Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

МАЙРА

Бірінші бөлім

I

Жан екен бұл етікші құдай берген.

Құдайға қылған ісі ұнай берген.

Болса да малдан кедей, бастан шағын,

Барына ырзамын деп шыдай берген.

Бұл қызды құдай бұған қалай берген,

Сұлу қыз шашын талдап тарай келген,

Әнменен егіз туып анасынан,

Бір жұрттың думанына жарай келген.

Керекудің осы қыз әңгімесі, Жігіттің

Майра десе кетеді есі,

Майра деп жас боздақтар ынтығады

Көруге тым болмаса көлеңкесін.

Майра жүр медресеге күнде барып.

Оқиды ұстазынан сабақ алып.

Тал түсте бағланындай ақмаралдың

Қайтады күткен топты бұзып-жарып.

Бойы тік, солқылдаған белі талдай,

Кең маңдай ақ күміспен қаптағандай.

Екі ерні үлбіреген қызыл шешек,

Жалт еткен жанарынан нұр тамғандай.

Жүргені қандай әсем әм күлгені,

Секілді жаздың лебі алған демі.

Қараса мейрімімен шын қарайды,

Құлаққа күй құятын үні әдемі.

Болған соң алдындағы оқып хатты,

Сабақта бір күн Майра ойға батты.

Отты жыр өзегіне жыр құйғандай,

Ыстық қан екі бетін дуылдатты.

Ереймен жазған шәкірт түйдей құрдас,

Ой кезген о да өзіндей өрімдей жас.

Сөзінде, сезімінде жалғандық жоқ,

Өлеңмен айтқанының бәрі де рас.

Ешқандай оғаштық жоқ қылығында,

Ойлы көз тереңдердің тұнығындай.

Кейде өзі тым жабырқау көрінеді

Асылдың арманда өткен сынығындай.

Жас жігіт Майраменен оқып бірге,

Жүреді медресеге келіп күнде,

Тыңдайды құрбылары тамашалап

Сөйлесе көзқарасын бұл өмірге.

Сездірмей ештеңеге әуестігін,

Бағады әр нәрсенің арғы түбін.

Жалбақтап көрінгенге сыр шаққан боп,

Етпейді оқай - оспақ сөзін шығын.

Көрмейсің таңданып бір үңілгенін,

Жағынып әлде кімге жүгінгенін,

Көңліне жақпағаннан жүреді аулақ

Байқатпай түсін бұзып түңілгенін.

Тамағын аздап суық кетсе қырнап

Ұстайтын жөтелі бар сонда құрғақ.

Ондайда оңашарақ кетіп жұрттан

Жат көзден әкетеді өзін ұрлап.

Жазыпты осы бір жас Майраға хат

Жырымен жалбарынып айтыпты дат.

Жүрекке елеңменен гүл ұсынған

Сөйлеп тұр шынын шерткен зор махаббат.

«Жаратқан тәңірі біз үшін арнап өзіңді

Аяй біл, Майра, ашылған гүлдей кезіңді.

Сәл ғана сенің ауырса жаның наладан

Күйдірген жастан құрғата алмаспын көзімді.

«Байқашы, Майра, қымтанып жүрші, қарағым,

Суық қой тіпті желі де мына даланың.

Оқталған көздер жаралап кетіп жүрмесін

Көрсете берме қылығын сенгіш баланың.

«Мен саған қарап қуанушының бірімін

Сен аман жүрсең өзгедей мен де тірімін.

Сенің әніңде менің де барлық ғұмырым бар

Сынуым мүмкін, сен кете қалсаң сүрініп.

Өзіңді де ая, өзгені де ая, ғажап қыз,

Сен ғана бүгін ең дарқан, жаны азат қыз.

Сен бізге, Майра, күдіксіз сеніп мерт болма

Өйткені біздер өзгере қалғыш - қазақпыз.

«Тыңдауға бармыз, мақтауға молмыз әніңді,

Айтамыз ақыл кей кезде тіпті нанымды.

Ал, басыңа сенің қатердің бұлты оралса

Құрбаның болып қорғай алмаймыз жаныңды.

«Білмеймін неден шошына қалып үркемін.

Әлсіз шығармын жата алмайтын да бүркеніп.

Сақтай көр, тәңірім, өзіңе сенген пендеңді,

Жалақтап тұрған қанды семсерден сілтеніп».

Осы хат шығарғандай қыздың есін,

Алқынып, дірілдетті жас кеудесін.

Көңліне қызыл арай сәуле кіріп,

Құрбының қызықтап тұр әңгімесін.

Тайсалмай түзу сөйлеу қандай ерлік,

Көмескі бір сөзі жоқ жалған дерлік.

Аңғарған ақиқатын ашық айтқан

Лебі бар лебізінде кемеңгерлік.

Дәрмені жоқ сияқты дамылдарлық,

Сезімін шарпып кеткен от құмарлық.

Жолында махаббаттың жанғалы тұр

Өртен деп сүйіктісі берсе жарлық.

Өзгеден биік тұр ғой тұрағы да,

Тиеді үні ерекше құлағыма.

Тұманнан асып әрі көз тастайтын

Ұсайды томағасыз қырағыға.

Жоқ шығар жүрегінің титтей зәрі,

Лапылдап жанғалы тұр жан құмары,

Отырып оңашада тыңдар ма еді

Толқындап төгілгелі тұрған зарын.

Пәк шығар нәрестедей арманы да

Жан болар қызықпайтын алғанына,

Құтқарса қалаулысын қатерден ол,

Ырза ғой азапта өзі қалғанына.

Жаратқан жап-жарық қып өзін құдай,

Ақ көңіл, моп-момақан, мінезге бай.

Бар мейрім, бар қайрымын арнап маған

Анадан бұл әулие туған қалай?

Бар мейрім, бар қайрымын маған арнап

Жас боздақ жалбарынып жазғанда хат,

Жүрегі жүрегіммен бірге соқса,

Мен оны енді қалай көремін жат?

Іздеймін көріскенше, асығамын,

Аңсаймын, оны қалай жасырамын?

Кеудемнен мезгілден тыс жарып туған

Арналсын осы жанға асыл әнім.

Деп Майра өзін-өзі іштей қайрап,

Қатерге бу да өзінің басын байлап,

Кездесіп Ерейменге оңашада

Қосылып гармонына кетті сайрап:

– Жарқыным, жазғаныңды жаттап алдым,

Жазыпсың сарқып бәрін ойда бардың

Ақ жанын, атой салып шақырғанда

Мен қалай ұзақ жатып ойланармын?

Әйелдің сақтығы мен сиқырлығын

Мен, қарғам, ұсынбаймын саған бүгін.

Алдыма ақыным боп келгеніңде

Қабыл ет сен де әншінің жарқындығын.

Бұлтым жоқ я көңлімде, я көзімде

Түсінсең мені қалай ерік өзіңде.

Аялдап абайлауға келмеді әлім,

Жатқан соң інжу сезім әр сөзіңде.

Тұрғанда қаным менің от боп жанып

Жүректі жұбатайын қайда апарып.

Жалғанды жандыратын өртке айналмай

Бір сөніп, жасаймын ба бір тұтанып.

Бәрібір не десе де, десін халық

Тыншыман, сені, сәулем, сүймей қанып.

Жаралған сүюге арнап жүрегім бар,

Кеудемді сенбегендер көрсін жарып.

Жақсы үміт - жарық күндей жанған жарық

Жарқырап әсем дүние тұрады анық.

Ақ бұлтқа аспандағы ұмтыламын

Құмарым ақ сұңқардай қанаттанып.

Сол кезде аузыма сен ән бересің,

Шабытқа шалдықпайтын әл бересің.

Сонда мен асқақтата ұшырамын

Ақ бұлттай аспандаған жан кемесін.

Көргенмін көріктінің талайын мен,

Тек сенен көзімді алмай қарайын мен.

Тілеймін, сен де өзгеге көз аударма

Сол үшін құрбандығың болайын мен.

Алдыңда шырағың боп жанайын мен.

Өзіңнен көзімді алмай қадайын мен.

Жанымды жалыныңмен жандыра бер,

Қойныңда гүлге айналып қалайын мен.

Сәулесін махаббаттың жастай көрдім,

Өзімді сол сәулеге бастай бердім.

Сезімді әнге айналған, жырға айналған

Түйдім де жүрегіме тастай бердім.

