Абдилда Тажибаев. Олендер. 1957-1976

ОЙЛАНШЫ

Күнді сүйем дейміз ғой жаурағанда,

Жаңбырға да ынтықпыз жаумағанда.

Күннен безіп қызынсақ құбыламыз,

Жаңбыр жауды - ақ зонтикке тығыламыз.

Сәл ашықсақ шыдамсыз бимазамыз,

Сәл тойынсақ ауырлап қиналамыз.

Күшейсе - ақ әлсізді жаралаймыз,

Әлсіресек күштіні паналаймыз.

Осындайлар көп емес, сирек дейміз,

Көп дегенді кінәлап, күйрек дейміз.

Жақсыларға тізгінді билетпейміз,

Сонда кімге жөн-жосық үйрет дейміз?