Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

СҮЙІНБАЙДЫҢ ДОМБЫРАСЫ

Сонау бір қоңыр үйде оқшау тұрған

Сүйінбай жатыр үнсіз, көзін жұмған.

Аузынан қарт ақынның сөз күткендей.

Іргені айналып жүр жел антұрған.

Ақынға аңғартқандай әрбір күйді,

Жел кейде ауру жандай ыңырсиды.

– Кім мынау ыңырсыған жел ме, мен бе?

Дыбыстар өзгереді неге демде?

Ішіме алаулап бір от кіргендей,

Кіжініп жалын даусы тұр кеудемде.

О, тәңірі, ән-жырымды көпсінбесең,

Өзімді, өз атымды күйдірме, сен.

Сен менің немді алсаң да, есімді алма,

Айтайын айтарымды есім барда.

Жұртыммен ақырғы рет тілдестірмей,

Ақында алмай жүрген өшің бар ма?

Сен тәңірі болсаң, мен де Сүйінбаймын,

Сөзімді сыйламасаң сиынбаймын.

Деп жатыр кесел ақын ызаланып,

Сүйегі сырқыраған қызады анық.

Бір өшіп көктегі күн, бір жанады,

Дүние бір сұрланып, бір қызарып.

Жатыр ол сонда - дағы үн шығармай,

Тіл қатпай, төсегінде тұншығардай,

Күткен жұрт не болар деп қарт тынысын

Кеселдің кезбен бақты құбылысын.

Төбедей төрде кілең қарттар отыр,

Жастары босағада тығылысып.

Жанған от қыздырмайды жадыратып,

Ойран дерт жаздырмайды ой қанатын.

Ала алмай ақсақалдар ақыннан көз,

Ой торлап отыр олар айта алмай сөз.

Жайнаған жас жігіттер жүр топтанып,

Жалт етіп атқа қонса жөнелмек тез.

Жаратқан сәйгүлігін өңшең сақшы,

Хабарын қара үкінің таратпақшы.

Күн күңгірт, қайғы басқан ойлар салқын,

Қарт ақын қынжылдырды қайран халқын.

Жылы үміт бір көрініп, бір жоғалып,

Жақсылар күтіп отыр соның артын.

Ағайын жай сұрасқан, хабарласқан

Секілді бұл кеселден қатты сасқан.

Сүйінбай арпалысқан кеселменен,

Ойы жоқ әлсіз оттай өшем деген.

Тапсырар тұтастарға тілеуі бар,

Қоштасу тағы керек осы елменен.

Тыпырлап тұзақталған жатыр жүрек

Бұғауға бой бермейді өр көкірек...

Қыстың бір ақ бораны басылғандай,

Қысымнан елдің көзі ашылғандай,

Өткен соң үш күн ақын тыныстады,

Сайысқан жауын жаңа қашырғандай,

Түзеліп дем алысы, көзін ілді,

Жүзіне күткендердің қан жүгірді.

Жүзіне күткендердің қан жүгірді,

Өткізді шаршағандар тыныш түнді.

Байлаудан өредегі босанып ат,

Үстінен ер тоқымы сыпырылды.

Жігіттер күнмен батқан, таңмен атқан

Кезеңнен құтылды бір қайғы орнатқан.

Қаһардай қалтыратқан өтті түндер,

Естілді әзіл сөздер, күлкілі үндер,

Қабарған қара көздер жымыңдасып,

Сілкінді кеше ғана іркілгендер.

От жанып, бұрынғыдай түтін шалқып,

Шалдардан жастар тағы күтті сарқыт.

Тұлпарды кім баптамақ сүріндірмей.

Сұңқарды кім ұшырмақ сырын білмей,

Дем беріп тыңдағанға кім сөйлемек,

Дүниеден тарыққанды түңілдірмей?

Бәріне, сен керексің, оян, жыршы,

Көзіңді аш, көрсін жұртың аяулысын.

Ауруды жансыз судай жатқан тынып,

Жылытты сөзбен көңілін жұрт жыршының.