Көңлімде ән деген бір үн оянды,

Көзімде құмарлықтың оты жанды,

Қанымда бұрқыраған боран ойнап,

Тіліме махаббаттың жыры оралды.

Көңілім күй тілейді биіктерден,

Әкелші бақытымды иіп бермен.

Зарыма, құмарыма түсінеді

Ғашығын тұншыға бір сүйіп көрген.

Білмеймін тағдырымның не боларын

Балшының сұрамаймын жорамалын.

Он сапар тілеп келдім екеумізге

Қабылда қыздың қызыл орамалын.

О, ғажап, бұл не қылған келістілік,

Ілезде салқын дүние кетті жылып.

Екеуі қол ұстасып қосылғанда

Ұсады қатар жанған екі шамға.

Туғандай бір мезетте екі жұлдыз

Жайнап тұр жарасымды жігіт пен қыз.

Түскендей құздан төмен екі ақмарал

Төңірекке күлімсіреп қарады олар.

Дүние тұр алдарында жап-жарық боп,

Секілді бір бояудың жалғаны жоқ.

Көк пен жер табысқандай келісімді,

Мұң мен шер жоғалғандай жер үстінде.

Махаббат қағбасында айтып тілек

Соғады айнымайтын екі жүрек

Бұзатын ең қуатты махаббатты

Дүниеде басқа құдірет жоқ сияқты.

II

Бұл өмір бір күн ыстық, бір күн салқын,

Дос көңілі бірде бұлдыр, бірде жарқын.

Екі жас жұбын жазбай жүре берді

Ойламай соғады - ау деп қатерге артын.

Қайраты болмаса да пәлен дерлік

Мұндайда күншілдер де етеді «ерлік»

Қызғаншақ өз бойынан күш іздейді

Ақ боран тыныш күнде көтерерлік.

Адамға ұсамайтын салдыр-салақ

Бір күншіл қимылдады сол арада-ақ

Жолы ауыр жақсылықтың қажеті не,

Оп-оңай жамандыққа тұрсаң жарап!

Кәдімгі көпке мәлім сұр – сұғанақ

Алды да екі жасқа суық қарап,

Баянға жеделдете жүріп кетті

Кетсін деп сұмдық хабар жұртқа тарап.

– Қажыата, Ерейменің бұзылды деп,

Алмайтын болды айттырған қызыңды деп.

Сайқалға Майра деген сөз берген соң

Үмітің одан кеткен үзілді деп.

Майрада ұят жоқ деп қысылатын,

Әйел деп әркімге өзін ұсынатын.

Сөздердің не сұмдығын соғып жатыр

Зәресін Қажы атаның ұшыратын.

Не керек бұдан соңды көп қазбақтап

Қажыата қалды да бір қозғалақтап.

Жағасын Жасыбайкөл бір уыс қып,

Ойланып ордасынан тұрды аулақта.

Ашуын көрсетпеді бетіндегі,

Ешкімге тіл тигізіп жекірмеді.

Баласын алдыруға бел байлады

Жарар деп оқып осы жетілгені...

Жігіттер жолға шыққан кетті аттанып,

Қажыата ордасына кірді барып.

Жел соқпай, сабасында көл шайқалмай,

Аппақ күн аспанында тұрды жанып.

«Қажыата - жарты патша бұл елдегі»

Ойларын шығармайды ол тереңдегі.

Аз сөйлеп, басқаларды көп тыңдайды

Жауабы тіпті қысқа берердегі.

Болды,- деп айтады,

Я болмайды – деп

Аянбай болдырғанын қолдайды бек.

Шешімі мызғымайтын өкіммен тең,

Сөзіне қарсы келген оңбайды тек.

Жантайып жатыр Қажы мүлгігендей

Өткізді түнді де ол көзін ілмей.

Ішінде бұрқырады у-шу ойлар

Жатса да жақындарға сыр білдірмей.

III

– Сен неге бас тартасың ықласымнан,

Ойың бар мені өткізер қандай сыннан?

Жеріме құда түскен көнбеймін деп

Айтқанын. өтірік пе, балам, шын ба?

Әкеңді бір қазақ жоқ сыйламаған

Сөзімді сен де сыйла, илан маған.

Белгісі адал ұлдың жұрт білетін:

Әурелеп ата, анасын қинамаған.

Ереймен, кенжем сенсің, қарашығым,

Болмайды менен артық жан ашырың.

Тең жерге үзеңгілес құда түстім

Ырысы ортаймайтын сабасының.

Жас дәурен өте шығар аласұрып,

Әкеңнің бұзба, балам жарасымын.

Сенемін түсінер деп, саған, балам,

Үлкеннің қозғамас деп жан ашуын, –

Деді әке, сұп-сұр болып тұрды бала,

Боларын бір сұмдықтың білді бала.

Көзінің жанарына бұлт оралып,

Ыстық жас омырауына кетті тамып.

– Әкежан, әміріңе деймін құлдық,

Білмеймін қалды өмірім неше жылдық...

Тілеймін жылап тұрып мен де өзіңнен

Ұлыңды уландырар айтпа сұмдық.

Кеселмін, жүрегімді жаралама,

Ауру жан қаталдықтан оңала ма.

Шошытып алмағайсың сұңқарыңды,

Ұшқан құс шошып, қайта орала ма?

Ғашықпыз Майра екеуміз медреседен

Бұл сөзге мен де сенгем, ол да сенген.

Сүрмеймін өзге жанмен бір күн өмір

Қыршыным қиылғанша бұл кеселден.

Ойымыз, сезіміміз бір байлауда,

Ант еттік - айтқан серттен айнымауға.

Жолымыз, сапарымыз анықталған

Бұл жолдан зорлама, әке, қайта оралман.

– Жоқ!- деді –

– Жоқ! - деді әке, қаһарланды,

Көзінде кешірмес бір от тұтанды.

Ақылын, сабырымен ашу билеп

Қатал жан қатқыл сөздер айтып салды.

– Көнбеймін қорқытсаң да өлемін деп,

Әкелік өкімімді беремін тек.

Естіртпе бұдан әрі құлағыма

Қызына етікшінің еремін, деп.

Жан ба екен етікші де көн жалаған,

Сайманын жұмыс іздеп арқалаған,

Қоңызбен қи тасыған құда болып,

Төріме шығарам ба торқалаған?

Шырағым, бет пердеңді арзан жыртпа,

Жүрмейік күлкі болып мына жұртқа.

Жалаңаш етікшінің сайқал қызын

Сен түгіл мен алмаймын тоқалдыққа.

Баласын әке көзі оқ боп атты,

Тоқпақ сөз жас жүрегін соқты қатты.

Тоқталып алар демі, аз тұрды да

Боп-боз боп құлап түсті, тілсіз жатты.

Ашуы қатты әкенің тарамады,

Өлер деп баласына қарамады.

Кесел жан сол жатқаннан ұзақ жатты,

Қырық күндей қозғалуға жарамады.

Жатып ол оңашада - бөлмесінде,

Шақырмай жақындарын тілдесуге.

Майраға жазып өлең мұң шертеді

Білдіріп жаны барын кеудесінде.

Өлсем мен өле берейін,

Жас қабыр болсын мекенім.

Қиылдым қыршын демейін,

Сен өмір сүрсең жетеді.

Махаббат туын көтердім,

Жасасын! дедім Майрашым,

Қырқылсын тілі әкемнің

Бұлбұлым ғана сайрасын.

«Майра, сен, жаным, бөгелме,

Ғашықтар жанын жылатпа.

Қанаты сұлу өлеңмен

Махаббат туын құлатпа...»

Бұлдырап екі көзі жасқа толы,

Алдына сыймай отыр екі қолы.

Шырақты көбелек боп айналудың

Апырмай, түсер ме екен енді жолы...

Көңілінен бір кеткен жоқ қыз сипаты,

Тіліне оралады сүйікті аты.

«Майра» деп, «Майрашым» деп қайталайды

Айтқандай тәңірі алдында мінәжатын.

Көзі тұр көз алдында сәулеленген

Жұтқандай гүлдін лебін алған демнен

Мен саған берілдім деп жан-тәніммен

Тағы да сыңсып қана айтты өлеңмен...

Жетіп тұр сәл жымиып күлгені де,

Жібектей жылжи басып жүргені де,

Неге ол қоштасарда көзін сүртті

Шынымен өлерімді білгені ме?

Деп жігіт «аһ» ұрғанда жаны ауырды,

Бойына қайғы-қасірет сыймай тұрды.

