Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ӨЛДІ-ТЫНДЫ

Жұлқынып шықты да жігітім,

Ашты кеп дүниенің есігін.

Сөнбестей көрді де үмітін,

Естіртті ол әлемге шешімін:

– Жасасын, жігіттік азбайтын,

Жасасын, бес күндік қызығым! –

Деді ол, адамдай тозбайтын,

Тілемей өмірдің ұзынын.

Ұраны күшті еді, қызулы,

Еріксіз қоздырды талайды.

Үйретті ол пульконы сызуды,

Әндерді жиынға қолайлы.

Ақшасыз болмайсың ақылды,

Тиынсыз түспейді шылым да.

Ал жігіт ақшаны сапырды,

Шытпады қабағын шығынға.

Маңғаздар, не түрлі сырбаздар

Татты оның шарабын, арағын.

Жеді оның не түрлі тамағын,

Деді оған «Дұрыс - ақ қарағым».

Ішпе деп ешкім де айтқан жоқ,

Ағалар қимады көңілін.

Өз беті қатерден қайтқан жоқ,

Құрбы да басқан жоқ желігін.

Ал уақыт сабырлы күйінде

Бақты да отырды барлығын.

Әжімдер түсірді жүзіне,

Орындап жылдардың жарлығын.

Адам ғой, шаршады сабазым,

Кеміді көзінің жарығы.

Қостаушы құрбылар азайды,

Көбі оны әрең деп таныды.

Ойлайды отырып оңаша

Өмірдің оп-оңай өткенін.

Айнаға үңіліп қараса

Көреді сиқының кеткенін.

Шақырса келер ме өткені,

Алыстап барады жаңғырық.

Биікте қалыпты өткелі,

Өтуге болар ма қам қылып?

«Жоқ» деді, тағы айтты шешімін,

Қорықты ол жоғары қарауға.

Жапты да дүниенің есігін,

Жатты бір қараңғы қамауда.

Қорықты ол қарауға жарыққа,

Қарғады ол айналып келмесін.

Қорықты ол қарауға халыққа

Көз нұры көмір боп сөнгесін.

Ішті көп, ішті, кеп жылады,

Ішті кеп жүрегі талғанша.

Ұмытты бәрін де, құлады,

Өшті өмір қас қағып қалғанша.

Мінекей, жатыр ол табытта,

Шап-шағын сиыпты астауға.

Апыр-ай, көппіз - ау қостауға,

Азбыз - ау ақылмен бастауға.