Ыңырана күрсініп ол көзін ашты,

Жарық күн жалт еткізді қарашығын,

Тамағын жібітті де, сусын жұтып,

Көз салды халайыққа тұрған күтіп.

Дүние тынып қалған неткен тыныш,

Ешкімнің ажарында жоқ реніш.

Көңіліне күңгірт тартқан сәуле оралып,

Келеді есін жинап еміс-еміс.

Көк аспан шаңырақтан тұр жарқырап,

Дариға, қандай қымбат жанған шырақ.

Екен-ау, бірдем ары, бірдем бері,

Тағдырын кім болжайды күн ілгері.

Адам бір ойнап өткен жел сияқты,

Болады көзден ғайып көргендері.

Жүрегің қайта соқса қан жүгірер,

Тірліктің қадірін адам сонда білер.

Көрді ақын жар - достарды қалған тынып,

Көбінің күйініштен түрі сынық.

– Басымды көтеріңдер, - деді қария,

Қол созып тұрғандарға өзі ұмтылып.

Ілезде қарт ақынын демеді жұрт,

Не дерін тыңдамаққа тұрды жым-жырт.

– Шығыңдар, алып мені далаға енді,

Көріспей кетер күнмен бола ма енді...

Айтатын үш-ақ түрлі өсиетім бар,

Көзімше орындаңдар соларды енді, -

Деді қарт. Төсегімен тік көтеріп,

Ақынды күн астына қойды әкеліп.

Жіберді ол көзін сонда шар тарапқа,

Дүние неткен ыстық мұндай шақта.

Бауырында көк аспанның ақ бұлт ұшып,

Барады жайып қанат болашаққа.

Бұл өмір ешкімге де емес мәңгі,

Бір жарық бірде дүние қап-қараңғы..,

Қуатты адам неге жас кезінде,

Болмайды қыртыс, қырсық мінезінде.

Жарасып жарықпенен құстай ұшар,

Қызық, құдірет түп-түгел бір өзінде.

Кәрінің шаршағаны өліммен тең

Орын таппай қалады үйлесіммен.

Деп ойлады Сүйінбай. Қабақ шытты.

Көзін тұман торлады, жұртты ұмытты.

Сәлден кейін тағы да жинады есін,

Серпіп тастап хиялын басқан бұлтты.

Содан соң көтерді де қолын жайлап,

Тыңдайтын сөзін елді көрді абайлап.

– Тартыңдаршы көлденең шұбарымды,

Тарқатайын бір көріп құмарымды.

Жануармен жан досым қоштасайын,

Болып еді қол балам құнанында.

Анадайдан бір жігіт жорта - желіп,

Көкшұбарды көлденең тартты әкеліп.

– Шұбарым, қош бол енді, қоштасамын,

Жиырма жыл сеніменен бір жасадым.

Жануар, сен қала тұр жайлауымда,

Енді мен қайта оралмас жонға асамын.

Серігім, қош бол енді, қолқанатым,

Сен кетесің, төсекте мен қалатын.

Шұбарды енді ешкімге тигізбеңдер,

Ноқта, жүген басына кигізбеңдер.

Жетім қалған, жануар көкшұбарды,

Тасқа шауып, тұяғын күйгізбеңдер,

Шұбарымды мен өлсем тұлдамаңдар,

«Тұлда» дейтін тілмарды тыңдамаңдар.

Үстінен сыпыртты да ерттеулі ерді,

Босатып көкшұбарды қоя берді.

Алдында иесінің дүр сілкініп,

Бойынан бұрқ етті шаң көптен бергі.

Одан соң белгісізге бұрып бетін

Жөнелді жолсызбенен тілсіз жетім.

Алдырды одан кейін Ақиықты,

Қыран жоқ бұл өңірде ондай мықты.

Сыпырып өз қолынан томағасын,

Соңғы рет сымбатына көз жүгіртті.

Көзден жас осындайда құйылмай ма...

– Ағыттым Ақиықтың аяқ бауын,

Тоқталсын қолдан, құсым, тояттауың.