Жөтеліп тұншықты да басы айналып,

Төсекке кесел тағы алып ұрды.

IV

Майра да содан бері тыншымады,

Үйіне бір кіреді, бір шығады.

Күйдіріп кеудесіне бір от кірді,

Сезеді көзінен жас ыршығанын.

Жаудырап сол қараған үлкен көзді

Болмайды жетістіріп айтып сөзбен.

Есінен бір шыққан жоқ, бір өшкен жоқ

Көрмейді Майра да енді дүниені өзге.

Оқып тұр қасында ол әлі жырын,

Дірілдеп шығады оның үні ақырын.

– Туғалы сүйген жаным - бірінші сен,

Сен ғана сүйгенімнің ең ақыры.

....Жасаған, даусы неге дірілдеді...

– Сен менің жарығымсың, күнім,- деді.

«Сенімен махаббатым бітеді» деп

Неге ол жылап тұрып күлімдеді...

Өле ме ол, айдалада мен қалам ба?

Сиямын онда қалай кең ғаламға?

Жел айдап, құйын қуып жүремін бе,

Жолдас боп жетім қалған кер маралға...

V

– Әкеме сәлем деңдер баласынан,

Сия алмай кең дүниеге алас ұрған,

Өтеді деңдер ұлы бұл жалғаннан

Жазылмас жүректегі жарасынан.

Тыңдасын тілегімді, қабыл алсын

Арызыма ақырғы айтқан құлақ салсын.

Бір көріп сүйгеніммен қоштасайын,

Майраны әкелуге кісі барсын.

Жіберсін Майраға арнап өз күймесін,

Жас гүлге жел тимесін, көз тимесін.

Айтыңдар асықсын деп, тездетсін деп,

Ғашығым жаным барда тез жетсін деп.

Айтыңдар, көнбесе әкем, өзім кетем.

Дүниеден қайрымы жоқ қаңғып кетем.

Қалармын қозғала алмай өлген жерде

Қош бол, деп қайран жарық ата мекен.

Темірдей тегеуріні қатал қартты

Сәлемі Ерейменнің тағы ойлантты.

Әкелік мейірі мен менмендігі

Қағысып кеудесінде сыймай жатты.

Қайтпайтын айтқанынан тәкаппарлық:

«Иілме, иілме» деп берсе жарлық,

Мейірімі жүрегінен жылу алған

Дейді оған: «жалынамын, етпе тарлық».

Сыр ашпас өзгелерге емендей қарт,

Болмайтын біз секілді сөзге жомарт.

Шешімін «болсын!» деген бір-ақ айтты

Пәлен деп баласына қоймай-ақ шарт.

...Жегілген екі жирен қара күйме

Сары жезден шашақтатып таққан түйме.

Желдете, жеделдете түсті жолға

Зыр қаққан дөңгелегі жерге тимей.

Бір жігіт шақырушы түсті жолға

Құйындап қара күйме ұшты жонда.

Хаты бар қалтасында Ерейменнің

Өлеңмен Майрасына сәлем жолдап.

«Майрашым менің, қайдасың, менің Майрашым?

Майрасыз өмір адыра қалсын, жайрасын!

Жатырмын күтіп өзіңді ғана, сәулешім,

Алам деп келген ажалыммен де дауласып.

«Алам деп ажал келеді күнде қанша рет,

Қасарып жүрмін қалсам да, жаным әлсіреп.

Өшуге таяу тұрса да күнім жалынды

Майрамды көрмей беремін қалай жанымды!

«Майрашым, айтшы, соңғы рет көрмей өзіңді,

Жұмамын қалай ынтығып жатқан көзімді?

Өтемін қалай жап-жарық мына дүниеден?

Өтем бе жылап көрмеген сені күйде мен?

«Келсе де күнде жұбатпақ болып қанша адам,

Өтуде күндер өзіңді күтіп аңсаған.

Сескенбей, сәулем, қанжардай суық көздерден,

Көріп кет мені ынтығуменен қаусаған.

«Жатамын кейде бұлдырап дүние көмескі,

Өткізем көзден не ғажап сиқыр елесті.

Жаныма тыныштық берейін аздап десем де

Есімнен сені шығара алар емеспін.

«Кезіңнің нұры нұрымен күннің ұласып,

Алдымда менің айнымай ғана тұрасың.

Естимін күнде күбірлеп айтқан сөзіңді

– «Сағынған екен, жыласын,- дейсің,- жыласын».

«Содан соң ерік беремін көздің жасына,

Сезбеймін кімнің тұрғанын келіп қасыма.

Қайтемін сезіп өзгенің жоғын, барлығын,

Қараңғы қапас өзінсіз өткен әр күнім.

«Шалқамнан жатып аспанға мөлдір қарасам

Бір сурет көрем - ғажайып сурет, тамаша.

Сол сурет, Майра, өзің боп тағы шығасың,

Ақ торғын бұлтқа оранып қана тұрасың.

«Шалқамнан жатып қап-қара түнге қарасам,

Жылжыған жарық жұлдыздарымды санасам.

Ең жарық жұлдыз өзің боп қана шығасың,

Атарда таңым Шолпаным болып тұрасың.

«Әрине, жапырақ үзілсе қыршын солғаны,

Ойлаймын соны, жырлаймын соны толғанып.

Қиылдым қыршын, арманда өттім демеймін,

Тек өзің мені сүйдім деп кетсең болғаны.

«Аман бол, жаным, жолыңды бағып жатырмын,

Сәлемім шығар осы бір жазған акырғы.

Тезірек жетші, Майрашым, көріп кетейін

Әзірейіл әне жақыннан мені шақырды»

Өз ойына бір нанса, бірде нанбай,

Суық ойлар сумаңдап оқ жыландай.

Күймеменен келеді жолда Майра

Күдік бұлтын ойынан шығара алмай...

...Күн еңкейіп барады төмендеген,

Ой болсайшы кәріде өлем деген.

Ең сүйікті баласын ауыртқанда,

Қызығы не содан соң көрем деген?...

Өз қылығын әділ деп санайды шал,

Қара сөзін ақ деуге неге құмар?...

Жас өмірді жеткізбей жайратудан

Бұл кәрілер, тәңірім-ау, қашан тынар?

Ақсақалдар мейрімді жан деуші еді,

Ақсақалда қасиет бар деуші еді.

Болмағанды болды деп мақтау үшін

Айта береді екен ғой әр нәрсені...

Қажымын деп сопы әке сызданады,

Махаббатын ұлының қызғанады.

Ыстық қанды кіналап мін тағады,

Өз қанының мін көрмей мұздағанын.

Бізді айырар, жылатар, айдар сорға,

Жастық талай қираған қалар жолда.

Жанған отты өшіріп өз қолынан,

Қандай жауап қауымына айтар сонда...

Мен - ақ құрбан болайын, аямасын,

Қиянаттан қырқылсын қыршын жасым.

Ажалға ұстап беруге өз қолынан

Қалай ғана қияды өз баласын...

Қараңдаршы, құрбымнан қай жерім кем?

Қуантамын халқымды айтып өлең.

Әнім менің - махаббат азаншысы,

Айтып өлмей бұл әнді қайтып өлем.

Аштым көңілін әніммен көп әлсіздің,

Аяқтағы шідерді өзім үздім.

Жанып келдім жалғанға, жанып өтем

Адалдардың алдында күнәсызбын.

Қап-қара ойлар осындай қуып қалмай,

Үміт оты алдынан қайта жанбай

Толғанумен келеді жолда Майра,

Қасірет бұлтын көңлінен шығара алмай.

Бірде ұнамай Майраға, бірде ұнаған

Қара күйме келеді зымыраған.

Қайта ашылып есігі шығармайтын

Қара табыт секілді қазір оған.

VII

Ынтық болып жасыл көл Жасыбайға

Керекуден түн қатып жетсе Майра.

Жасыбайдың жағасын тұлдандырып

Қап-қара боп қалыпты қайғы жайлап.

Ақ отаудың есігі жабылыпты,

Қара құрым ақ отау тағыныпты.

Махаббаттың болыпты өзі құрбан

Майдандасып жеңе алмай тағылықты.

Майрасын ол күтіпті, сағыныпты,

Қарыс айрылып жүрегі жарылыпты.

Сағыныштан сарғайып үзілгенде

Кірпіктері қап-қара жабылыпты.

Ақ отауға ойланбай кірді Майра,

Ойланарлық ол жерде мұрша қайда.

