Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ЖАҢА ЖЫЛҒА

Жаңа жыл келді деп қуану

Оңай ма егде, жас адамға.

Жасырмай айтайын шынымды

Қиын-ақ... Қиын-ақ маған да.

Әр жылдың әр күнін, сағатын

Қимаймыз. Амал не, көнеміз.

Сағаттың қоңырауын қағатын

Қамшыдай қабылдар денеміз.

Тұрса екен қысқармай жылымыз,

Тұрса екен мызғымай сағаттар,

Тұрса екен еңкеймей күніміз,

Тұрса екен тотықпай таланттар.

Дейді ғой әрбір қарт ішінен

Ашса егер алғашқы сезімін.

Бірақ ол айтпай-ақ түсінер

Аталық міндетін өзінің.

Көгертер көктем бар алдымда

Керек қой күннің де жылуы.

Еруі қажет қой қардың да,

Мүмкін бе мен үшін тұруы.

Көгертер көктем бар алдымда –

Мезгілдің балдырған сұлуы,

Керек қой бөбектің алдымда

Бір құлап, бір тұрып жүруі.

Кел, жылым, бөгелмей келе бер,

Қоса бер шашыма ағыңды.

Кел, жылым, әкеліп бере бер,

Айғызды әжім мен дағыңды.

Әкелсең болыпты бөбекке

Қайғысыз, қасыретсіз уақытты.

Шалдардан жылдарға жоқ өкпе,

Тек ұрпақ болсыншы бақытты!