Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

КӨҢІЛ КҮЙІ

Көңілде жоқ қой өзге алаң

Үмітпен күтсең көктемді.

Көрінер күңгірт, шұбалаң

Қиялмен қусаң өткенді.

Өткендер өте береді,

Ұстай алмайсың кеткенді.

Ұмытқың бәрін келеді

Ұмытпай күтсең көктемді.

Қап-қара тасты идіріп,

Жылы жер мейрім береді.

Жапырағын күнге сүйдіріп,

Тастан да кек шөп өнеді.

Кәрі емен қайта бүршіктеп,

Тынысын терең алады.

Ормандар жаңа күй шертіп,

Өзендер қайта толады.

Сеземін мен де еменше

Жерімнің жылы топырағын.

Жаямын әлім келгенше

Жанымның жасыл жапырағын...

Көңілдің күйі гүлденер

Үмітпен күтсең көктемді.

Әйтсе де кінә көрмеңдер,

Аңсасам кейде өткенді.