Басын иіп, көзінен жас сорғалап

Сүйгенінің алдында тұрды Майра...

Содан кейін қаралы көп күн өтті,

Уақыт шіркін бір мезет кідірмепті.

Азалы ауыл өлгеннің қырқын беріп,

Естен шықпас өткізді бір дүрмекті.

Жиналған ет толтырды көл жағасын,

Әзірлепті бұл ауыл берер асын,

Қажыатамен қадірлес бастастары

Күтіп отыр ордада сыбағасын.

Сонау күннен қайтпаған Майра еліне,

Өкінбепті ол мұнда келгеніне.

Ақ отаудан шықпастан қала берген

Қара киіп, қан жұтып өлгеніне.

Қырық күн бойы жатты ол ақ отауда

Аяқ басып шыққан жоқ жасыл тауға.

Күндіз жүріп бір жанға көрінген жоқ,

Ұстады өзін сабырмен тар құрсауда.

Қырқыншы күн дегенде шықты сыртқа,

Көз тастады қоршаған қалың жұртқа.

Басындағы қарасын жұлып тастап,

Бар даусымен жөнелді жырын бастап.

Селт еткен жұрт артынша тына қалды,

Тынбай қайтсын туса сөз құп аларлық.

Зарлап шыққан даусына шыдай алмай,

Мұңлы жандар лезде жылап алды.

Сәл шытынған қабағын үлкендер де

Қайнап барып, қайтадан тынды демде.

Қажыатаның өзі де шөгіп қалды

Көтере алмай сылқ түскен басын жерден.

– Сөкпеңдер мені, ағайын,

Алдыңа сөйлеп шыққанға

Сөйлемей қайтып қалайын

Жығамды дауыл жыққанда,

Арманы аппақ тап-таза

Жанымның сырын ұққанға.

Ұқпағаның да құлақ ас,

Түсінбей босқа сұқтанба,

Тыңдаусыз сөзім қалмайды

Қадірімді білер жұрт барда.

Ақ сұңқар көрдім жаралы,

Қанаты қанға малынған,

Қирапты темір топшысы

Қаз ілем деп жүріп қалыңнан.

Көзіне көзім түскенде

Махаббат тілеп жалынған,

Басқа арман менде болған жоқ

Соны аман сақтап қалудан.

Құшағымды аштым еріксіз,

Жүрегіммен қабылдап.

Емдейін деп қанатын,

Көрейін дедім ұшқанын.

Жарқылдап ұшқан ақ сұңқар

Қашаннан еді құштарым.

Арманым қалды ойран боп,

Айрылдым аппақ құстан мен.

Жыладым қырық күн, жоқтадым

Жесірдің жолын ұстандым.

Қайтпасқа кетті сұңқарым,

Қызықты күнім қысқарды.

– Кетемін енді, Қажыата,

Түсініңіз...

Өзгелер де түсінер.

Жетім бота еңіреп жүріп боздаса,

Жетім құлын безек қағып кісінер.

Осының бәрін ағайын

Тәңірінің жазған ісі дер».

Қажыата айығыпты долылықтан,

Аптығы әлсірепті соққандықтан.

Молайып сақал-мұрттың ағы қазір,

Еңсесі салбырапты ауырлықтан.

Шығып ол ордасынан байқап басып,

Сүртпестен сорғалаған көзден жасын,

Майраның қарсы алдына келіп тұрып,

Күйбеңсіз көңліндегі айтты расын:

– Күйреген көріп тұрсың атаң бүгін,

Көз жұмар маған да енді тақалды күн.

Жазғырма жазықтыны жассың, шырақ,

Қартыңның кешіргейсің қаталдығын.

Аман бол, қайда жүрсең тілектеспін,

Жолыңды біз тараптан кеспейді ешкім.

Жер мынау қалам десең, жұртың мынау,

Өзіңде ар билігі бұл кеңестің

Сөз тынды, аза тынды, алыстады,

Жұрт қайта ойлар тағы қоныс қамын.

Күймемен Майрамыз да кете барды

Белгісіз тағдырменен табысқалы.

Екінші бөлім

I

Кеудесі көз жасына боялды да,

Шабыты ұшқыр жанның оянды да,

Көңліңнің қайғы, мұңын түйіп тастап

Келеді енді Майра Қояндыға.

Майрадай ән сырбазын, ел еркесін

Күтіп тұр Қояндының жәрмеңкесі,

Күтіп тұр күйшілері, жыршылары

Қазақтың топтан озған сал, серкесі.

Атақты Қояндыда Қалыбек бар...

Көруге жұрттың бәрі соған құмар.

Әні мен домбырасы қатар сөйлеп

Жас пері жалт-жұлт ойнап жүрген шығар.

Қобызбен бақсы болып сарнағанда

Көрінер көкті бұлт торлағандай,

Аспанда қара бүркіт алас ұрар

Қалыбек жерде отырып самғағанда.

Балдырған, балауса жас өзі пері,

Күнде той, күнде думан жүрген жері,

Халқының күнде іздейтін қалаулысы

Күлкі мен қуаныштың кемеңгері.

Иса бар Қояндыда тасқын ақын,

Атанған он үшінен - қасқыр ақын.

Үніне жырыменен ере алмаса

Сындырып домбырасын тасқа ұратын.

Иса бар Қояндыда - қасқыр ақын,

Айтысса бұған жыны асқынатын,

Сұңқылдап махаббатты сөйлеп кетсе

Тыңдаған қыз-келіншекті мас қылатын.

Майраның бұл да сыйлар бір інісі,

Сүйейтін қысылғанда сенімдісі.

Осындай тарықтырған тар күндерде

Әркім-ақ іздейді екен өз кісісін

Қайдасың, Қалыбегім, Исаларым!

Бақытымның көрдіңдер ме қисайғанын.

Сендерге жанымды ұғар татымайды

Қазақтың жақсы деген жисам бәрін.

Деп Майра сағыныштан өліп-талып,

Көңілі бір серпіліп, бір жұқарып,

Келеді қайдасың, деп, қайран достар,

Аққудай көлге қайтқан қиқу салып.

Бет түзеп шыққаннан - ақ Қояндыға

Өлеңнің ақ перісі оянды да.

Күймесін түймелеген ашып тастап

Деп отыр: «Кең дүниені жай алдыма!»

Жайылып жатты дүние қарсы алдында,

Қызығып қарады әнші тамсанды да.

«Қояндым, қайдасың?» деп қақсай берді

Гармонмен кең дүниеге жар салды да.

Жарысып көк күймемен қарқындаған,

Келеді құстар да ұшып ән тыңдаған.

Қос күрең көз ұшында барады ағып,

Ақ көбік омырауында жалтылдаған.

Жөнелді жер айналып төңіректе,

Аппақ күн жарқырайды мөлдір көкте.

Оранған ну орманға Жасыбай көл

Шайқалып қала берді жолдан шетте.

Көргенде халқым сүйген Жасыбайды

Көңілім менің мүлде жасымайды

Жасыбай жастай мені әлдилеген,

Мен оның бұлбұлымын басыбайлы.

Жасымнан Жасыбай деп ән шырқаттым,

Көңілдің күй толқынын көлден таптым.

Ақ көбік, мөлтілдеген моншақ тамшы

Көзіме нұрын құйды махаббаттың.

Жарқырап екі көзім күнге бақтым,

Жұлдыздан жүрегімнің сырын таптым,

Моншақ су мейірімді қандырды да,

Тіліме жырын берді махаббаттың.

Махаббат жан діліме жанып кірген,

Сағынтты жұлдызымды жарық берген.

Сарғайып таң самалын күтер болдым

Сәлемін сәулешімнің алып келген.

Ғайыптан күнде іздеймін бір ғажайып

Бақытқа сол сәттерде қалам байып.

Күтемін көктен қазір түсетіндей

Сағынған мені біреу қанат жайып.

Деп Майра күймесінде іштей сайрап,

Келеді көк семсердей өзін қайрап,

Құжынаған Қояндыға жетті тақап

Жарына жәрмеңкенің тіккен байрақ.

Майраш ән айтпағалы өтті қанша,

Қиын ба, шіркін шабыт қайта оралса.

Белестен жәрмеңкеге қайнап жатқан

Қызығып көз тастады жас қыранша.

Құлшынып жас қыранша көз тастады,

Көңлінде тұлпар шабыт ойқастады.

Жалт етіп жарқын жанның түсті есіне

Әнші мен ақындардың, шайқастары.

