Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ІНІЛЕРГЕ

Қартайдық - ау, құрбылар, бәріміз де,

Тек мейірімді болсын жас кәрімізге.

Шаш буалдыр, көз бұлдыр тартса – дағы

Жүрек оты өшпейді әлі бізде.

Сол жүрекпен, сол отта кеудедегі

Жылылықтың болған жоқ шет пен шегі.

Жылыттық қой қаншама замандасты,

Жұбаттық қой қаншама көзі жасты.

Сүйсек сүйдік, шын сүйдік құбылмадық,

Көлеңкеге, күңгіртке тығылмадық.

Арымызды аяулы таза ұстадық

Олжа қуып, оңайға тығылмадық.

Әкемізді сүйедік, құлатпадық,

Шешемізді өксітіп жылатпадық.

Ұл өсірдік, өрімдей қыз өсірдік

Орнымызға не боп тұрақтарлық.

Орным мынау, қабыл ет, жас ұрпағым,

Менің өмір сүргенім - сенің бағың.

Мені бүгін сүйейтін енді өзіңсің,

Кәрі сыйлар сенің де келді шағың.

Сыйламасаң өзің біл, ерік өзінде,

Ескертпеді демессің дер кезінде,

Өлгенімше өкінбей жасай берем,

Жасықтық жоқ жалтақсыз мінезімде.

Кәрі емендей құлармын күндерде бір,

Жұмылар көз, бітер дем, тоқтар өмір,

Маған десең одан соң отын қып жақ

Арты өзіңе әйтеуір соқсын жеңіл.