Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ХИМИЯҒА БАЙЛАНЫСТЫ БІРЕР СӨЗ

– Жырлаңызшы, - деп маған химияны,

Жас редактор жалынып қиылады.

Бастаңызшы, тек аға, саспаңызшы,

Өлең сонда оп-оңай құйылады.

– Солай ма екен? - Байқайын, онда, шырақ,

Химияға алайын ұйқас құрап.

Шықпай қалса, қарағым, о да қиын

Шауып келдің біреуі кетер сыбап! –

Деп шықтым да, оралдым үйіме мен,

Өлең жолын ұршықтай иіремін.

Тәкең тапқан ұйқасты мен таба алмай,

Кібіртіктеп кеиймін, күйінемін.

Шабыт қайда бастайтын ырғақтарды

Жатыр қалай сәбише құндақтаулы?

Муза келіп құлаққа сыбырласа

Демеуші ме ек сонда ақын жырды ақтарды.

Муза қайда, ол неге тіл қатпады?

Суреттеуші қымбатты сымбаттарды.

Жазғанда да қосыла кетпеуші ме ед,

Қылжақтарды, әне бір ыржақтарды

Жоқ, ақындар, қоялық енжарлықты,

Сену қиын музаға бүгін тіпті.

Нәзік қызға қалайша көтертеміз,

Әрең тартар трактор ауыр жүкті?

Ауыстырып бүгін біз аспаптарды,

Лайсаңдарды басайық, тастақтарды.

Жүргізуге шығайық тоқтатпастан

Тыңайтқыштар тиелген составтарды.

Жүгіртетін жолменен жеңістерді

Бағайықшы көз жазбай рельстерді.

Әр вагонда, әр қапта жатыр дәрі

Семіртетін жұлындай егістерді.

Кідірмесін, жетсін ол жетеріне,

Түссін барып төгілер мекеніне.

Сен де болыс, жас ақын, арқанды тос,

Зілдей қапты жеп-жеңіл көтеруге.

Тиеп ал да вагоннан көліктерге

Дән себілер егістік жеткіз жерге.

Машинаға шофер бол, атқа айдаушы,

Өсек-аяң бірдеңе теріп келме.

Түр жеңіңді, жер де жырт, егінші бол,

Тыңайтқышты қолыңнан себуші бол.

Жерді сүйетініңді көрсін халық,

Тоғыз қабат теріңді төгуші бол.

Жер нұрлансын жүкті бір келіншектей,

Қып-қызыл дән өлкені бассын өрттей.

Жүрсін ақын сол жердің қожасындай

Бұралқының бұлталаң кебін шертпей.

Орақ ормай аузыңмен, ор егінді,

Көрсет, жолдас, солай бір өнеріңді.

Өзің еккен бидайдың нанын жесең

Сонда дәмді жазасың өлеңіңді.

Шарап ішпей, шалап іш шөлдегенде,

Түздің желі желпісін терлегенде.

Бөлісіп біз болдық қой ұлылықты,

Берейікші еркіндік енді елеңге.

Тастау керек шалдықты, балалықты,

Даңқтан қазақ таппаған даналықты.

Тыңайтқышпен өлеңді тыңайталық,

Жыртып тастап соқамен алалықты.

Онсыз, достар, химия жырланбайды,

Онсыз, достар, лирика нұрланбайды,

Онсыз, достар, арымыз шыңдалмайды,

Онсыз, достар, ақында құн қалмайды!