Жалауы жәрмеңкенің тұр шайқалып,

Қалың ел қалаулысын қалды танып.

Гармоны даусыменен бірдей зарлап,

Майрамыз Қояндыға кірді жарып.

Бұрған жоқ мойнын Майра мырзаларға

Қыз көрсе қызығатын қызбаларға,

Ақ сұңқар ағып өтсе амал қанша,

Мырзалар қала берер сызданар да.

Болған соң өзі өнердің кемеңгері.

Қайтсын ол жәрмеңкенің саудегерін.

Сағынған достарына тартты тұра

Алмаққа ақтарып бір іштен шерін.

О, ғажап, бұл не ғажап, қараңдаршы,

Жаңғыртып жәрмеңкені келеді әнші.

«Ақ сұңқар тұғырына оралды!» деп

Айқайлап қалың жұртқа айтты жаршы.

Исасы, Қалыбегі, Әміресі

Шығарған жәрмеңкенің әнмен есін.

Достары жайып құшақ күтіп алды,

Сол күнгі Майрасына арнап кешін.

Тіктіріп қойыпты бір ақ отауды,

Ақ басқұр, қызыл басқұр, жібек баулы,

Ішіне айналдыра кілем тұтып,

Жинаған жалтылдата үй жасауын.

Ат басын тартқан шақта, тоқтап күйме,

Боп қалды жиылған жұрт үйме-жүйме.

Көтеріп күймесінен алды жеңіл

Бір жігіт, кіргізуге Майраны үйге.

Бұл жігіт қандай жігіт?

Жардай жігіт.

Тұлғасы адам емес, нардай жігіт,

Көтеріп төбесіне тоқтап тұрып

Майраға айтты сөзін арнай жігіт:

«Қайғыңмен зілдей көтеріп тұрмын,

Танырсың кейін, досыңмын, Майра,

Ұмыт, сен енді күндерді мұңды

Достарға келіп қосылдың, Майра.

Таста енді сілкіп қасіреттің жүгін

Ел үшін туған, қасиетті Майра.

Достарға келіп қосылдың бүгін,

Қуаныш туын жықпауды ойла.

Мен де бір жанмын жақсы арман қуған,

Әніңнен қуат алатын, Майра.

Ақ отау осы тартуым, саған,

Қиналмай қазір қабыл ет, Майра.

«Бұл менің саған ең адал сырым,

Қабыл ет, Майра, досыңның сыйын.

Мақтаншақтардың мырзалығы емес,

Қайырлы болсын, ақ отау - үйің».

Жас жігіт осыны айтып басты ілгері,

Майраны жарасып тұр көтергені.

Шіркін-ай, жанын сүйген жас сұлуды

Осылай көтерумен өтер ме едің.

Әміре дірілдетіп әнмен қырды,

Ағызып ақын Иса тасқын жырды.

Майрасын сағындырған қошеметтеп

Достары ақ отауға алып кірді.

Майраға отау тартқан нар боздағым

Дейтұғын: «келіп отыр тау қозғағым».

Болған соң сыйын тартып жоқ боп кетті,

Қалдырып әңгіменің соңғы жағын.

Бұл жігіт кейін білдік: балуан екен,

Сан рет күшін сынға салған екен,

Қазақтың небір даңқты күштілерін

Қиратып қаршадайдан болған екен.

Жығыпты үндінің де арыстанын,

Жас бала шыдатпапты алысқанын,

Хиуаның алып соғып шынжырлысын

Бәйгесін әкетіпті жарыстағы.

Алысып Поддубныймен үш күн, үш түн,

Жұмсапты сарқып бәрін қайнар күштің.

Екі алып құшақтасып, достасыпты,

Тең түсіп, бұл күресте жықпай ешкім.

Ел атын шығарсам деп арман қылған

Даңқымен Европаны шамдандырған,

Бір кеште ерегіссе онын жығып,

Берлинді, Лондон, Париж тандандырған.

Осылай, жігіт, үздік жаралыпты,

Атағы кең дүниеге таралыпты.

Сағынып туған елін, туған тілін

Жеріне атамекен оралыпты.

Шертеді домбырада, ән салады,

Айтады елін қалай аңсағанын.

Ақ көңіл, ақ тілекті, жаны жомарт,

Достықтың қадірлейді әр сағатын.

Әдепті, сып-сыпайы, тәрбиелі,

Тым қатты сағыныпты туған жерін.

Лепіртпей, жылы ғана береді айтып

Көп жүріп білгені мен көргендерін.

Сыйымсыз бір қылығы байқалмайды,

Құрбының айтқан сөзін қайтармайды,

Өзгермес қоңыр даусы, сал мінезі,

Я тасып, я толастап ортаймайды.

Қазақта мұндай жігіт туар сирек,

Келгелі жәрмеңкені алды билеп.

Шалға бала, ағаға іні атанып,

Жүр қазір Қояндыны өрге сүйреп.

Өз аты Қажымұқан әлемге паш,

Алып күш, дарқан жанды, жалындай

Күшімен көрсетеді не ғажапты,

Қасынан тарқамайды құрбы-құрдас.

Есітіп сырттан жігіт Майра даңқын,

Қайғырып қалғанына қыздың жалқы.

Әншінің жеңілдетем қасіретін деп,

Әдейі ақ отауды еткен тарту.

Тірлікті ойсыз жасап керегі не,

Өмірдің өздігінен берері не?

Адал дос қиын күнде сүйенбей ме

Сенімді әділ достың көмегіне.

Дүниенің кетері мен келеріне

Ешқашан адам есеп береді ме...

Тоймас көз табынады аларына,

Сенеді сері көңіл береріне.

Осындай әсем пейіл палуанда бар,

Болған жоқ басқа есебі алдын орар.

Жұбатса жәрдемдесіп жылағанды

Жігітте одан артық не арман бар...

Майраға әңгімелеп жар – достары

Жеткізіп жігіт жайлы айтты бәрін.

Әншінің сонда ғана көңлі тынды,

Ашылып күңгірт тартқан көп ойлары.

Жұрт тарап, дем алуға қалды Майра

Ақ жүзін шар айнаға салды Майра.

Өткізіп көз алдынан көп суретті,

Есіне бәрін сонда алды Майра.

...Көріпті - ау талайларды тым жастай-ақ

Сезінді кәрілер мен құрдастай-ақ.

Тоқталмай мезгіл өте береді екен

Тұрсаң да аяғыңды бір баспай-ақ.

Не деген уақыт мұнша шебер еді,

Аямай асқынғанды шегереді.

Ақ қайың қалтыраса жүдеп қыста,

Көктемде бүршік атып көгереді...

Көңілдің күзі де бар, жазы да бар,

Көңілде бітпейтін көп қазына бар.

Бір ыстық, бір суықпен қабаттасқан,

Аралас араздықпен базыналар.

Көңілді күйзелсе кеп сұм уайым,

Жүректі әлсіретер езген сайын.

Сол кезде күтпес жерден селт еткізіп,

Алыстан шырылдайды боз торғайың.

Бозторғай жерге қонбай шырылдайды,

Жүректе бір ыстық қан шымырлайды.

Кезінде күңгірт тартқан шоқ тұтанып,

Жібек жел құлағыңа сыбырлайды.

Ғажап қой сиқырлары тіршіліктің

Ойнайды адамменен уақыт мықты.

Алдыңнан аңдаусызда - ақ ашылады

Жап-жасыл жапырағы жақсы үміттің.

Кеудеңде сол мезетте күн күркіреп,

Қара бұлт бір нөсерлеп, бір сіркіреп,

Атылып жалт-жұлт ойнап нажағайың,

Жас жаның талпынбай ма тоят тілеп?...

Көзіңнен сыпырылса сұрғылт перде

Адамға рахат жоқ одан өңге.

Тартылып айқыш-ұйқыш кемпірқосақ,

Қарайсын қызықтырған кең әлемге.

Көресің сонда ғажап суреттерді,

Көп бояу көп елестен берер белгі.

Естіліп ғайыптағы әсем үндер

Жаңғыртар жанның күйін арғы, бергі.

Қарады Майра үңіліп шар айнаға

Өз бойын өзі шолып - абайлауға.

Көре алмай айнадан ол өзін бірақ

Қалтырап төсегіне түсті құлап.

Жастанып жастығына басты бетін...

– Сақтай көр, сақта мені, құдіретім,

Деп Майра өзіне өзі күбірлейді,

Күш таппай қимылдауға қыбыр етіп.

