жайнап баладай.

Жел деген мынау ұшырып бізді барады,

Көңіліміз тасып, кеудеміз күйге толады.

Тартатын емес тізгінді Мұхаң, түсіндім,

Келемін көріп ұшқанын қыран құсымның.

Қазақтың желі канат боп оны көтерді,

Құс болып, аға

Қонбай-ақ жерге өт енді!