Босаттым өзіңді енді өзің баста,

Мен бүгін аңшылықты аяқтадым.

Қанат жай, шырқа аспанға, қош, қыраным,

Тыңдарсың таудан енді тасқын әнін.

Қыраннан көрдім қылыш қияқтыны,

Тұлпардан көрдім құрыш тұяқтыны.

Атымен де, құсымен қош айтысқан

Кім бар көрген Сүйінбай сияқтыны.

Қойдым енді қанатым қомдағанды.

Қайда қалды Сүйінбай, жолда қалды?

Қош, қыран құс, қолда өскен балапаным,

Қанатыңа көп тиген алақаным.

Талай күнді екеуміз бір батырып,

Талай күттік екеуміз дала таңын.

Қайран, құсым, қыраным, қош бол енді,

Қайта барып құздармен дос бол енді.

Талай рет қалыңдап таң ататын,

Талай рет мұнарлап күн бататын.

Ала бұлттан Ақиық шаңқылдаса,

Жерде жырын Сүйінбай борататын.

Қайран, құсым, қыраным, ұш, саңқылда,

Сүйінбайын солқылдап қалды артыңда.

Осыдан соң жіберді құсты ұшырып,

Бір салтанат тағы түсті сынып.

Жер бауырлай жөнелген қыран бүркіт

Жалтақ-жалтақ қарады ұшып жүріп.

Ауыл үстін саңқылдап үш айналды,

Ауырлады бұл елге түсер қайғы.

Шығып алды шығанға қыран бүркіт,

Жер бейнетін тастады бір-ақ сілкіп,

Атқан оқтай ілезде жөнелді ағып,

Екпінінен зулаған бұлттар үркіп,

Әрі асқақ бұрқыраған, зарлы – мұңды

«Қыран кетті» деген бір күй тартылды.

Тасқа айналған секілді қарт тұлғасы,

Көзін жауып кетіпті екі қасы.

Селт етпестен түнеріп отырды да,

Сәлден кейін алдырды домбырасын,

Күйсіз, үнсіз домбыра жатты алдында,

Қалды мүлгіп тіршілік тоқталды да.

Алдырғанда Сүйекең домбырасын,

Кететұғын бұрын ән жырға ұласып,

Қайтер екен қазір ол домбырасын?

– Өзі бұрар... әйтпесе кім бұрасың?

Деген сөздер дірілдеп, жыламсырап,

Біреуінен біреуі жатыр сұрап.

– Мезгіл жақын дүниеден өтетұғын,

Кейінгіге жол беріп кететұғын,

Қай жас барсың қолымнан домбыра алып,

Дәл өзімдей иелік ететұғын? –

Деп Сүйінбай жабылған көзін ашты,

Есіткендер егіліп қатты састы.

– Жоқ па? - деді Сүйінбай қайта сұрап.

(Егер болсаң шық дегенді айта сұрап),

Мұңды жұртты тастады тілсіз байлап,

Қайырымсыз қарт ұсынған қатал сынақ,

Я кәріден, я жастан жауап қайтпай,

Шөгіп қалды шал өзі ештеңе айтпай...

– Кім бар, кәне, созатын қолын маған?

Ұлым болсын сөзімді орындаған,

Қабылдарым болмаса, қараң қалсын

Қалдырмаймын қаңсытып, отқа жағам.

Кім бар, кәне? Сұраймын екінші рет

Жігіт жоқ па жұлқынып айтар тілек?

Иесі кім, кәнеки бұл ағаштың?

Қайсың менің сөзіме құлақ астың?

Кім бар, кәне? Сұраймын үшінші рет,

Төртінші рет қайталап сұрамаспын.

Бар болсаң шық, өзіңді таныт маған!

Шынымен-ақ шықпай ма? О, жасаған!..

– Келтіріңдер тезірек балтам қайда?

Білуші ем ғой ағашты жаңқалай да.

Көрінгеннің қолында қор болмасын

Су топыраққа Сүйінбай жантайғанда. –

Деп қарт ақын ызамен кетті қайнап,

Екі көзі қып-қызыл шоқтай жайнап.