Болса да көріскені бірінші рет,

Ескі бір қимасындай күлімсіреп,

Кетпейді қарсы алдынан алып жігіт

Қарап тұр күлімсірей көзін тігіп.

Апырмай, өңім бе бұл, түсім бе екен,

Бұл менің шын ойлаған ісім бе екен...

Кетпейді көз алдымнан неге мұнша

Осы жас ішім сүйген кісім бе екен?

Ыржағы, қылжағы жоқ, қандай әсем,

Ұстайды жұрт кезінде өзің бәсең.

Жадырап қарауында жылылық бар,

Жан күйін тез аңғарып алады әсер...

Байқаймын жасық та емес, жуас дерлік,

Көл дария кеудесінде кемеңгерлік

Ақ отау тіккізіпті маған арнай,

Болсын деп әнші менен әнге кеңдік...

...Көтеріп алғанда ол мені жеңіл,

Қалды ғой қанаттанып мұңды көңіл.

Кеудеме мақтанышым сыймай кетті,

Болды екен неге мұндай шіркін өмір.

Деп Майра кезіп жатып мол қиялды,

Толғанды, әр кезеңді есіне алды,

Сан болмыс көз алдынан заулап өтіп

Жалғыз-ақ мына сурет тұрып қалды.

Қадалып қарай берді сол суретке,

Таңданып жатыр мына кереметке.

Көтеріп алып бара жатыр жігіт

Майраны биіктетіп зеңгір көкке...

– Әкетсе әкетсінші, тоқталмасын,

Кетейін кеткеннен соң аспанға асып.

Қуласам құлайыншы аспаннан мен,

Атанып жүргенімше жерде жасық.

Не шықпақ сескенгенмен, сасқанменен,

Бұдан мен құтылмаймын қашқанменен.

Қайдасың, кел, жігітім, көтер мені,

Майраңды тілдестірші аспанменен.

Майраны тілдестірші аспанменен,

Өтпейін өзімді өзім жасқауменен,

Алып шық аспаныңа ту ғып ұстап,

Жатпайын қайғымды айтып қақсауменен.

Жас жігіт, қызығамын жартастайсың,

Кеудеңе күшің сыймай шалқақтайсың,

Әлсіздің төсегінде жылатқанша,

Тілеймін өзің мені қаусатқайсың!

Мүмкін мен сені іздеген жан шығармын.

Жете алсаң қадырыма жар шығармын.

Қолыңнан өзін, жаным, ұшырып көр,

Ағыт та балақ бауын қаршығамның.

Көтер де қыран құстай әкет мені,

Күшіңді тамашалап тұрсын елің.

Әлсіздің төсегінде жылағанша,

Болайын тас жайлаған бүркіт жемі.

Апар да бір құз тасқа қондыр мені,

Мұзға сал, дауылға түс, тоңдыр мені.

Жалғыз-ақ жүрегіңді маған беріп,

Жалынды құшағыңмен сендір мені.

Мен сонда күш аламын, ән саламын,

Әніммен кең дүниеге жар саламын.

Айтамын ағайынға жыр қып сайрап,

Қонды деп тұғырыма аңсағаным.

Жігітім, тілегім жоқ бұдан басқа

Ал енді құшағыңа, менен қашпа.

Жеткіз де арманыма жібер сатып,

Әйтпесе суға таста, отқа таста.

Деп Майра атып тұрды төсегінен,

Көңілі бүгін шуақ кешегіден.

Басады махаббаттың әнін қайта

Ешкімнің қымсынбастан өсегінен.

Ән кетті осыдан соң қанат қағып,

Астына қанатының маржан тағып...

Қосылып гармонына Майра сұлу

Алдына қалың елдің шықты тағы...

Бір жерде шілдеқана, бір жерде той,

Cap қымыз сапырылған, сойылған қой.

Шетінде жәрмеңкенің ат шабыс боп,

Әркімдер өнерімен көрсеткен бой.

Қазақты қырдан келген таң қылуға,

Біреулер ойнатса аю, маймылын да.

Мырзалар қарқ-қарқ күліп тастайды ақша

Көрсетіп жомарттығын, байлығын да.

Осының бәрі тынып базардағы,

Болған соң ет желініп қазандағы.

Гармонь мен домбыраға кезек тиіп,

Көреміз әншілердің сөз алғанын.

Жарысса Иса, Әміре, Майраменен,

Кетеді кең далаға ойнап өлең,

Тау-тасты, ой мен қырды жаңғыртады

Қазақтың қанатындай қайран өлең.

Осындай талай сауық, өтті кештер

Өмірдің бәрі қызық бастан кешкен.

Ішінде сол өткінші көп қызықтың

Кейбірі сөнбес оттай шықпайды естен.

II

Жәрмеңке қара қазан қайнағандай,

Дүниені жұтып жатқан айдаһардай,

Ұласып алыстарға ұзақ шаңдар

Құйылып жатыр оған айдаған мал.

Жәрмеңке қара қазан қайнағандай,

Дүниені жұтып жатқан айдаһардай,

Құйылып жатыр оған сәудегерлер

Бас жібін базарға әкеп байлағандар.

Майраның қоршаған жұрт ақ отауын,

Шырқалған сұлу әндер ауық-ауық.

Домбыра гармоньменен кезек сөйлеп,

Бүгін бір қызып жатыр ойын-сауық.

«Майра мен Қажымұқан жүреді деп,

Екеуі бір күймеге мінеді деп,

Есітіп бір-бірінен жиналған жұрт

Ақ сапар екеуіне тіледі кеп.

Алдына шыққаннан соң қалың елдің

Өз сөзін Қажымұқан айтып берді:

– Ағайын, көріскенше, қош, аман бол,

Бізге енді аттанатын уақыт келді.

– Ұзақ жол - сапарымыз біз жүретін,

Адамға уақыт керек үлгіретін.

Күреске шақырып тұр мені Париж,

Дабылын шайқастардың күмбірлетіп.

– Әйгілі, әлемге паш, озған жұрттан

Айқасқа шақырады мені алыптар.

Кетемін қатарына палуандардың,

Майданның қызығынан қалмай сыртта.

Қаймықпан қатарымда Майрам барда,

Әзірмін сауық пенен сайрандарға.

Алдында Майрашымның арыстан боп

Түсемін алыптарды ойрандауға.

Арман не, қатарымда Майрам барда,

Әзірмін алыптарды ойрандауға.

Жүремін Майрашымды ту қып ұстап

Қорғайтын намысымды майдандарда.

Жүргенде қатарымда Майрам менің

Құдіретім бәсеңдемек, қайдан менің!

Ал кеттік, адал жолға, баста, Майра,

Аман бол көріскенше, қайран елім...

– Палуаным! - деп бастады сонда Майра,

Сүйіктім, Майраңның да жайын ойла.

Жүргенде Парижіңде, Лондоныңда

Тыңдайтын сонда мені қазақ қайда?

Жасымнан құмарлана салған әнім

Тарқатар тарыққанның ой тұманын.

Жыр күйі жастық пенен махаббаттың

Қалдырмас қасиетті бой тұмарым.

Қайтемін өше қалса отым жанбай,

Өтем бе өз әніме өзім қанбай.

Тыңдайтын қазақ та жоқ, мен де жоқпын

Өтермін қайта, сәулем, бір тұтанбай.

Тумаппын даңқым үшін, алтын үшін,

Туыппын ән мен жырды сарқу үшін.

Тыңдайтын жұртым жоқта - әнім жетім,

Ермеймін саған, палуан, халқым үшін.

Атайды мені қазақ Майрашым деп,

Сайраса Майраш қана сайрасын деп,

Қазағым аңсағанда іздемей ме

Майрашжан бізді ұмытқан, қайдасың деп.

Туғанда ән-жырымды төгер шағым

Қарысып қалмақ қалай тіл мен жағым?

Жайлауда шақырып тұр мені жұртым

Жалауын көтеруге тамашаның.

Қызығы әр күнімнің бір өмірдей,

Ел-жұрттың сүрдім дәурен тілеуінде.

Ән тыңдап, Майрашым деп мақтанбайтын

Бір қазақ көргенім жоқ бұл өңірде.

Кіргенде қалын топқа арқалымын,

Қалмаймын әнім тұнып, қаңтарылып.

Елімді қуантатын, жұбататын

Аспанда сұңқылдап жүр дарқан үнім.

Жатпаса жел айқайлап, көл шайқалып,

Ән сұрап шуламаса туған халық.

