Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ҚОЙШЫНЫҢ АУЫЛЫ

Дейміз ғой ескі әдетті қойшы бүгін,

Дейміз ғой ескі әдетті жойшы бүгін.

Сыйлаймын жаңалығын жаңа жұрттың,

Сүйемін сонда да ескі қойшылығын.

Сағынам сәл көрмесем жайлауымды,

Сыйлап мен үйреніппін қойлы ауылды.

Космоста ракетамен келе жатып,

Қоймаймын қойшы жайын ойлауымды.

Айлы түн, алты бақан жайлаудағы,

Ақбоз ат күткен мені байлаудағы,

Еріксіз көз алдыма әкеледі,

Ойларды жарқыл-жұрқыл қай-қайдағы.