– Бармын! - деді сол шақта бір жас жігіт,

Сүйінбайдың алдына келді ұмтылып.

Қарт ақын да қалт етпей қарап қапты,

Ажарына жас жанның көзін тігіп,

Қарады ол, Жамбылды шырамытты,

Лаулап тұрған жігіттің жанын ұқты.

– Білемісің салмағын алмағыңның?

– Көтере алмай күйретсем қарға бүгін.

Өзің сына, атажан, өзің сына,

Жеттім әрең алыстан зорға бүгін.

Домбыраңды сындырмай қалдыр, ата,

Батаңды бер, бағымды жандыр, ата.

Отырған жұрт қалды бір қозғалақтап,

Жап-жас жігіт айтып тұр сөзін шақтап,

Күбір - күңкіл көбейіп кетті ілезде,

Біреу мақтап, Жамбылды, біреу даттап.

Ешкімнің де сөзіне құлақ аспай,

Қарт алдында жас түлек тұрды саспай.

Сабыр тауып шал көңілі тыныштаған,

Ашуы да тарады құрыстаған.

Содан кейін тіл қатты сау адамдай,

Жас ақынның айтқанын дұрыстаған.

– Домбыраны ал, шырағым, сендім саған,

Баста алдымда жырыңды жұрт аңсаған.

Қарт алдында еңкейіп тынды Жамбыл,

Домбыраға маңдайын ұрды Жамбыл.

Тілек тілеп тұрғандай тәңірі алдында

Екі көзін жас басқан жұмды Жамбыл.

Сәлден соң қарлы күндей соққан бұрқап,

Қосылып домбыраға кетті шырқап:

– Ал, қақтым домбырасын Сүйінбайдың,

Енді мен қара боран құйындаймын.

Алғасын домбырасын Сүйінбайдың

Бас ұрып басқа аруаққа сыйынбаймын.

Ал, қақтым домбырасын Сүйінбайдың,

Енді мен айтар сөзден тыйылмаймын.

Алғасын домбырасын Сүйінбайдың,

Қалайша тас бұлаққа құйылмаймын?

Қалайша тас бұлаққа құйылмаймын?

Енді мен қайта туған Сүйінбаймын.

Аруағы ұлы ақынның маған кешті,

Жыр туын көтерсін деп жиындардың.

Мына жұрт сөз қадірін білер ме екен,

Жамбылдың жетегіне жүрер ме екен?

Әйтпесе қаз орнына қарға ұшты деп,

Қосылып екеу-екеу күлер ме екен?

Мына жұрт жыр қадірін білер ме екен,

Құлағын айтар сөзге түрер ме екен?

Басты деп орнын тұлпар мәстек шіркін,

Мазақтап маған күліп жүрер ме екен?

Мына жұрт ән қадірін білер ме екен,

Жамбыл да сайрасын деп тілер ме екен?

Басты деп бұлбұл орнын шымшық шіркін,

Қосылып үшеу - үшеу күлер ме екен?

Күлгендер күле түсіп жата берсін,

Күлкіден сілелері қата берсін,

Құдайдан басқа тілек тілемеймін

Сүйенер Сүйекем тек бата берсін.

Сүйекем бата берсе жетті маған,

Табамын онда сөзді жұрт аңсаған.

Сілесі күлегештің қата берсін,

Семсерін әділдіктің өзім шабам,

Өлеңді сарбазымдай үйретемін,

Жүремін жалғыз жайлап күй мекенін,

Алдында жауыққанның жыр қаптатып,

Қамалын қарсылықтың күйретемін.

Өлеңім жарқылдайды найзағайдай,

Көкшіл бұлт ақ семсерін қайрағандай,

Күркіреп көк жиекті қалтылдатар,

Жалтылдап жау басында ойнағандай.

Өлеңім жынын басар желіккеннің.

Айналмас ермегіне еріккеннің.

Әлсіздің аяғына ылау беріп,

Сүйеді қолтығынан деміккеннің.

