Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

БІЗДІҢ ҮЙДЕ

(Тұңғышым – жұлдызым Әсияға арнаймын)

Бірінші өлең

– Тұр, папа, күн шықты, ояншы,

Бәрі әзір, дастарқан жайылды.

Тұр, папа, сергіші, жуыншы,

Іше ғой суытпай шайыңды.

Тұршы енді, төсекте езілмей,

Кешігем тұрмасаң сабақтан.

– Жазып ем түн ұзақ көз ілмей,

Арылып болған соң қонақтан.

– Солай ма?

– Әрине, қарғашым.

– Оятқан екемін бекерге.

– Ал тұрдым, көңілің қалмасын,

Қандыршы шайыңа кетерде.

Қарап тұр жаңа күн әйнектен,

Ұйқы мен ұяңдық тарады.

Отырмын жұп-жұқа көйлекпен,

Қызыл шай қыздырып барады.

– Іш папа, іш тағы біреуін.

– Құя ғой, қоюлау, қарғашым.

– Ауыр ғай, соқпай ма жүрегің?

– Сұрарсың қанып мен болғасын.

Айналдым өзіңнен, қарғашым,

Айналдым көзіңнен, қарғашым!

Құй тағы, қызылы қалмасын,

Ойлармын жүректі қанғасын.

Екінші өлең

– Тұр, папа, тоқтатшы жұмысты,

Көрдің бе, түн басты маңайды.

Бөлмең де қапырық, тым ыстық,

Бүгінге осы да жарайды.

Тұр, папа, есіттің бе, тұр деймін,

Суытпай жейікші тамақты.

Маған да отыру қажет қой,

Пысықтау керек қой сабақты.

Қалдырып қаламды орнына

Тұрып ем, теңселіп кетіппін.

Бітеп мен болғанша кетікті,

Тағы бір кетіпті өтіп күн.

Сеземін, достарым, шаршаппын,

Шаршаппын жанмын ғой қартайған.

Кезінде қайратың ортайған

Оңды екен көбірек жантайған.

Үшінші өлең

Жатып мен тыңдаймын диванда

Қызымның пысықтар сабағын.

Пианино көкейге құйғандай

Адам мен адамның одағын...

Бетховен өзіндей құдіреттің

Айдап жүр бұлттарды аспанда.

Тауларды соқты да ол күйретті,

Сөйлетті ол тіл беріп тастарға.

Шақырды ол адамды ерлікке,

Сапырды ол теңізді, тулатты.

Шақырды ол адамды теңдікке,

Сілкіді ол орманды, шулатты.

Атты ол найжағай оқтарын,

Сайтандар сасқаннан сыйынды.

Жақты ол жүректің оттарын,

Маған да жылын деп бұйырды.