Жайтаңдап жаным менің жадырамайды,

Қалғандай тас қамауда көрмей жарық.

Сен бүркіт таста қонып тауда ұшатын,

Азулы, тырнақтымен алысатын.

Мен нәзік қазағымның боз торғайы

Бұлбұлымын шуақта жар салатын.

Палуаным, күш сынасар қалма жолдан,

Сәтті жол сапарыңда соқсын оңнан.

Аруағын қазағыңның көтеріп қайт

Дауылдың далаңдағы өзі қолдап.

Кел, кәне, көріселік - қоштасалық,

Қатты сүй, құмарым бір қалсын қанып.

Алып кет жүрегімнің бір бөлшегін

Жаныңа жарық беріп тұрсын жанып.

Деп Майра жас жігітті сүйемелдеп,

Бетіне бетін тосты сүйе бер деп,

Үстіне жібек желең жапты – дағы

Күреске шығарыңда кие көр, деп.

Содан соң күймесіне отырғызып,

Қош!...- деді зытты күйме, тынды қызық

Палуан да үнсіз жылап бара жатты

Бетіне ыстық жасы тартып сызық...

Үшінші бөлім

I

Дүние шыр айналған тас диірмендей

Уақыт жоқ барарманға үлгіргендей

Талай от жана беріп өшіп жатыр

Талай жан өтіп жатыр түк те көрмей.

Қызығың көрдім деген көрмегендей,

Көк бестің желдім деген желмегендей

Тұрлаусыз кейде аңырып отырасың

Еш нәрсе еңбегіңнен өнбегендей.

Тұлпарсың бір күн жүйрік – қанаттысың

Қалыңнан қаз іледі жарап құсың.

Бұзылса кейде күйің көрінеді

Бәрі де кешегіңнің жаратқысыз.

Жәрмеңке сан жиылып, сан тарады,

Бәрін де керді түгел Қарқаралы.

Базарда біреу күлсе, біреу жылар

Тағдырдан адам қалай жалтарады.

Секілді соққан дауыл кеткен әмір,

Басыңнан қызық дәурен өтер жеңіл.

Жақсылық жалт ете қап жоғалғанда

Бәсеңсіп қала берер мұңлы көңіл...

Айрылып палуанынан қалғаннан соң,

Жүрекке шер айналып алғаннан соң.

Аруағы асқақтаған жығылғандай

Майра да көтере алмай жүрді басын.

Қалдым деп қаршығама қалай ермей,

Ұзақ түн төңбекшітті маза бермей,

Өзі жоқ, орны жатыр палуанының,

Толқын ой толғандырды соққан сендей.

«Ұзақ түн зындан екен - жалғыз жатқан

Кім тапқан жалғыздықты, қалай тапқан?

Иесіз отау қараң, мен де қараң,

Оп-оңай айрылыппын мұз балақтан».

Осылай өтті түндер, өтті күндер

Ойнайды уақытпенен әлдекімдер.

Біреулер қас қағымнан ләззат іздеп,

Күтеді сол мезетті болып ділгер.

Секілді кейбір үміт сенген шырақ,

Қаласын сонда үмітсіз жалғызсырап.

Көрініп артың қашық алдың тұйық

Бұрқырап жатады тек боз топырақ...

Кешіріп бастан күйді осындайлық,

Өмірден өзі сүйген жүрегі айнып.

Өткізді жаз бен күзді біздің Майра

Тоқталып ән-жырға да қомағайлық.

Көтеріп дала сынын, қала сынын,

Жоғалтып жас өмірдің жарасымын.

Үйіне келіп Майра жата берді,

Қызы боп әкесі мен анасының...

Күндердей күн озғанда мезгіл өтіп,

Шақырғам үлкен тойға хабар жетіп,

Майраны әкетуге келеміз деп

Көңілін кеткен еді елеңдетіп.

Сол тойға өз тобымен барды Майра,

Қиқуға баяғыша салды Майра.

Сағынған сиқыр әнді қалың жұртты

Игеріп уысына алды Майра.

Айналып ел-жұртынан еркелеткен

Шырқады шықпай жүрген үнін көптен.

Гармоньмен құйқылжыған әнші даусы

Жалғасып жатты ғажап кереметпен.

Сол кезде той-думанын дүбірлеткен

Бір сарын таңдандырған жетті шеттен.

Он жігіт ой жүйрікпен келді кіріп

Қосылып домбырадан күйін төккен.

– Бұлар кім?

– Тамалар ғой, кұм жайлаған

– Келер деп сонша алыстан кім ойлаған

– Домалақ Саттар ақын деген осы

Теңмін деп Біржан салға айқайлаған.

Дескенше жетін қалды, ат байланды,

Қонағын тойдың аулы күтіп алды.

Ақ үйге Майра отырған кіре беріп

Сал Саттар домбырамен қиқу салды.

Саттар:

Мекенім Мойынқұмда, атым Саттар,

Салдығым, сәулетіммен жұрттан асқан.

Ән-жырдың жарып шыққан жүйрігімін,

Өлеңнің ақ перісі қонған жастан.

Ақырсам жын буғандай арқалымын,

Ән-жырдың қара нөсер шалқарымын.

Жетеді айқай салсам күндік жерге

Білмейтін бүгесінді дарқан үнім.

Үнім мен жырым менің қара тасқын,

Атанып ақын Саттар жұрттан астым.

Ақынды тайталасқан сілкіп – қағып

Талайдың тырп еткізбей жынын бастым.

Майраның естуші едім бұрын атын,

Кезегім бүгін жетті ұрынатын,

Аламын әнмен буып, сөзбен байлап

Жеріңнен жалтартпаймын жығылатын.

Майра:

Ағайын, мына келген Саттар екен.

Саттарың жұрттан асқан сотқар екен.

Саулық жоқ, амандық жоқ сөйлеп кетті,

Мақтаншақ енді қашан тоқтар екен?

Жігітке ұрыншақтық жараспаған,

Табады іздегенін адаспаған

Асылды, жасықпенен халық білер,

Жақсы ғой жүйріктікке таласпаған.

Жақсы ғой жүйріктікке таласпаған,

Көрінер мақтаншақтық оғаш маған,

Қорқытпай салған жерден, ақын Саттар,

Көп болса қасиетің қарас маған.

Саттар:

Жақсының көп тыңдадым өсиетін,

Жетеді жарылқауға қасиетім.

Майра - жан, көп тартынбай, қолыңды ұстат,

Кездестің кемеңгерге бас иетін.

Қызығы құмарлықтың бүгін өзге

Балқытсын от кұшағын мені лезде,

Алып қал, әнші Майра, мейірімнен

Саттарды менсінбес деп күдер үзбе.

Басыңнан тез өткердің қыз дәуренін,

Әйелге қажеті не күнде әуренің...

Әлпештеп әкетейін тоқалдыққа

Тартынбай тұғырыма қонсаң менің.

Майра:

Адамның бір сұмдығы пейлі тарлық,

Жаныңда түк жоқ екен, жөнді ұғарлық.

Отына махаббаттың су құюға

Ақ жолын адалдықтың келдің бе аңдып!

Күндейсің ұшады деп қанаттыны,

Кірлейсің махаббатқа талаптыны.

Күндейсің озады деп жүйріктерді

Орныңнан қозғала алмай қарап тұрып.

Ішін тар, күндемпазсың, ақылың әлсіз

Адамға ақыл қалай қонсын арсыз?

Кеудеңе жүйрік шабыт кірмей кеткен

Болған соң махаббатың тым құнарсыз.

Ойыңда ұшқырлық жоқ мүгедексің,

Арманға көзсіз көңіл қалай жетсін!

Қор қылып саған қолымды ұстатқанша,

Құрт жесін сүйегімді, шіріп кетсін.

Білемін жол өнбейді асыққанмен,

Әйтседе қызығамын қашыққа мен.

Армандап жайсаң жарды өлген жақсы

Мың жасап бір жүргенше пасықтармен.

Жеткізбес биік арман асыққанмен,

Сонда да қызығамын қашыққа мен.

Жақсымен үйсіз-күйсіз өткен артық,

Жатқанша ақ ордада сасықтармен.

Саттар:

Шының ба, мұның, Майра, жалғаның ба?

Саттарға жаман сөзіңді арнадың ба?

Қымбатқа кімге барып өтпекшісің

Ілінбей қармағыма қалғаныңда?

Байдан бай ауыстырып келген неме!

Байқап аш ауызыңды, кердеңдеме.