Бесігін нәрестенің тербетеді,

Әлдилеп анасындай әндетеді,

Жетімнің зарлап қалған сүртіп жасын,

Айтады жақсылықтың хикаясын.

Осылай алды Жамбыл төгіп - төгіп,

Тасқын жыр төңіректі кетті кеміп.

Күркіреп көкірегі, көзі жасты,

Үн қатты кәрі бура жатқан шөгіп.

Көтерді ол екі қолын ақ батаға,

Айтарын мұндайда ақын тоқтата ма:

– Ақ батамды бердім, Жамбыл,

Көндім, көндім, жеңдің, Жамбыл.

Өлгенше енді өлең ізде,

Домбырамен бірге қаңғыр.

Ақ батамды бердім, Жамбыл,

Болсын, Жамбыл, жолың даңғыл.

Тоңғандарға от тұтандыр.

Шөлдегеннің мейірін қандыр.

Өмірің ұзақ болсын, Жамбыл,

Өлеңнен бақ қонсын, Жамбыл.

Отың мәңгі жансын, Жамбыл,

Атың мәңгі қалсын, Жамбыл...

Батаға қол көтерді барлық халық,

Жамбыл тұр қақ ортада өрт боп жанып,

Құшақтап домбырасын еңкейді де,

Атаның ақ сақалын сүйді барып.

Өмірде бір от жанып, бір от өшті,

Жасқа өлең кәріліктен өтті көшіп.

Бір шаттық тау бөктерін кернеп кетті,

Тарылған тапшы дүние кең боп кетті,

Ән туды, ақын туды Сүйінбайдай,

Деген сөз шыңнан шыңға өрлеп кетті.

Бұл хабар төрт тарапқа түгел жетті,

Жамбылды қырғыз, қазақ әңгіме етті:

– Жас дейді, жалын дейді жанып тұрған,

Жайсаң бір дарын дейді ағып тұрған,

Тас түлек таудан ұшқан қыран дейді,

Алатын Алтайысың бағып тұрған.

– Шын жүйрік бір айтқанын қайта айтпайды,

Қуғанын құс та болса жалтартпайды...

Жетпеді бұл қуаныш тым ұзаққа,

Жақсы күн түсті құлап бір құзатқа.

Жүрегі Сүйекемнің тоқтап қапты,

Кештегі кеңестен соң жатқан шақта.

Сүйекең сол жатқаннан оянбапты,

Ұйқының қызығына тоя алмапты.

Есітті қазақ, қырғыз бұл сұмдықты,

Қайғы шер қайыстырды қайран жұртты.

Мұңды жыр, қаралы әндер қатар сыңсып,

Жағасы жеті өзеннің зарлап кетті.

Басында Сүйекемнің өксіп қатты,

Жамбыл да өз жоқтауын сұңқылдатты.

– Ойбайлап айттым жоқтауды,

Жоқтамай қайтып тоқтармын.

Атыла қалды ажалдың

Мылтығы тұрған оқтаулы,

Әкемнен жақын адамның

Алатын демі тоқталды.

Жеті өзен бойы күңіренді,

Жеті өзен жетім боп қалды,

Жалыннан жыры жаралған,

Сүйекем өтті-ау деп қалды.

Дүние деген бір сылаң,

Тескейден қашқан түлкідей,

Думан-той көрдім дегенің

Жаңғырған алыс күлкідей.

Сүйекем өтті жалғаннан,

Жарқ етіп өткен бір күндей,

Қиын-ақ екен бұлтартпау,

Бұл дүние деген шіркінді.

Сүйекем көзін жұмған соң,

Жеті өзен бойы сілкінді.

Жеті өзен бойы сілкінді,

Тия алмай қалдым күлкімді.

Ағартып қалай алармын

Қап-қара болған бұл күнді!

Сүйекем өлді дегенде

Жетімдік жүрек жұлқынды,

Тартылған желі қырқылды,

Ағылып жатқан су тынды,

Алатау еңіреп күрсінді,

Ала бұлт жылап жыртылды...