Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

TӨTEЛЕР ТУРАЛЫ

Төтелер көп қой, төтелер

Тікелей тартып жетелер.

Тозбасын десең табаның,

Төтемен тарт та кете бер.

Төтелер көп қой, төтелер

Оңайға кілең жетелер.

Озайын десең ертерек

Төтелей тарт та жете бер.

Ұзақтың көп қой болжалы:

Асулар менен тосу бар,

Бүгінгі тапқан олжаны

Ертеңге тағы қосу бар.

Болдыра қалсаң жүргеннен

Еңбектеу керек, шегінбей.

Тартқаның баспас ілгері

Өгіз боп өзің жегілмей.

Ұсайды жолы ұзақтың

Инемен құдық қазғанға,

Не жетсін, шіркін, құр атпен

Төтелей шауып озғанға!

***

Біреулер жамап жыртықты,

Бүтіндер біреу сынықты.

Жаңартып біреу шылықты,

Жаңғыртар біреу былықты.

Біреудің жаны көктемдей

Таратқан жұртқа мейрімін.

Жүреді сабаз сескенбей,

Көтеріп күнін көңлінің.

Біреудің жаны бұлыңғыр

Бықсыған түтін сияқты.

Белінен басар бұл құрғыр

Аямас ар мен ұятты.

Қынаптан шықсам қанжар боп

Сұғылар едім сұмдарға.

Етсе екен солай ел жарлық,

Серт етер едім сынбауға.

***

Біреулер ерте шалқаяр,

Біреулер ерте қартаяр.

Мезгілсіз біреу толығар,

Мезгілсіз біреу ортаяр,

Біреулер ерте қартаяр.

Біреулер ерте жантаяр.

Сағымын қуған елестің

Солардың бірі емеспін.

***

Қаптатып қара бұлттарды

Басыпты дауыл айқайға.

Тып-тынық жатқан теңізді

Келеді мықты шайқауға.

Әрине, күшке бөгет жоқ.

Болады бәрін байқауға.

Сынарын қайда кім білсін,

Соғарын барып қай тауға.

Өзінше - ақ әркім әупірім,

Еркімен кетсе именбес.

Басылар барып ақырын

Күш жетпес жерде күй келмес.