Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

БАСШЫ ТУРАЛЫ

Бірінші өлең

Бір басшы бар өз ойын баяндаған,

Жалғыз сөзі жалтырап боялмаған.

Алдына әкеп ақ сырын ақтарады,

Жан қалмайды сезімі оянбаған.

Ойнамайды ол сыңғырлақ үніменен,

Ойнамайды ол тиексіз тіліменен.

Бүгін келіп ертеңнің қамын айтар

Жалтағы жоқ жайдары шыныменен.

Қараны айтар қара деп қараламай

Аланы айтар ала деп алаламай,

Шыныңды айтар сындырмай бір түгіңді,

Мініңді айтар жаныңды жараламай.

Күлсе күлер, күлдірер бәріңді де,

Жасыңды да мәз етер, кәріңді де.

Ал түйінсе ажары қыстан қатал,

Қос көзінен қаһары жалын атар.

Қонақ емес келген ол шақырылмай,

Ол сенің өз ойыңдай, ақылыңдай,

Ол сөйлесе тыңдайсың қуанышпен

Сағындырып жолыққан жақыныңдай.

Екінші өлең

Бір бастық бар өз ойын баяндаған,

Шаппай - желмей, шаршамай, аяңдаған.

Жаттағанын жай ғана айтып шығар

Жері бар ма шіркіннің аянбаған.

Алысқанды айырмас ақыл беріп,

Тырыспайды тануға жақын келіп,

Билік айтса екеуін бірдей құптар

Жұлысқанын молырақ мақұл көріп.

Бас жарылса, қол сынса тіптен дұрыс,

Сөз етуге табылар тағы бір іс.

Өрт өшірген кісідей боп жүреді,

Күйдім, жандым, болдырдым деп жүреді.

Ойлайтыны өз қамы - бір басының,

Арнап білмес жайын да сырласының.

Қайғысына қамығып қосылмас ол

Сыйласының, әйтпесе құрдасының.

Сырты жылтыр, аңғартпас арамдығын,

Қызар сөзге қызбастан қалар мығым.

Кешіргіш боп бір жолға кете барып,

Кейінірек қайтарып алар дығын.

Сақта тәңірім осындай басшылықтан,

Айырма сен әрдайым жақсылықтан.

Талай рет сазамды тартқаным бар

Адам таныр ақылым тапшылықтан.