Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ТУҒАН ЖЕР

Шешемнен туа көргенім:

Жиде мен жантақ, шеңгелім –

Ағаның жыртып жеңдерін,

Етегін тартқан жеңгенің.

Есімде барлық көргенім –

Жидеден мәуе тергенім,

Қоңырауын қағып шеңгелдің,

Қайырып қойды келгенім.

Қоянның қуып көжегін,

Тоғайдың тердім тезегін.

Сарқытын күтіп үлкеннің,

Қалдығын іштім кеженің.

Ертегін елдің тыңдадым,

Құлаққа құйдым жырларын.

Жаттап та жүрдім әженің

Ерінбей айтқан жұмбағын.

Шешемнен туа көргенім

Жиде мен жантақ, шеңгелім...

Алғаным көп-ақ олардан,

Азырақ әлі бергенім.