Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

AHA

Жап-жас еді жарынан жесір қалғанда,

Одан ауыр күйік бар ма екен жалғанда.

Алған еді майданның қара қағазын

Жиырма үшке жасы жап-жаңа ғана толғанда.

Елестеп кетті жарының жерде жатқаны,

Тигендей болды өзіне жаудың атқаны.

Сөнді де қалды жылытып тұрған оттары,

Тіршілік бейне тынды да қалды, тоқтады.

Жығылмады ол, жантайып тағы жатпады,

Есінен танды, бір түйір нан да татпады.

Отырып қалды омалып мұздай үйінде,

Достардың да есігін барып қақпады.

Не деген қатал өмірдің ауыр соқпағы

Екен-ау сұмдық тағдырдың айтар тоқтамы.

Өлмей-ақ қалды, қаралы келіншек атанып,

Сұңқылдап о да. күйеуін күнде жоқтады.

Ақындар оған жұбату үшін келмеді

Ешкім де оның жоқтауын жазып бермеді.

Айтыла берді аузына түскен барлық сөз,

Тоқыла берді қасіреттің солай өрмегі.

Қарғады жауды, қарғады кейде құдайды,

Жазығым не? деп белгісіздерден сұрайды.

Айтады бәрін, айтады зарын қалдырмай,

Бітеді сөзі. Солқылдап сосын жылайды...

Қашанғы Жылар, қашанғы шағар зарын ол,

Айтып та болды, сарқып та болды барын ол.

Жанары жанды қайғының қалың өртіне,

Пісіріп болды шыбындай ғана жанын ол.

Күндерде бір күн «Уһ...» деп демін алады,

Шықты да тысқа дүниеге жарық қарады.

Өтіпті қысы, босапты мұздан өзені,

Көріп тұр енді көгеріп қалған даланы.

Көгерген дала, баяғы мөлдір көк аспан,

Барады қаңғып бір уыс ақ бұлт адасқан.

Әдемі бір жел күнгейден келіп желпіп тұр,

Жаралы жанға лебімен ғана қарасқан.

Орнында әлі бар екен дүние баяғы:

Алдына тосып, мейрімін күн де жаяды.

Келеді мәз боп мектептен көрші балалар,

Жүдеген жесір ішінен өзін аяды.

Сағынып қапты, сағынып қапты жарықты

Жарық күн қайта аспанын, жерін танытты.

Ойына салды кішкене егіз ұлдарын:

Есен мен Досан есінен шығып қалыпты.

Күңірентіп еді махаббат кеше күйретіп,

Шығып ед жаңа өлігін әрең сүйретіп,

Мінеки, енді жарық күн оны аймалап,

Келеді тағы өмірге қайта үйретіп.

Аналық мейрім тірілтті оны тағы да

(Кете алмайды екен айналып адам тағыға)

Жібітті келіп аналық атты махаббат,

Жылына берді суыған ыстық қаны да.

Мінеки ана, ажарын қара нұрланған,

Қан жүре қапты бетіне кеше сұрланған.

Ұлдарын іздеп, ұшырып жанын келеді

Жеп-жеңіл, асып жолдағы кебір құмдардан.

Келеді ана, келеді ана, келеді, апырым-ай,

Дүние не деген мұнша кең еді!

Алдынан шықты әжесіне ерген егіз ұл

Өлгеннің көзі - өрімдей екі бөбегі.

Келеді ана, ұшырып жанын келеді,

Анада қандай құдірет - қайрат көп еді.

Ұлдарын қазір құшақтап тұрып өбеді,

Хасіреті қазір қап-қара күл боп сөнеді.

Келеді ана, келеді ана, келеді,

Қасірет не еткен күйдіріп кетер шоқ еді!

Қайраты қандай қасіретінен де көп еді,

Жүрегі қандай қайғысынан да зор еді.