Көрінген салдақыдан сасар болса

Бұл Саттар ат арытып келген неге?!

Мақтайсың махаббат деп сайқалдықты,

Майра, енді тастау керек сайтандықты.

Шыға ғой майданыма жекпе-жекке

Деп жүрсең өзіңді өзің сойқан мықты.

Одан да жолымды бер, қолыңды ұсын,

Байқап көр Саттардың да жойқын күшін.

Демей-ақ байдан қалдың, малданайын

Тусам да жас қыздардың қызығы үшін.

Майра:

Қайтесің маған, Саттар, қырындама,

Оңбайды оңай жерден жырымдаған.

Тұлпарға жуан жабы тең емес деп

Айтқан ғой ақиқатын бұрын да адам.

Менімен қанатың жоқ бірге ұшатын,

Биікке бірге шығып күн құшатын.

Сайқалдан сайтан болып туған сенсің

Көрмекпін жүрегіме неңді жақын!

Қарының кең болса - дағы, маңдайың тар

Қандай жан тар маңдайдан ақыл табар?

Қара құс мақтанса да қыран емес,

Тұғырдан дәмеленбе бүркіт қонар.

Ұстадым тастай берік тізгінімді,

Қызуым әлі менің қыз күнімдей.

Іле алса ілсін мені - сұңқар ілсін

Ығымнан жүргізбеймін құзғыныңды!

Бермеймін ақылсызға тізгінімді,

Қызығым бойымдағы қыз күнімдей.

Аулақ жүр маңайымнан, мұздай топас,

Білмейтін жан құмарын қыздыруды!

Ырғама мені бекер сасады деп,

Ырғасам жан сауғалап қашады деп,

Іркіліп айтар сөзден қалған жоқпын

Алдымнан аңдыған жау тосады деп.

Жараймын болуға да шайқасыңда

Сайысып сенбегендер байқарсыңдар.

Өкпеңді алысқанда сыға алмасам

Бетіме басып тұрып айтарсыңдар.

Бітірдім сөз аяғын осыменен,

Жауапқа отырмаймын тосып өлең.

Айтысып сеніменен езе берсем

Қашпай ма бұл жиыннан шошып өлең!

Дегенде тыңдаған жұрт ду күлісті,

(Толқыны тойдағы елдің қандай күшті!)

Көтеріп ақ Майрасын әулиедей,

Шықты алып кең дүниеге әнші құсты.

Алдына тартты әкеліп ақбоз атты

Арыны жануардың қандай қатты,

Атақты Ақмоншаққа отырғызып

Үстіне ақ торғыннан желең жапты.

Суылдап жал-құйрығы Ақмоншақтың

Алдына шыға берді қалың аттың,

Секілді жалғыз жалау жалтылдаған

Әндетіп сұлу Майра бара жатты.

II

Кетеді әр еткен жыл бір таңба сап,

Адамды көнертеді мезгіл қашап.

Шаттықты қайғы соғып құлатады

Сәл ғана қасіретіңнен қалсаң босап.

Сарғаяр жазы еткен соң жасыл емен,

Бермейді ешкім төтеп тәсілімен.

Әннің де аспандағыш ақ тұйғыны

Қанаты әлсіресе түсер төмен.

Азайса қадірлесің қатар өскен

Қызығың бұлдырайды бастан кешкен.

Жас таныс - қонып өткен жолаушыдай,

Жаныңа жылу берер болмайды ешкім.

Ілінсең бұл өмірдің қырсығына,

Кейде оңай қырқыласың қыршыныңнан.

Құлдилап тас төбеден ауған күндей

Кеткенің құлап темен жыр шыңынан...

Төсекте жатыр Майра кесел меңдеп,

Көмексіз іше алмайды суын жөндеп,

Ыстығы денесінің жанған оттай,

Кезеріп қансыз ерні қалған шөлдеп.

Қаһарлы сыртта боран айқайлайды,

Қинайды ауру жанды іштен қайғы.

Өкпесі суық соққан дем алдырмай,

Қайран жан әлсіз ғана ыңқылдайды.

Ойлайды ол: өшем бе деп қайта жанбай,

Жар сүйіп, жарық жұтып, мейірім қанбай,

Жатырмын той-думансыз, дос-жарансыз

Панасыз кең жалғанда қалған жандай...

Тіршілік шыр айналған құйын екен,

Құйында өмір сүру қиын екен,

Қауымым, қимастарым деп жүргенім

Әншейін сауық қуған жиын екен.

...Той қайда, думан қайда, жиын қайда?

Жиынды желіктірген күйім қайда?

Әл кетіп, гармонь тозып, үнім бітіп,

Шынымен күйім менің қиындай ма...

Апырмау, шынымен-ақ тынғаным ба,

Ақ семсер қақ жарылып сынғаның ба?

Ән-жырдың аруағы, бүгін менен

Бетіңді теріс айналып бұрғаның ба?

Апырмау, шынымен-ақ сынғаным ба?

Ағынсыз қара судай тынғаным ба?

Ән-жырдың тілеулесі, демеп неге

Кетпейсің қынжылып мен тұрғанымда?...

Қайда екен қалап сүйген боздақтарым?...

Сендерге қиын болды-ау сөз қатпағым.

Майраға тоңазыған бірің келіп,

Жылытып жіберіңдер қозғап қанын...

Деп жатыр күшсіз Майра күбірлеген,

Шоп-шолақ екен ғой бұл ғұмыр деген.

Барады әне алыстап жол шаңдары,

Жондардың жиындары дүбірлеген.

...Әркімнің өз өмірі, күнделігі,

Жүреді әрең қозғап тартқан жүгін.

Көрмейміз күннің шығып, батқанын да,

Сезбейміз көршінің де тіршілігін.

Көрдің бе сыртта ұйтқыған қыс боранын,

Әр үйді тұншықтырып үйген қарын.

Майраға кіріп, шығып жүргендер жоқ

Көк мұздақ көміп қалған жолдың бәрін...

Әдет қой боз торғайды жазда іздейміз,

Мақтаймыз: әншіл дейміз, бұлбұл дейміз.

Өткенше алты ай ызғар - қыс қаһары

Бұлбұлды сыйлар белгі білдірмейміз...

Күткенге қандай ауыр таң ұзағы,

Майраның сығырайып тұр жанған шамы.

Күзетіп сорлы әкесі, мұңлы анасы

Қосылып аузына шай тамызады.

Майраның есі ауытқып, есеңгіреп,

Тыпыршып талықсиды әлсіз жүрек.

Шұбырған көз алдынан өтіп сурет,

Жатыр ол бір сыбырлап, бір күбірлеп.

...Бір кезде сәл көтеріп күшпен басын,

Ағызып моншақ - моншақ отты жасын,

Оң қолын қалтыраған әрең созып,

Қарады кәдімгідей көзін ашып.

Қарады көзін ашып ақырғы рет:

Алдынан от жарқылдап, қашты түнек.

Әндетіп кәдімгідей сөйледі ол

Әл беріп ақырғы рет ақын жүрек:

– Келемін қос ат жеккен күймеменен,

Күймесін ақ күміспен түймелеген.

Талайды мардымсыған кеттім тастап

Нан пісіп кеудесіне, кимелеген.

Шалқыған Баян келін кеттім тастап,

Қос тұлпар кең жазыққа шықты ойқастап.

Келемін құстай ұшып тастақ жолмен

Сағынған сапарымды әнмен бастап...

Баянға жел мен жаңбыр таласады,

Көліне аққу мен қаз жарасады.

Баянның баурайында гармондатып

Бастаймын күнде әніммен тамашаны...

Келемін кұстай ұшып сағынғаннан

Қайдасың, шық алдымнан, сағынған жан!

Көрем деп қазір сені ұшып келем,

Жүрегім қуаныштан жарылғандай...

Апырмау алып ұшқан жаным қандай,

Қаныма у таралып, қағынғандай.

Алдымнан ақ періштем шыға келсе

Жүрегім қуаныштан жарылғандай...

Есіттің бе қанатымның суылдауын,

Ұстап көр сұңқар болсаң шүйіл - дағы..

Кеудемді өткіріңмен жарып тастап,

Алып же жүрегімді суыр - дағы...

Деді де түсті құлап оқ тигендей

Сұрапыл толқынды жыр тынды демде

Буланып қарт әкенің екі көзі

Майрасын өтті деуге тұрды сенбей.

Июль - сентябрь, 1975 жыл